Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 12 наурыздағы № 812 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасынын халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 12 наурыздағы
№ 812 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт

      Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап", ал бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы

      егемендік пен теңдікті өзара құрметтеуді растай отырып,

      өзара құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,

      сотталған адамдардың қоғамға қайта интеграциялануына жәрдемдесу мақсатында олар өздерінің жазаларын мүмкіндігінше өздері азаматтары болып табылатын елдерде өтеуге тиіс екендігіне сенімді бола отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап Анықтамалар

      Осы Шартты іске асыру мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      a) "Үкімді шығарушы тарап" - сотталған адамды өз аумағынан Үкімді орындаушы тараптың аумағына беретін немесе берген Тарап;

      b) "Үкімді орындаушы тарап" - Үкімді шығарушы тарап берген сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;

      c) "сотталған адам" - Үкімді шығарушы тараптың соты шығарған үкімге сәйкес белгілі бір мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адам;

      d) "жаза" - қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен белгілі немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыру көзделетін кез келген жаза немесе шара;

      e) "үкім" - жаза көзделетін сот шешімі немесе қаулысы.

2-бап

Жалпы ережелер

      1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес сотталған адамдарды беру мәселелерінде барынша ынтымақтасуға міндеттенеді.

      2. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес Үкімді шығарушы тарап Үкімді орындаушы тараптың аумағындағы адамдарға қатысты шығарған үкімдерді орындау үшін сотталған адамдарды біріне-бірі бере алады.

      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес сотталған адамдарды беруді не Үкімді шығарушы тарап, не Үкімді орындаушы тарап сұрауы мүмкін.

3-бап

Орталық органдар

      1. Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптар осы мақсатқа арналған орталық органдар арқылы бірімен-бірі тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Маврикий Республикасы үшін - Премьер-Министрдің Офисі (Родригес аралы, Сыртқы аралдар және аумақтық тұтастық департаменті).

      3. Әрбір Тарап өздерінің орталық органдарымен байланысты кез келген өзгерістер туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабар береді.

4-бап

Беру шарттары

      1. Сотталған адам, егер:

      a) сотталған адам:

      (i) Үкімді орындаушы тараптың азаматы болып табылса;

      (ii) Үкімді орындаушы тараптың заңнамасы бойынша да қылмыс болып табылатын осындай іс-әрекет үшін сотталса;

      (iii) егер бұл Үкімді шығарушы тараптың заңнамасында көзделсе, жазаның ең аз мерзімін өтесе;

      b) беру туралы сұрау салуды алған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған сот шешімі түпкілікті болып табылса және сотталған адамның өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде алты айдан кем болмаса;

      c) адамның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты өзінің келісімін өз бетінше білдіре алмаған жағдайда сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болса; және

      d) екі Тарап та беруге келіскенде ғана, осы Шартқа сәйкес берілуі мүмкін.

      2. Айрықша жағдайларда, егер сотталған адам өтеуге тиіс қалған мерзім осы баптың 1-тармағының b) тармақшасында көрсетілген мерзімнен аз болса да, Тараптар беруге келісе алады.

5-бап

Беруден бас тарту

      1. Егер:

      a) Тараптардың бірі беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп шешкен болса;

      b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс жасағаны үшін шығарылса;

      c) сотталған адам Үкімді шығарушы тараптың аумағында аяқталмаған заңды рәсімдерге тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.

      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады.

6-бап

Сотталған адамды хабардар ету

      1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Шарт қолданылатын сотталған адамдарды өздерінің осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігі туралы хабардар етуге тиіс.

      2. Егер сотталған адам не оның заңды өкілі Үкімді шығарушы тарапқа өзінің осы Шартқа сәйкес берілуін қалайтыны туралы мәлімдесе, онда бұл Тарап ол туралы сот шешімі түпкілікті болғаннан кейін іс жүзінде мүмкін болатын қысқа мерзімдерде Үкімді орындаушы тарапқа хабар береді.

      3. Егер сотталған адам не оның занды өкілі Үкімді орындаушы тарапқа өзінің берілуін қалайтыны туралы мәлімдесе, онда бұл Тарап Үкімді шығарушы тарапқа мынадай ақпаратқа сұрау салып жүгінеді:

      a) сотталған адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен туған жері;

      b) сотталған адамның азаматтығы;

      c) егер бар болса, Үкімді орындаушы тараптың аумағындағы оның мекенжайы;

      d) үкім шығаруға негіз болған фактілердің мазмұны; және

      e) жаза мерзімінің сипаты, ұзақтығы және басталған күні.

      4. Әрбір Тарап осы Шарттың 7-бабына сәйкес Үкімді шығарушы тарап немесе Үкімді орындаушы тарап сотталған адамды беру туралы сұрау салу бойынша қабылдаған шешімдер туралы өз аумағындағы сотталған адамдарды жазбаша нысанда хабардар етуге тиіс.

7-бап

Сұрау салулар мен жауаптар

      1. Сотталған адамдарды беру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жасай алады.

      2. Сұрау салынатын тарап Сұрау салушы тарапты сотталған адамды беруге келісетіні немесе келіспейтіні туралы өзінің шешімі жөнінде жедел хабардар етуге тиіс.

8-бап

Құжаттарды беру

      Егер Тараптар сотталған адамды беруге келіссе:

      a) Үкімді шығарушы тарап Үкімді орындаушы тарапқа:

      (i) сот шешіміне негіз болған заңның тиісті ережелерімен бірге, сотталған адамға қатысты заңды күшіне енген сот шешімінің куәландырылған көшірмесін;

      (ii) жазаның түрі туралы, үкімді орындаудың басталу және аяқталу мерзімдері туралы ақпаратты;

      (iii) сотқа дейінгі ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтеуге жататын мерзімдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ үкімді орындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді;

      (iv) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының с) тармақшасында көзделген сотталған адамды беруге арналған жазбаша келісімді;

      (v) сотталған адамның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты;

      (vi) сотталған адамның Үкімді шығарушы тарапта жазаны өтеу кезіндегі мінез-құлқы туралы мәліметтерді береді;

      b) Үкімді орындаушы тарап Үкімді шығарушы тарапқа:

      (i) сотталған адамның Үкімді орындаушы тараптың азаматы екенін растайтын құжаттарды;

      (ii) Үкімді шығарушы тараптағы үкім шығарылған әрекеттер немесе әрекетсіздіктер Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатыны немесе егер оның аумағында жасалса, қылмысты білдіретіні көзделетін Үкімді орындаушы тараптың тиісті заңнамасынан үзінді көшірмені;

      (iii) Үкімді орындаушы тараптың ұлттық заңнамасы бойынша Үкімді шығарушы тарап шығарған үкімді орындау тәртібі туралы мәліметтерді береді.

9-бап

Сотталған адамның келісімі және оны растау

      1. Үкімді шығарушы тарап өзінің заңнамасына сәйкес сотталған адамның не оның заңды өкілінің сотталған адамды берудің құқықтық салдарларын толық түсіне отырып, беруге өз еркімен келісім бергеніне және оны беруге келісім беру туралы өтініште растайтынына кепілдік беруге тиіс.

      2. Үкімді шығарушы тарап Үкімді орындаушы тараптың сұрау салуы бойынша Үкімді орындаушы тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өзінің келісімін білдіргеніне көз жеткізуге мүмкіндік беруге тиіс.

10-бап

Сотталған адамды беру

      Сотталған адамды беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар консультациялар арқылы беру уақытын, орнын және тәртібін айқындауға тиіс.

11-бап

Берудің Үкімді шығарушы тарап үшін салдары

      Сотталған адамды Үкімді орындаушы тарап билігінің қарамағына беру Үкімді шығарушы тараптың аумағында үкімнің орындалуын тоқтатуға алып келеді.

12-бап

Үкімнің орындалуын жалғастыру

      1. Үкімді орындаушы тарап үкімді тікелей немесе осы бапта жазылған шарттарға сәйкес сот немесе әкімшілік қаулы қабылдау арқылы орындауды жалғастырады.

      2. Үкімді орындау жалғастырылған жағдайда Үкімді орындаушы тарап Үкімді шығарушы тарап айқындаған жазаның мазмұны мен ұзақтығына байланысты болады.

      3. Алайда, егер бұл үкім өзінің мазмұны немесе ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес келмесе немесе егер мұны оның заңнамасы талап етсе, бұл Тарап сот немесе әкімшілік рәсім арқылы осы үкімді өзінің заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаға сәйкес келтіре алады. Мұндай мән-жайларда сот шешімі мүмкіндігінше Үкімді шығарушы тараптың үкіміне сәйкес келуге тиіс. Олар мазмұны немесе ұзақтығы бойынша Үкімді шығарушы тарап тағайындаған жазаны күшейтпеуге және Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген ең жоғары жазадан аспауға тиіс.

13-бап

Юрисдикцияны сақтау

      1. Үкімді шығарушы тарап өз соттары шығарған үкімді өзгерту немесе оның күшін жою үшін юрисдикцияны сақтайды.

      2. Үкімді орындаушы тарап Үкімді шығарушы тараптың соты шығарған өзгертілген немесе күші жойылған үкімді Үкімді шығарушы тараптан алған жағдайда үкімнің орындалуын өзгертуге немесе оның күшін жоюға тиіс.

14-бап

Кешірім жасау, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету

      Әрбір Тарап өзінің заңнамасына сәйкес екінші Тарапты дереу хабардар ете отырып, сотталған адамға қатысты кешірім жасау, рақымшылық жасау актісін қолдануға немесе жазаны жеңілдетуге құқылы.

15-бап

Үкімнің орындалуы туралы хабар беру

      Үкімді орындаушы тарап, егер:

      a) үкімнің орындалуы аяқталса;

      b) сотталған адам қашып кетсе немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса;

      c) Үкімді шығарушы тарап арнаулы есепті сұратса, Үкімді шығарушы тарапқа үкімнің орындалғаны туралы хабар беруге тиіс.

16-бап

Транзит

      1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, сотталған адамды транзиттеуді екінші Тараптың аумағы арқылы жүзеге асырған жағдайда, бірінші Тарап екінші Тарапқа осындай транзиттерге рұқсат беру туралы сұрау салуды жіберуге тиіс.

      2. Әуе көлігі пайдаланылған және екінші Тараптың аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, осы баптың 1-тармағына сәйкес рұқсат талап етілмейді.

      3. Сұрау салынатын тарап, егер бұл оның заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандыруға тиіс.

      4. Тарап:

      a) егер сотталған адам Сұрау салынатын тараптың азаматы болып табылса; немесе

      b) егер жаза тағайындалған қылмыс оның заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаса, транзиттік тасымалдауға рұқсат бермеуі мүмкін.

17-бап

Тілдер

      Сотталған адамды беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс. Сұрау салуларға жауаптар Сұрау салынатын тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салушы тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс.

18-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Шарттың мақсаттары үшін бір Тараптың орталық органы жіберген, қолтаңбасы қойылған және елтаңбалы мөрімен бекемделген кез келген құжат екінші Тараптың аумағында қандай да бір заңдастырусыз пайдаланылуға тиіс.

19-бап

Шығыстар

      Тараптардың заңнамасына сәйкес:

      а) Үкімді орындаушы тарап:

      (i) тек қана Үкімді шығарушы тараптың аумағында жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты; және

      (ii) сотталған адамды беруден кейін үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді;

      b) транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат алу туралы өтінішпен жүгінген Тарап көтереді.

20-бап

Дауларды шешу

      1. Осы Шартты іске асыру барысында туындауы мүмкін кез келген дауды Тараптардың орталық органдары бірлескен консультациялар өткізу арқылы шешеді.

      2. Егер мұндай даулар Тараптардың орталық органдары арасында шешілмесе, олар дипломатиялық арналар арқылы шешілуге жатады.

21-бап

Шарттың күшіне енуі, өзгеруі және тоқтатылуы

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Әрбір Тарап екінші Тарапты жазбаша хабардар ете отырып, кез келген уақытта осы Шарттың қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Шарттың қолданысы оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік бір жүз сексен (180) күн өткен соң тоқтатылады.

      3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      4. Осы Шарт өздеріне қатысты үкім шығарылған сотталған адамдарға қатысты ол күшіне енгенге дейін де, күшіне енгеннен кейін де қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20____ жылғы________ ______________ әрқайсысы қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін Маврикий Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады