Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 10 ақпандағы № 477 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 10 ақпандағы
№ 477 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі жеке алғанда "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті

      екі Тарап арасында қалыптасқан берік достықты негізге ала отырып,

      қылмыстың барлық нысандарында оған қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуға және Тараптардың заңнамасына сәйкес және халықаралық құқық нормаларын, атап айтқанда, Тараптардың өзара сыйластық, егемендік және ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтай отырып, ұстап беру саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюға ұмтылысты негізге ала отырып,

      мыналар туралы келісті:

1-бап

Ұстап беру міндеттемесі

      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салу бойынша Тараптардың заңнамасына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын немесе одан да қатаң жазаға тартылатын қылмыс жасағаны үшін өз аумағында анықталған адамдарды екінші Тарапқа ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап

Орталық органдар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      a) Қазақстан Республикасы үшін орталық орган Бас прокуратура болып табылады;

      b) Қатар Мемлекеті үшін орталық орган Мемлекеттік прокуратура болып табылады.

      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін орталық органдар бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Шұғыл жағдайларда орталық органдар сұрау салуды факс немесе электрондық пошта арқылы жібере алады. Сұрау салудың түпнұсқасы отыз (30) тәулік ішінде дипломатиялық арналар арқылы ресми жіберілуге тиіс.

      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органына қатысты кез келген өзгерістер туралы екіншісін отыз (30) тәулік ішінде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге тиіс.

3-бап

Сұрау салудың мазмұны

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және мыналарды қамтиды:

      a) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегі, туған күні, жынысы, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәлімет және оның жеке басы мен орналасқан жерін сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат, сондай-ақ бар болса, тану деректері, фотосуреттері және саусақ іздері;

      b) қылмыс жасалған күнді және орынды көрсете отырып, ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыстың мән-жайы туралы ақпарат;

      c) ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмысты саралайтын және осындай қылмыс үшін жазаны көздейтін тиісті заңның мәтіні;

      d) қылмыстық қудалаудың немесе сот үкімін орындаудың мерзімін шектеуге қатысты тиісті заңның мәтіні және оның ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмысқа қатысты қолданылуы туралы ақпарат;

      e) ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс Сұрау салушы тараптың аумағынан тыс жерде жасалса, ол үшін Сұрау салушы тараптың юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтіні.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:

      a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, қамаққа алу ордерінің немесе Сұрау салушы тараптың заңнамасына сәйкес берілген және оның құзыретті органы куәландырған осындай күші бар басқа қаулының түпнұсқасы немесе көшірмесі;

      b) егер сұрау салу қылмыстық қудалаумен байланысты болса, қылмыстық іс-әрекетті саралау туралы құжат;

      c) Сұрау салушы тараптың құзыретті органы куәландырған заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі қоса беріледі.

      3. Егер үкім Сұрау салушы тарапта ішінара орындалған болса, бұл сұрау салуда көрсетілуге тиіс.

      4. Егер адам сырттай сотталған болса, егер Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тарапқа осы адамның қорғану құқығына кепілдік беретін қайта сот талқылауына құқығы бар екеніне кепілдік берсе, ұстап беру қанағаттандырылуы мүмкін.

4-бап

Қосымша ақпарат

      1. Егер ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілген ақпарат Сұрау салынатын тараптың осы Келісімге сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын тарап қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Сұрау салынатын қосымша ақпарат әрбір жағдайда Тараптар келіскен мерзімде берілуге тиіс.

      2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен мұндай босату кейін сұратылған қосымша ақпарат түскен кезде іздестіріліп жатқан адамның қайта қамаққа алынуына және ұстап берілуіне кедергі келтірмеуге тиіс.

      3. Егер іздестіріліп жатқан адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын тарап Бұл туралы босатылған күннен бастап үш (3) тәулік ішінде Сұрау салушы тарапқа хабарлауға тиіс.

5-бап

Ұстап беруден бас тарту

      1. Кез келген мынадай жағдайлардың бірінде:

      a) егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын тараптың азаматы болса;

      b) егер ұстап беруді сұратуға себеп болған қылмыс саяси қылмыс болып табылса немесе саяси қылмыспен байланысты болса;

      c) егер сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не басқа да себептер бойынша Сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауды бастау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сұрау салынатын тарап ескіру мерзімдерін есептеу кезінде Сұрау салушы тараптың аумағында туындаған осы мерзімдерді үзуге немесе тоқтата тұруға байланысты кез келген әрекеттерді немесе мән-жайларды ескеруге тиіс;

      d) егер Сұрау салынатын тарапта сұрау салу түскен әрекетті жасағаны үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты түпкілікті сот шешімі шығарылса немесе қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса не жүзеге асырылған болса, не қылмыстық іс қозғаудан бас тартылса;

      e) егер іздестіріліп жатқан адам нәсіліне, этностық тиесілігіне, дініне, азаматтығына, әлеуметтік топқа жататындығына немесе саяси көзқарасына байланысты азапталады немесе қатыгез қарым-қатынасқа ұшырайды деп пайымдауға елеулі негіздер болса;

      f) егер ұстап беруді сұратуға себеп болған іс-әрекет Сұрау салынатын тараптың заңнамасы бойынша әскери қылмыс болып табылса;

      g) егер адамды ұстап беру Сұрау салынатын тараптың халықаралық шарттары бойынша міндеттемелеріне немесе ұлттық заңнамасына қайшы келсе, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.

      2. Егер Сұрау салынатын тарап іздестіріліп жатқан адамды өзінің азаматы болу себебінен ұстап бермесе, ол Сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес оған қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асырады не Сұрау салушы тарап сотының үкімін орындайды. Қылмысқа қатысы бар құжаттарды, ақпаратты және басқа да дәлелдемелерді Сұрау салушы тарап ұсынуға тиіс. Сұрау салынатын тарап қылмыстық қудалаудың не үкімнің орындалу нәтижелері туралы Сұрау салушы тарапты хабардар етеді.

6-бап

Алдын ала қамаққа алу

      1. Аса қажеттілік болған жағдайда Сұрау салушы тараптың құзыретті органдары іздестіріліп жатқан адамды алдын ала қамаққа алу туралы өтініш бере алады. Сұрау салынатын тараптың құзыретті органдары осы мәселе бойынша өз заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды.

      2. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуда қамауға алу туралы шешім не заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі, сондай-ақ қолданылатын қылмыстық заңнамадан үзінді көшірме қамтылуға тиіс. Онда адамның берілуін сұратуға себеп болған іс-әрекеті, оның жасалған уақыты мен орны, сондай-ақ іздестіріліп жатқан адамның барынша мүмкін толық сипаттамасы жазылады.

      3. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу Сұрау салынатын тарапқа дипломатиялық арналар арқылы немесе шұғыл жағдайларда электрондық пошта немесе факсимильдік байланыс арқылы немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы жіберіледі. Сұрау салушы тарапқа оның сұрау салуын қарау нәтижелері туралы дереу хабарлануға тиіс.

      4. Егер қамаққа алынғаннан кейін қырық (40) тәулік ішінде Сұрау салынатын тарап ұстап беру туралы сұрау салуды және осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттарды алмаса, алдын ала қамаққа алудың күші жойылуы мүмкін. Кейіннен ұстап беру туралы сұрау салу алынса, іздестіріліп жатқан адамды күзетпен ұстаудан босату оны қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі болмайды.

7-бап

Ұстап беруді кейінге қалдыру
немесе уақытша ұстап беру

      1. Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам Сұрау салынатын тараптың аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатса немесе басқа қылмыс үшін жазасын өтеп жатса, онда адамды ұстап беру іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға, жазасын өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл жағдайда Сұрау салынатын тарап бұл туралы Сұрау салушы тарапқа хабарлауға тиіс.

      2. Егер адамды ұстап беруді кейінге қалдыру ескіру мерзімінің өтуіне әкеп соғуы немесе іс бойынша тергеп-тексеруді елеулі түрде қиындатуы мүмкін болса, онда Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес ұстап берілуі сұратылып отырған адамды уақытша ұстап бере алады.

      3. Уақытша ұстап берілген адам іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін, бірақ ол берілген күннен бастап тоқсан (90) тәуліктен кешіктірмей Сұрау салынатын тарапқа дереу қайтарылуға тиіс. Сұрау салынатын тарап сұрау салу бойынша, егер мұндай ұзарту үшін жеткілікті негіздер болса, адамды уақытша ұстап беру мерзімін ұзарта алады.

8-бап

Бәсекелес сұрау салу

      Егер бір уақытта бірнеше мемлекет нақ сол бір не әртүрлі қылмыстар үшін адамды ұстап беруді сұратса, Сұрау салынатын тарап қылмыстың барлық мән-жайларын және, әсіресе, ауырлығын, сұрау салуларды алу күнін, іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын және сұрау салушы мемлекеттер арасында кейіннен ұстап беру мүмкіндігін назарға ала отырып, іздестіріліп жатқан адамның қай мемлекетке берілуге тиіс екені туралы шешім қабылдайды.

9-бап

Арнайы қағида

      1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ұстап берілген адамды, ұстап беру рұқсат етілген қылмысты қоспағанда, Сұрау салынатын тараптың келісімінсіз, оны ұстап бергенге дейін жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға, соттауға немесе жазалауға болмайды және үшінші мемлекетке беруге болмайды.

      2. Сұрау салынатын тараптың келісімі мынадай жағдайларда:

      a) ұстап берілген адам мүмкіндігі бола тұра отыз (30) тәулік ішінде Сұрау салынатын тараптың аумағынан кетпеген жағдайда қажет болмайды. Бұл кезеңге адамның өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы тараптың аумағынан кете алмаған уақыты кірмейді;

      b) ұстап берілген адам Сұрау салушы тараптың аумағынан кеткеннен кейін қайтып оралған жағдайда қажет болмайды.

10-бап

Ұстап беру және беру туралы шешім

      1. Сұрау салынатын тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша қабылданған шешім туралы Сұрау салушы тарапқа хабарлайды.

      2. Сұрау салуды қанағаттандырудан толықтай немесе ішінара бас тартылған жағдайда мұндай бас тартудың себептері туралы Сұрау салушы тараптың назарына жеткізіледі.

      3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, Сұрау салынатын тарап ұстап берілген адамды беру уақыты мен орны туралы Сұрау салушы тарапқа хабарлайды. Егер беру үшін айқындалған күннен кейін отыз (30) тәулік ішінде адам Сұрау салушы тарапқа берілмесе, Сұрау салынатын тарап оны күзетпен ұстаудан босатуға құқылы.

      4. Егер Тараптарға байланысты емес мән-жайлар Тараптардың кез келгеніне ұстап берілген адамды беруге немесе қабылдауға кедергі келтірсе, екінші Тарапқа Бұл туралы тиісті түрде хабарлануға және Тараптар берудің жаңа күні туралы уағдаласуға тиіс.

11-бап

Транзит

      1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамдарды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етуге құқылы.

      2. Бұл үшін Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тарапқа орталық орган арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректері, оның азаматтығы туралы мәлімет және істің мән-жайының қысқаша мазмұны қамтылған транзит туралы сұрау салуды жолдайды. Транзит туралы сұрау салуға адамды ұстап беруді растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      3. Сұрау салынатын тарап өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону көзделмесе, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспардан тыс қонған жағдайда транзиттеуді жүзеге асыратын мемлекет Бұл туралы транзит мемлекетіне дереу хабарлайды және транзит туралы сұрау салуды күту барысында транзит мемлекеті тасымалданатын адамды он бес (15) тәулік мерзімге дейін күзетпен ұстауға тиіс.

      5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде транзит туралы сұрау салу алынбаса, егер Тараптар өзгеше келіспесе, адам босатылуға жатады.

12-бап

Нәтижесі туралы хабарлау

      Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тарапқа ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не сот үкімін орындау туралы ақпарат береді.

13-бап

Заттар мен құжаттарды алып қою және беру

      1. Сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын тарап өзінін ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер ретінде қолданылуы мүмкін кез келген зат пен құжатты алып қоюға, тәркілеуге және беруге тиіс. Мұндай жағдайда заттар мен құжаттар Сұрау салушы тарапқа, мүмкіндігінше, ұстап берілген адамды беру кезінде беріледі.

      2. Сұрау салынатын тараптың келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттар тіпті ұстап берілуге тиіс адамның қайтыс болуына немесе қашып кетуіне байланысты ұстап берілуі мүмкін болмаған жағдайда да Сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу мақсатында осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттарды беруді уақытша кейінге қалдыруға немесе оларды қайтару шартымен беруге құқылы. Мұндай заттар мен құжаттарды қайтару, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сот талқылауы аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін бір (1) ай ішінде жүзеге асырылады.

      4. Алып қойылған немесе тәркіленген заттар мен құжаттарды Сұрау салушы тарапқа беру Сұрау салынатын тараптың немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салынатын тараптың немесе үшінші тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы тарап алынған заттар мен құжаттарды тараптардың осындай мүлікке құқықтарын сақтай отырып, дереу өтеусіз қайтарады.

14-бап
Шығыстар

      1. Сұрау салынатын тараптың аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, Сұрау салушы тарап іздестіріліп жатқан адамды беру бойынша кез келген шығыстарды көтереді.

      2. Сұрау салуды орындау өзінің сипаты бойынша күтпеген шығыстарға алып келетін болса, Тараптардың орталық органдары мұндай шығыстарды төлеу тәртібі туралы консультация жүргізуге тиіс.

15-бап
Тілі

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы тараптың тілінде жасалады және Сұрау салынатын тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      2. Ұстап беру туралы сұрау салуға жауаптар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салынатын тараптың тілінде жасалады және Сұрау салушы тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

16-бап

Басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың кез келгені қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық келісімдерде көзделген Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

17-бап

Қолданылу аясы

      Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін және одан кейін орын алған қылмыстарға қатысты сұрау салуға қолданылады.

18-бап

Дауларды реттеу

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты туындайтын кез келген даулар Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу немесе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

19-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін бір Тараптың орталық органы жіберген, қол қойылған және елтаңбалы мөрмен бекемделген кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында заңдастырусыз пайдаланылуға тиіс.

20-бап

Түзетулер

      Тараптардың арасындағы жазбаша келісім арқылы осы Келісімнің ережелеріне осы Келісімнің 21-бабында көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін және олар күшіне енгеннен кейін оның ажырамас бөлігі болып саналады.

21-бап

Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Келісім Тараптардың кез келгені екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерін аяқтағаны туралы хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі бес (5) жылды құрайды және егер Тараптардың ешқайсысы өзінің оны бұзу ниеті туралы ол тоқтатылатын күнге дейін кемінде алты (6) ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, басқа осындай кезеңге немесе кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылу мерзімінің тоқтатылуы, егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше уағдаласпаса, ол бұзылған күнге дейін жіберілген немесе алынған сұрау салулардың орындалуына әсер етпейді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз мемлекеттері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Осы Келісім _________жылғы "_____"________________ ________________қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Келісімді түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Қатар Мемлекетіүшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады