Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 14 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы келісімге қосылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары
басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
Тараптардың сайлау саласындағы заңнамасын жетілдірудің маңыздылығын негізге ала отырып,
азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес сайлау және референдум өткізу үшін құқықтық жағдайларды жетілдіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мақсатында тұрақты кездесулер мен консультациялар өткізуге зор мән бере отырып,
ынтымақтастықты оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ұйымдық ресімдеудің маңыздылығын түсіне отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін (бұдан әрі - Консультативтік кеңес) құрады.
Консультативтік кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесі туралы ереженің негізінде жүзеге асырады.
2-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
3-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетшілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
4-бап
Осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы, оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім:
а) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру кезінде Келісім күшіне енген болса, депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң;
б) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру кезінде Келісім күшіне енбеген болса, Келісім күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.
5-бап
Тараптардың әрқайсысы депозитарийді бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
Мұндай Тарапқа қатысты Келісім тиісті хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 6 айдан кейін қолданысын тоқтатады.
2022 жылы 14 қазанда Астана қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
2022 жылғы 14 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы келісімге ҚОСЫМША |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары
басшыларының консультативтік кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ереже Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесі (бұдан әрі - Консультативтік кеңес) қызметінің құқықтық мәртебесін, функциялары мен ұйымдық негіздерін айқындайды.
1.2. Консультативтік кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық органы болып табылады.
Консультативтік кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД немесе Достастық) қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау және референдум өткізу саласындағы тәжірибесін ескере отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі сайлау процесін жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін құрылады.
1.3. Консультативтік кеңестің құрамына 2022 жылғы 14 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар (бұдан әрі - Консультативтік кеңестің мүшелері) кіреді.
1.4. Консультативтік кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа да органдарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады. Консультативтік кеңес өз қызметінде ТМД Жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді, осы Ережені басшылыққа алады.
II. Консультативтік кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары
2.1. Консультативтік кеңестің негізгі міндеттері:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарының сайлау саласындағы ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі сайлау процесін, Достастықтың азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы құқықтық базасын, демократиялық сайлауды ұйымдастыру және өткізуді жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
2.2. Консультативтік кеңестің негізгі функциялары:
Достастық органдарымен өзара іс-қимыл жасау, Консультативтік кеңестің және Достастықтың сайлау саласындағы қызметті жүргізетін органдарының мамандандырылған бөлімшелерінің қызметін үйлестіру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарының жұмысын ұйымдастыру мен жұмыс тәжірибесі мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің орталық сайлау органдарының сайлауды, референдумды ұйымдастыру мен өткізу саласында тәжірибе алмасу бойынша форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар ұйымдастыру қызметін үйлестіру;
сайлау процесіне қатысатын мамандарды даярлауды жетілдіру және озық тәжірибе негізінде сайлауды, референдумды тиімді ұйымдастыру мен өткізу бойынша олардың біліктілігін арттыру мәселелерін қарау;
сайлау жүйелері мен технологиялары, сайлау/референдум туралы заңнама, сайлауды/референдумды бақылау әдістемесі мәселелерінде халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты қолдауға және бірлескен іс-қимылдарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы проблематика бойынша халықаралық семинарлар мен конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысуға бағытталған практикалық шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
бірлескен іс-қимылды талап ететін басқа да мәселелер.
III. Консультативтік кеңестің құқықтары
Консультативтік кеңестің өз функцияларын орындау үшін:
өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің және Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізуге;
Консультативтік кеңес қызметінің жекелеген бағыттары бойынша қоғамдық негізде жұмыс істейтін тұрақты немесе уақытша жұмыс топтарын, сарапшылық кеңестерді құруға және олар туралы ережелерді бекітуге;
өз құзыреті шегінде Достастықтың басқа органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің, оның ішінде ТМД шеңберінде құрылған бірлестіктердің жұмыс (атқарушы) органдарымен өзара іс-қимыл жасауға;
Консультативтік кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Достастықтың басқа мүдделі салалық құрылымдарына талдамалық және өзге де ақпарат беруге, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарынан қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға;
өзінің құзыретіне кіретін өзге де мәселелерді шешуге құқығы бар.
IV. Консультативтік кеңестің қызметін ұйымдастыру
4.1. Консультативтік кеңестің отырыстары Келісімге қатысушы мемлекеттерде, әдетте, қажеттілігіне қарай, мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен кезекпен, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.
Консультативтік кеңестің кезектен тыс отырыстары Консультативтік кеңестің жалпы құрамының кемінде жартысы келіскен кезде Консультативтік кеңестің бір немесе бірнеше мүшесінің бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін. Мұндай отырыс, әдетте, оны шақырудың бастамашысы болған мемлекетте өткізіледі.
Қажет болған жағдайда және техникалық мүмкіндік болған кезде Консультативтік кеңестің отырыстары қашықтан (бейнеконференцбайланысты пайдалана отырып) өткізілуі мүмкін.
Консультативтік кеңестің отырысқа қатысуға мүмкіндігі жоқ мүшесі Консультативтік кеңестің отырыстарында шешім қабылдау өкілеттігі берілген өз өкілін жіберуге құқылы.
Консультативтік кеңестің отырыстары, егер оған Консультативтік кеңес мүшелерінің немесе олардың өкілдерінің кемінде жартысы қатысса, заңды болады.
Консультативтік кеңестің отырыстарына кеңесші дауыс құқығымен ТМД Атқарушы комитетінің және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі хатшылығының өкілдері қатысады.
Консультативтік кеңестің консенсуспен қабылданған шешімі бойынша отырыстарға байқаушылар ретінде басшылары Консультативтік кеңестің мүшелері болып табылмайтын сайлау органдарының өкілдері, халықаралық үкіметаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
4.2. Консультативтік кеңесте төрағалық етуді, әрбір мүше мемлекет, егер Консультативтік Кеңес өзгеше белгілемесе, оның атынан өкілдік ететін Консультативтік кеңестің мүшесі атынан кезепмен мемлекет атауларының орыс әліпбиі тәртібімен ротация қағидаты негізінде, әдетте, бір жыл бойына кезекпен жүзеге асырады.
Консультативтік кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
Консультативтік кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
4.3. Консультативтік кеңестің төрағасы:
Консультативтік кеңестің жұмысын ұйымдастырады және Консультативтік кеңеске жалпы басшылықты жүзеге асырады, Консультативтік кеңес шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді;
Консультативтік кеңестің қызметіне байланысты мәселелер бойынша ТМД органдарымен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Консультативтік кеңестің атынан өкілдік етеді;
Консультативтік кеңестің басқа мүшелерімен келісу бойынша кезекті отырысты өткізу уақытын айқындайды, Консультативтік кеңестің қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
Консультативтік кеңестің отырысын ұйымдастырады және өткізеді;
Консультативтік кеңес отырысының шешімі мен хаттамасына қол қояды;
Консультативтік кеңестің жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де функцияларды орындайды.
4.4. Консультативтік кеңестің отырыстарында шешімдер қабылданады.
Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Консультативтік кеңесте бір дауысқа ие болады.
Консультативтік кеңестің рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері отырысқа қатысып отырған Консультативтік кеңес мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Консультативтік кеңестің басқа мәселелер бойынша шешімдері консенсуспен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады. Консенсус қаралатын мәселе бойынша шешім қабылдауға кедергі ретінде ұсынған Консультативтік кеңес мүшелерінің отырысқа қатысып отырғандардың ең болмағанда біреуінің ресми қарсылығының болмауы ретінде айқындалады.
Консультативтік кеңестің кез келген мүшесі қандай да бір мәселеге мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады, бұл шешім қабылдауға, сондай-ақ болашақта қабылданған шешімге қосылуға кедергі болмайды.
4.5. Консультативтік кеңес өз жұмысының регламентін қабылдай алады.
4.6. Консультативтік кеңес жылына бір рет ТМД-ның Атқарушы комитетіне Консультативтік кеңестің қызметі туралы ақпарат береді.
4.7. Консультативтік кеңестің жұмыс аппаратының функцияларын ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірге жетекшісі Консультативтік кеңестің Төрағасы болып табылатын мемлекеттің орталық сайлау органы жүзеге асырады.
4.8. Консультативтік кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
V. Қаржыландыру
5.1. Консультативтік кеңестің отырысын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар Келісімге қатысушы қабылдаушы мемлекеттің ұлттық бюджетінде орталық сайлау органының қызметін қамтамасыз етуге көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
5.2. Консультативтік кеңес мүшелерін іссапарға жіберуге арналған шығыстар Келісімге қатысушы жіберуші мемлекеттердің ұлттық бюджеттерінде орталық сайлау органдарының қызметін қамтамасыз етуге көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Отырысқа қатысушыларды іссапарға жіберуге арналған шығыстар жіберуші органдар мен ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.