"Халық алғысы" медалі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 348 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті жұмыс істейтін, сондай-ақ пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын көтермелеу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Халық алғысы" медалі тағайындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) "Халық алғысы" медалімен наградтау қағидалары;

      2) "Халық алғысы" медалінің сипаттамасы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 8 маусымдағы
№ 348 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Халық алғысы" медалімен наградтау ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Осы Қағидалар "Халық алғысы" медалімен (бұдан әрі – медаль) наградтау тәртібін регламенттейді.

      2. Медальмен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті жұмыс істейтін, пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтары наградталады.

      3. Медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, Үкіметі, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер енгізеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 02.01.2023 № 78 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Медальды Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.

      5. Медальды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі;

      2) Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 02.01.2023 № 78 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      6. Медальды тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің Наградтау туралы жарлығы жария етіледі.

      7. Әрбір наградталушыға медаль тапсырумен бір мезгілде тиісті куәлік беріледі.

      8. Медаль кеуденің сол жағына тағылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда олардан кейін орналасады.

      9. Медальды тапсыру жүргізілгені туралы белгіленген нысанда хаттама жасалады, ол тапсыруды жүргізген адамның қол қоюымен, органның мөрімен бекітіледі және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.

      10. Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ медальдардың тапсырылу барысы туралы есептілікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 8 маусымдағы
№ 348 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Халық алғысы" медалінің сипаттамасы

      "Халық алғысы" медалі белгіден және тағаннан тұрады.

      Медальдің белгісі алтын түстес жез металдан жасалған диаметрі 32 мм дұрыс шеңбер болады.

      Медальдің беткі жағында (аверсте) бірінші көріністе "Birgemiz" логотипінің бейнесі жасалған. Медальдің жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек орналасқан. Медальдің төменгі жағында "ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ" деген жазу бар.

      Медальдің сыртқы жағында (реверсте) шетін бойлай ұлттық ою-өрнек орналасқан. Ортаңғы бөлігінде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 2020" деген жазу бар.

      Медаль құлақша мен шығыршық арқылы алтын түстес жез металдан жасалған ені 32 мм тікбұрышты тағанмен жалғасады. Ортаңғы бөлігінде ұлттық ою-өрнек орналасқан. Таған көгілдір түсті эмальмен құйылған.

      Медальдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы. Медальдің шеті ернеумен жиектелген. Тағанның сыртқы жағында бұйымды киімге бекітетін визорлы бекіткіші бар түйреуіш орнатылған.

  "Халық алғысы"
медалінің
сипаттамасына
ҚОСЫМША



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады