"Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 16 қыркүйектегі № 355 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығына мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша өзге де шараларды қабылдайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның жүргізуіне жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      Агенттік өз құзыреті шегінде шешімдерді қабылдауда дербес болады.";

      15-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 33-1) және 33-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "33-1) заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындау;

      33-2) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлескен нормативтік құқықтық актіде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты электрондық нысанда беру тәртібін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 34-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "34-1) заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерінің тізілімін жүргізу;";

      мынадай мазмұндағы бөліммен толықтырылсын:

      "Агенттіктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      "Халықаралық экономика және қаржы академиясы" акционерлік қоғамы".

      2. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады