Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 438 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 16 қазандағы
№ 438 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,

      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың және 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаттарын, одақтастық және стратегиялық әріптестік, мемлекеттік егемендікті және аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, шекаралардың мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен реттеу және күш немесе күшпен қауіп төндіруді қолданбау, тең құқықтық және ішкі істерге араласпау, міндеттемелер мен халықаралық құқық нормаларын адал орындау қағидаттарын ұстана отырып,

      жан-жақты әріптестік қатынастарын және стратегиялық өзара іс-қимылды дамыту бағытын ұстанатынын білдіре отырып,

      өзара құрмет және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде әскери ынтымақтастықты нығайту мен дамытудағы өзара мүдделілікті тани отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаттары Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастықты жүзеге асыру және дамыту болып табылады.

2-бап

      Тараптардың осы Шартты іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары:

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар әскери ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      Тараптардың бірі өтініш жасаған жағдайда Тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді (күштерді) қолдануды бірлесіп жоспарлау;

      Тараптардың бірі өтініш жасаған жағдайда, өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлескен іс-қимыл;

      жедел және жауынгерлік даярлық;

      әскери білім және ғылым;

      бітімгершілік қызмет;

      әскерлердің (күштердің) қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету;

      екіжақты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;

      Тараптар әскери делегацияларының халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы шеңберінде өзара іс-қимыл жасау;

      мәдениет және спорт;

      Тараптардың келісімі бойынша әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттары.

      Әскери ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген халықаралық шарттар жасай алады.

4-бап

      Осы шарттың 3-бабында көрсетілген бағыттарды іске асыру үшін Тараптардың әскери ынтымақтастығы мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      қорғаныс ведомстволары басшыларының (басшылары орынбасарларының) ресми сапарлары мен екіжақты жұмыс кездесулері;

      қарулы күштер қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша әскери делегациялардың консультациялары мен жұмыс кездесулері;

      өңірлік қауіпсіздік және әскерлерді (күштерді) бірлесіп қолдану мәселелері бойынша штабтық келіссөздер мен консультациялар;

      конференциялар, семинарлар, симпозиумдар;

      жедел және жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шаралары (оқу-жаттығулар, жарыстар, конкурстар және т.б.);

      әскери корабльдердің кіруі (сапарлары);

      әскери оқу орындарында әскери кадрлар даярлау;

      өзара іс-қимылдың әртүрлі салаларында ақпарат және құжаттама алмасу;

      спорттық және мәдени іс-шаралар;

      Тараптардың келісімі бойынша әскери ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

5-бап

      Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары әскери ынтымақтастық барысында шешілетін мақсаттар мен міндеттерді, әскери ынтымақтастық бағыттарын, оларды іске асыру нысанын және орындау мерзімдерін қамтитын Әскери саладағы стратегиялық әріптестіктің үш жылдық кезеңге арналған бағдарламасын әзірлейді.

      Әскери саладағы стратегиялық әріптестік бағдарламасында көзделген әскери ынтымақтастықтың міндеттері мен бағыттарына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары іс-шаралардың атаулары, оларды өткізу мерзімдері мен орны, қаржыландыру тәртібі, ұзақтығы, қатысушылар саны және іс-шараларды іске асыруға жауапты бөлімшелер айқындалған Әскери ынтымақтастық жоспарын жыл сайын әзірлейді.

      Әскери ынтымақтастық жоспарын Тараптардың уәкілетті органдарының басшылары жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.

6-бап

      Тараптар әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту және одан әрі тереңдету мүдделерінде Тараптардың халықаралық әскери ынтымақтастыққа жауап беретін қорғаныс ведомстволары басшыларының орынбасарлары (халықаралық әскери ынтымақтастыққа жауап беретін құрылымдық бөлімшелердің бастықтары) жетекшілік ететін консультациялар нысанында Тараптардың қорғаныс саясатын үйлестіру бойынша өзара іс-қимыл жасау тетігін пайдаланады.

      Көрсетілген консультациялар қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.

7-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Шартты іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

8-бап

      Тараптар әскери барлау саласында ынтымақтастық жасайды.

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа қарсы бағытталған барлау қызметін жүргізбеуге міндеттенеді.

9-бап

      Екінші Тараптың аумағында уақытша болатын бір Тараптың әскери құралымдарының мәртебесі, сондай-ақ бір Тараптың екінші Тараптың аумағында орналасқан әскери объектілерін пайдалану тәртібі мен шарттары жеке халықаралық шарттарда айқындалады.

10-бап

      Жедел және жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шараларына қатысу үшін екінші Тараптың аумағы арқылы (аумағына) өтетін бір Тараптың әскери құралымдарының құрамына кіретін адамдар Тараптар алдын ала ресми түрде жолдаған әскери қызметшілердің тізімдері бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты (паспорт, жеке куәлік) көрсету арқылы Тараптар арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтеді.

11-бап

      Тараптардың қарулы күштері үшін әскери кадрлар даярлауды Тараптар тиісті халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырады.

12-бап

      Тараптар мемлекетаралық әскери тасымалдар саласында ынтымақтастық жасайды. Мұндай ынтымақтастық жасау тәртібі жеке халықаралық шартта айқындалады.

13-бап

      Тараптар іс-шараларды бірлесіп жоспарлайды және Тараптардың қорғаныс ведомстволары мен қарулы күштері қызметінің салдарына байланысты экологиялық проблемалардың алдын алуда және оларды шешуде өзара көмек көрсетеді.

14-бап

      Осы Шарт шеңберінде Тараптар бір-біріне беретін немесе Тараптар бірлесіп жасаған кез келген ақпарат (бұдан әрі – ақпарат), оның нысаны мен мазмұнына қарамастан, тек осы Шарттың мақсатында ғана және екінші Тарапқа нұқсан келтірмей пайдаланылады.

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа ақпарат бермеуге міндеттенеді.

      Тараптардың әрқайсысы ақпараттың құпиялылығын дербес белгілейді. Тараптар құпия деп таныған ақпаратты жеткізгіштерге "Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі қойылады. Беруші Тарап оған қатысты құпиялылықты сақтау қажеттігін ескерткен ақпаратты алған Тарап оны қорғауды қамтамасыз етеді және оны ұлттық заңнаманың осындай ақпаратты қолдануды реттейтін ережелеріне сәйкес қолданады.

      Тараптар өкілдерін әскери объектілерге немесе әскери өнеркәсіп кешені кәсіпорындарына кіргізу олар орналасқан аумақтағы Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

15-бап

      Осы Шарт қандай да бір басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмаған және Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап

      Тараптар екінші Тарапқа қарсы бағытталған қызметті жүзеге асыру мақсатында үшінші тарапқа өз аумақтарын пайдалануына жол бермейді.

      Тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, тәуелсіздігіне немесе аумақтық тұтастығына қатер төндіретін жағдай туындаған жағдайда Тараптар дереу консультациялар өткізеді және 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ережелерін қоса алғанда, халықаралық құқыққа сәйкес әскери көмекті қоса алғанда, бір-біріне қажетті көмек көрсету бойынша нақты әрекет етеді.

17-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар арқылы шешеді.

18-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

19-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Шарт он жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың ешқайсысы тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, оның қолданысы келесі он жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.

      Осы Шарт күшіне енген күннен бастап 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шарт өз қолданысын тоқтатады.

      20 жылғы қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады