Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 24 қазандағы № 192 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімнің (бұдан эрі - Келісім) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминге Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 24 қазандағы
№ 192 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XXV бөлімінің ережелерін негізге ала отырып,

      бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін арттыруға ұмтыла отырып,

      ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігі көбінесе асыл тұқымды жануарларды пайдалануға байланысты екенін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру мақсатында әзірленген және мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді реттейді.

      Мүше мемлекеттердің аумақтарында ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "асыл тұқымды өнім" - асыл тұқымды жануар, оның ұрығы, эмбриондар, құртшабақтар, бал ара пакеттері;

      "асыл тұқымдық құндылық" - асыл тұқымды жануардың, асыл тұқымды табынның селекцияланатын белгілерінің деңгейі және оларды ұрпағына беру мүмкіндігі;

      "асыл тұқымды жануар" - көбейту үшін пайдаланылатын, мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен асыл тұқымды жануарларды есепке алу тізілімінде тіркелген және оны өткізген жағдайда асыл тұқымдық куәлігі (сертификаты, паспорты) бар ауыл шаруашылығы жануары;

      "селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс" - ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешені;

      "ауыл шаруашылығы жануарлары" - мал шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы өнімін алу мақсатында өсірілетін жануарлар.

3-бап

      Мүше мемлекеттерде асыл тұқымды өнім өндіру саласында бірыңғай талаптарды қолдану мақсатында мүше мемлекеттер селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізгенде осы Келісімге сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының шығарылған жаңа типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын байқаудан өткізуді, асыл тұқымды өнімге молекулярлық генетикалық сараптама жүргізуді, туыстас тұқымдарды пайдалану кезінде алынған асыл тұқымды жануарлардың тұқымдарын анықтауды, сондай-ақ асыл тұқымдық құндылықты бағалауды біріздендіруді жүзеге асырады.

      Ауыл шаруашылығы жануарларының шығарылған жаңа типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын байқаудан өткізу тәртібін, асыл тұқымды өнімге молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу тәртібін, туыстас тұқымдарды пайдалану кезінде алынған асыл тұқымды жануарлардың тұқымдарын анықтау тәртібін, сондай-ақ асыл тұқымдық құндылықты бағалау әдістемелерін Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) бекітеді.

4-бап

      Мүше мемлекеттерде инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны әзірлеу мен енгізу мақсатында мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету Еуразиялық үкіметаралық кеңес белгілейтін тәртіппен Еуразиялық үкіметаралық кеңес айқындайтын мүше мемлекеттердің жұмыс істеп тұрған мекемелері базасында жүзеге асырылады.

5-бап

      Мүше мемлекеттер асыл тұқымды жануарлар және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтермен алмасуды, оның ішінде электрондық түрде алмасуды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

      Алмасуға жататын мәліметтер құрамын және осындай алмасу тәртібін Комиссия бекітеді.

6-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында көзделген тәртіптер мен әдістемелерді бекіту туралы Комиссия актілері күшіне енгенге дейін мүше мемлекеттерде мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген тиісті тәртіптер мен әдістемелер қолданылады.

7-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіреді.

8-бап

      Осы Келісімді қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

9-бап

      Мүше мемлекеттерінің өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      201 __ жылғы ______________ "_____" _____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жолдайды.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады