Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 10 ақпандағы № 476 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 10 ақпандағы
№ 476 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі жеке алғанда "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті

      екі Тарап арасындағы қалыптасқан берік достық қарым-қатынастарды негізге ала отырып,

      Тараптардың заңдарына сәйкес және халықаралық құқық нормаларын, атап айтқанда, егемендікті өзара құрметтеу және Тараптардың ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтай отырып, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмекті реттеудегі ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,

      мыналар туралы келісті:

1-бап

Көмек көрсету міндеттемесі

      Тараптар бір-біріне осы Келісімнің ережелеріне және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық істер бойынша құқықтық көмектің кең ауқымды шараларын ұсынуға міндеттенеді.

2-бап

Орталық органдар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      Қазақстан Республикасы үшін:

      a) Жоғарғы Сот - сот ісін жүргізу кезіндегі құқықтық көмек туралы сұрау салу үшін;

      b) Бас прокуратура - құқықтық көмек туралы барлық басқа да сұрау салулар бойынша орталық органдар болып табылады.

      Қатар Мемлекеті үшін Мемлекеттік прокуратура орталық орган болып табылады.

      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін орталық органдар бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Шұғыл жағдайларда орталық органдар сұрау салуларды факс немесе электрондық пошта бойынша жібере алады. Сұрау салудың түпнұсқасы отыз (30) тәулік ішінде дипломатиялық арналар арқылы ресми жіберілуге тиіс.

      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органына қатысты кез келген өзгерістер туралы екіншісін отыз (30) тәулік ішінде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге тиіс.

3-бап

Көмектің көлемі

      1. Тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы сұрау салуды осы Келісімнің ережелеріне және өз елдерінің қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.

      2. Көмек мыналарды:

      a) Тараптардың құзыретті органдарына куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың келуін;

      b) қамақтағы адамдарды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша беруді;

      c) құжаттарды немесе шақыру қағазын табыс етуді;

      d) тінтуді және алуды;

      e) тінтуді, мүлікті алу немесе тәркілеу рәсімдеріне жәрдемдесуді;

      f) Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін, осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес өзара құқықтық көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтуы мүмкін.

4-бап

Көмек көрсетуден бас тарту

      1. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерден мынадай жағдайларда:

      a) өтініш Сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемесіне қайшы келсе немесе оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;

      b) сұрау салудағы қарастырылып отырған құқық бұзушылық саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты болып табылса, бас тартылуы мүмкін.

      2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес сұрау салуды қанағаттандырудан бас тартылса, Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тарапқа мұндай бас тартудың себептерін хабарлауға тиіс.

5-бап

Сұрау салудың мазмұны

      1. Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда мыналар:

      a) қылмыстық істі жүргізетін құзыретті органның атауы;

      b) сұрау салынған дәлелдемелердің, ақпараттардың немесе басқа көмектің мақсаты мен сипаттамасы:

      c) ескіру мерзімі туралы ережелерді қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелері көрсетілген қылмыстың сипаттамасы;

      d) қажет болған жағдайларда келуге шақырылған адамның алуына құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер;

      e) қажет болған жағдайларда сұрау салуды орындау кезінде көмек көрсету үшін қатысуы талап етілетін лауазымды адамдар туралы ақпарат;

      f) сұрау салудың орындалуына жәрдемдесу үшін Сұрау салынатын тарапқа берілуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.

      2. Сұрау салу және оған қоса берілетін құжаттар жазбаша нысанда жасалып, қол қойылып, Сұрау салушы тараптың құзыретті органының ресми мөрімен бекемделуі тиіс.

      3. Егер Сұрау салынатын тарапқа Сұрау салуды орындау үшін қосымша ақпарат қажет болса, ол Сұрау салушы тараптан осындай ақпаратты сұрата алады.

6-бап

Сұрау салуды орындау

      1. Өзара құқықтық көмек туралы Сұрау салу Сұрау салынатын тарап заңнамасының ережелеріне сәйкес орындалады. Дегенмен, Сұрау салынатын тарап, егер бұл өзінің қолданыстағы заңдарына қайшы келмесе, Сұрау салуда көрсетілген рәсімдерге сәйкес Сұрау салуды орындай алады.

      2. Сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын тарап сұрау салуды орындау күні мен орны туралы Сұрау салушы тараптың құзыретті органын хабардар етеді. Сұрау салынатын тараптың құзыретті органы Сұрау салушы тараптың тиісті лауазымды адамдарына Сұрау салудың орындалуы кезінде қатысуға рұқсат бере алады.

      3. Сұрау салынатын тарап Сұрау салуды орындағаннан кейін Сұрау салушы тарапқа Сұрау салудың орындалғаны туралы хабарлайды. Егер сұрау салу орындалмаса, Сұрау салынатын тарап бұл туралы Сұрау салушы тарапқа хабарлайды және оның себептерін көрсетеді.

      4. Сұрау салынатын тарап сұрау салуды орындауда елеулі кідіруге алып келуі мүмкін кез келген мән-жайлар туралы Сұрау салушы тарапты жазбаша нысанда хабардар етеді.

7-бап

Құпиялылықты сақтау

      1. Сұрау салынатын тарап құқықтық көмек туралы Сұрау салудың және онда қамтылған растайтын құжаттардың құпиялылығын сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер құпиялылықты ашпай Сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын тарап сұрау салуды орындағанға дейін Сұрау салушы тарапты ол туралы хабардар етеді және Сұрау салушы тарап Сұрау салуды орындау немесе орындамау туралы шешім қабылдайды.

      2. Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тараптан Сұрау салуды орындау кезінде алынған кез келген ақпаратты немесе дәлелдемелерді Сұрау салынатын тараптың алдын ала келісімінсіз Сұрау салуда көрсетілгендерден басқа рәсімдерде пайдаланбауды талап ете алады.

8-бап

Куәлардың жәбірленушілердің және
сарапшылардың құзыретті органдарға келуі

      1. Тараптар өздерінің құзыретті органика куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың қатысуымен процестік әрекеттерді жүргізу үшін олардың келуі туралы Сұрау салумен бір-біріне жүгіне алады. Бұл жағдайда Сұрау салушы тарап аталған адамдардың өз аумағында жүруіне және болуына байланысты барлық шығыстарды көтереді.

      2. Егер айтылған адам Сұрау салушы тараптың құзыретті органына келмесе, оған қатысты қандай да бір мәжбүрлеу шарасы немесе жаза қолданылмайды.

      3. Сұрау салушы тараптың құзыретті органының алдына өз еркімен келген куә, жәбірленуші немесе сарапшы Сұрау салушы тараптың аумағына кіргенге дейін жасалған іс-әрекеттеріне байланысты, оның азаматтығына қарамастан, осы Тарапта оны ұсталмауға, сотталмауға, жазаланбауға немесе қандай да бір жеке бас бостандығын шектеуге тартылмауға тиіс.

      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген қол сұғылмаушылықтың қолданылуы, егер бұл адам:

      a) оның болуы бұдан әрі қажет етілмейтіндігі туралы ресми түрде хабардар етілген кезден бастап он бес (15) тәулік ішінде Сұрау салушы тараптың аумағынан кетпесе, тоқтатылады. Алайда бұл мерзім осы адам өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы тараптың аумағынан кетпеген кезеңді қамтымайды;

      b) Сұрау салушы тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып оралса, тоқтатылады.

      5. Тараптардың келісімімен Сұрау салу бойынша куәлар, жәбірленушілер немесе сарапшылар бейнеконференция арқылы тыңдалуы мүмкін.

9-бап

Қамақта отырған адамдарды немесе
бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын
өтеп жүрген адамдарды уақытша беру

      1. Егер бейнеконференция көмегімен тыңдау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын тараптың келісімімен және оның ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін әдіспен қамақта отырған адам немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адам Сұрау салушы тарапқа оның айғақтарын тыңдау үшін немесе осы Келісімнің ережелеріне сәйкес құқықтық көмек көрсетудің кез келген мақсаты үшін берілуі мүмкін.

      2. Сұрау салынатын тарап қамақта отырған адамды немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамды оның келісімі алынғанға дейін бермейді.

      3. Сұрау салушы тарап, егер Сұрау салынатын тарап өзге шешім қабылдамаса, Сұрау салынатын адамды күзетпен ұстауды қоса алғанда, Сұрау салынатын тарап көрсеткен шарттарды сақтауға тиіс.

      4. Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тарапқа берілген адамды күзетпен ұстау талап етілмейтіні туралы хабар берген кезде ол адам босатылады және оған осы Келісімнің 8-бабының ережелері қолданылады.

      5. Сұрау салушы тараптың құзыретті органдары берілген адамға қатысты сұратылған мақсат шеңберінде жүзеге асырылатын іс-әрекеттерден басқа, ешқандай іс-әрекет жасай алмайды.

      6. Берілген адамның Сұрау салушы тарапта өткізген күзетпен ұстау уақыты Сұрау салынатын тарапта оған шығарылған жаза мерзіміне есептеледі.

      7. Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тараптан Сұрау салушы тараптың аумағында болған кезеңде адамды ұстап беру рәсімін қозғауды талап етпеуге тиіс және берілген адамды оны берген күннен бастап отыз (30) күн ішінде немесе Тараптар келіскен өзге кезең ішінде Сұрау салынатын тарапқа қайтаруға тиіс.

10-бап

Құжаттарды немесе шақыру қағаздарын табыс ету

      1. Сұрау салынатын тарап өзіне жіберілген құжаттарды немесе шақыру қағаздарын өз аумағындағы адамға ол Сұрау салушы тараптың құзыретті органына баратын күнге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей табыс етеді.

      2. Жеткізу құжаттың немесе шақыру қағазының табыс етілген күні мен адамның қолы қойылған түбіртекпен расталады. Бұл түбіртек Сұрау салушы тарапқа жіберілуге тиіс.

      3. Егер құжаттарды немесе шақыру қағаздарын табыс ету мүмкін болмаса, Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тарапты бұл туралы хабардар етеді және оған құжаттарды немесе шақыру қағаздарын қайтарады.

11-бап

Тінту және алу

      1. Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тараптың өтініші бойынша тінту мен алуға Сұрау салуды орындайды және, егер бұл Сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе және өзге адал адамдардың құқықтары қорғалған жағдайда, алынған заттар мен құжаттарды Сұрау салушы тарапқа береді.

      2. Сұрау салушы тарап алып қойылған және берілген заттар мен құжаттарға қатысты Сұрау салынатын тараптың талаптарын сақтауға тиіс.

12-бап

Алынған заттарды қайтару

      Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тараптың сұрау салуы бойынша жазбаларды немесе өзге де дәлелдемелерді қоса алғанда, алып қойылған және өзіне берілген заттар мен құжаттарды мүмкіндігінше тезірек қайтаруға міндеттенеді.

13-бап

Тінту, мүлікті алу немесе тәркілеу
рәсімдеріне жәрдемдесу

      1. Сұрау салынатын тарап Сұрау салу бойынша өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін әдіспен тінтуді, заттай дәлелдемелер мен қылмыстық іс-әрекеттен түскен кірістерді алуды немесе тәркілеуді жүзеге асырады.

      2. Сұрау салынатын тарап өзге адал адамдардың құқықтарына нұқсан келтірместен, Сұрау салушы тараптың аумағында түпкілікті сот шешімі шығарылғаннан кейін Сұрау салушы тарапқа заттай дәлелдемелер мен қылмыстық іс-әрекеттен түскен кірістерді қайтаруға рұқсат бере алады.

14-бап

Шығыстар

      1. Сұрау салынатын тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес құқықтық көмек туралы Сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Сұрау салушы тарап мынадай:

      a) осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және Сұрау салынатын тараптың аумағында болуына жұмсалатын шығыстарды;

      b) осы Келісімнің 8-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және Сұрау салушы тараптың аумағында болуына жұмсалатын шығыстарды;

      c) егер Тараптар өзгеше келіспесе, сараптама жүргізуге қатысты шығыстарды өтеуге тиіс.

      3. Егер сұрау салуды орындау ерекше сипаттағы шығыстарға алып келсе, Тараптар Сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды бөлу мақсатында консультациялар өткізуі мүмкін.

15-бап

Тілі

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салулар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы тараптың тілінде жасалады және Сұрау салынатын тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармамен қоса беріледі.

      2. Құқықтық көмек туралы Сұрау салуларға жауаптар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салынатын тараптың тілінде жасалады және Сұрау салушы тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармамен қоса беріледі.

16-бап

Басқа халықаралық келісімдермен
арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың кез келгені қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдерде көзделген Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

17-бап

Қолданылу аясы

      Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін және одан кейін орын алған қылмыстарға қатысты Сұрау салуларға қолданылады.

18-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты Тараптар арасында туындайтын кез келген даулар Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу немесе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

19-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін бір Тараптың орталық органы жіберген, қол қойылған және елтаңбалы мөрмен бекемделген кез келген құжат екінші Тараптың аумағында заңдастырусыз пайдаланылуға тиіс.

20-бап
Түзетулер

      Тараптардың арасындағы жазбаша келісім арқылы осы Келісімнің ережелеріне осы Келісімнің 21-бабында көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін және олар күшіне енгеннен кейін оның ажырамас бөлігі болып саналады.

21-бап

Күшіне енуі, қолданылу мерзімі
және тоқтатылуы

      1. Осы Келісім Тараптардың кез келгені екінші Тарапты осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерін аяқтағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен сон күшіне енеді.

      2. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі бес (5) жылды құрайды және егер Тараптардың ешқайсысы өзінің оны бұзу ниеті туралы ол тоқтатылатын күнге дейін кемінде алты (6) ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, басқа осындай кезеңге немесе кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылу мерзімінің тоқтатылуы, егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше уағдаласпаса, ол бұзылған күнге дейін жіберілген немесе алынған Сұрау салулардың орындалуына әсер етпейді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Осы Келісім_________ жылғы "___"_______________ ____________________ қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Келісімді түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Қатар Мемлекетіүшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады