Қазақ мемлекеттiк экономика университетiн Қазақ мемлекеттiк басқару академиясы етiп қайта құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1993 жылғы 25 ақпандағы N 1120. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Қазақстан Республикасында қалыптастырылып жатқан нарықтық экономиканы кадрлармен қамтамасыз етудiң аса қажеттiлiгi мен маңыздылығын ескерiп және халықаралық талаптарға сай келетiн маман экономистер мен басқару қызметкерлерiн толымды ауқымда даярлау мен қайта даярлауды жеделдету, сондай-ақ тиiсiнше ұйымдық және ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Қазақ мемлекеттiк экономика университетi Қазақ мемлекеттiк басқару академиясы болып қайта құрылсын. 
      Академияға әлемдiк практикада қабылданған мамандықтар номенклатурасы бойынша экономистер, басқару кадрларын және оқытушылар даярлау, оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын әзiрлеу, жаңа оқу, оқу-әдiстемелiк және ғылыми әдебиет дайындау мен басып шығаруға басшылық ету жүктелсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      жыл сайын Академияға халықаралық байланыстарды қаржыландыру үшiн валюта қаражаты және оқу-өндiрiстiк және басқа объектiлердi салуға күрделi қаржы бөлiнуiн көздейтiн болсын; 
      Академияны (оқытушылар мен қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеудi қоса) жеке норматив бойынша ұстауға республикалық бюджеттен қаржы бөлудi көздесiн; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен және Ұлттық мемлекеттiк банкiсiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттiк банкiсiнiң Алматы және Қарағанды есеп-кредит техникумдарын, Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi мен Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң есеп, статистика және жұмыспен қамту кадрларын қайта даярлау мен бiлiктiлiгiн көтеру жөнiндегi салааралық институттарын белгiленген тәртiппен Академияның қарауына беру туралы мәселенi қарастырсын; 
      Академияның құрамында ғылыми-зерттеу мекемелерiн құрып, олардың оқу-өндiрiстiк және ғылыми базасын нығайту мен дамыту жөнiнде шаралар қолдансын. 

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады