Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 9 сәуірдегі № 549 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартқа қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 9 сәуірдегі
№ 549 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы

      мемлекеттік егемендік, тең құқықтылық және өзара сыйластық қағидаттарын негізге ала отырып,

      қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      сотталғандардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте жазасын өтеуі жазаны орындау мақсаттарына анағұрлым тиімді қол жеткізуге, құқық бұзушылардың қоғамда қалыпты өмір сүруге қайта оралуына ықпал ететінін ескере отырып,

      ізгілік және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап Анықтамалар

      Осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізу үшін төменде көрсетілген терминдер мыналарды білдіреді:

      а) "үкім шығарушы Тарап" – жазасын одан әрі өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты сот үкімі шығарылған Тарап;

      б) "үкімді орындаушы Тарап" – сотталған адам жазасын одан әрі өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген Тарап;

      в) "сотталған адам" – қылмыс жасағаны үшін Тараптардың бірінің соты бас бостандығынан айыру түріндегі жазалауға соттаған адам;

      г) "заңды өкіл" – Тараптардың әрқайсысының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды өкіл деп танылған адам;

      д) "құзыретті органдар" – Тараптардың сотталған адамды беру туралы шешімдерді орындайтын органдары.

2-бап

Ынтымақтастықтың жалпы қағидаттары

      1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес сотталғандарды беру мәселелерінде барынша дәрежеде ынтымақтасуға міндеттенеді.

      2. Тараптар бір-бірінің сұрау салуы бойынша осы Шарттың талаптарына сәйкес үкім шығарушы Тараптың аумағында қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген және екінші Тараптың азаматтығы бар сотталғандарды үкімді орындаушы Тарапта жазасын өтеу үшін бере алады.

3-бап Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар тікелей, оның ішінде электрондық байланыс құралдарының немесе факстің көмегімен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      Өзбекстан Республикасы үшін – Өзбекстан Республикасының Бас прокуратурасы болып табылады.

      3. Әрбір Тарап орталық органдарға байланысты кез келген өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

4-бап Сотталған адамды беру үшін негіз

      Сотталған адамды азаматы болып табылатын Тарапқа беру рәсімін бастау үшін Тараптардың кез келгенінің орталық органына осы адамның немесе оның заңды өкілінің жіберген өтініші негіз болады.

5-бап Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен жауаптар және қажетті құжаттар

      1. Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен оларға жауаптар жазбаша нысанда жасалады және оларды Тараптардың орталық органдары жібереді.

      Сұрау салуда сотталған адамның жеке басы туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер болса), туған күні мен жері), адам сотталған қылмыстық заң бабының атауы және сотталған адамның азаматтығын растайтын құжаттың көшірмесі қамтылады.

      2. Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен оларға жауаптар, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттар қолтаңбамен расталуға және елтаңбалы мөрмен бекітілуге тиіс.

      3. Сотталған адамды беру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жасай алады. Сұрау салынатын Тарап өзінің шешімі туралы сұрау салушы Тарапты жедел хабардар етуге тиіс.

      4. Бір Тараптың сотталған адамды беру туралы сұрау салуы келіп түскен жағдайда және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, үкім шығарушы Тарап үкімді орындаушы Тарапқа мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

      a) соған негізделген заңның тиісті ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі;

      б) жазаның түрі мен мерзімін, сондай-ақ оның есептеу күнін көрсететін мәліметтер;

      в) сотқа дейінгі ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөліктерінің мерзімдері туралы мәліметтер, сот үкімінің өзгергені туралы мәліметтер және сот үкімін орындауға келтіру үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;

      г) осы Шарттың 7-бабы 1-тармағының в) тармақшасында көзделген, сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің беруге арналған жазбаша келісімі;

      д) сотталған адамның денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды, оның ішінде оны емдеу туралы ақпарат және үкімді орындаушы Тарапта оны одан әрі емдеу туралы ұсынымдар;

      е) сотталған адамның мінез-құлық ерекшеліктері туралы мәліметтер;

      Ұ) сот үкімі және басқа да атқарушылық құжаттар бойынша нұқсан және оны өтеу туралы мәліметтер;

      ж) егер қосымша жаза тағайындалған болса, оны орындау туралы құжат.

      5. Үкімді орындаушы Тарап үкім шығарушы Тарапқа мынадай құжаттарды ұсынады:

      а) сотталған адамның жеке басы туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер болса), туған күні мен жері);

      б) сотталған адамның азаматтығын растайтын құжат;

      в) үкім шығарушы Тарапта соған байланысты сот үкімі шығарылған
іс-әрекет үкімді орындаушы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын көздейтін үкімді орындаушы Тараптың тиісті заңнамасынан үзінді көшірме;

      г) үкім шығарушы Тарап шығарған сот үкімін үкімді орындаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындау тәртібі туралы мәліметтер.

      6. Қажет болған жағдайда Тараптардың орталық органдары қосымша құжаттарды немесе мәліметтерді сұрата алады.

      7. Осы Шартты орындау кезінде Тараптар орыс тілін пайдаланады. Тараптардың мемлекеттік тілдерінде орындалған құжаттарға орыс тіліндегі куәландырылған аудармалары қоса беріледі.

6-бап Сотталған адамның келісімі және оны растау

      1. Үкім шығарушы Тарап сотталған адамның не оның заңды өкілінің берудің құқықтық салдарын толық түсіне отырып, оған ерікті түрде келісім беретініне және осыны беруге келісу туралы өтініште растайтынына кепілдік беруге тиіс.

      2. Үкім шығарушы Тарап үкімді орындаушы Тараптың сұрау салуы бойынша үкімді орындаушы Тарапқа уәкілетті адам арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуге мүмкіндік беруге тиіс.

      3. Сотталған адам өзін беруге өтінішті меңгерген тілінде бере алады.

7-бап Сотталған адамды беру шарттары

      1. Сотталған адам осы Шартқа сәйкес, егер:

      а) сотталған адам үкімді орындаушы Тараптың азаматы болып табылса;

      б) адамды бас бостандығынан айыруға соттау туралы сот үкімі заңды күшіне енсе;

      в) сотталған адамның жазбаша келісімі немесе сотталған адам жасына, физикалық және (немесе) психикалық жай-күйіне байланысты өзінің еркін емін-еркін білдіре алмаған жағдайда, оның заңды өкілінің келісімі болса;

      г) адам Тараптардың заңнамасы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға алып келетін қылмыстар болып табылатын іс-әрекеттер үшін сотталған болса;

      д) сотталған адамды беру туралы өтінішті немесе сұрау салуды алған кезге өтеуге жататын бас бостандығынан айыру мерзімі кемінде бір (1) жылды құраса;

      е) қылмыс арқылы келтірілген материалдық нұқсан өтелген болса;

      Ұ) егер үкім шығарушы Тарапта сотталған адамға қатысты тергеп-тексеру, сот талқылауы немесе өзге де процестік әрекеттер жалғастырылмаса;

      ж) Тараптар сотталған адамды беруге келіссе, берілуі мүмкін.

      2. Айрықша жағдайларда Тараптар тіпті сотталған адам өтеуге жататын мерзім осы баптың 1-тармағының д) тармақшасында көрсетілгеннен аз болса да, беруге келісуге құқылы.

8-бап Сотталған адамды беруден бас тарту негіздері

      Егер:

      а) осы Шарттың 7-бабының 1-тармағында санамаланған талаптар сақталмаса;

      б) Тараптардың бірі сотталған адамды беру өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп шешсе;

      в) сотталған адам қандай да бір қаржылық міндеттемелерді орындамаса;

      г) сұрау салушы Тарап осы Шарттың 5-бабының талаптарын тиісінше орындамаса, сотталған адамды беру жүргізілмейді.

9-бап Сотталған адамды беру туралы сұрау салу бойынша шешім

      1. Тараптар осы Шартқа және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сотталған адамды беру туралы шешім қабылдайды.

      2. Қабылданған шешім туралы сұрау салушы Тараптың орталық органына немесе сотталған адамды беру туралы өтініш жасаған адамға жазбаша нысанда хабарланады.

      3. Сотталған адамды беруден бас тартылған жағдайда, мұндай шешім уәжді болуға тиіс.

10-бап Дербес деректерді қорғау

      Әр Тарап осы Шартты іске асыру барысында алынған дербес деректерді қорғауға кепілдік береді және оларды екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші мемлекетке бере алмайды.

11-бап Сотталған адамды беру рәсімі

      1. Сотталған адамды беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары сотталған адамды беру уақыты мен шарттары туралы өзара уағдаласады.

      2. Беру рәсімі Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері қол қоятын, сотталған адамды беру туралы құжатты екі данада жасауды қамтиды.

      3. Сотталған адамды беру рәсімі Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында "Жібек Жолы" – "Гишт-Куприк" өткізу пункті арқылы жүзеге асырылады.

      4. Өткізу пункті өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

12-бап Сот үкімін орындауды жалғастыру

      1. Үкімді орындаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасын басшылыққа ала отырып, сотталған адамның жағдайын нашарлатпай, үкім шығарушы Тараптың сот үкімінің орындалуын жалғастыруды толық көлемде қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Үкімді орындаушы Тараптың соты үкім шығарушы Тараптың сот үкімі бойынша тағайындалған дәл сондай бас бостандығынан айыру мерзімін өз Тарапының ұлттық заңнамасы бойынша айқындай отырып, шешім қабылдайды.

      3. Егер жасалған қылмыс үшін бас бостандығынан айырудың шекті мерзімі үкімді орындаушы Тараптың заңнамасы бойынша үкім шығарушы Тараптың сот үкімі бойынша тағайындалғаннан аз болса, үкімді орындаушы Тараптың соты дәл осындай қылмыс жасағаны үшін өзінің заңнамасында көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімін айқындайды.

      4. Сотталған адамның үкім шығарушы Тараптың аумағында өтеген жазасының бір бөлігі үкімді орындаушы Тарапта жазаны өтеудің жалпы мерзіміне есептеледі.

      5. Егер үкім шығарушы Тараптың сот үкімі үкімді орындаушы Тарапта біреуі немесе бірнешеуі қылмыс деп танылмайтын екі немесе одан да көп
іс-әрекетке қатысты болса, осы Тараптың соты жазаның қандай бөлігі қылмыс болып табылатын іс-әрекетке қолданылатынын айқындайды.

      6. Егер жасалған іс-әрекет үшін осындай жаза осы Тараптың заңнамасында көзделген болса, қосымша жазаны орындау туралы шешімді үкімді орындаушы Тараптың соты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

13-бап Кешірім, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету және жазаны одан әрі өтеуден босату

      Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты дереу хабардар етіп, берілген сотталған адамға қатысты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім, рақымшылық жасау актісін қолдануға немесе оған тағайындалған жазаны жеңілдетуге не оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешім қабылдауға құқылы.

14-бап Юрисдикцияны сақтау

      1. Үкім шығарушы Тараптың ғана өз соты шығарған шешімді өзгертуге немесе оның күшін жоюға құқығы бар.

      2. Үкімді орындаушы Тарап үкім шығарушы Тараптан өзгертілген немесе күші жойылған шешімді алған жағдайда, үкімнің орындалуын өзгертуге немесе күшін жоюға тиіс.

15-бап Сотталған адамды берудің құқықтық салдары

      1. Сотталған адамды беру үкім шығарушы Тарапта үкімнің орындалуын тоқтатуды білдіреді.

      2. Жазасын өтеу үшін берілген сотталған адамға қатысты үкімді орындаушы Тарапта дәл осындай қылмыс жасағаны үшін сол Тараптың аумағында сотталған адамдарға қатысты сияқты сотталудың дәл сондай құқықтық салдары туындайды.

      3. Үкімді орындау үшін берілген сотталған адам үкімді орындаушы Тараптың аумағында нақ сол бір іс-әрекет үшін қайтадан қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

16-бап Үкімнің орындалуы туралы хабарлау

      Үкімді орындаушы Тарап үкім шығарушы Тарапқа сот үкімінің орындалуы туралы, егер:

      a) сот үкімінің орындалуы аяқталса;

      б) сотталған адам күзетпен ұстаудан қашып кетсе немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса;

      в) Үкім шығарушы Тарап бұл туралы ақпаратты сұратса, хабарлауға тиіс.

17-бап Ақпаратты беру жөніндегі міндеттеме

      1. Әрбір Тарап осы Шарт қолданылуы мүмкін сотталған адамдарға оның бар екендігі және мазмұны туралы хабарлайды.

      2. Беру туралы өтінішті қарауға байланысты Тараптардың әрқайсысы қабылдаған түпкілікті шешім туралы сотталған адамға немесе оның заңды өкіліне жазбаша нысанда хабарланады.

18-бап Транзиттік тасымалдау

      1. Тараптардың әрқайсысы транзиттік тасымалдау туралы тиісті сұрау салу болған кезде, екінші Тарапқа үшінші мемлекет берген сотталған адамды өз аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға рұқсат беруге құқылы.

      Бұл ретте, транзит Тарапы өз аумағында сотталған адамды қабылдауды, күзетпен ұстауды және қабылдау-беру пунктіне дейін этаппен апаруды қамтамасыз етеді:

      Қазақстан Республикасы үшін – Шымкент қаласы;

      Өзбекстан Республикасы үшін – Ташкент қаласы.

      2. Транзит тарапы, егер:

      а) сотталған адам оның азаматы болып табылса;

      б) жасалғаны үшін жаза тағайындалған қылмыс оның заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаса, транзиттік тасымалдаудан бас тартуға құқылы.

      3. Транзиттік тасымалдау туралы сұрау салуда осы Шарттың 5-бабы
5-тармағының а), б), в) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса беріле отырып, осы Шарттың 5-бабы 4-тармағының а), б), д) және е) тармақшаларында көзделген мәліметтер қамтылады.

      4. Егер әуемен тасымалдау тәсілі пайдаланылса және Транзит тарапының аумағында қону көзделмесе, транзиттік тасымалдауға рұқсат талап етілмейді.

      5. Әуе кемесінің жоспарланбаған қонуы орын алған жағдайда, Транзит тарапы сотталған адамды алып жүретін екінші Тарап өкілдерінің өтініші бойынша осы адамды транзиттік тасымалдау туралы сұрау салуды алғанға дейін 72 сағат ішінде күзетпен ұстай алады.

      6. Егер осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзімде транзиттік тасымалдау туралы сұрау салу алынбаса, егер Тараптар өзге жөнінде уағдаластыққа қол жеткізбесе, адам босатуға жатады.

19-бап Шығыстар

      1. Осы Шартты орындауға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына және осы Шартқа сәйкес көтереді.

      2. Үкімді орындаушы Тарап:

      а) тек қана үкім шығарушы Тараптың аумағында жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты;

      б) беруден кейін үкімді орындауды жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.

      3. Сотталған адамды транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзит Тарапы көтереді.

20-бап Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Шарттың мақсаттары үшін бір Тараптың орталық органы жіберген, қолтаңбамен және елтаңбалы мөрмен бекітілген кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз пайдаланылуға тиіс.

21-бап Заңсыз соттағаны үшін жауаптылық

      1. Адамды заңсыз соттағаны үшін үкім шығарушы Тарап жауапты болады.

      2. Заңсыз соттау арқылы келтірілген нұқсанды өтеуді үкім шығарушы Тарап жүзеге асырады.

22-бап Уақыт бойынша қолданылуы

      Осы Шарт күшіне енгеніне дейін де, одан кейін де шығарылған үкімдерді орындау үшін қолданылады.

23-бап Дауларды шешу

      Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын даулар Тараптардың орталық органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

24-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және жеке хаттамамен ресімделеді.

25-бап Осы Шарттың басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Шарттың ережелері Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

26-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және Тараптардың біреуі оның ратификацияланғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң күшіне енеді.

      2. Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етіп, осы Шарттың қолданысын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданысы Тараптардың біреуі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Осы Шарттың қолданысын тоқтату оның қолданысы тоқтатылған күнге дейін алынған, сотталған адамдарды беру туралы сұрау салуларды орындауды аяқтауға кедергі келтірмейді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісінше уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20___ жылғы ___ ______ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасы үшін

Өзбекстан Республикасы үшін

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады