Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 965 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 20 шілдедегі
№ 965 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы

ШАРТ

      Бұдан әрі "Уағдаласушы мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы,

      экстрадициялау мәселелерінде екіжақты ынтымақтастыққа ықпал етуге және оны нығайтуға ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдары іздестіріп жатқан оның аумағындағы кез келген адамды осы Шарттың және өзінің заңнамасының талаптарына сәйкес ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап

Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Осы Шарттың мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп Уағдаласушы мемлекеттердің екеуінің де ұлттық қылмыстық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын болып табылатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделетін қылмыстар танылады.

      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу өзіне қатысты ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмыс үшін бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болған жағдайда, ұстап беру, егер ол кемінде алты (6) ай немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда ғана мүмкін болады.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты айқындау кезінде Уағдаласушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасының осы қылмысты құрайтын іс-әрекетті осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызатыны-жатқызбайтыны немесе осы қылмысты бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгілейтіні маңызды емес.

      4. Егер қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан тыс жерде жасалса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы дәл осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды көздейтін болса, ұстап беру жүзеге асырылады.

      5. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Уағдаласушы мемлекеттің де ұлттық заңнамасына сәйкес әрқайсысы жазаланатын және олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымайтын екі немесе одан да көп қылмысқа қатысты болса, онда Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет адамды барлық қылмыстарға қатысты ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.

3-бап

Ұстап беруден бас тарту үшін міндетті негіздер

      Егер:

      a) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс саяси қылмыс болып табылады деп есептесе;

      b) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсілдік белгісі, діни сенімі, ұлты, жынысы, әлеуметтік мәртебесі, этностық тиесілігі, саяси көзқарасы бойынша қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жалпы қылмыс үшін жолданған немесе осы адамның жағдайы осы себептерге байланысты айтарлықтай нашарлауы мүмкін деп пайымдауға дәлелді негіздері бар болса;

      c) оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын, бірақ Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланбайтын болса, егер Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана;

      d) қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетте адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді, оның ішінде қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалуды қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе кез келген өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшырады немесе ұшырайды деп пайымдауға Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің негіздері бар болса;

      e) сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес басқа да себептер бойынша қылмыстық қудалауды бастау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет ескіру мерзімдерін есептеу кезінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағында туындаған осы мерзімдерді үзуге немесе тоқтата тұруға байланысты кез келген әрекеттерді немесе мән-жайларды ескеруге тиіс;

      f) іздестіріліп жатқан адамға қатысты сол бір іс-әрекет үшін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдары түпкілікті үкім шығарса;

      g) ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет пана берсе;

      һ) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет адамды ұстап беру егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе оның өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіреді не оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептесе;

      і) құқық бұзушылық тек қана әскери борышты бұзумен байланысты болса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.

4-бап

Ұстап беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер

      Мынадай мән-жайлардың кез келгенінің негізінде:

      a) егер оған қатысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу түсетін қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында жасалса және оның юрисдикциясына жатса және іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен дәл сол қылмыс үшін тергеуде болса және оны Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдары сот тәртібімен қудалайтын болса;

      b) егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулығына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына орай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп есептесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Осы жағдайларда ұстап беруден бас тартудың орнына Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет ұстап беру іздестіріліп жатқан адам үшін ауыр зардаптар әкеледі деп пайымдауына себептер жойылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы. Бұл үшін шешімді қабылдаудан бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетпен консультация жүргізуге тиіс;

      с) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан тыс жерде жасалса, бірақ оның мүдделеріне қарсы бағытталса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

5-бап

Өз азаматтарын ұстап беру

      1. Уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асыруы немесе Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет шығарған заңды күшіне енген үкімді орындауды өзіне алуы мүмкін. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы қылмыстық істі, сот шешімдерін, дәлелдемелерді және өз иелігіндегі басқа да кез келген тиісті құжаттарды және ақпаратты береді.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет осындай сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы, іс бойынша сот талқылауының қорытындылары туралы және қабылданған түпкілікті процестік шешім туралы Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке уақтылы хабарлайды.

      4. Егер ұстап берілген адам оны бергенге дейін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің азаматтығын алса, онда осы баптың 2-тармағының ережелері қолданылады.

6-бап

Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы мемлекеттер айқындаған орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Кипр Республикасы үшін - Әділет және қоғамдық тәртіп министрлігі орталық органдар болып табылады.

      3. Әрбір Уағдаласушы мемлекет орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы екіншісін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге тиіс.

7-бап

Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және мыналарды:

      a) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегін, туған күнін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерін және оның жеке басын және орналасқан жерін сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса, тану деректерін, фотосуреттерді және саусақ іздерін;

      b) қылмыс жасалған күнді және орнын көрсете отырып, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;

      c) оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмысты саралайтын және осындай қылмыс үшін жазаны көздейтін тиісті заңның мәтінін;

      d) қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың мерзімін шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін және оны ұстап беру туралы сұрау салуда көрсетілген қылмысқа қатысты қолданылуы жөніндегі ақпаратты;

      e) оған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумагынан тыс жерде жасалганда, мұндай қылмыс бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтиды.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:

      a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, қамаққа алу ордерінің немесе Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген және оның құзыретті органы куәландырған осындай күші бар басқа қаулының түпнұсқасы немесе көшірмесі;

      b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органы куәландырған заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі және жаза өтелген және әлі өтелуі тиіс кезеңі көрсетілген құжат қоса беріледі.

      3. Егер адам сырттай сотталған болса, егер Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке осы адамға оның қорғалуға құқығын қамтамасыз ету мақсатында сырттай үкімнің қайта қаралуына құқығы бар екендігіне кепілдік берсе, ұстап беру жүзеге асырылуы мүмкін.

8-бап

Қосымша ақпарат

      1. Егер ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілген ақпарат Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Сұрау салынған қосымша ақпарат әрбір жағдайда тараптармен келісілген мерзімде берілуге тиіс.

      2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен қамаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату бұдан әрі сұратылған қосымша ақпарат түскен кезде іздестіріліп жатқан адамның қайта қамаққа алынуына және ұстап берілуіне кедергі келтірмеуге тиіс.

      3. Егер іздестіріліп жатқан адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен қамаудан босатылса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет бұл туралы үш (3) тәулік ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке хабарлауға тиіс.

9-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      1. Уағдаласушы мемлекеттердің орталық немесе уәкілетті органдары куәландырған құжаттар іздестіріліп жатқан адамды Ұстап беру рәсімінде бұдан әрі сертификаттаусыз, төлнұсқалығын анықтаусыз және заңдастырусыз жарамды болуға тиіс.

      2. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.

10-бап

Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке өзінің шешімі туралы дереу хабарлай отырып, ұстап беру туралы сұрау салу бойынша осы Шарттың ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды.

      2. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартса, ол өз шешімін негіздеуге тиіс.

      3. Ұстап беруден формалды негіздер бойынша бас тартылған жағдайда, Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды жолдауға құқылы. Ұстап беру туралы жаңа сұрау салу жолдаған кезде бұл формалдылықтар ескерілуге тиіс. Осы ереже сот шешімі негізінде ұстап беруден бас тартуға қолданылмайды.

      4. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттен алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуды алғаннан кейін, егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органына оны ұстап беруге ерікті түрде келіссе, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруді қанағаттандырады. Мұндай келісімнің күші жойылуға жатпайды.

11-бап

Арнайы қағида

      1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам, мынадай:

      a) ұстап берілген адам осы баптың 1-тармағында көзделген кепілдіктерден бас тартқан;

      b) қылмыс ұстап берілгеннен кейін жасалған;

      c) ұстап берілген адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетіп қалған және өз еркімен қайтып оралған;

      d) ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетуге мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес (45) тәуліктің ішінде кетпеген жағдайларды қоспағанда, өзі ұстап берілгенге дейін жасалған кез келген өзге қылмыс үшін қылмыстық қудалауға тартылмайды, сотгалмайды немесе жазаға не бостандығын шектеудің өзге де шараларына тартылмайды. Алайда, бұл кезеңге жоғарыда көрсетілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан өзіне қатысты емес себептер бойынша кете алмаған уақыт кірмейді;

      e) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет бұған келісім беріп, оны алу үшін осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды және осы мәселе бойынша көрсетілген адам жасаған өтінішті қоса бере отырып сұрау салынған жағдайларды қоспағанда, өзі ұстап берілгенге дейін жасалған кез келген өзге қылмыс үшін қылмыстық қудалауға тартылмайды, сотталмайды немесе жазаға не бостандығын шектеудің өзге де шараларына тартылмайды. Егер нақты жағдайда осы Шартта белгіленген ұстап беру талаптары сақталса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет келісімін береді. Сұрау салу бойынша шешім қабылданғанға дейінгі кезеңде ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетте оның ұлттық заңнамасына сәйкес күзетпен ұсталуы мүмкін.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің келісімінсіз Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет оны ұстап бергенге дейін жасалған кез келген қылмыс үшін адамды осы Шартқа сәйкес үшінші мемлекетке экстрадициялай алмайды немесе бере алмайды.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды ұсынуды сұрата алады.

12-бап

Ұстап беру мақсатында қамаққа алу

      1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуы шұғыл болған жағдайда, ұстап беру туралы сұрау салуды алғанға дейін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдары іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алуы мүмкін.

      2. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу орталық органдар арасында тікелей не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының (ИНТЕРПОЛ) жәрдемдесуі арқылы жолданылуы мүмкін немесе электрондық байланыс құралдарын пайдалану арқылы берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жолдануға тиіс.

      3. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу:

      a) сәйкестендіру деректері мен оның азаматтығы туралы мәліметтерді қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасын;

      b) егер белгілі болса, оның орналасқан жері туралы мәліметтерді;

      c) қылмыстың қысқаша сипаттамасын, оның жасалу уақыты мен орнын;

      d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелерін;

      e) іздестіріліп жатқан адамға қатысты қамаққа алу туралы сот шешімінің/ордердің немесе қолданыстағы үкімнің бар екені туралы мәлімдемені; және

      f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салудың жақын уақытта ұсынылатынына кепілдемені қамтуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке сұрау салуды қарау нәтижелері туралы дереу хабарлайды.

      5. Егер қамаққа алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің орталық органы ұстап беру туралы сұрау салуды және осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға жатады. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша бұл мерзім қырық бес (45) тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет кейіннен ұстап беру туралы сұрау салуды алса, адамды мұндай босату ұстап беру мақсатында қайтадан қамаққа алуға кедергі келтірмеуге тиіс.

13-бап

Бірнеше мемлекет жіберген ұстап беру туралы сұрау салулар

      1. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет екі немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттен де дәл сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін дәл сол бір адамға қатысты ұстап беру туралы сұрау салуларды алса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет осы адамды қай мемлекетке ұстап беретінін айқындайды.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес шешім қабылдауда Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет барлық мән-жайларды және әсіресе:

      a) қылмыстардың жасалған орнын және уақытын;

      b) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;

      c) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;

      d) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын;

      e) сұрау салушы мемлекеттер немесе кез келген басқа мемлекет арасында кейіннен ұстап беру мүмкіндігін; және

      f) сұрау салулардың келіп түскен күнін ескеруге тиіс.

14-бап

Ұстап берілген адамды беру

      1. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, Уағдаласушы мемлекеттер ұстап беруге байланысты күнді, орынды және кез келген басқа да тиісті шарттарды дереу келіседі. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке іздестіріліп жатқан адамның ұстап беру мақсатында қамақта ұсталған кезеңінің ұзақтығы туралы хабарланады. Бұл кезең бас бостандығынан айыру түріндегі ықтимал жаза мерзімінен шегеріледі.

      2. Ұстап берілген адамды беру үшін уақыт кезеңі ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру туралы түпкілікті шешім қабылданған күннен бастап отыз (30) тәулікті құрайды.

      3. Егер Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілген адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет бұл адамды дереу босатады және осы баптың 4-тармағын қолдану жағдайларын қоспағанда, осы адамға қатысты нақ сол қылмыс үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қабылдамауға кұқылы.

      4. Ұстап берілген адамды беруге немесе қабылдауға кедергі келтіретін Уағдаласушы мемлекеттерге қатысты емес мән-жайлар кезінде орталық органдар берудің жаңа күнін және басқа да қажетті шарттарды келісуге тиіс. Мұндай жағдайда осы баптың 3-тармағының ережелері қолданылады.

      5. Егер беруден кейін ұстап берілген адам қылмыстық қудалаудан жасырынса немесе сот үкімін орындаудан жалтарса және Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағына қайта оралса, онда бұл адам ұстап беру туралы жаңа сұрау салу негізінде қайта ұстап берілуі мүмкін. Бұл жағдайда ұстап беру туралы сұрау салуға осы Шарттың 7-бабында аталған құжаттарды ұсыну қажеттігі талап етілмейді.

15-бап

Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетте қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе өз сотының үкімі толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет бұл жөнінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке дереу хабарлайды.

      2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру істі тергеп-тексеруді елеулі қиындатса немесе ескіру мерзімдерінің өтуіне әкеп соғатын болса, Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет іздестіріліп жатқан адамды өзара келісілген шарттармен уақытша ұстап беруге құқылы. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағында болатын кезең ішінде күзетпен ұсталуға және тараптар келіскен мерзімде Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке қайтарылуға тиіс. Адамды күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сотының үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.

      3. Егер адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндірсе немесе оның денсаулық жағдайын нашарлатса, ұстап берілген адамды беру кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке өзінің құзыретті медициналық мекемесі берген толық медициналық есепті ұсынуы қажет.

16-бап

Заттар мен құжаттарды алып қою және беру

      1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер ретінде қолданылуы мүмкін кез келген зат пен құжатты алып қоюға, тәркілеуге және беруге тиіс. Мұндай жағдайда заттар мен құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке, мүмкіндігінше, ұстап берілген адамды беру кезінде беріледі.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттар тіпті ұстап беруге жататын адамның қайтыс болуына немесе қашып кетуіне байланысты ұстап беруі мүмкін болмаган жағдайда да Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттарды беруді уақытша кейінге қалдыруға немесе оларды қайтару шартымен беруге құқылы.

      4. Алып қойылған немесе тәркіленген заттар мен құжаттарды Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке беру Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің немесе үшінші тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет, егер Уағдаласушы мемлекеттер өзгеше уағдаласпаса, алынған мүлік пен құжаттарды, сот талқылауы аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін бір (1) ай ішінде тараптардың осындай мүлікке құқықтарын сақтай отырып, дереу өтеусіз қайтарады.

17-бап

Транзит

      1. Уағдаласушы мемлекеттер өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Уағдаласушы мемлекетке үшінші мемлекет ұстап берген адамдарды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етуге құқылы.

      2. Бұл үшін Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке орталық органдар арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (ИНТЕРПОЛ) арқылы тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректері, оның азаматтығы туралы мәліметтер және істің мән-жайларының қысқаша мазмұны қамтылатын транзит туралы сұрау салуды жолдайды. Транзит туралы сұрау салуға адамды ұстап беруге рұқсат ететін құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өз аумағынан тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону жоспарланбаса, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону жағдайында, транзиттеуді жүзеге асыратын мемлекет бұл туралы транзит мемлекетін дереу хабардар етеді және транзит туралы сұрау салуды күту барысында, транзит мемлекеті тасымалданатын адамды он бес (15) тәулік мерзімге дейін күзетпен ұстауға тиіс.

      5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде транзит туралы сұрау салу алынбаса, егер Уағдаласушы мемлекеттер өзгеше келіспесе, адам босатылуға жатады.

18-бап

Шығыстар

      1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды аумағында олар туындаған Уағдаласушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өтейді. Ұстап берілген адамды беруге байланысты шығыстарды Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көтереді.

      2. Транзитке байланысты шығыстарды Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көтереді.

      3. Адамды транзиттік тасымалдау уақытында оны күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет көтереді.

19-бап

Нәтижелер туралы хабар беру

      Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не сот үкімін орындау туралы ақпаратты не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке экстрадициялау туралы ақпарат береді.

20-бап

Осы шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық немесе тиісті келісімнен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Шартгы қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушілік Уағдаласушы мемлекеттердің орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

22-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт тараптардың әрқайсысының ішкі рәсімдеріне сәйкес ратификациялауға жатады.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      3. Осы Шартқа Уағдаласушы мемлекеттердің өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      4. Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің бірі екінші Уағдаласушы мемлекеттің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен соң өз қолданысын тоқтатады.

      5. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру бойынша кез келген рәсім олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      Осы Шарт бір кіріспеден және жиырма екі (22) баптан тұрады.

      20 __ жылғы ______      "__" ____________ әрқайсысы қазақ, грек және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтін тең түпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      Қазақстан Республикасы үшін Кипр Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады