Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 143 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыровқа Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 15 наурыздағы
№ 143 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Түркі инвестициялық қорын құру туралы КЕЛІСІМ

      2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімімен құрылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (бұдан әрі Кеңестің Мемлекет басшыларының 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұл қаласында қабылданған шешімі негізінде "Түркітілдес мемлекеттер ұйымы" деп аталатын) мүшелері ретінде Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы ("құрылтайшы мүшелер") мынадай ережелермен реттелетін Түркі инвестициялық қорын құру туралы уағдаласты:

I тарау

АНЫҚТАМАЛАР

1-бап

Анықтамалар

      Мына терминдер осы Келісімде қай жерде қолданылса да, егер контексте өзгеше көрсетілмесе немесе талап етілмесе, мынадай мағыналарға ие болады:

      "қосымша жарна" - мүшелер Басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша осы Келісімнің 5-бабының В бөліміне сай келетін шарттармеи енгізген Қордың ресурстарына қосымша жарналар;

      "бенефициар" - жобаны іске асыруға қатысатын және Қор қаражаты есебінен тікелей қаржыландырылатын жеке немесе заңды тұлға;

      "күнтізбелік жыл" - григориан күнтізбесі бойынша 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы жыл кезеңі;

      "орталық банк" - мемлекеттің немесе ресми валюта одағының валюта және ақша-кредит саясатын басқаратын мекеме;

      "Қор" - осы Келісіммен құрылған Түркі инвестициялық қоры;

      "басқарушы" - осы Келісімнің 9-бабына сәйкес уәкілеттік берілген Қордың Басқарушылар кеңесінің әрбір мүшесі;

      "мүше (мүшелер)" - құрылтайшы мүшелер және ТМҰ-ға қатысушы басқа да мемлекеттер, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабына сәйкес мүшелік рәсімдері арқылы Қордың мүшесі болған үшінші мемлекеттер;

      "микро-, шағын және орта кәсіпорындар" - аумағында тиісті жоба іске асырылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалған микро-, шағын және орта кәсіпорындар;

      "қызметкерлер" - Қор жапдаған кәсіби және/немесе әкімшілік қызметкерлер. Президент, басқарушылар, басқарушылардың орынбасарлары, директорлар, директорлардың орынбасарлары және Бас директор қызметкер ретінде қарастырылмайды;

      "мемлекет" - осы Келісімнің 4-бабына сәйкес Қорға мүше болуға құқығы бар Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекет;

      "ТМҰ" - Түркі мемлекеттерінің ұйымы;

      "Мемлекет (ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттер)" - ТМҰ-ға мүше және оның байқаушы мемлекеттері.

II тарау

МАҚСАТ, ФУНКЦИЯЛАР, ӨКІЛЕТТІКТЕР ЖӘНЕ МҮШЕЛІК

2-бап

Мақсат

      Қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады.

3-бап

Функциялар мен өкілеттіктер

      Қор өз мақсатына жету үшін инвестициялық қызмет арқылы мынадай функциялар мен өкілеттіктерді орындайды:

      a) өңірішілік сауданы дамытуға көмек көрсету;

      b) жобаларды, атап айтқанда, микро-, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру;

      c) халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен және даму институттарымен, сондай-ақ сауда палаталарымен және жекеше ұйымдармен ынтымақтасу және бірлесіп қаржыландыру;

      d) көліктік және логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуді қолдау;

      e) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қоса алғанда, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау;

      f) өнеркәсіп өндірісін, инфрақұрылымды, көлікті, ауыл шаруашылығын, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және туризмді қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау;

      g) энергия тиімділігіне, жаңартылатын энергия көздеріне және қоршаған ортаны қорғауға инвестиция салу арқылы "жасыл экономиканы" дамытуға ықпал ететін жобаларды қаржыландыру;

      һ) егер бұл қажет деп табылса, инвестициялық жобаларды дайындауға көмек және қаржылық қолдау көрсету;

      і) Қордың мақсатына қол жеткізуге ықпал етуі ықтимал қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыру және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсыну.

4-бап

Мүшелік

      Құрылтайшы мүшелер болып табылмайтын ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттер осы Келісімге қосылу арқылы Қордың мүшелері бола алады.

      Басқа мемлекеттер 38-бапқа сәйкес Басқарушылар кеңесі айқындайтын шарттармен Қорға мүше бола алады.

III тарау

ҚАРЖЫЛЫҚ РЕСУРСТАР

5-бап

Қордың ресурстары

      Осы Келісімде пайдаланылған "Қордың ресурстары" термині:

      a) Қордың негізгі капиталын;

      b) қосымша жарналарды қамтиды.

      А. Негізгі капитал және жазылым

      Қордың жарғылық капиталы бес жүз миллион АҚШ долларын [500,000,000 АҚШ долларын] құрайды. Жарғылық капитал әрқайсысының номиналды құны елу мың АҚШ доллары [50, 000 АҚШ доллары] болатын он мың [10,000] акцияға бөлінуге тиіс.

      Жарғылық капитал төленген акциялар мен айналысқа түсіруге жататын, тартылатын акцияларға бөлінеді. Жалпы номиналды құны үш жүз елу миллион долларды [350 000 000 АҚШ доллары] құрайтын акциялар төленген акциялар болып табылады, ал жалпы номиналды құны бір жүз елу миллион долларды [150 000 000 АҚШ доллары] құрайтын акциялар тартылатын акциялар болып табылады.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қүрылтайшы мүшелер 1-қосымшада ("Қордың капиталы") келтірілген кестеге сәйкес Қордың жарғылық капиталының үлестеріне теңдей жазылады.

      Әрбір мүше осы Келісімге 2-қосымшаға ("Бастапқы төлем") сәйкес ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде өзінің төленген акцияларына қатысты бастапқы төлемді енгізеді. Мұндай сома Қор шотының есебіне жатқызылады. Жазылымның қалған сомасы осы Келісімнің 2-қосымшасына сәйкес бастапқы төлем күнінің әрбір келесі жылына 3 (үш) жыл сайынғы төлеммен төленуге жатады. Төлемдер АҚШ долларымен жүргізіледі. Осы Келісім бойынша бөліп төленетін төлемдерді орындамау Қор алдындағы міндеттемені орындамау деп қарастырылады және оған осы Келісімнің 23-бабының ережелері қолданылады.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған кез келген мемлекет қосылған жағдайда, жаңа қатысушы кем дегенде бір құрылтайшы мүше ретінде акциялардың ең аз санына жазылады. Жоғарыда айтылгандарға қарамастан, кез келген жаңа мүшенің құрылтайшы мүшеден артық дауыс беру құқығы болмайды.

      В. Қосымша жарналар

      Қордың үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында Басқарушылар кеңесі өзі қажет деп тапқан уақыт аралығында Қор билігіндегі ресурстардың жеткіліктілігіне шолу жасайды.

      Егер Басқарушылар кеңесі осындай шолудың нәтижесінде мұны қажет немесе мүмкіндігінше қажет деп тапса, ол мүшелердің Қор ресурстарына қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады.

6-бап

Негізгі капиталға және жауапкершілікті шектеуге қатысты шарттар

      Қордың жарғылық капиталының акцияларын қандай да бір жолмен қосуға, кепілге беруге немесе оларға ауыртпалық салуға болмайды және оларды осы Келісімнің VII және VIII тарауларына сәйкес Қордан бөлек басқаларға беруге болмайды.

      Қатысушының акциялар бойынша жауапкершілігі оның капиталға жазылымының төленбеген бөлігімен шектеледі.

      Бірде бір мүше өзінің мүшелігіне ғана байланысты Қордың міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.

IV таpay

ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

7-бап

Құрылым

      Қордың құрамында Қордың президенті, Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, бас директор және қызметкерлер болады.

8-бап

Қор Президенті

      Қордың президентін Басқарушылар кеңесі ротациялық негізде, мерзімін ұзартпай және қайтадан тағайындамай, төрт (4) жыл мерзімге тағайындайды. Алайда Қордың президенті өз қызметін Басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша тоқтатады.

      Ротация тәртібін Басқарушылар кеңесі айқындайды және оның құрамына Қордың бірінші президенті кіреді. Қордың бірінші президентін ТМҰ Мемлекеттері басшыларының кеңесі ұзартпай және қайтадан тағайындамай, төрт (4) жыл мерзімге тағайындайды.

      Қордың президенті Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады және оның дауыс беру құқығы болмайды.

      Екінші президенттен бастап Қордың президенті лауазымына мынадай талаптар қойылады:

      a) экономика, инвестициялар және қаржы саласында кемінде он бес (15) жыл жұмыс тәжірибесінің немесе он (10) жыл басқарушы лауазымында немесе он (10) жыл халықаралық қаржы ұйымдарында жұмыс тәжірибесінің болуы;

      b) ағылшын тілін білуі.

      Қордың президенті:

      Директорлар кеңесінің отырыстарында төрағалық етуге;

      Басқарушылар кеңесінің шешімдерін орындауға;

      халықаралық аренада Қордың атынан өкілдік етуге;

      мемлекеттердің және мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшыларымен келіссөздер жүргізуге;

      Қорды бірлесіп қаржыландыру және оған арналған ресурстарды жұмылдыру мүмкіндіктерін іздестіруге;

      Қорға жарналар тарту жөніндегі жұмысқа;

      халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық тетіктерін ілгерілетуге жауапты болады.

      Қордың президенті Қордан Басқарушылар кеңесі айқындайтын төлемақыны алады.

9-бап

Басқарушылар кеңесі

      Басқарушылар кеңесі Қордың жоғары басқарушы органы болып табылады.

      А. Құрамы

      Басқарушылар кеңесінде әрбір мүшенің атынан өкілдік етіледі және әрбір мүше бастапқы жарна енгізілгеннен кейін бір басқарушыны және басқарушының бір орынбасарын тағайындайды. Басқарушылар мен басқарушылардың орынбасарлары ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылады.

      Басқарушылар кеңесінің әрбір басқарушысы және басқарушының әрбір орынбасары өз міндеттерін өздерін тағайындаған мүшенің тапсырмаларына сәйкес орындайды. Сол бір мүше тағайындаған Басқарушылар кеңесінің басқарушысы болмаған жағдайларды қоспағанда, Басқарушылар кеңесі басқарушысының орынбасары дауыс бере алмайды.

      Кеңес әр жыл сайынғы жиналыста басқарушылардың біреуінен төрағаны тағайындайды, ол келесі төраға тағайындалғанға дейін офисті басқарады.

      Басқарушылар кеңесінде бос орын, мысалы (I) қайтыс болу, (іі) еңбекке нақты жарамсыздық, (ііі) әрекетке қабілетсіздік немесе психикалық ауру немесе (iv) отставкаға кету немесе жұмыстан шығу нәтижесінде пайда болған кез келген бос орын (мүшелер тағайындаған басқарушыларды оларды тағайындаған мүше ғана жұмыстан шығара алады деген шартпен) болған жағдайда, басқарушыны тағайындайтын мұндай мүше босаған орынға жаңа басқарушыны және/немесе басқарушының орынбасарын тағайындайды.

      Басқарушылар мен басқарушылардың орынбасарлары Қордан төлемақы алмайды, бірақ олардың Басқарушылар кеңесінің әрбір отырысына жұмсаған қолма-қол (тұруы және жол жүруі) шығыстары мен тәуліктік шығыстары Қордың қаражатынан төленеді.

      В. Басқарушылар кеңесінің өкілеттіктері

      Басқарушылар кеңесі Қорға байланысты барлық мәселе бойынша мүшелердің мүдделерін білдіреді.

      Басқарушылар кеңесінің:

      a) Қорға жаңа мүшелерді қабылдауға рұқсат беруге және олардың капиталға жазылу шарттарын айқындауға;

      b) Қорға қосымша жарналар енгізуге рұқсат беруге, оның шарттары мен рәсімдерін бекітуге;

      c) жарғылық капиталға өзгеріс енгізуге, жарғылық капиталдың төленуін талап етуге және өзі қажет деп есептеуі мүмкін жарғылық капиталды төлеу мерзімдері мен шарттарын айқындауға;

      d) Директорлар кеңесін жасақтауға;

      e) Директорлар кеңесінің жылдық есептерін, аудиторлық есептерді, бухгалтерлік балансты және Қордың кірістері мен шығыстары туралы есепті қарауға және бекітуге;

      f) мүшелерді шеттету туралы шешім қабылдауға;

      g) қатысушы Қордан шыққан жағдайда, оны қайтару мақсатында қатысушылардың Қор активтеріндегі үлесін айқындауға;

      һ) Қордың жұмыс істеу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауға;

      і) Қордың қызметін тоқтату және оның активтерін бөлу рәсімдерін, мерзімдері мен шарттарын айқындауға, сондай-ақ Қордың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауға;

      j) осы Келісімге өзгерістер енгізуге;

      к) Қордың президентін лауазымға тағайындауға және одан босатуға;

      1) Қордың шоттарын тексеру үшін сыртқы аудиторларды таңдауға және Қордың тексерілген қаржылық есептерін бекітуге;

      т) осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдерге апелляцияларды қарауға құқығы бар.

      Басқарушылар кеңесі:

      a) Қорға жаңа мүшелерді қабылдауға рұқсат беру және олардың капиталға жазылу шарттарын айқындау;

      b) жарғылық капиталға өзгеріс енгізу, жарғылық капиталды төлеуді талап ету және өзі қажет деп есептеуі мүмкін жарғылық капиталды төлеу мерзімдері мен шарттарын айқындау;

      c) мүшелерді шеттету туралы шешім қабылдау;

      d) Қордың қызметін тоқтату және оның активтерін бөлу рәсімдерін, мерзімдері мен шарттарын айқындау, сондай-ақ Қордың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдау;

      e) осы Келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі өкілеттіктерді қоспағанда, өзінің барлық өкілеттіктерін бірауыздан қабылданған шешім бойынша Директорлар кеңесіне бере алады.

      Басқарушылар кеңесі Директорлар кеңесіне берілген кез келген мәселені кез келген уақытта кері қайтарып ала алады.

      С. Отырыстар, рәсім және дауыс беру

      Басқарушылар кеңесі Басқарушылар кеңесі үшін қамтамасыз етілетін немесе Директорлар кеңесі мүшелерінің көпшілігінің сұратуы бойынша шақырылатын жыл сайынғы жиналысты және кезектен тыс отырыстарды өткізеді.

      Басқарушылар кеңесі өз міндеттерін қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік беретін жұмыс әдістерін қабылдайды.

      Әрбір мүшенің дауыс беру құқығы, егер осы Келісімде өзгеше көрсетілмесе, оның Қордың жарғылық капиталындағы жазылған акцияларының санына тең болады.

      Басқарушылардың үштен екісі, мұндай көпшілік кемінде үш құрылтайшы мүшені қамтыған жағдайда, Басқарушылар кеңесінің кез келген отырысы үшін кворумды құрайды.

      Басқарушылар кеңесінің шешімдер қабылдауы үшін, егер осы Келісімде өзгеше көрсетілмесе, мұндай көпшілік кемінде төрт құрылтайшы мүшенің "жақтап" берген даусын қамтыған жағдайда, дауыстың кемінде төрттен үші талап етіледі.

      Басқарушылар кеңесінің келесі шешімдерді қабылдауы үшін құрылтайшы мүшелердің барлығы:

      a) Қорға жаңа мемлекеттерді қабылдауға рұқсат беру және олардың капиталға жазылу шарттарын айқындау;

      b) жарғылық капиталға өзгеріс енгізу (ұлғайту, қосымша жарна, азайту), жарғылық капиталды төлеуді талап ету және өзі қажет деп есептеуі мүмкін жарғылық капиталды төлеу мерзімдері мен шарттарын айқындау;

      c) осы Келісімге өзгеріс енгізу мәселелері бойынша "Жақтап" дауыс беруі қажет.

10-бап

Директорлар кеңесі

      А. Құрамы

      Директорлар кеңесі әрбір мүшенің өкілі ретінде бір (1) директордан тұрады.

      Директорлар Басқарушылар кеңесінің мүшелері бола алмайды және мынадай өлшемшарттарға сәйкес келеді:

      а) бакалавр дәрежесінің болуы;

      b) экономика, инвестиция және қаржы мәселелерінде кемінде он (10) жыл жұмыс тәжірибесінің немесе жоғары деңгейде, жоқ дегенде ең төмені директор деңгейінде бес (5) жыл және/немесе халықаралық қаржы ұйымдарында бес (5) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

      c) тағайындалу кезінде жасы отыз бес (35) жастан кіші және алпыс (60) жастан үлкен болмауы;

      d) ағылшын тілін білуі.

      Басқарушылар кеңесінің әрбір басқарушысы директорды және директордың орынбасарын тағайындайды, ол жоғарыда айтылған талаптарға сай келеді, директор болмаған кезде оның атынан әрекет етуге толық өкілеттігі болады. Директордың орынбасарлары Директорлар кеңесінің отырыстарына қатыса алады, бірақ олар өз басшыларының орнына әрекет еткен кезде ғана дауыс бере алады.

      Директорлар өз лауазымын үш (3) жыл мерзім бойы атқарады және қайтадан тағайындала алады. Директор осы бапқа сәйкес өзінің мирасқоры тағайындалғанға дейін лауазымында қызмет атқарады.

      Директорлар мен директорлардың орынбасарлары Қордың штаб-пәтері орналасқан жерде тұрақты түрде тұруға міндетті емес және Қордың штаттағы қызметкерлері болып саналмайды, бірақ олардың Директорлар кеңесінің әрбір отырысына жұмсаған жеке (тұруы мен жол жүруі) шығыстары мен тәуліктік шығыстары Қордың қаражатынан төленеді. Директорларға және директорлардың орынбасарларына Қордан одан әрі ешқандай төлемдер немесе сыйлықақылар төленбеуге тиіс.

      В. Өкілеттіктер

      Директорлар кеңесі Қордың жалпы қызметіне басшылық жасауға жауапты болады және осы мақсатта өзіне осы Келісімде тікелей жүктелген өкілеттіктерге қосымша өзіне Басқарушылар кеңесі берген барлық өкілеттіктерді жүзеге асырады және:

      a) Қордың қызметіне қатысты саясатты әзірлеуге;

      b) осы Келісімге сәйкес Қор беретін қаржыландыруға қатысты шешімдер қабылдауға;

      c) Басқарушылар кеңесінің жалпы нұсқауларына сәйкес Қордың қызметіне және оның операцияларына қатысты шешімдер қабылдауға;

      d) әрбір жыл сайынғы жиналыста Басқарушылар кеңесінің бекітуі үшін әрбір қаржы жылына арналған жылдық есептерді қарауға, бағалауға және ұсынуға;

      e) Қордың қызметін неғұрлым тиімді және үнемді түрде қамтамасыз етуге;

      f) бюджетті, жалпы қаржыландыру бағдарламасын және Қордың саясатын осы мақсаттар үшін қолжетімді ресурстарға және/немесе бос ақша қаражатына сәйкес бекітуге;

      g) Бас директорды лауазымға тағайындауға және одан босатуға;

      һ) кезектен тыс отырыстар үшін Басқарушылар кеңесіне ұсынымдар енгізуге;

      і) қажет болғанда Қордың жұмыс істеуі үшін комитеттер құруға;

      j) осы Келісімде Директорлар кеңесіне тікелей жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

      С. Отырыстар, рәсім және дауыс беру

      Директорлар кеңесі Қордың қызметі талап ететіндей, бірақ жылына кемінде екі рет жиналады. Директорлар кеңесі өзінің міндеттері мен тапсырмаларын қысқа мерзімде және жылдам орындауға мүмкіндік беретін жұмыс әдістерін қабылдауға тиіс.

      Директорлар кеңесінің отырыстары директорлардың көпшілігінің қатысуымен өткізіледі және шешімдер қатысып отырған директорлардың "Жақтаймын" деген көпшілік даусымен қабылданады.

      Алайда Директорлар кеңесі Қордың инвестициялық саясатының қағидаттарын бірауыздан қабылданған шешіммен бекітуге тиіс.

11-бап

Бас директор

      Бас директор ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің біреуінен азаматы болуға тиіс. ТМҰ-ға мүшелердің басқарушылары Бас директор лауазымына кандидатты ротация негізінде ұсынады. Бас директорды Директорлар кеңесі мерзімін ұзарту немесе қайта тағайындау құқығынсыз төрт (4) жыл мерзімге тағайындайды.

      Бас директор лауазымына кандидат мынадай талаптарға сәйкес келуі қажет:

      a) тиісті салаларда магистр дәрежесінің болуы;

      b) тағайындалу кезінде отыз бес (35) жастан кіші және алпыс (60) жастан үлкен болмауы;

      c) экономика, инвестиция және қаржы мәселелерінде кемінде он бес (15) жыл жұмыс тәжірибесінің немесе жоғары басқарушылық деңгейде он (10) жыл немесе халықаралық қаржы ұйымдарында он (10) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

      d) ағылшын тілін білуі.

      Бас директор Директорлар кеңесінің басшылығымен жұмыс істейді.

      Бас директор Директорлар кеңесі белгілеген нұсқаулықтарға, қағидаларға және ережелерге сәйкес Қордың операциялары мен істерін басқару бойынша толық атқарушылық өкілеттіктерге ие болады. Бас директор қызметкерлерді лауазымға тағайындайды, лауазымын өсіреді және одан босатады, сондай-ақ Директорлар кеңесі бекіткен жоспарға, саясатқа және бюджетке сәйкес қаражатты бөледі.

      Қордың қызметкерлерін лауазымға тағайындау кезінде тиімділік пен техникалық құзыреттіліктің ең жоғары стандарттары және қызметкерлерді ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтары қатарынан теңдестірілген географиялық бөліну негізінде қабылдау қамтамасыз етіледі.

      Бас директор Директорлар кеңесінің мақұлдауы бойынша Директорлар кеңесіне ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында орналасқан компаниялардан консалтингтік/консультациялық көрсетілетін қызметтерді жалдауды ұсына алады.

      Бас директор Директорлар кеңесінің отырыстарына қатысады және оның дауыс беру құқығы болмайды. Бас директор:

      a) операциялық және әкімшілік бюджеттерді ұсынады;

      b) жалпы қаржыландыру бағдарламасын ұсынады;

      c) Қордың қаржыландыруы үшін жобалар мен бағдарламаларды зерделеуді және бағалауды ұйымдастырады;

      d) персонал мен көрсетілетін қызметті тиісінше ұйымдастыруды, басқаруды қамтамасыз етеді және бақылайды;

      e) техникалық консультациялар мен жәрдемдесуді қамтамасыз ету туралы шешім қабылдайды;

      f) Директорлар кеңесі айқындаған өзге де міндеттерді орындайды.

      Бас директор төлемақыны Қордан алады, төлемақы мөлшерін Директорлар кеңесі айқындайды.

12-бап

Қордың халықаралық сипаты және саяси қызметке тыйым салу

      Қор қандай да бір түрде нұқсан келтіруі, оның мақсаттарын немесе функцияларын шектеуі, қабылдамауы немесе өзгеше түрде өзгертуі мүмкін ешқандай қосымша ресурстарды немесе көмекті қабылдамайды.

      Қор, Қордың президенті, бас директор және Қор қызметкерлері өз шешімдерінде осы Келісімде көрсетілгендей, Қордың мақсатына, функциялары мен жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді ғана назарға алады. Мұндай мәселелер Қордың мақсаттары мен функцияларына қол жеткізу және оларды орындау мақсатында әділ сараланады.

      Қордың Президенті, Бас директор және Қор қызметкерлері өз міндеттерін орындау кезінде оларды басқа ешқандай өкілеттіктерге емес, Қор мақсаттарына сәйкес қана орындауға міндетті.

      Әрбір мүше осы міндеттің халықаралық және саяси емес сипатын құрметтейді және өз міндеттерін орындау кезінде олардың қайсыбіріне кез келген ықпал етуге ұмтылыстан қалыс қалады.

13-бап

Штаб-пәтер және бөлімшелер

      Қордың штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында (Түркия Республикасы) орналасқан.

      Басқарушылар кеңесі мүше басқа елдердің аумақтарында бөлімшелер ашу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      Штаб-пәтерді құратын мүшелер қабылдаушы елмен тиісті ережелер, шарттар, артықшылықтар мен иммунитеттер айқындалатын Келісімдерге қол қояды.

14-бап

Қаржы жылы

      Күнтізбелік жыл Қордың қаржы жылы болып табылады.

15-бап

Байланыс арнасы, депозитарий

      Әрбір мүше осы Келісімге сәйкес туындайтын кез келген мәселеге қатысты Қор байланыс жасай алатын тиісті ресми органды тағайындауға тиіс.

      Әрбір мүше өзінің орталық банкін немесе Қормен депозитарий ретінде келісілуі мүмкін, Қор мүшеде валютаны, сондай-ақ Қордың басқа активтерін сақтай алатын осындай басқа да мемлекеттік қаржы мекемесін тағайындайды.

16-бап

Аудиторлар мен есептер

      Директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша және Басқарушылар кеңесінің мақұлдауымен ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің бірінде тіркелген, халықаралық беделі бар білікті сыртқы аудиторлар Қор қызметіне аудит жүргізу үшін қатарынан үш жылдан аспайтын мерзімге тағайындалады.

      Бас директор Қордың шоттары туралы тексерілген есепті қамтитын жылдық есепті жариялайды және Қордың қаржылық жағдайы туралы қысқаша есепті және оның қызметінің нәтижелерін көрсететін кірістер мен шығыстар туралы есепті тоқсан сайынғы негізде Қор мүшелеріне жіберіп отырады.

      Бас директор Директорлар кеңесінің мақұлдауымен, өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет деп санайтын басқа да есептерді жариялайды.

      Басқарушылар кеңесі Қордың қызметі мен ресурстарының тиісінше пайдаланылуын тексеру үшін мемлекеттік аудиторларды тағайындауы мүмкін.

17-бап

Таза кірісті бөлу

      Жалпы резерв Қордың жазылу капиталының жиырма бес (25) пайызына жетпейінше Қордың жылдық таза кірісінің кемінде он (10) пайызы жалпы резервтерге жіберіледі.

      Басқарушылар кеңесі қосымша резервті қалыптастыру немесе мүшелер арасында бөлу үшін Қордың жалпы резервтері жазылу капиталының жиырма бес (25) пайызы деңгейіне жетпейінше Қордың таза кірісінің ешқандай бөлігі мүшелер арасында пайда түрінде бөлінбейді деген шартпен қосымша сома болу туралы шешім қабылдай алады.

V тарау

ОПЕРАЦИЯЛАР

18-бап

Қордың ресурстарын пайдалану, инвестициялық және қаржылық қағидаттары

      Қордың ресурстары мен қаражаты тиісінше осы Келісімнің 2 және 3-баптарында баяндалған мақсатқа қол жеткізу және функцияларды орындау үшін ғана пайдаланылады.

      Қордың инвестициялық және қаржылық саясаты мен қағидаттарын Директорлар кеңесі айқындайды.

      Қор ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасында инвестициялардың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді.

19-бап

Қаржыландыруға қатысты қараулар

      Қор өз қызметін жүзеге асыру кезінде:

      a) өзін қаржыландыруға қатысты өз мүдделерін қорғайды;

      b) экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыту және ақысы төленетін жұмыс алу үшін мүмкіндіктерді кеңейту арқылы ТМҰ-ға мүше қатысушы мемлекеттер халқының әл-ауқатына жәрдемдеседі:

      c) Қордың қызметі жүргізілетін тиісті елдің заңнамасын және елдің тиісті билігімен ынтымақтастық арқылы тиісті құқықтық рәсімді сақтайды;

      d) "жасыл экономикаға" көшуді қолдауға бағытталған жобалардың басымдығын айқындайды;

      e) ТМҰ-ға мүше кемінде екі қатысушы мемлекеттің бенефициарлары қатысатын жобалардың басымдығын айқындайды;

      f) еркін нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтайды.

      Қор өңірлік жобаларға, сондай-ақ ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттер болып табылатын мүшелер арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ықпал ететін және оны нығайтатын жобаларға ерекше назар аударады.

20-бап

Жергілікті қағидалар мен ережелерді қолдану

      Қордың өңірлік сипатын, мүше мемлекеттерде түрлі заңдардың, нормативтік актілердің және заңдық рәсімдердің болуын ескере отырып, Қордың талап етуі бойынша төлемдер мен алымдар кедергісіз болуы үшін Қор осы елдердің кез келгеніне кез келген нысанда берілетін барлық қаржылай мүмкіндіктердің ішкі заңнаманың ережелерімен қамтылуын және қорғалуын қамтамасыз етеді. Алайда барлық қаржылай тетіктер Қор бекіткен қағидалар мен ережелерге негізделеді.

21-бап

Шолу және бағалау

      Қордың мақсаттарына қол жеткізудегі тиімділігін айқындауда Директорлар кеңесіне көмек көрсету үшін Қор қаржыландыратын аяқталған жобаларға бағдарламалар мен іс-шараларға жан-жақты және үздіксіз шолу жүргізілуге тиіс. Бас директор осы шолуды жүргізеді және оның нәтижелері туралы Директорлар кеңесіне хабарлайды.

VI таpay

ҚОР МҮШЕЛЕРІНІҢ ШЫҒУЫ, ҚОРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТУ ЖӘНЕ ӘРЕКЕТ ЕТУ МЕРЗІМІ

22-бап

Мүшелердің шығуы

      Кез келген мүше Қордың штаб-пәтеріне жазбаша хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта Қор құрамынан шыға алады.

      Хабарламада көрсетілген күні, бірақ Қор мұндай хабарламаны алғаннан кейін кемінде алты (6) ай өткен соң мүшенің шығуы күшіне енеді және оның мүшелігі тоқтатылады. Алайда шығу түпкілікті күшіне енгенге дейін кез келген уақытта мүше шығу ниеті туралы хабарламасының күшін жою туралы Қорды жазбаша нысанда хабардар ете алады.

23-бап

Мүшелікті тоқтата тұру

      Егер мүше Қор алдындағы өзінің қандай да бір міндеттемесін орындамаса, Қор оның мүшелігін тоқтата тұра алады. Мүшелікті тоқтата тұру Басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша жүргізіледі. Мүшелік тоқтатыла тұрғаннан кейін бір жыл ішінде Басқарушылар кеңесі өз шешімін қайта қарауға не мүшелікті қалпына келтіруге, не осындай мүшенің мүшелігін тоқтата тұруды ұзартуға тиіс.

      Тоқтатыла тұру жағдайындағы мүшенің шығу құқығын қоспағанда, осы Келісім бойынша қандай да бір құқықты жүзеге асыруға құқығы болмайды, бірақ өзінің барлық міндеттемесі бойынша жауапты болуды жалғастырады.

24-бап

Мүшелік тоқтатылған кезде шоттарды реттеу

      Мүше мүшеліктен шыққан күннен кейін ("Мүшелікті тоқтату") ол Қор алдында осы күнге туындаған өзінің тікелей міндеттемелері бойынша жауапты болуды жалғастырады. Ол мүше болуды тоқтатқанға дейін жинақталған міндеттемесі өтелгенше Қордың алдындағы өзінің шартты міндеттемелері үшін жауапты болуды да жалғастырады. Мүшелік тоқтатылған кезде Қор осы баптың ережелеріне сәйкес осындай мүшемен есеп айырысу шеңберінде мүшенің акцияларын Қордың сатып алуын ұйымдастырады. Осы мақсатта акцияларды кері сатып алу бағасы Қордың бухгалтерлік кітаптарында көрсетілген, мүшелік тоқтатылған күнгі құнға сәйкес келеді.

      Қор осы бапқа сәйкес сатып алған акциялардың ақысын төлеу мынадай шарттармен реттеледі:

      (a) мүшеге оның акциялары үшін тиесілі кез келген сома мүшенің Қор алдында өтелмеген міндеттемелері болған кезде ұстап қалынады. Мұндай мүшеге тиесілі кез келген сома Қордың таңдауы бойынша кез келген осындай міндеттемеге оның өтелуіне қарай қолданылуы мүмкін;

      (b) акцияларды кері сатып алу бағасының тиісті мүшенің Қор алдындағы міндеттемелерінің жиынтық сомасынан асып кетуіне тең таза сома тиісті акциялар берілгеннен кейін Директорлар кеңесі айқындайтын кезең ішінде төленуге жатады;

      (c) Қор төлемдерді АҚШ долларымен екі (2) жылдан асырмай жүргізуге тиіс.

      (d) егер Қор мүшелікті тоқтату күніне өтелмеген қандай да бір міндеттеме бойынша залал шеккен болса және осындай залалдардың сомасы сол күні залалдар болған жағдайға көзделген резерв сомасынан асып кетсе, егер залалдар кері сатып алу бағасын айқындау кезінде назарға алынған болса, тиісті мүше оның акцияларын сатып алу бағасы азайтылатын соманы талап ету бойынша өтеуге тиіс.

      Егер Қор өз қызметін осы Келісімнің 23-бабына сәйкес мүшелік тоқтатылған күннен бастап алты (6) ай ішінде тоқтатса, тиісті мүшенің барлық құқығы 27 және 28-баптардың ережелеріне сәйкес айқындалады. Мұндай мүше осындай баптардың мақсаттары үшін бұрынғыша мүше болып саналады, бірақ дауыс беру құқығы болмайды.

25-бап

Операцияларды уақытша тоқтата тұру

      Директорлар кеңесі төтенше жағдайларда Қордың барлық инвестицияға қатысты қызметін уақытша тоқтата тұруды ұсына алады. Ол осы мәселені қарау және осыған байланысты шешім қабылдау үшін Басқарушылар кеңесін кезектен тыс отырысқа шақырады.

      Егер мүше өзінің жарғылық капиталын Қорға төлеуді жүргізбесе, Қор мүшені белгіленген төлем күнінен кейін он бес (15) күннен кешіктірмей хабардар етуге тиіс. Егер мүше мұндай төлемді хабардар етілгеннен кейін тоқсан (90) күн ішінде жүргізбесе, мұндай төлем жүргізілгенше Қор қаражатынан ешқандай жаңа инвестициялар осындай мүшенің аумағында жүзеге асырылмайды.

26-бап

Қордың әрекет ету мерзімі

      Қор құрылтай отырысы өткізілген күннен бастап жиырма (20) жыл бойы әрекет етеді. Басқарушылар кеңесі Қордың әрекет ету мерзімін кез келген уақытта тоқтату немесе ұзарту туралы шешімді қабылдай алады.

      Басқарушылар кеңесі Қордың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда, Қор өзінің активтерін ретке келтіріп өткізуге, сақтауға және міндеттемелерін өтеуге байланысты қызметтерді қоспағанда, барлық қызметті дереу тоқтатуға тиіс.

      Осындай міндеттемелерді түпкілікті реттелгенге және активтер бөлінгенге дейін Қор жұмысын жалғастырады және Қор мен оның мүшелерінің барлық өзара құқықтары мен міндеттері өзгеріссіз қалады.

27-бап

Мүшелердің жауаптылығы және наразылықтар бойынша төлемдер

      Қордың қызметі тоқтатылған жағдайда мүшелердің Қордың жазылу капиталының төленбеген бөлігі үшін жауаптылығы барлық шартты талаптарды қоса алғанда, кредиторлардың барлық талабы қанағаттандырылғанша сақталады.

      Міндеттемелер бойынша тікелей талаптары бар барлық кредиторлар төлемдерді алдымен Қордың активтерінен, содан кейін төленбеген жазылымдар бойынша Қорға төлемдерден алады. Тікелей талаптары бар кредиторларға қандай да бір төлемдер жасамас бұрын, Директорлар кеңесі, өзінің пікірінше, тікелей және шартты талаптарды ұстаушылар арасында пропорционалды түрде бөлуді қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға тиіс.

28-бап

Активтерді бөлу

      Кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелер орындалғанға немесе қамтамасыз етілгенге дейін мүшелердің Қор капиталына жарналарының есебіне олардың арасында активтерді ешбір бөлу жүргізілмейді. Мұндай бөлуді Басқарушылар кеңесі мақұлдайды.

      Қордың активтерін мүшелер арасында кез келген бөлу әрбір мүше иеленетін капиталға пропорционал болуға тиіс және Қор салымшыларға басымдық бере отырып, әділ және тең деп есептейтін мерзімдер мен шарттарда жүзеге асырылуға тиіс. Бөлінетін активтердің үлесі активтердің типіне қарай бірдей болуы міндетті емес. Бірде-бір мүшенің Қор алдындағы өзінің барлық міндеттемесін өтегенге дейін активтерді осындай бөлудегі өз үлесін алуға құқығы жоқ.

      Осы бапқа сәйкес бөлінетін активтерді алатын кез келген мүше бөлінгенге дейін Қор пайдаланған осындай активтерге қатысты құқықтарды пайдаланады.

VII тарау

МӘРТЕБЕ, ИММУНИТЕТТЕР ЖӘНЕ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР

29-бап

Құқықтық мәртебе

      Қордың халықаралық қаржы ұйымы мәртебесі болады.

      Қор:

      a) шарттар жасасуға;

      b) ұлттық заңнамаға сәйкес жылжымайтын және жылжымалы мүлікті сатып алуға, жалға беруге және оған иелік етуге;

      c) материалдық және материалдық емес мүлікті сатып алуға және оған иелік етуге;

      d) сот талқылауларын қозғауға;

      e) Қор мақсаттары шеңберінде кез келген операцияларды жүзеге асыруға толық құқықтық субъектілікке және толық құқықтық қабілетке ие.

30-бап

Иммунитеттер, артықшылықтар және салықтан босату

      Қор және оның активтері қатысушы мемлекеттердің аумағында барлық тәркілеу шарасынан, сондай-ақ атқарушы немесе заң шығарушы биліктің шешімі бойынша секвестрден, мораторийден немесе тыйым салудың кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.

      Ресми пайдалану үшін әкелінетін тауарлар мен көлік құралдарын қоса алғанда, Қор және оның активтері, мүлкі, кірістері және олармен байланысты операциялар сақтау және ұқсас қызметтер үшін алымдардан басқа, барлық тікелей және жанама салықтардан, кедендік баждардан, төлемдер мен шығыстардан босатылады.

      Кедендік баждарға қатысты мұндай ерекшеліктер мүшелердің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес берілетін болады, олар жоғарыда аталған ерекшеліктерден қандай да бір ерекшеліктерге кедергі келтірмейді немесе алып келмейді.

      Мүше мемлекеттер валютаны айырбастауға және Қордың немесе кез келген мүше мемлекеттердегі оның кез келген басқа бенефициарларының ақша алуына, сақтауына, пайдалануына немесе аударуына байланысты операцияларға ешқандай шектеулер салмайды. Мұндай мәмілелер туралы құжаттар мен ақпарат беруге қойылатын тұрақты талаптар шектеу ретінде қарастырылмайды.

      Жоғарыда айтылғанға қарамастан, осы бапта көрсетілген ерекшеліктер Қор инвестиция салатын кез келген заңды тұлғаға немесе кәсіпорынға қолданылмайды.

      Міндеттемелерге кепілдік беру үшін не бағалы қағаздарды сатып алу және сату немесе сатуды қамтамасыз ету үшін өкілеттіктерді жүзеге асырудан немесе жүзеге асыруға байланысты туындайтын жағдайларды қоспағанда, Қор әрбір сот процесінен иммунитетті пайдаланды, мұндай жағдайларда Қордың штаб-пәтері орналасқан Мемлекеттің аумағында немесе Қор көрсетілетін қызметтерді немесе процесс туралы хабарламаны алу мақсатында агент тағайындаған немесе бағалы қағаздарды шығарған немесе оларға кепілдік берген кез келген елде құзыретті юрисдикциямен сотқа Қорға қарсы талап-арыз берілуі мүмкін.

      Президент, барлық басқарушылар мен директорлар, сондай-ақ олардың орынбасарлары, бас директор, Қордың миссиясын орындап жүрген сарапшыларды қоса алғанда, кәсіби қызметкерлер, олардың өз мемлекетін және Қор иммунитеттен бас тартатын жағдайларды қоспағанда, әрекеттерге қатысты барлық мүшелерде өздерінің қызметтік міндеттерін орындауда сот талқылауынан иммунитетті пайдаланады.

      Қор өз қалауы бойынша кез келген жағдайда немесе Қордың ең үздік мүдделерінде қолайлы сай келеді деп есептейтін түрде және шарттарда осы бапқа сәйкес берілетін кез келген артықшылықтардан, иммунитеттерден және алып қоюлардан бас тарта алады.

31-бап

Архивтерге қол сұғылмаушылық

      Қордың архивтеріне және жалпы оған тиесілі немесе онда сақталатын барлық құжаттарға, олар қай жерде болмасын қол сұғылмайды.

VIII тарау

ТҮЗЕТУЛЕР МЕН ТӨРЕЛІК

32-бап

Өзгерістер енгізу

      Осы Келісімге, Басқарушылар кеңесінің бірауыздан қабылданған шешімімен мақұлданатын және жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісімге өзгерістер енгізу туралы кез келген ұсыныс, оны мүше немесе директорлар кеңесінің жасағанына қарамастан, Басқарушылар кеңесі төрағасының назарына жеткізілуге тиіс, ол осы ұсынысты Басқарушылар кеңесіне ұсынуға тиіс. Түзету қабылданған кезде Қор осыны барлық мүшелерге жіберілген ресми хабарламада куәландырады.

      Өзгерістер осы Келісімнің ажырамас болігі болып табылады және егер Басқарушылар кеңесі онда өзге мерзім көрсетпесе, барлық қатысушылар үшін ресми хабарлама берілген күннен соң үш (3) айдан кейін күшіне енеді.

33-бап

Тіл

      Қордың жұмыс тілі ағылшын тілі болып табылады.

34-бап

Түсіндіру

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты мүшелер мен Қор арасында туындайтын кез келген мәселелер Директорлар кеңесінің шешіміне шығарылады.

      Директорлар кеңесі бірінші тармаққа сәйкес шешім қабылдаған кез келген жағдайда, кез келген мүдделі тарап мәселені Басқарушылар кеңесіне жіберуді талап ете алады, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Басқарушылар кеңесі шешім қабылдағанға дейін Қор Директорлар кеңесінің шешімі негізінде ол қаншалықты қажет деп санағанша әрекет ете алады.

35-бап

Төрелік

      Қор және Қордың мүшелері және/немесе бұрынғы мүшелері арасында туындайтын дауларды мүдделі тараптар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді. Салық салуга қатысты дауларды Басқарушылар кеңесі шешеді. Басқарушылар кеңесінің салық салуға байланысты даулар бойынша шешімдері түпкілікті болып табылады.

      Егер мұндай даулар, салық салуға байланысты дауларды қоспағанда, олар туындаған күннен бастап кемінде үш (3) ай ішінде келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілмесе, онда олар құрамында үш (3) төреші болатын төрелікке беріледі, олардың біреуін - Қор, екіншісін - Қордың тиісті мүшесі немесе бұрынғы мүшесі, ал үшіншісін, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Халықаралық соттың төрағасы тағайындайды. Тағайындалған төрешілер үшінші төрешіні таңдау кезінде ол дауға қатысушы мемлекеттің азаматы болмауға тиіс деген қағиданы басшылыққа алады. Дауды шешу кезінде төрешілер даудың жария-құқықтық сипатын назарға ала отырып, ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентін басшылыққа алады. Төрелік тілі ағылшын тілі болып табылады.

      Төрешілер қабылдаған шешім дау тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

IX таpay

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

36-бап

Депозитарий

      Осы Келісімнің түпнұсқасы әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек және ағылшын тілдерінде жалғыз данада ТМҰ хатшылығына ("Депозитарий") сақтауға тапсырылады.

37-бап

Ұлықтау отырысы

      Осы Келісім күшіне енген кезде әрбір мүше Басқарушыны тағайындайды және Қор президенті Басқарушылар кеңесінің ұлықтау отырысын шақырады.

      Ұлықтау отырысында:

      i. Қордың Директорлар кеңесінің мүшелері 9-бапқа сәйкес тағайындалады және іріктеледі;

      ii. Қор өз қызметін бастайтын күнді анықтау үшін шаралар қабылданады;

      iii. бірінші бас директор осы Келісімнің 11-бабына сәйкес тағайындалады.

      Қор барлық мүшелерді өз қызметінің басталатын күні туралы хабардар етеді.

38-бап

Ратификациялау, қабылдау, қолданылу мерзімі, күшіне енуі және басқалар

      Осы Келісімді Қор мүшелері ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге тиіс.

      Осы Келісім Депозитарийден құрылтайшы мүшелердің оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдерді аяқтағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісім депозитарийге қосылу туралы өз құжатын ұсыну арқылы Құрылтайшы мүше болып табылмайтын ТМҰ-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Осы Келісім Басқарушылар кеңесі бекіткеннен кейін депозитарийге қосылу туралы өз құжатын ұсыну арқылы кез келген басқа мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий оның қосылу туралы құжатын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісімге сәйкес сақтауға тапсырылған ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатта осы Келісімнің 5-бабында көзделгендей, осындай мүше қосылатын Қордың бастапқы акционерлік капиталы акцияларының саны көрсетіледі. Депозитарий барлық Мүшелерді әрбір депозиттеу, оның күні және қол қойылған акциялардың саны туралы тиісті түрде хабардар етеді.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2023 жылғы___ ___________ әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

Әзербайжан Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Түркия Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін

  Түркі инвестициялық қорын
құру туралы келісімге
1-ҚОСЫМША

Қордың капиталы

Мемлекет

Бастапқы акциялар саны

Төленетін акцияның жиынтық номиналды құны

Тартылатын акцияның жиынтық номиналды құны

Әзербайжан Республикасы

2,000

70,000,000 АҚШ долл.

30,000,000 АҚШ долл.

Қазақстан Республикасы

2,000

70,000,000 АҚШ долл.

30,000,000 АҚШ долл.

Қырғыз Республикасы

2,000

70,000,000 АҚШ долл.

30,000,000 АҚШ долл.

Түркия Республикасы

2,000

70,000,000 АҚШ долл.

30,000,000 АҚШ долл.

Өзбекстан Республикасы

2,000

70,000,000 АҚШ долл.

30,000,000 АҚШ долл.

  Түркі инвестициялық қорын
құру туралы келісімге
2-ҚОСЫМША

Жазылым

Мемлекет

Бастапқы жарна (АҚШ долл.)

Мерзімі

Бірінші жарна (АҚШ долл.)

Екінші жарна (АҚШ долл.)

Үшінші жарна (АҚШ долл.)

Әзербайжан Республикасы

5, 000, 000

ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде

18,000,000

23,000,000

24,000,000

Қазақстан Республикасы

5, 000, 000

ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде

18,000,000

23,000,000

24,000,000

Қырғыз Республикасы

5, 000, 000

ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде

18,000,000

23,000,000

24,000,000

Түркия Республикасы

5, 000, 000

ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде

18,000,000

23,000,000

24,000,000

Өзбекстан Республикасы

5, 000, 000

ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде

18,000,000

23,000,000

24,000,000


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады