"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 5 қазандағы № 182 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
  Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
  жинағында жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 183-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидалары бекітілсін.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларында:

      2-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) іріктеу комиссиясы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) әскери бөлімдерінде (мемлекеттік мекемелерінде) құрылатын, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарды іріктеу жөніндегі комиссия;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Ұлттық ұланы жоғары қолбасшылығы және басшылығының президенттік резерві (одан әрі – Президенттік резерв) – Қарулы Күштер және Ұлттық ұланының жоғары тұрған басшы лауазымдарына ұсыну үшін осы Қағидаларда белгіленген ерекше іріктеу тәртібінен өткен әскери қызметшілерінің тізімі;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Қағидаларға сәйкес Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда ерікті тәртіппен келісімшарт немесе әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткереді.";

      69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "69. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын әскери бөлімнің немесе бөлімшенің тұрақты орналасу пунктін өзгерткен, сондай-ақ әскери бөлімнің тұрақты орналасу пунктіне қарамастан, тең әскери лауазымға тағайындалған кезде әскери қызметшіні ауыстыру оның келісімінсіз оған уәкілетті органның бірінші басшысы осындай құқық берген командирдің (бастықтың) шешімімен жүргізіледі.";

      71-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "71. Арнаулы атақтары, сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары бар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметшілерінің ауысу тәртібінде Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке кіруі Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша қызметшілер Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келген кезде жүргізіледі.";

      81-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "81. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған жағдайларда мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде атқаратын әскери лауазымынан босатылмай және ақшалай үлесі сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының қарамағына іссапарға жіберілуі мүмкін.";

      103 және 104-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "103. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген запастағы офицерлерге запас бойынша кезекті әскери атақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен әскери жиындардан өтуіне қарамастан берілуі мүмкін.

      104. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген адамдарды қоспағанда, запастағы офицерлерге "запастағы полковник" кезекті әскери атағы соғыс жағдайы енгізілген кезде осы Қағидаларға сәйкес беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 30-1-тараумен толықтырылсын:

      "30-1. Президенттік резерв

      152-1. Президенттік резервті қалыптастыру "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесінде көзделген лауазымдарға қатысты жүзеге асырылады.

      Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің лауазымына қолданылмайды.

      152-2.Президенттік резервті бекітуді осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің (бұдан әрі - Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі) ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысы Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келісе отырып, жүзеге асырады.

      152-3. Президенттік резервті қалыптастыру әскери қызметшілерді іріктеудің, материалдарды дайындаудың, оған қабылдау мен шығарудың ерекше тәртібін айқындайды. Президенттік резервті қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөліміне жүктеледі.

      152-4. Президенттік резервті қалыптастыру жыл сайын, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Ұлттық ұланының басшы лауазымдарына орналастыру үшін кандидаттарға ағымдағы және келешектегі қажеттілік болуына болжамды ескере отырып жүзеге асырылады.

      Президенттік резерв:

      1) болжанатын лауазымға орналастыру үшін көзделген, қызмет өтіліне, білім және кәсіби даярлық деңгейіне байланысты талаптарды қамтитын біліктілік талаптарына сәйкес келетін;

      2) аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша атқаратын лауазымына сәйкес келетін, оның ішінде жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға немесе кадр резервіне енгізуге ұсынылған;

      3) материалдарды жолдаған кезде тәртіптік жазалары болмаған әскери қызметшілердің қатарынан қалыптастырылады.

      Мемлекеттік органның бірінші басшысы мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған әскери қызметшілерді біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде Президенттік резервке ұсынуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына іссапармен барған, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының құрылымдық бөлімшесі басшысының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасарының не орынбасарының әскери қызметшіні іссапарға жіберген мемлекеттік органның бірінші басшысымен келісілген ұсынуы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес келетін әскери қызметшілер Президенттік резервке алынуы мүмкін.

      152-5. Президенттік резервке енгізу үшін кандидаттарды іріктеу әскери қызметшілердің жеке және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметтік іс-әрекетінің нәтижелерін зерделеу мен бағалау және аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.

      152-6. Жыл сайын 1 қазанға дейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Ұлттық ұланының кадр бөлімшелері Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына Президенттік резервке енгізу үшін ұсынылған әскери қызметшілердің тізімін мынадай материалдармен қоса жолдайды:

      1) әскери қызметшінің іскерлік және жеке қасиеттері көрсетілген, мемлекеттік органдардың бірінші басшысының ұсынуы;

      2) белгіленген нысандағы фотосуреті бар, әскери қызмет өткергені туралы мәліметтер (қызметтік тізім);

      3) әскери қызметшінің арнайы тексеруден өткені туралы мәліметтер.

      Мемлекеттік органның бірінші басшысы іссапармен барған әскери қызметшілерге қатысты сипаттаушы материалдарды тиісті әскери қызметші қызметін өткеріп жатқан органның (ұйымның) басшысынан сұратуға құқылы.

      Ұсынылған материалдардың толық еместігі немесе оларда қандай да бір дәл емес мәліметтер көрсетілгені анықталған жағдайда, мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Президенттік резервке енгізуге ұсынылған әскери қызметшілерге қатысты материалдарды Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінен кері қайтармай, жоғарыда аталған кемшіліктерді жоюына болады.

      152-7. Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі жыл сайын:

      1) 30 қарашаға дейін ұсынылған материалдардың анықтығына, толық болуына және Президенттік резервке ұсынылған әскери қызметшілердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуіне тексеруді жүзеге асырады, қажет болған жағдайда алдын ала кандидатураларды зерттейді және қосымша тексеру жүргізеді;

      2) 20 желтоқсанға дейін материалдарды қарау нәтижелері бойынша Президенттік резервке ұсынылған әскери қызметшілердің тізімін қалыптастырады;

      3) Президенттік резерв бекітілгеннен кейін он күн ішінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына хабарлайды.

      152-8. Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі Президенттік резервке кандидаттардың тізімін қалыптастырғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келіседі, одан кейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына бекіту үшін енгізеді.

      Президенттік резервке енгізу үшін ұсыныстарды қарау нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Президенттік резервке алынсын;

      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.

      152-9. Мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Президенттік резервтің бекітілген тізімінен үзіндіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әскери қызметшілерге Президенттік резервке енгізілгені туралы хабарлайды.

      152-10. Әскери қызметшінің Президенттік резервте болу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Президенттік резервке енгізілген, бірақ онда болу кезеңінде жоғары тұрған басшы лауазымдарға тағайындалмаған адамдар жалпы негізде жаңадан енгізілуі мүмкін.

      152-11. Әскери қызметшіні Президенттік резервтен шығару мынадай жағдайларда жүргізіледі:

      1) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту;

      2) қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тарту;

      3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту;

      4) атқаратын лауазымынан босату, әскери атағын төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану;

      5) Президенттік резервтен шығару туралы өзінің баянат беруі;

      6) әскери қызметтен шығару.

      152-12. Осы Қағидалардың 152-11-тармағында көзделген негіздер орын алғанда, мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөліміне ұсынған материалдарға сәйкес әскери қызметшіні Президенттік резервтен шығару туралы шешімді Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қабылдайды.

      152-13. Осы Қағидалардың 152-11-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Президенттік резервтен шығарылған әскери қызметшілер осы Қағидаларға сәйкес оны шығарудың негізі болған мән-жайлар жойылғаннан кейін бір жылдан ерте Президенттік резервке енгізілмеуі мүмкін.".

      2. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады