ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің мына жарлықтарына өзгерістер енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу қағидалары бекітілсін.";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу қағидалары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2) "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережеде:
16-тармақтың 6) тармақшасы алып тасталсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 наурыздағы № 815 Жарлығына ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне (бұдан әрі – Парламент) енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен (бұдан әрі – Президент Әкімшілігі) келісу тәртібін белгілейді.
2. Әзірленген және тиісті түрде ресімделген заң жобалары Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарында заң жобасын Парламентке ұсыну үшін белгіленген мерзім басталғанға дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылып, Президент Әкімшілігіне келісуге ұсынылады. Заң жобаларын Президент Әкімшілігіне келісуге ұсыну мерзімі жөніндегі талап Бюджет кодексін іске асыру үшін жыл сайын әзірленетін заң жобаларына қолданылмайды. Бұл ретте құжаттар топтамасында заң жобаларымен бірге оларды жан-жақты қарауға қажетті барлық материалдар (құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және қаржылық негіздемелер, сараптамалардың қорытындылары және басқа да құжаттар) болуға тиіс.
Президент Әкімшілігіне алдын ала келісуге ұсынылатын заң жобалары мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер жойылғаннан кейін ғана енгізіледі.
3. Президент Әкімшілігіне ұсынылғаннан кейін заң жобаларын Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті көмекшілері мен кеңесшілері қарайды.
Президент Әкімшілігінде заң жобаларына сараптама жүргізу және олар бойынша қорытынды дайындау мерзімі олар Президент Әкімшілігіне келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Бұл ретте конституциялық заңдардың, кодекстердің және қолданыстағы конституциялық заңдарға, кодекстерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін заңдардың жобалары бойынша мұндай мерзім 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Президент Әкімшілігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне және 3-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленген заң жобалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары бойынша сараптама жүргізу және олар бойынша қорытынды дайындау мерзімі, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, олар Президент Әкімшілігіне келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
4. Заң жобаларына сараптама жасалып, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері мен кеңесшілерінің тиісті қорытындылары дайындалғаннан кейін материалдар Президент Әкімшілігі басшылығының қолы қойылып, айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып одан әрі пысықтау үшін Үкімет Аппаратына жіберіледі. Аталған қорытындылар олардың көшірмелерін жіберу арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігінің назарына жеткізіледі.
Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген заң жобалары бойынша қорытындылар Президент Әкімшілігінің Басшысымен міндетті түрде келісілуге тиіс.
Заң жобасына Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі немесе кеңесшісі теріс қорытынды берген жағдайда материалдар осы қорытындымен бірге ол бойынша әрі қарай түпкілікті шешім қабылдау үшін Президент Әкімшілігінің Басшысына жіберіледі.
5. Заң жобалары бойынша Президент Әкімшілігі айтқан ескертулер жойылғаннан не олар бойынша Президент Әкімшілігімен арада туындаған келіспеушіліктер жойылғаннан кейін Үкімет оларды Парламент Мәжілісіне енгізеді.
6. Мыналар Президент Әкімшілігімен міндетті түрде алдын ала келісілуге тиіс:
1) Парламентте қаралуы Мемлекет басшысының атынан басым деп айқындау жоспарланған заң жобалары;
2) Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары іске асырылатын заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердің жобалары, сондай-ақ қолданыстағы конституциялық заңдарды, кодекстерді өзгерту мен толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқаруды, елдің саяси және сайлау жүйелерін жетілдіруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау қызметі және сот төрелігін жүзеге асыру салаларындағы құқықтық қатынастарды регламенттейтін заң жобалары;
6) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобалары;
7) Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне және 3-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленген заң жобалары, сондай-ақ Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары.