"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы жастар саясатының жалпы бағыттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Әмірханұлы Төрехановқа Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы жастар саясатының жалпы бағыттары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 13 қыркүйектегі № 351 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы жастар саясатының жалпы бағыттары туралы КЕЛІСІМ
КІРІСПЕ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы
жас ұрпақты бейбітшілік, өзара құрмет және өзара түсіністік рухында тәрбиелеу, сондай-ақ жастар өкілдерімен және идеялармен алмасу Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарды жақсартуға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететініне көз жеткізе отырып,
қоғамның қазіргі даму кезеңінде жастардың рөлі өсіп келе жатқанын назарға ала отырып,
Орталық Азия мемлекеттерінде тиімді әлеуметтік-экономикалық даму мен ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз етуге бағытталған жастар ынтымақтастығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,
жастардың әлеуметтік құқықтарға қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ оларды Орталық Азия халықтарының мәдени және тарихи мұрасын сақтау мен ұлғайту жөніндегі қызметке тарту қажеттігін ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар жастар саясатын іске асыру мақсатында мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық жастар ұйымдары мен өзге де ұйымдардың күш-жігерін мынадай бағыттар бойынша шоғырландырады:
жастардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;
жастардың рухани, зияткерлік, физикалық және адамгершілік дамуына жәрдемдесу, оның ішінде дарынды және талантты жастарды қолдау және ынталандыру;
жастарды ізгілік құндылықтар, достық пен тату көршілік, бейбітшілік мәдениеті, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, басқа халықтардың мәдениетіне, тіліне, тарихы мен дәстүрлеріне құрметпен қарау рухында тәрбиелеу;
жастардың жасампаз инновациялық белсенділігін арттыру, сондай-ақ жастардың барлық санатын қолдау шараларының кешенін қамтитын әлеуметтік лифттердің кең платформасын құру;
жастарды адамгершілік негіздеріне нұқсан келтіретін әрекеттерден, терроризм мен діни экстремизм, сепаратизм, фундаментализм, зорлық-зомбылық пен қатыгездікті дәріптеу идеяларынан қорғау;
жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласында тәжірибе алмасу;
жастардың бойында саламатты өмір салтына ұмтылысты қалыптастыру, сондай-ақ жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және жастар спортын жаппай дамыту үшін жағдай жасау;
жастардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту.
2-бап
Тараптар жастар саясатын ашықтық пен айқындық, жастарды кемсітуге жол бермеу, жастар бастамаларын қолдау және ынталандыру, мәдениетаралық, ұлтаралық және дінаралық диалог орнату, сондай-ақ прогрессивті инновациялық тәсілдерді пайдалану қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
3-бап
Тараптар жастардың Орталық Азия мемлекеттерінің қоғамдық, мәдени, саяси, әлеуметтік және экономикалық өміріне араласуын көтермелейді.
4-бап
Тараптар мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен мекемелердің, мемлекеттік емес коммерциялық емес ұйымдардың және азаматтық қоғамның басқа да институттарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
5-бап
Тараптар жастардың өзін-өзі танытуы, әлеуметтенуі және жан-жақты дамуы үшін жағдай жасайды, сондай-ақ олардың қоғамдық өмірдегі рөлі мен белсенділігін арттыруға, дені сау және үйлесімді дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған түрлі бағдарламалар әзірлейді.
6-бап
Тараптар жастар үшін қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз етеді және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
7-бап
Тараптар Орталық Азия мемлекеттерінің білім беру ұйымдарының білім алушылары арасындағы ғылыми және инновациялық ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар жастарға бағдарланған және Орталық Азия мемлекеттерінің жастары қатысатын бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде өңірдегі жастар саясатының өзекті мәселелері бойынша жария науқандар, жобалар, жастар лагерьлерін, мемлекетаралық жастар акцияларын, семинарлар, пікірталас клубтарын, дөңгелек үстелдер, жастар форумдары мен конференциялар ұйымдастыруға жәрдемдеседі.
8-бап
Тараптар жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жағдай жасау, оның ішінде жастарға кәсіпкерлік қызмет негіздерін оқыту арқылы жастардың экономикалық дербестігін қолдайды.
9-бап
Тараптар дарынды және талантты жастарға одан әрі қолдау көрсетеді және ынталандырады, сондай-ақ ғылым, спорт, өнер және мәдениет саласында жастардың шығармашылық таланттары мен қабілеттерін ерте анықтауға және дамытуға жәрдемдеседі.
10-бап
Тараптар мүмкіндігі шектеулі адамдарды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, көп балалы және тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды қоса алғанда, жастардың әлеуметтік осал топтарын қолдайды, сондай-ақ жас азаматтарды әлеуметтік оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша шаралар қабылдайды.
11-бап
Тараптар жастардың ерікті (волонтерлік) қозғалысын көтермелейді және волонтерлік қызметті ынталандыру мен ілгерілету бойынша шаралар қабылдайды.
12-бап
Тараптар жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
13-бап
Тараптар Орталық Азия кеңістігінде жастар туризмін дамытуға жәрдемдеседі және жастар аудиториясына арналған туристік инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, білім беру бағытындағы халықаралық жастар туризмін қолдайды.
14-бап
Тараптар жастар арасында олимпиадалық, параолимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерін ілгерілетуді қоса алғанда, жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және жастар спортын жаппай дамыту үшін жағдай жасайды.
15-бап
Тараптар экстремизм мен терроризмнің профилактикасы, жастар арасында ксенофобия мен төзбеушіліктің таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
16-бап
Тараптар жастардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көтермелейді.
17-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
18-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
19-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы болжамды шығу күніне дейін кемінде 90 (тоқсан) күн бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша нысанда хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий мұндай ниет туралы басқа Тараптарға осындай хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде хабарлайды.
Осы Келісімнің депозитарийі Өзбекстан Республикасы болып табылады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
2023 жылғы_____________қаласында қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмен, өзбек және орыс тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсатында Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін |
Тәжікстан Республикасы үшін |
Түрікменстан үшін |
Өзбекстан Республикасы үшін |