1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартты іске асыру бойынша құзыретті органдарды айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 29 шілдедегі № 289 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) 4-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Шарттың ережелерін іске асыру бойынша құзыретті органдар болып:

      соттар беретін өтініштер (тапсырмалар), азаматтық істер бойынша сот актілерін тану және орындау туралы өтінішхаттар, сондай-ақ талап қоюды қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;

      қылмыстық істер бойынша процестік әрекеттерді орындау; қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты процестік құжаттарды жіберу және тапсыру, сондай-ақ сот процесінің нәтижелері туралы ақпарат беру; заттай дәлелдемелерді, құжаттарды, қылмыстық жолмен алынған құндылықтарды беру; іс материалдарын жіберу; сұрау салушы тарапқа адамдардың сотталғандығы туралы мәліметтер беру; оларды іздестіру және сәйкестендіру; прокурордың және тергеу судьясының (соттың) санкциясын талап ететін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу; қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе үкімді орындау үшін қылмыс жасаған адамдарды беру; қылмыстық қудалауды қозғау және жүзеге асыру; күдіктілерден, айыпталушылардан, сотталушылардан, куәгерлерден, жәбірленушілерден, сарапшылардан жауап алу; қылмыстық істер жөніндегі үкімдерді (шешімдерді) тану және орындау туралы өтінішхаттар, сондай-ақ прокуратура органдарының құзыретіне жататын құжаттар бөлігінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды тіркеу, әділет органдары мен мекемелері, нотариустар, адвокаттар және сот орындаушылары беретін өтініштер (тапсырмалар) бөлігінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындалсын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасын Шарттың ережелерін іске асыру бойынша тағайындалған құзыретті органдар, олардың функциялары және байланыс деректері туралы хабардар етсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады