Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі оған Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің:
1) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, оған басшылық жасау және салааралық үйлестіру;
2) әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
3) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу салаларындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |