Республиканың ғылымын ұйымдастыруды жетiлдiру мен ғылыми-техникалық әлеуетiн дамыту жөнiндегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1993 жылғы 21 қаңтардағы N 1090. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк дербестiгiнiң қалыптасуына байланысты және республиканың ғылымын басымдықпен дамыту, ғылыми-техникалық әлеуетiн нығайту, әрi Қазақстанның технологиялық серпiлiсiн қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Республиканың ғылыми-техникалық әлеуетiн дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ұлттық ғылыми орталықтар желiсiн құрып, оларды мемлекет тарапынан басымдықпен қолдауды қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынысы қабылдансын. 
      Ұлттық ғылыми орталықтар Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгiне - Ғылым академиясына қарасты кешендi ғылыми-техникалық бiрлестiктер болып табылады, деп белгiленсiн.<*> 
       Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 
1996.03.11. N  2895  жарлығымен.  
      2. Республикадағы ғылыми-техникалық прогрестiң өзектi бағыттарын дамытуды қамтамасыз ету үшiн мынадай Ұлттық орталықтар: 
      Қазақстан Республикасының радиоэлектроника мен байланыс жөнiндегi ұлттық орталығы, "Саршаған" полигонының ғылыми-техникалық кешенiнiң, сондай-ақ бұрын одақтық бағыныста болып келген радиотехникалық бейiмдегi кәсiпорындардың, ұйымдар мен полигондардың негiзiнде; 
      Қазақстан Республикасының Биотехнология жөнiндегi ұлттық орталығы, биотехнологиялық бейiмдегi ғылыми мекемелердiң, кәсiпорындар мен ұйымдардың негiзiнде; 
      Қазақстан Республикасының Минералдық шикiзатты кешендi ұқсату жөнiндегi ұлттық орталығы, бұрын одақтық бағыныста болып келген тау-кен және металлургия бейiмiндегi ғылыми және жобалау ұйымдарын қоса тиiстi академиялық және салалық ғылыми мекемелермен ұйымдардың негiзiнде құрылсын. 
       ЕСКЕРТУ. 2-тармақтың 2,4,5-абзацтары алынып тасталды - ҚР Президентінiң 1997.10.13. N  3660  жарлығымен.   
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      Ұлттық ғылыми орталықтардың қызметiн ұйымдастыру мен қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдансын; 
      Ұлттық ғылыми орталықтардың материалдық-техникалық базасын дамыту жөнiнде, оларды осы заманғы ғылыми және технологиялық жабдықтармен жарақтауды қоса, шаралар бағдарламасын әзiрлеп жүзеге асырсын; 
      Ұлттық ғылыми орталықтарды республикалық бюджет қаржысының есебiнен нысаналы қаржыландыруды көздесiн, әр орталық бойынша қаржыландырудың кепiлдi көздерiн, оның iшiнде шет ел несиелерi мен инвестицияларының, сондай-ақ орталықтардың өздерiнiң өндiрiстiк-коммерциялық қызметi есебiнен қаржыландыру көздерiн анықтасын. 
      4. Қазақстан Республикасының жоғары бiлiктi барлық ғалымдарын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ауқымында бiрiктiру тиiмдi деп саналсын. 
      Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнiң Қазақстан Республикасының Ғылым академиясын Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы етiп қайта құру туралы, әрi онда республикада дамып отырған жетекшi ғылыми бағыттардың өкiлдiгiн кеңейту жөнiндегi ұсынысы қабылдансын.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы үшiн Қазақстан Республикасының жоғары ғылыми мекемесiнiң мәртебесi белгiленсiн.
     5.<*>
      Ескерту. 5-тармақ алынып тасталды - ҚР Президентiнiң 
1996.03.11. N  2895  жарлығымен. 

      Қазақстан Республикасының
     Президентi

 

      

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады