"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 27.05.2024 № 558 Жарлығымен.3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 3 маусымдағы № 345 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы
сотталған адамдардың әлеуметтік қайта интеграциялануына жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласында тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
бұл мақсатқа сотталған адамдар үшін жазасын өздерінің қоғамдық ортасында өтеу мүмкіндігін белгілейтін екіжақты Шартты жасасу арқылы қол жеткізу мүмкін болатынын пайымдай отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап
Жалпы ережелер
1. Тараптар осы Шартта баяндалған шарттарда сотталған адамдарды беру саласында барынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді.
2. Бір Тараптың аумағында сотталған адам осы Шарттың ережелеріне сәйкес белгіленген жазасын өтеу үшін екінші Тараптың аумағына берілуі мүмкін. Бұл мақсатта сотталған адам осы Шартқа сәйкес Беруші Тарапқа да, сол сияқты Қабылдаушы Тарапқа да беру туралы ниетін білдіре алады.
2-бап
Анықтамалар
Осы Шарттың мақсатында:
а) "сотталған адам" оған қатысты түпкілікті үкім шығарылған адамды білдіреді;
b) "үкім" қылмыстық әрекет және қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін түпкілікті сот шешімін білдіреді;
c) "Беруші Тарап" үкім шығарылған және аумағынан сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген Тарапты білдіреді;
d) "Қабылдаушы Тарап" аумағына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау үшін сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген Тарапты білдіреді;
e) "Ерекше қараудағы кәмелетке толмағандар" түпкілікті сот шешімі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан немесе күзетпен ұсталатын 18 жасқа дейінгі адамдарды білдіреді;
f) "сот қаулысы" сот талқылауы тоқтатылатын немесе жаза тағайындалатын түпкілікті сот шешімін білдіреді.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
2. Орталық органдар мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура;
Перу Республикасы үшін – Бас прокуратура.
3. Орталық органдарға байланысты өзгерістер болған жағдайда, бір Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
4-бап
Беру шарттары
Осы Шартқа сәйкес сотталған адам, егер мынадай шарттар сақталса:
а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылса;
b) үкім түпкілікті болып табылса және орындауға жататын болса;
c) беру туралы сұрау салуды алған кезде жазаның қалған мерзімі кемінде 6 (алты) айды құраса;
d) сотталған адам өзін ауыстыру туралы өтінішхатпен жүгінсе немесе жасына немесе физикалық жай-күйіне байланысты өзінің заңды өкілі арқылы өтінішхатпен жүгінсе;
e) адам сол үшін сотталған әрекеттер немесе әрекетсіздік екі Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;
f) екі Тарап та сотталған адамды беруге келіссе;
g) сотталған адам төлем қабілетсіздігін растайтын жағдайларды қоспағанда, сотталған адам үкім бойынша айыппұл төлеген және (немесе) залалды өтеген болса, берілуі мүмкін.
5-бап
Беруден бас тарту шарттары
Егер:
а) 4-бапта көрсетілген шарттардың кез келгені сақталмаса;
b) Беруші Тарап беру егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке залал келтіруі мүмкін немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;
c) Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жаза Беруші Тарап айқындаған жазадан елеулі түрде ерекшеленсе;
d) Қабылдаушы Тараптың аумағында адамға қатысты нақ сол іс-әрекеті үшін қылмыстық талқылау жүргізіліп жатса немесе түпкілікті үкім шығарылса, беруден бас тартылуы мүмкін.
6-бап
Беру жөніндегі шешім
1. Тараптар осы Шартқа және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес беру туралы шешім қабылдайды.
2. Беруден бас тартқан жағдайда, мұндай шешім негізделген болуға тиіс.
7-бап
Хабарлау міндеттемесі
1. Өзіне осы Шарт қолданылуы мүмкін сотталған адамға Беруші Тарап осы Шартқа сәйкес берілуі мүмкін екендігі туралы және оны берудің құқықтық салдары туралы хабар беруге тиіс.
2. Егер Беруші Тарап сотталған адамды беруге келісім берсе, онда ол бұл туралы Қабылдаушы Тарапқа хабар береді және мынадай құжаттармен және ақпаратпен қамтамасыз етеді:
а) сотталған адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні және жері;
b) үкімді орындаудың сипаты, мерзімі, басталу және аяқталу күні туралы ақпарат;
c) жазаның өтелген мерзімі мен өтеуге жататын мерзімі туралы мәліметтер, сондай-ақ үкімді орындау үшін қажетті өзге де мәліметтер;
d) сот үкімінің куәландырылған көшірмесі және оның күшіне енуі немесе орындалуы туралы шешім;
е) егер Қабылдаушы Тарап Беруші Тарап берген құжаттар мен ақпаратты жеткіліксіз деп есептесе, ол қосымша ақпаратты сұрата алады;
f) сотталған адамның оны беруге келісімін қамтитын, осы Шарттың 4-бабының d) тармақшасына сәйкес көзделген өтініш.
8-бап
Беруге сұрау салу
1. Беруге сұрау салулар мен жауаптар дипломатиялық арналар немесе орталық органдар арқылы жазбаша түрде берілуге тиіс.
Қабылдаушы Тарап беруге сұрау салуға және жауапқа мынадай құжаттарды қоса береді:
а) сотталған адамның азаматтығын растайтын құжат;
b) Беруші Тарапта үкім шығарылған әрекеттер немесе әрекетсіздік Қабылдаушы Тарапта қылмыс болып табылатынын растайтын құқықтық ережелердің көшірмелері.
Беруші Тарап беруге сұрау салуға немесе жауапқа мынадай құжаттарды қоса береді:
a) үкімнің куәландырылған көшірмесі;
b) жазаның сипаты мен ұзақтығы, оны орындаудың басталған күні және өтелген мерзімі туралы ақпарат;
c) сотталған адам туралы медициналық және әлеуметтік есеп, сондай-ақ оны емдеу туралы ақпарат.
2. Беруге сұрау салуды қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлануға тиіс.
9-бап
Келісім және тексеру
Беруші Тарап осы Шарттың 4-бабының d) тармақшасында көзделген беруге өз келісімін беретін сотталған адам мұны ерікті түрде және мұндай берудің құқықтық салдарын толық түсініп жасауы үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
10-бап
Берудің салдары
1. Сотталған адамды беру Беруші Тарапта үкімнің орындалуын тоқтатуды көздейді.
2. Егер Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапты үкімді орындаудың аяқталғаны туралы хабардар етсе, Беруші Тарап үкімді орындауға құқылы емес.
11-бап
Үкімді орындау
1. Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға байланысты үкімнің немесе шешімнің орындалуын жалғастырады.
2. Егер жаза өзінің сипаты мен ұзақтығы бойынша Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген жазаға сәйкес келмесе, онда ол оны осыған ұқсас қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген барынша сәйкес келетін жазаға ауыстырады. Мұндай жағдайда жаза өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша Беруші Тарап шығарған үкімнен неғұрлым қатаң болмауға және осыған ұқсас қылмыс үшін Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген жазаның ең ұзақ мерзімінен аспауға тиіс. Жаза Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең қысқа мерзімімен шектелмеуге де тиіс. Мұндай жағдайда Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа өзінің сот шешімін жіберуге тиіс.
3. Берілген адамға қатысты үкімді орындау Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген жеңілдіктерді қоса алғанда, оның заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап
Рақымшылық жасау, кешірім жасау, жазаны жеңілдету
Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес рақымшылық жасауды, кешірім жасауды немесе жазаны жеңілдетудің өзге де шараларын қолдануға құқылы. Мұндай жағдайда Тараптар бір-біріне хабар береді.
13-бап
Үкімді қайта қарау
Беруші Тарап қана үкімді қайта қарау туралы өтінішхаттар бойынша шешім қабылдауға құқылы.
14-бап
Үкімді тоқтату және өзгерту
Беруші Тарап үкімнің орындалуын тоқтату немесе өзгерту туралы кез келген шешім жөнінде хабарлағаннан кейін Қабылдаушы Тарап үкімнің орындалуын дереу тоқтатуға немесе өзгертуге тиіс.
15-бап
Үкімнің орындалуы туралы хабарлау
Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:
а) егер ол үкімді орындау аяқталған деп санаса;
b) егер сотталған адам үкімді орындау аяқталғанға дейін қашып кетсе немесе қайтыс болса;
c) егер Беруші Тарап мұндай ақпаратты сұратса, хабарлайды.
16-бап
Ерекше қараудағы кәмелетке толмағандар
Осы Шарт Тараптардың заңнамасына сәйкес ерекше қараудағы кәмелетке толмаған адамдарға қатысты да қолданылады. Мұндай кәмелетке толмағандарға қолданылатын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау Қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Кәмелетке толмағандарды беру үшін олардың заңды өкілінің тікелей келісімі алынуға тиіс.
17-бап
Транзит
1. Егер Тараптардың бірі сотталған адамды үшінші мемлекеттен транзиттік тасымалдауды жүзеге асырса, екінші Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, осы сотталған адамның өз аумағы арқылы транзитін жеңілдетуге көмек көрсетеді.
2. Бұл мақсатта сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа орталық органдар арқылы не кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымы (Интерпол) арқылы транзит туралы тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің мән-жайларының қысқаша мазмұнын қамтитын сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салу адамның берілгенін растайтын құжаттың көшірмесімен бірге беріледі.
3. Сұрау салынатын Тарап өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит Тарапының аумағында қону жоспарланбаса, оған рұқсат талап етілмейді. Транзит Тарапының аумағында жоспарланбаған қону жағдайында транзитті жүзеге асыратын Тарап бұл туралы транзит Тарапын дереу хабардар етеді, ал транзит Тарапы транзитке сұрау салуды күте отырып, тасымалданатын адамды 15 (он бес) күнге дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде транзитке сұрау салу алынбаса, егер Тараптар өзгеше уағдаластыққа қол жеткізбесе, адам босатылуға жатады.
18-бап
Тілдер және шығыстар
1. Сотталған адамды беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге берілуге тиіс. Сұрау салуларға жауаптар сұрау салынатын Тараптың тілінде жасалуға және сұрау салушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге берілуге тиіс. Егер өтінішхатты сотталған адам берген жағдайда, онда ол өзі білетін тілде жасалуы мүмкін.
2. Сотталған адамды беру және берілгеннен кейін үкімді орындау кезінде келтірілген шығыстарды Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес көтереді.
3. Транзитке байланысты шығыстарды Қабылдаушы Тарап көтереді.
19-бап
Құжаттарды заңдастырудан босату
Осы Шарттың мақсаттары үшін жасалған құжаттарға лауазымды тұлға қол қоюға және олар уәкілетті органның елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс және мұндай жағдайда ешқандай басқа заңдастыру, сертификаттау немесе түпнұсқалығын анықтау талап етілмейді.
20-бап
Осы Шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы
Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Әрбір Тарап осы Шартты тоқтатуға құқылы. Тоқтату Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 180 (бір жүз сексен) тәулік өткен соң күшіне енеді.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған адамдарды беру жөніндегі рәсімдер толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
5. Осы Шарт оның күшіне енуіне дейін шығарылған үкімдерді орындауға қатысты да қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
20___ жылғы __ __________ ____________ әрқайсысы қазақ, испан және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін | Перу Республикасы үшін |