Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қарашадағы № 689 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі
Ұстап беру туралы келісім жасасу арқылы қылмысқа қарсы күресте екі Тараптың неғұрлым тиімді ынтымақтасуына ұмтыла отырып,
адам құқықтары мен заң үстемдігін тиісті түрде сақтай отырып, егемендікті, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және басқа да қоғамдық мүдделерді өзара мойындауды ұғына отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Ұстап беру міндеттемесі
Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және өз заңнамасына сәйкес ұстап беруге алып келетін қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында Сұрау салушы Тарап іздестіріп жатқан кез келген адамды сұрау салу бойынша бір-біріне ұстап береді.
2-бап
Ұстап беру шарттары
1. Қылмыстық қудалау мақсатындағы ұстап беру Тараптардың заңнамасына сәйкес жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе неғұрлым қатаң жаза көзделетін жазаланатын іс-әрекеттер үшін жүзеге асырылады.
2. Сұрау салушы Тараптың соты шығарған сот үкімін орындау мақсатында ұстап беру осы баптың 1-тармағында көзделген қылмыстар үшін, ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде өтелмеген жаза мерзімі кемінде алты (6) айды құрайтын жағдайда жүзеге асырылады.
3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу әрқайсысы Тараптардың заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, бірақ олардың кейбіреуі осы баптың 1 және 2-тармақтарының шарттарына сәйкес келмейтін бірнеше жекелеген қылмысты қамтитын болса, онда Сұрау салынатын Тарап барлық жасалған қылмысқа қатысты ұстап беруді қанағаттандыруға құқылы.
3-бап
Ұстап беруден бас тарту үшін міндетті негіздер
Ұстап беру:
a) егер ұстап беруге жататын адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса жүзеге асырылмайды. Бұл жағдайда Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес және екінші Тараптың Сұрау салуы бойынша қылмыстық іс материалдарын қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін өзінің құзыретті органдарына жібереді;
b) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмысты Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес саяси сипаттағы қылмыс ретінде қараса жүзеге асырылмайды. Осы Келісімнің мақсатында саяси сипаттағы қылмыс мыналарды:
i) сұрау салынатын адамды ұстап беру не қудалау міндеттемесі туындайтын Тараптар қатысушылары болып табылатын кез келген көпжақты халықаралық шарттар шеңберіндегі қылмысты;
ii) Мемлекет басшысын, оның отбасы мүшелерін өлтіруді, осындай қылмыс жасау мақсатында қастандық жасауды не сөз байласуды;
iii) терроризммен байланысты кез келген қылмысты қамтымайды;
c) Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмыс өлім жазасымен жазаланса, егер тек қана Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе;
d) егер Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсіліне, діни сеніміне, ұлтына қарай қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жіберілді немесе осы адамның жағдайы осындай фактілерге байланысты нашарлауы мүмкін деп пайымдауға негіздері бар болса;
e) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс қалыпты қылмыстық құқық бойынша қылмыс болып табылмайтын әскери қылмыс болып табылса;
f) егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып отырған сол қылмысы үшін соттың түпкілікті шешімі шығарылса, рақымшылық берілсе немесе кешірім жасалса;
g) қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімі өткен немесе сот үкімі Тараптардың кез келгенінің заңнамасына сәйкес орындалған жағдайда;
h) егер өзіне қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
i) егер ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың халықаралық міндеттемелеріне немесе ұлттық заңнамасына қайшы келсе, жүзеге асырылмайды.
4-бап
Ұстап беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер
Адамды ұстап беруден:
a) егер ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен, қылмыс үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға ұшыраса немесе егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық істі тоқтатқан болса;
b) егер өзіне қатысты адамды ұстап беру туралы Сұрау салу келіп түскен қылмыс Тараптардың кез келгенінің аумағынан тысқары жерде жасалса және осыған ұқсас мән-жайлар кезінде Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында оның аумағынан тысқары жерде жасалған осындай қылмысқа қатысты юрисдикция көзделмесе;
c) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес Сұрау салынатын Тараптың аумағында немесе оның юрисдикциясы шегінде толық немесе ішінара жасалған ретінде қаралса;
d) іздестіріліп жатқан адам ұстап беру сұратылып отырған сол қылмысы үшін үшінші мемлекетте жазасын өтеген, ақталған немесе сотталған болса;
e) адам сырттай сотталса, егер тек қана Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа осы адамның қорғану құқығын қамтамасыз ету мақсатында қайта сот талқылауына құқығы бар екеніне кепілдік бермесе, бас тартылуы мүмкін.
5-бап
Сұрау салу және растайтын құжаттар
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
2. Ұстап беру туралы сұрау салуда мыналар қамтылуға тиіс:
a) Сұрау салушы Тараптың сот органы берген қамаққа алу туралы шешім немесе осындай күші бар кез келген басқа да құжаттар және, егер сұрау салу бұрын сотталған адамға қатысты болса, түпкілікті сот шешімінің түпнұсқасы не куәландырылған көшірмесі;
b) жасалған күні мен орны көрсетіле отырып, ұстап беру туралы Сұрау салу жіберілген қылмыстың мән-жайлары туралы ақпарат;
c) іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасы және оның жеке басын, орналасқан жерін және азаматтығын анықтауға көмектесетін кез келген ақпарат;
d) егер адамға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылса, орындалуға жататын сот үкімінің қолданылу мерзіміне қатысты ақпарат;
e) осы қылмыс үшін заңда көзделген жаза шарасын, сондай-ақ ескіру мерзімдеріне қатысты заңның баптарын корсете отырып, олардың негізінде іс-әрекет қылмыс деп танылатын тиісті заңнамалық актілерден үзінді көшірмелер;
t) егер бұл қолайлы болса, күдіктінің іс-әрекетін немесе айыптау актісін саралау туралы қаулының көшірмесі.
3. Ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілетін құжаттарға лауазымды адамның қолы қойылып, ол Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен бекітілуге тиіс.
4. Осы Келісімде өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, ұстап беруге және уақытша қамаққа алуға қатысты рәсімдер тек қана Сұрау салынатын Тараптың заңнамасымен реттеледі.
5. Егер Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің мақсаттары үшін берілген ақпарат ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдау үшін жеткіліксіз деп есептесе, қосымша ақпарат беру Сұрау салынатын Тарап белгілеген уақыт ішінде сұратылуы мүмкін.
6. Ұстап беру туралы сұрау салу коммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сұрау салулардың түпнұсқалары пошта арқылы бір мезгілде жіберілуге тиіс.
6-бап
Алдын ала қамаққа алу
1. Шұғыл болған жағдайда Сұрау салушы Тараптың орталық органы іздестіріліп жатқан адамды алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуды жіберуге құқылы. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу бойынша өз заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды. Сұрау салушы Тарап өзінің сұрау салуын қарау нәтижелері туралы дереу хабардар етіледі.
2. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуда жасалған күні мен орны көрсетіле отырып, іздестіріліп жатқан адам жасаған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпарат, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасы, егер белгілі болса - орналасқан жері мен азаматтығы, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу осы Келісімнің 5-бабы 2-тармағының а), е) және f) тармақшаларында көзделген құжаттардың бірін қоса бере отырып, ұсынылатынына кепілдік көрсетіледі.
3. Алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың орталық органына тікелей немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (ИНТЕРПОЛ) арқылы жіберіледі. Мұндай сұрау салу коммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы пошта арқылы не дипломатиялық арналар арқылы бір мезгілде жіберілуге тиіс.
4. Егер қамаққа алынғаннан кейін қырық (40) тәулік ішінде Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды және осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген құжаттарды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға жатады. Егер ұстап беру туралы сұрау салу соңынан алынатын болса, босату қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс.
7-бап
Арнаулы қағида
1. Осы Келісімге сәйкес ұстап берілген адам, ұстап беру қанағаттандырылған қылмысты қоспағанда, оны ұстап бергенге дейін жасалған қылмысы үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында қандай да бір жолмен қылмыстық қудалауға, сотталуға жатпайды, жазалануға немесе жеке бас бостандығын шектеуге ұшырамайды, оларға мынадай жағдайлар кірмейді:
a) егер Сұрау салынатын Тарап бұған келісім берсе. Ол үшін тиісті сұрау салу жіберіледі, ол осы Келісімнің 5-бабында көзделген құжаттармен және осыған байланысты ұстап берілген адам жасаған кез келген мәлімдеме туралы хаттамамен бірге жүруге тиіс. Ұстап беру сұратылып отырған қылмыс осы Келісімге сәйкес ұстап беру үшін негіз болып табылатын жағдайларда келісім беріледі;
b) егер адамда Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндік болса, бірақ оны осы адам ұстап берілген қылмыс үшін жауаптылықтан түпкілікті босатылғаннан кейін отыз (30) тәулік ішінде жасамаса немесе егер адам Сұрау салушы Тараптың аумағына өз еркімен қайтып оралса.
2. Егер сол үшін адам ұстап берілген қылмыстың саралануы өзгертілген болса, онда қылмыс өзінің өзгертілген саралануында осы Келісімге сәйкес ұстап беруге жататын және ұстап беру туралы сұрау салудың нысанасы болып табылатын фактілермен байланысты жағдайларды қоспағанда, ұстап берілген адам қылмыстық қудалауға немесе сот талқылауына жатпайды.
8-бап
Адамды үшінші мемлекетке беру
Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген және оны ұстап бергенге дейін жасалған қылмыстарға қатысты үшінші мемлекет сұратқан адамды көрсетілген үшінші мемлекетке беруге құқылы емес.
9-бап
Бәсекелес Сұрау салулар
Егер сол бір адамды ұстап беруді нақ сол бір немесе әртүрлі қылмыстар үшін бір мезгілде бір мемлекеттен артық мемлекет сұратса, Сұрау салынатын Тарап барлық мән-жайларды, әсіресе іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын, сұрау салушы мемлекеттер арасындағы кейіннен экстрадициялау мүмкіндігін, ұстап беру туралы сұрау салулар алынған күнді, жасалған қылмыстардың ауырлығын және олардың жасалған орнын ескере отырып, өз қалауы бойынша шешім қабылдайды.
10-бап
Ұстап беру туралы Сұрау салу бойынша шешім
1. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органына ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты өзінің шешімі туралы дереу хабарлайды.
2. Бас тарту туралы шешім қабылдаудың себептері негізді болуға тиіс.
3. Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша оң шешім қабылданған жағдайда Тараптардың орталық органдары беру үшін неғұрлым қолайлы тәсілді, орынды және күнді келіседі.
4. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, егер Тараптар келіскен кезден бастап отыз (30) тәулік ішінде ұстап беруге жататын адам берілмесе, Сұрау салынатын Тарап мұндай адамды босата алады. Мұндай босату бүл адамды дәл сол қылмысы үшін қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс.
5. Егер Тараптарға байланысты емес мән-жайлар Тараптарға ұстап берілген адамды беруге немесе қабылдауға мүмкіндік бермесе, бұл туралы екінші Тарап хабардар етіледі. Мұндай жағдайда Тараптар осы баптың 4-тармағының ережелері қолданылатын ұстап берілген адамды берудің жаңа күні туралы уағдаласады.
11-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру
1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылданғаннан кейін Сұрау салынатын Тараптың аумағында өзіне қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын немесе ол ұстап беру сұратылып отырғаннан өзге қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан ұстап берілген адамды беруді кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап бүл туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
2. Сұрау салынатын Тарап ұстап берілген адамды беруді кейінге қалдырудың орнына оны Тараптар келіскен шарттарға сәйкес Сұрау салушы Тарапқа уақытша ұстап бере алады.
12-бап
Қылмыстық қудалау нәтижелері туралы хабарлама
Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа ұстап берілген адамға қатысты жүзеге асырылған қылмыстық қудалау нәтижелері туралы хабарлайды және Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша түпкілікті шешімнің көшірмесін ұсынады.
13-бап
Заттарды алып қою және беру
1. Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына сәйкес үшінші тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтірмей және Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша:
a) ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысы бар дәлелдеме ретінде талап етілуі мүмкін;
b) ұстап беру сұратылып отырған қылмысты жасау нәтижесінде иеленген және іздестіріліп жатқан адамның меншігінде болған заттарды алып қоя алады және Сұрау салушы Тарапқа бере алады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан бас тартылса да немесе ұстап берілген адамның қайтыс болуына, ауруына немесе қашып кетуіне байланысты бұл адамды беруді жүзеге асыру мүмкін болмаса да, осы баптың 1-тармағында санамаланған заттар берілуі мүмкін.
3. Егер көрсетілген заттар іс жүргізудегі қылмыстық іске байланысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында алып қоюға немесе тәркілеуге жататын болса, Сұрау салынатын Тарап осы заттарды қайтару шартымен бере алады.
4. Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тұлғалардың заттарға қатысты кез келген құқықтары сақталады. Осындай құқықтар берілген жағдайда берілген заттар талқылау аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа қандай да бір наразылықсыз мүмкіндігінше тезірек қайтарылады.
14-бап
Транзит
1. Тараптардың кез келгені транзит өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін және оның мүдделеріне нұқсан келтірмейтін жағдайда, үшінші мемлекет ұстап берген адамдардың өз аумағы арқылы транзитіне рұқсат беруге құқылы.
2. Транзит туралы сұрау салуда азаматтығы белгілі болса оның азаматтығы туралы деректерді қоса алғанда, транзиттік тасымалдауға жататын адамның деректері, қылмыстың жасалған күні мен орны көрсетіле отырып іздестіріліп жатқан адам жасаған қылмыстың мән-жайларының қысқаша сипаттамасы қамтылуға, сондай-ақ адамды үшінші мемлекет ұстап бергенін растайтын құжаттың көшірмесі бірге жүруге тиіс.
3. Транзит Тарапы, егер тасымалданатын адам өзінің азаматы болып табылса, транзит туралы Сұрау салуды қанағаттандырудан бас тарта алады.
4. Әуе көлігі транзит Тарапы аумағының үстінен қонбай ұшқан жағдайда транзитке рұқсат талап етілмейді. Егер жоспарланбаған қону транзит Тарапының аумағында орындалған болса, ол екінші Тараптың осы бапта көзделген транзит туралы сұрау салуды ұсынуын талап етуі мүмкін.
5. Адамды транзиттеуге рұқсат тасымалданатын адамды транзит кезінде күзетпен ұстауды қамтиды.
6. Егер тасымалданатын адам осы баптың 5-тармағына сәйкес күзетпен ұсталса, егер адамды транзитпен тасымалдау ол келгеннен кейін он бес (15) тәулік ішінде жүзеге асырылмаған болса, транзит Тарапы оны босатуы мүмкін.
7. Сұрау салушы Тарап басқа Тарапқа транзитке байланысты басқа Тарап шеккен кез келген шығыстардың орнын толтыруға міндетті.
15-бап
Орталық органдар
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар дипломатиялық арналар немесе тікелей орталық органдар арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Қазақстан Республикасы үшін орталық орган - Бас прокуратура, Марокко Корольдігі үшін орталық орган - Әділет министрлігі.
2. Әрбір Тарап орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы екіншісіне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
16-бап
Шығыстар
Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұстап беруге қатысты рәсімдерге байланысты шығыстарды осы Тарап жабады.
Ұстап беруге жататын адамды, сондай-ақ алып қойылған заттарды беруге байланысты тасымалдауға және транзиттік тасымалдауға арналған шығыстарды Сұрау салушы Тарап көтереді.
17-бап
Тіл
1. Осы Келісім шеңберінде сұрау салулар мен растайтын құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге жүреді.
2. Сұрау салуларға жауаптар, сондай-ақ растайтын құжаттар Сұрау салушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге жүреді.
18-бап
Құжаттарды сертификаттаудан және заңдастырудан босату
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың орталық органдары жіберген, қол қойылып және елтаңбалы мөрмен бекітілген кез келген құжаттар одан кейінгі кез келген баска да сертификаттаудан және заңдастырудан босатылады.
19-бап
Осы келісімнің басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын кез келген басқа да халықаралық шарттардан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
20-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты туындайтын кез келген даулар Тараптардың орталық органдары арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
21-бап
Келісімді қолдану
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін жіберілген сұрау салуларға, егер ол тиісті қылмыстар осы күнге дейін жасалса да қолданылады.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім ратификациялануға тиіс.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
3. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
4. Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
5. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған кез келген рәсім ол толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
Осыны КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге кол қойды.
20 жылғы __________ ____________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін | Марокко Корольдігі үшін |