Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 24 қазандағы № 779 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 24 қазандағы
№ 779 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН УКРАИНА АРАСЫНДАҒЫ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУ ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Украина

      егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде, қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екі мемлекет арасында тиімді құқықтық ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      адамдарды ұстап беру мәселелеріндегі бірлескен іс-қимылдарды белгілейтін екіжақты шарт жасасу арқылы осы мақсатқа қол жеткізу мүмкін болатынын назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП

ҰСТАП БЕРУ МІНДЕТТЕМЕСІ

      Әрбір Тарап осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында Сұрау салушы Тарап іздестіріп жатқан, өзінің аумағындағы адамдарды екінші Тарапқа ұстап беруге міндеттенеді.

2-БАП

АДАМДЫ ҰСТАП БЕРУГЕ ӘКЕП СОҒАТЫН ҚЫЛМЫСТАР

      1. Осы Шарттың мақсатында екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе одан да қатаң жаза көзделетін әрекеттер ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп танылады.

      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс үшін соттың үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, ұстап беру адам бас бостандығынан айыруға сотталған және өтелмеген мерзімі кемінде 6 (алты) айды құраған жағдайда ғана мүмкін болады.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты айқындау кезінде Тараптардың заңнамасында осы қылмысты құрайтын іс-әрекеттің осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызылуы немесе осы қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгіленуі маңызды болмайды.

      4. Кеден, салық заңнамасын және валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасындағыға ұқсас салықтық және кедендік қағидалар немесе валюталық реттеу саласындағы нормалар көзделмейді деген негізде бас тартылмайды.

      5. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған болса, ұстап беру, егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында дәл осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделетін жағдайда жүзеге асырылады.

      6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың ұлттық заңнамасымен әрқайсысы жазаланатын, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымайтын екі немесе одан да көп қылмыстарға қатысты болса, онда Сұрау салынатын Тарап барлық қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.

3-БАІІ

БАС ТАРТУ ҮШІН МІНДЕТТІ НЕГІЗДЕР

      1. Егер:

      a) Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген қылмыс саяси қылмыс болып табылады деп санаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сондай-ақ, егер Сұрау салынатын Тараптың жалпы қылмыс үшін ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік белгісі, діни сенімі, ұлты, азаматтығы, жынысы, әлеуметтік мәртебесі, этностық тиесілігі, саяси көзқарасы бойынша айыптау немесе жазалау мақсатына байланысты деп пайымдауға негіздері болса;

      b) егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтындығы, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;

      c) Сұрау салынатын Тараптың қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта адамның негізгі құқықтарының сақталуын, оның ішінде қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалу құқығын қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшырады немесе ұшырайды деп пайымдауға негіздері болса;

      d) адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өзге де негіз бойынша қылмыстық қудалауды бастау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса;

      e) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында дәл сол іс-әрекет үшін заңды күшіне енген сот үкімі немесе қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарылса немесе адам кез келген заңды негіз бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылса;

      f) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзінің өзге де мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін немесе өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;

      g) ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың әдеттегі қылмыстық құқығында ұқсастығы жоқ әскери қылмыс үшін сұратылып отырса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.

      2. Осы Шарттың мақсатында мынадай қылмыстар саяси қылмыстар болып есептелмейді:

      a) адам өлтіру, адамды ұрлау немесе адамның өміріне немесе денсаулығына немесе оның бостандығына басқа да қатер төндіру;

      b) мемлекет немесе үкімет басшысын немесе олардың отбасы мүшелерін өлтіруге, ұрлауға немесе олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына басқа да елеулі қатер төндіру, соған талпыну немесе сыбайлас ретінде қатысу;

      c) геноцид, әскери қылмыстар, бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;

      d) Тараптар халықаралық шарт негізінде ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс ретінде қарауға міндеттеме қабылдаған басқа да кез келген іс-әрекет.

      3. Егер Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағының d) тармақшасы негізінде адамды ұстап беруден бас тартуға ниет білдірсе, ол Сұрау салушы Тараппен консультация жүргізуге тиіс.

      4. Егер үкім сырттай шығарылса және Сұрау салушы Тарап оған шағымдану кепілдіктерін бермесе, ұстап беруден бас тартылады.

4-БАП

БАС ТАРТУ ҮШІН ФАКУЛЬТАТИВТІК НЕГІЗДЕР

      Егер:

      a) оған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу түсетін қылмыс Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясына жатса және іздестіріліп жатқан адам дәл сол қылмысы үшін тергеуде болса немесе сот тәртібімен қудаланса;

      b) Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына орай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп санаса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Бұл жағдайларда Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруден бас тартудың орнына ұстап беру іздестіріліп жатқан адам үшін ауыр зардаптар әкеледі деп пайымдауға себептер жойылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы;

      c) өзіне қатысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

5-БАП

ӨЗ АЗАМАТТАРЫН ҰСТАП БЕРУ

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасы негізінде өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.

      2. Өз азаматын ұстап беруден бас тартылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша осы адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға ұшыратуға немесе Сұрау салушы Тараптың заңды күшіне енген сот үкімін орындауға тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы қылмыстық істің материалдарын, сондай-ақ заңды күшіне енген қолда бар сот актілерін, дәлелдемелерді және өзінің билігіндегі басқа да кез келген құжаттар мен ақпаратты береді.

      3. Сұрау салынатын Тарап осындай сұрау салу бойынша қолданылған әрекеттер туралы және іс бойынша талқылау қорытындылары туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлайды.

6-БАП

ТАРАПТАРДЫҢ ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАРЫ

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      Украина үшін - Украинаның Бас прокуратурасы (сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында) немесе Украинаның Әділет министрлігі (сотта қарау және үкімдерді орындау сатысында) орталық органдар болып табылады.

      3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

7-БАП

АДАМДЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ ЖӘНЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және оған уәкілетті адам қол қояды және ол мыналарды:

      a) іздестіріліп жатқан адамның атын, әкесінің атын және тегін, туған күні мен жерін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін және оны және оның орналасқан жерін сәйкестендіруге ықпал етуі мүмкін басқа да кез келген ақпаратты, сондай-ақ бар болған кезде, тану деректерін, фотосуреттерді және саусақ іздерін;

      b) қылмыс жасалған күнді және орынды көрсете отырып, оған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;

      c) оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмысты сипаттайтын және ол үшін жаза белгілейтін тиісті заңның мәтінін;

      d) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың ескіру мерзімдерін реттейтін тиісті заңның мәтінін және оның сұрау салуда көрсетілген қылмысқа қатысты қолданылуы жөніндегі ақпаратты;

      e) оған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түсетін қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалғанда - мұндай қылмыстар бойынша Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:

      a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, соттың күзетпен қамауда ұстау туралы шешімінің, сондай-ақ қылмыстық іс-әрекетті саралау туралы құжаттың куәландырылған көшірмелері;

      b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, заңды күшіне енген сот үкімінің куәландырылған көшірмесі, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөліктері туралы анықтама қоса берілуге тиіс.

      3. Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.

      4. Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар олар шыққан органның мөрімен куәландырылады.

8-БАП

ҚОСЫМША АҚПАРАТ

      1. Егер ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілетін ақпарат Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, ол осындай сұрау салу алынған кезден бастап отыз (30) күн ішінде ұсынылуға тиіс қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Бұл мерзім орталық органдар арасындағы келісу бойынша ұзартылуы мүмкін.

      2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату алдағы уақытта қосымша ақпарат түскен кезде іздестіріліп жатқан адамды қайтадан қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс.

9-БАП

ҚҰЖАТТАРДЫҢ ЖАРАМДЫЛЫҒЫ

      Осы Шартқа сәйкес ұсынылған құжаттар Сұрау салынатын Тарапта қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалылығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді.

10-БАП ШЕШІМ

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім осы Шартқа және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қабылданады. Сұрау салушы Тарап қабылданған шешім туралы дереу хабардар етіледі.

      2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруден бас тартса, бас тарту уәжді болуға тиіс.

11-БАП

ОҢАЙЛАТЫЛҒАЛ ҰСТАП БЕРУ

      Егер іздестіріліп жатқан адам ұстап беруге келісімін берсе, Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасында көзделген болса, ұстап берудің оңайлатылған рәсімін қолданады.

12-БАП

АРНАЙЫ ҚАҒИДА

      1. Сұрау салушы Тарап:

      a) сол үшін адам ұстап берілген кез келген қылмысты не егер мұндай қылмыс ұстап беруге әкеп соқса, атауы басқа, бірақ ұстап беру қанағаттандырылған қылмыс сияқты дәл сол әрекеттерге немесе әрекетсіздікке негізделген қылмысты;

      b) ұстап беруден кейін жасалған кез келген қылмысты; немесе

      c) Сұрау салынатын Тараптың орталық органының келісімі алынған кез келген қылмысты қоспағанда, осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды ұстамайды, қылмыстық қудалауға, жазалауға ұшыратпайды немесе соттамайды. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды беруді талап етуі мүмкін.

      2. Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салушы Тарап оны ұстап бергенге дейін жасаған кез келген қылмысы үшін үшінші мемлекетке бермейді.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтары, егер:

      a) адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалса және оз еркімен қайта оралса; немесе

      b) аталған адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан еркін кетіп қалуға мүмкіндігі болған кезден бастап отыз (30) күн ішінде оны жасамаса, ұстап берілген адамды ұстауға, қылмыстық қудалауға, соттауға немесе жазалауға не оны үшінші мемлекетке беруге кедергі болмауға тиіс.

13-БАП

УАҚЫТША ҚАМАҚҚА АЛУ

      1. Іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзін ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін.

      2. Уақытша қамаққа алу туралы сұрау салу мыналарды:

      a) осы Шарттың 7-бабы 1-тармағының а) тармақшасында көзделген мәліметтерді;

      b) егер белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін;

      c) қылмыстың қысқаша сипаттамасын, оның жасалған уақыты мен орнын;

      d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелерін;

      e) күзетпен ұстау туралы сот шешіміне немесе сот үкіміне сілтемені; және

      f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салудың осы Шартта белгіленген мерзімде ұсынылатындығына кепілдіктерді қамтуға тиіс.

      Уақытша қамаққа алу туралы сұрау салуды Тараптардың орталық органдары коммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып тікелей немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы бере алады. Сұрау салудың түпнұсқасы осымен бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.

      3. Сұрау салынатын Тарап уақытша қамаққа алу туралы сұрау салуды қарау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу ақпарат беруге міндетті.

      4. Егер Сұрау салынатын Тараптың орталық органы адам қамаққа алынған күннен бастап қырық (40) тәулік өткеннен кейін ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылады. Адамды босату, егер ұстап беру туралы сұрау салу кешірек келіп түссе, экстрадициялау мақсатында оны қайтадан қамаққа алуға кедергі болмауға тиіс.

14-БАП

ЖАРЫСПАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап екі немесе одан да коп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Тараптан да дәл сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін дәл сол бір адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды қай мемлекетке ұстап беретінін оз қалауы бойынша айқындайды.

      2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес шешім қабылдай отырып, мыналарды:

      a) сұрау салулардың халықаралық шарттар негізінде жіберілгенін;

      b) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;

      c) қылмыстардың ауырлығын;

      d) сұрау салушы мемлекеттер арасында кейіннен ұстап беру мүмкіндігін; және

      e) сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салуларды алудың хронологиялық тәртібін ескереді.

15-БАП

ҰСТАП БЕРІЛГЕН АДАМДЫ БЕРУ

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты ұстап берілетін адамды беру орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Егер Сұрау салушы Тарап келісілген беру күнінен кейін он бес (15) тәулік ішінде адамды қабылдап алмаса, бұл адам күзетпен ұстаудан босатылуға тиіс. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы адамға қатысты дәл сол қылмысы үшін ұстап беру туралы қайталама сұрау салуды қабылдамауға құқылы.

      2. Адамды беруге кедергі келтіретін, Тараптарға байланысты емес мән-жайлар кезінде Тараптардың орталық органдары берудің жаңа күнін және басқа да қажетті шарттарын келісуге тиіс.

      3. Ұстап беру мақсатында адамды күзетпен ұстау уақыты Сұрау салушы Тарапта сот үкімін орындау кезінде жалпы мерзімге есептеледі.

      4. Егер ұстап берілген адам беруден кейін қылмыстық қудалаудан жасырынып қалса немесе сот үкімін орындаудан жалтарып, Сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралса, Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы жаңа сұрау салу негізінде оны қайтадан экстрадициялауға құқылы.

16-БАП

ҰСТАП БЕРУДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ НЕМЕСЕ УАҚЫТША ҰСТАП БЕРУ

      1. Егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе сот үкімі орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.

      2. Дегенмен, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды орталық органдар арасында өзара келісілген шарттармен уақытша ұстап беруге құқылы. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезең ішінде күзетпен ұсталады және келісілген мерзімде Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады. Сұрау салушы Тарапта адамды күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салынатын Тарапта шығарылған сот үкімін орындау кезінде жалпы мерзімге есептеледі.

      3. Ұстап берілген адамды беру адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндіретін немесе денсаулық жағдайын нашарлататын кезде де кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті мекемесі берген кеңейтілген медициналық есепті беруі қажет.

17-БАП

ЗАТТАР МЕН ҚҰЖATTАРДЫ АЛЫП ҚОЮ ЖӘНЕ БЕРУ

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамнан табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдеме ретінде қызмет етуі мүмкін заттар мен құжаттарды алып қоюға және беруге тиіс. Бұл жағдайда заттар мен құжаттар мүмкіндігінше ұстап берілген адамды беру уақытында беріледі.

      2. Сұрау салынатын Тараптың келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттар тіпті адамды ұстап беру мүмкін болмаған жағдайда да берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу үшін заттар мен құжаттарды өзінде уақытша қалдыруға немесе оларды қайтару шарттарымен беруге құқылы.

      4. Алып қойылған заттар мен құжаттарды Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтірмей жүзеге асырылады.

18-БАП

ТРАНЗИТ

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей үшінші мемлекет екінші Тарапқа ұстап берген адамды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етеді.

      2. Ол үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдар арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданатын адамның жеке басы туралы деректерді, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің мән-жайларының қысқаша баяндалуын қамтитын транзит туралы сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салуға адамның ұстап берілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      3. Сұрау салынатын Тарап өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Жоспарланбаған қону болған жағдайда, транзиттеуді жүзеге асыратын мемлекет бұл туралы транзит мемлекетін дереу хабардар етеді, ол транзит туралы сұрау салуды күту кезінде тасымалданатын адамды он бес (15) тәулікке дейінгі мерзімде күзетпен ұстауға тиіс.

19-БАП

ШЫҒЫСТАР

      1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Сұрау салынатын Тарап өз аумағында адамды экстрадициялау мақсатында қамаққа алуға байланысты шығыстарды, осы Шарттың 17-бабында көзделген заттар мен құжаттарды алып қоюға және сақтауға байланысты шығыстарды, сондай-ақ ұстап беру процесінде туындауы мүмкін шығыстарды көтереді.

      3. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарап берген ұстап берілген адамды және кез келген заттар мен құжаттарды тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.

20-БАП

НӘТИЖЕЛЕР ТУРАЛЫ АҚПАРАТ БЕРУ

      Сұрау салушы Тарап қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған сот үкімінің орындалғаны туралы ақпаратты береді. Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тараптың орталық органы тиісті шешімдердің көшірмелерін береді.

21-БАП

БАСҚА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРМЕН АРАҚАТЫНАСЫ

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

22-БАП КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген дау Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

23-БАП ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      3. Осы Шарт оз қолданысын Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң тоқтатады.

      4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде болады.

      5. Осы Шарттың қолданысы ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 ___ жылғы _____________ ____________________________әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ УКРАИНА ҮШІН
      ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады