Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2122 заң күші бар жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Заңының 1-бабына сәйкес ұйымдасқан қылмыс нысандарына қарсы күрестi күшейту, құқық тәртiбiн нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмысты қол сұғудан қорғау мақсатында қаулы етемiн:

      Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      I. Қазақ ССР Жоғары Советi 1984 жылғы 22 наурызда қабылдаған Қазақ ССР Әкiмшiлiк право бұзушылық туралы кодексiнде:

      1. Кодекс мынадай мазмұндағы 31-3 баппен толықтырылсын:

      "31-3-бап. Алкоголизмге, нашақорлық немесе уытқұмарлық

      дертiне шалдыққан, әкiмшiлiк құқықты бұзған

      ауруларға медициналық сипаттағы ерiксiз

      шараларды қолдану

      Құнықпа алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және ерiктi түрде емделуден жалтаратын адам басқа азаматтардың құқығын немесе қоғамдық тәртiптi бұзатын әкiмшiлiк iс-әрекет жасаған жағдайда сот әкiмшiлiк жазамен қатар оған денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемесiнде ерiксiз емделудi тағайындай алады.

      Емделiп жүрген адам жатқан емдеу мекемесi ерiксiз емделудi тоқтатады".

      2. 167-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "167-бап. Шетел валютасымен және төлем құжаттарымен

      заңсыз операциялар

      Қазақстан Республикасының валюталық реттеу туралы заңдарымен тыйым салынған шет ел валютасымен, сондай-ақ шет ел валютасымен бағаланатын құнды қағаздармен немесе төлем құжаттарымен операциялар жасау, заңсыз операция затының құны ең төменгi бiр мың жалақының мөлшерiнен аспайтын болса, -

      валюта мен төлем құжаттары тәргiленiп, ең төменгi жалақының он мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. 188-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      188-2-бап. Заңда белгiленген тәртiппен тiркелмеген қоғамдық

      бiрлестiктердiң қызметiне қатысу

      Заңда белгiленген тәртiппен қызметi кiдiртiлген не болмаса тоқтатылған немесе заңда белгiленген тәртiппен тiркелмеген қоғамдық бiрлестiктерге қатысу, -

      ең төменгi жалақының бестен он мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға немесе он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкелiп соғады".

      4. Кодекс мынадай мазмұндағы 188-6, 188-7, 188-8-баптармен толықтырылсын:

      188-6-бап. Ұлт араздығын қоздыруға бағытталған материалдарды

      баспасөзде және басқа бұқаралық хабарлама

      құралдарында жариялауға рұқсат беру

      Нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк және дiни араздықты қоздыру бағытталған, сословиелiк астамшылықты, соғысты, порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа табынушылықты насихаттайтын, конституциялық құрылысты күш қолданып құлатуға және Республиканың аумақтық тұтастығын бұзуға шақыратын мәлiметтер мен материалдарды баспасөзде және басқа бұқаралық хабарлама құралдарында жариялауға рұқсат беру, -

      бұқаралық хабарлама құралдарының лауазымды адамдарына ең төменгi жалақының оннан жиырма мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға әкелiп соғады.

      188-7-бап. Республикаға ұлт араздығын қоздыру

      мақсатымен баспасөз өнiмiн әкелу

      Нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк, дiни араздықты қоздыруға бағытталған, соғысты, сословиелiк астамшылықты, порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа табынушылықты насихаттайтын, конституциялық құрылысты күш қолданып құлатуға шақыратын мәлiметтерi мен материалдары бар баспа және басқа өнiмдi республикаға әкелу, -

      баспа және басқа өнiм тәргiленiп, ең төменгi жалақының бестен он мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға әкелiп соғады.

      188-8-бап. Баспасөз және басқа бұқаралық хабарлама

      құралдары туралы заңдарды бұзушылық

      Баспаның немесе бұқаралық хабарлама құралының тiркелмей немесе оларды тiркеудi жою туралы шешiм шығарылғаннан кейiн баспаның немесе бұқаралық хабарлама құралының бұқаралық ақпарат өнiмiн дайындауы мен таратуы, сондай-ақ басылымдарды шығымдық мәлiметтерiнсiз немесе бақылау және мiндеттi даналарын табыс етпей шығаруы немесе сонымен қатар басқа баспалардың немесе бұқаралық хабарлама құралдарының ақпаратты жариялауға деген айрықша құқығын бұзуы, -

      баспа және басқа өнiмi тәргiленiп, ең төменгi жалақының он бестен жиырма мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға әкелiп соғады.

      Жыл бойында қайталанып жасалған нақ сондай iс-әрекеттер, -

      баспа және басқа өнiмi, ақпарат дайындау мен таратуға пайдаланылған техникалық құралдары тәргiленiп, ең төменгi жалақының жиырмадан жиырма бес мәрте мөлшерiне дейiнгi сомада айыппұл салуға әкелiп соғады.

      5. 216-бап "164-2" санынан кейiн "167" санымен толықтырылсын.

      6. 217-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "167" саны алынып тасталсын.

      7. 248-1-бапта:

      бiрiншi бөлiктiң 1-тармағы "Қазақстан Республикасы Көлiк министрлiгi жанындағы Теңiз және Өзен Регистрi органдары (121-бап)" деген сөздерден кейiн мынадай мазмұндағы жаңа абзацтармен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi органдары (188-6 - 188-8-баптар);

      "кеден органдары (188-7-бап)";

      бiрiншi бөлiктiң 1-тармағының жиырма сегiзiншi абзацы "185-4" санынан кейiн "188-6 - 188-8" сандарымен толықтырылсын.

      8. 308-баптың екiншi абзацы "182" санынан кейiн "188-8-баптың екiншi бөлiгiмен" деген сөздермен толықтырылсын".

      II. 1959 жылғы 22 шiлдедегi Қазақ ССР Заңымен бекiтiлген Қазақ ССР Қылмыстық кодексiнде:

      1. 7-1-баптың екiншi бөлiгi "еңбекпен түзеу мекемелерiнiң жұмысына iрiткi салатын әрекеттер (63-1-бап)" деген сөздерден кейiн "қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастыру немесе оларға басшылық ету, қылмыстық қауымдастыққа қатысу (63-2-бап)" сөздерiмен толықтырылсын.

      2. 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "17-бап. Қылмысқа қатысу

      Екi немесе одан да көп адамдардың қасақана бiрлесiп, қасақана қылмыс iстеуге қатысуы - қылмысқа қатысу деп танылады.

      Қылмысты орындаушылар, ұйымдастырушылар, қылмысқа азғырушылар және көмектесушiлер қылмысқа қатысушылар болып табылады.

      Қылмысты тiкелей iстеген немесе оның iстелуiне басқа адамдармен бiрге тiкелей қатысқан, сондай-ақ заң бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтын немесе абайсыз әрекет жасалған басқа адамдарды пайдалану арқылы қылмыс iстеген адам - қылмысты орындаушы деп танылады.

      Қылмыстың iстелуiн ұйымдастырған немесе iстелуiне басшылық еткен адам - қылмысты ұйымдастырушы деп танылады.

      Қылмысты iстеуге бiреудi көндiрген адам - қылмысқа азғырушы деп танылады.

      Қылмысты iстеуге кеңестерiмен, нұсқауларымен, құрал берiп немесе кедергiлердi жойып көмектескен адам немесе қылмыстыны, қылмыс iстеуге пайдаланылатын құралдар мен қару-аспаптарды, қылмыстың iзiн немесе қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға күнi бұрын уәде берген, сондай-ақ осындай заттарды сатып алуға немесе сатуға күнi бұрын уәде берген адам - қылмысқа көмектесушi деп танылады.

      Қылмысты ұйымдастырушының, қылмысқа азғырушы мен қылмысқа көмектесушiнiң жауаптылығы осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмысты орындаушы жауапқа тартылатын бабы бойынша туындайды.

      Қылмысты орындаушы iстеген және қылмысқа қатысушылардың пиғылымен қамтылмаған әрекеттер үшiн басқа қатысушылар қылмысқа жауапты болмайды".

      3. Кодекс мынадай мазмұндағы 17-1-баппен толықтырылсын:

      "17-1-бап. Бiр топ адамның немесе қылмысты

      қауымдастықтың қылмыс iстеуi

      Қылмысты бiрлесiп iстеу туралы алдын-ала келiскен адамдардың iстеген қылмысы - бiр топ адамның алдын-ала уәделесуi бойынша iстелген қылмыс деп танылады.

      Тұрақты қылмыстық топқа алдын-ала бiрiккен адамдардың iстеген қылмысы адамдардың ұйымдасқан тобы iстеген қылмыс деп танылады.

      Қылмыстық әрекеттермен айналысу үшiн құрылған тұрақты құрылымдық бiрлестiктерге кiретiн адамдардың iстеген қылмысы - қылмыстық қауымдастық iстеген қылмыс деп танылады".

      4. 23-бапта:

      Төртiншi бөлiктiң алтыншы абзацы "қылмыстар үшiн (50-59-баптар)" деген сөздерден кейiн "қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастырғаны не оларға басшылық еткенi үшiн (63-2-бап, бiрiншi бөлiгi), милиция, iшкi iстер органдары қызметкерiнiң, халық жасақшысының, жауап алушы адамның, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе халық заседательдерiнiң өмiрiне қастандық жасағаны үшiн (173-1-бап)" сөздерiмен толықтырылсын.

      төртiншi бөлiктiң жетiншi абзацы "ерекше қауiптi рецидивистер" деген сөздерден кейiн "немесе қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастырғаны не оларға басшылық еткенi үшiн (63-2-бап, екiншi бөлiгi) сотталған" сөздерiмен толықтырылсын;

      сегiзiншi бөлiк "қылмыс жасағаны (50-59-баптар)" деген сөздерден кейiн "қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастырғаны немесе оларға басшылық еткенi үшiн (63-2-бап), милиция, iшкi iстер органдары қызметкерiнiң, халық жасақшысының, жауап алушы адамның, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе халық заседательдерiнiң өмiрiне қастандық әрекет үшiн сотталған (173-1-бап)" сөздерiмен толықтырылсын.

      5. 23-1-бапта бiрiншi бөлiктiң 1 және 2 тармақтары "бандитизм (63-бап)" сөзiнен кейiн "қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастырғаны не оларға басшылық еткенi, қылмыстық қауымдастыққа қатысқаны үшiн (63-2-бап)" сөздерiмен толықтырылсын.

      6. 37-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын: "Қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушыларына, басшыларына не оған қатысушыға жаза тағайындағанда неғұрлым қатаң жаза қолдануды қарастыратын заң баптарында белгiленген шекте тағайындалған жазаларды толық қосу тәртiбi қолданылады".

      7. Кодекс мынадай редакциядағы 45-4-баппен толықтырылсын:

      "45-4-бап. Қылмыстың тергелуiне өз еркiмен көмектесуiне

      байланысты қылмысты жауаптылықтан босату

      немесе жазаны жеңiлдету

      Қылмыс iстеген адам егер ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық iстеген қылмыстарды болдырмауға, ашуға және тергеуге белсендi түрде көмек көрсетсе, әрi iстеген қылмысы ауыр болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.

      Ауыр қылмыс жасаған адамға, егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық iстеген қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеуге белсендi түрде көмек көрсетсе, жазасы жеңiлдетiлуi мүмкiн".

      8. 46-1-баптың үшiншi тармағы "еңбекпен түзеу мекемелерiнiң жұмысына iрiткi салатын әрекеттерi (63-1-бап)" деген сөздерден кейiн "қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық ұйымдастырғаны не оларға басшылық еткенi, қылмыстық қауымдастыққа қатысқаны (63-2-бап)" сөздерiмен толықтырылсын.

      9. Кодекс мынадай редакциядағы 63-2 және 63-3-баптармен толықтырылсын:

      "63-2-бап. Қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық

      ұйымдастыру немесе оларға басшылық ету,

      қылмыстық қауымдастыққа қатысу

      Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу,-

      мүлкi тәргiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Қылмыстық қауымдастықты ұйымдастыру немесе оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу, -

      мүлкi тәргiленiп, үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      63-3-бап. Заңсыз қоғамдық бiрлестiктердi және

      әскерилендiрiлген құрамаларды құру

      немесе олардың қызметiне қатысу

      Нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк, дiни төзiмсiздiктi, сословиелiк астамшылықты уағыздайтын немесе iс жүзiне асыратын, конституциялық құрылысты күш қолданып құлатуға шақыратын немесе Республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғатын қоғамдық бiрлестiктер құру, сондай-ақ мұндай бiрлестiктердiң қызметiне қатысу, -

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Республиканың заңдарымен көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар, құпия қоғамдар мен бiрлестiктер құру, сондай-ақ олардың қызметiне қатысу, -

      бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      10. 64, 73, 74-баптар мынадай редакцияда баяндалсын:

      "64-бап. Контрабанда

      Контрабанда, яғни тауарларды не басқа бiр бағалы заттарды кедендiк бақылауға соқпай немесе одан жасырып Қазақстан Республикасының мемлекеттiк немесе кеден шекарасы арқылы, немесе алдау арқылы кеден құжаттары мен басқа да құжаттарды пайдалану жолымен iрi мөлшерде заңсыз өткiзу, -

      мүлкi тәргiленiп, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Контрабанданы:

      а) контрабанда үшiн бұрын сотталған адам;

      ә) адамдардың ұйымдасқан тобы;

      б) өзiнiң қызмет бабын пайдаланып лауазымды адам жасаса;

      в) контрабанда аса iрi мөлшерде жасалса, -

      мүлкi тәргiленiп, үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Есiрткi заттардың, уыты күштi, улы, улағыш, радиоактивтi немесе жарылғыш заттардың, атыс қаруының, оқ-дәрiлер не болмаса әскери жарақтың контрабандасы, -

      мүлкi тәргiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Үшiншi бөлiкте көзделген iс-әрекеттер осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген ауырлататын жағдайларда жасалса, -

      мүлкi тәргiленiп, жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      73-бап. Жасанды ақшаны немесе бағалы қағаздарды

      қолдан жасау немесе өткiзу

      Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң жасанды банкноттарын, міндеттердi, мемлекеттiк және өзге де бағалы қағаздарды, шет ел валютасын өткiзу мақсатында жасау, сатып алу, сондай-ақ өткiзу, -

      мүлкi тәргiленiп, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Кәсiпшiлiк түрiнде адамдар тобы, сондай-ақ осы бапта көзделген қылмыстар үшiн бұрын сотталған адам жасаған нақ сондай әрекеттер, -

      мүлкi тәргiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      74-бап. Валюталық құндылықтармен жасалған заңсыз

      операциялар

      Қазақстан Республикасының валюталық реттеу туралы заңдарымен тыйым салынған валюталық құндылықтармен операциялар жасаған адам:

      мүлкi және валюталық құндылықтары тәргiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Адамдар тобы, сондай-ақ осы бапта көзделген қылмысы үшiн бұрын сотталған адам жасаған нақ сондай әрекеттер, -

      мүлкi мен валюталық құндылықтары тәргiленiп, бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      11. 81-баптың үшiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салықтар және басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден қасақана жалтару арқылы мемлекетке едәуiр залал келтiру, -

      мүлкi тәргiленiп бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Ескерту.

      Жалақының ең төменгi бiр мың мөлшерiнен асатын залал едәуiр деп танылады".

      12. 96-баптың екiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      13. Кодекс мынадай редакциядағы 165-5 баппен толықтырылсын:

      "165-5-бап. Қылмыстық жолмен алынған немесе тапқан ақшалай

      қаражатты және өзге де мүлiктi кәсiпкерлiк

      немесе заңмен тыйым салынбаған басқа қызметпен

      айналысуға пайдалану

      Қылмыстық жолмен әдейi алынған немесе тапқан ақшалай қаражатты, сондай-ақ басқа да мүлiктi кәсiпкерлiк немесе заңмен тыйым салынбаған өзге қызметпен айналысуға пайдалану, -

      мүлкi тәргiленiп, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      14. 171-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "171-1-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерiне, әскери

      қызметшiге немесе халық жасақшысына қарсылық

      көрсету

      Қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару кезiнде iшкi iстер органы қызметiне, әскери қызметшiге немесе халық жасақшысына қарсылық көрсету, -

      үш жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Нақ сол әрекеттердi күш жұмсау арқылы немесе күш жұмсаймын деп қорқыту арқылы iстеу, сондай-ақ бұл адамдарды күш жұмсау арқылы немесе күш жұмсаймын деп қорқыту арқылы көрiнеу заңсыз әрекеттердi орындауға зорлау,-

      үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      15. 173-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "173-1-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерiнiң, халық

      жасақшысының, анықтама жүргiзушi адамның,

      тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе

      халық заседательдерiнiң өмiрiне қастық әрекет

      Өздерiнiң қызмет бабындағы немесе қоғамдық iсiне байланысты iшкi iстер органдары қызметкерiнiң, халық жасақшысының, анықтама жүргiзушi адамның, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе халық заседательдерiнiң өмiрiне қастық әрекет жасау, -

      сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал жауаптылықты ауырлататын жағдайда өлiм жазасына кесiледi.

      16. 176-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Лауазымды адамдар iстеген нақты сондай әрекеттер, -

      екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      17. 177-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Iрi мөлшерде мүлiктiк пайда алуға бағытталған нақ сондай әрекеттер, -

      екi жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      18. 187-бапта:

      бiрiншi бөлiктегi "бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына" деген сөздер "үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екiншi бөлiктегi "бес жылға дейiнгi" деген сөздер "үш жылдан жетi жылға дейiнгi" деген сөздермен ауыстырылсын".

      19. 187-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "187-1-бап. Куәнi, жәбiрленушiнi, сарапшыны немесе

      аудармашыны сатып алу немесе өтiрiк

      жауап беруге зорлау

      Куәнi, жәбiрленушiнi, сарапшыны немесе аудармашыны сотта яки жауап алу, алдын ала тергеу кезiнде олардың өтiрiк жауап беруi немесе өтiрiк қорытынды беруi, бұрыс аударма жасауы немесе жәбiрленушi немесе куәнi жауап беруден бас тартуы мақсатында параға сатып алу, -

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Өздерiн немесе олардың туыстарын, жақын адамдарын өлтiремiн, күш жұмсаймын, ұрлаймын немесе осы адамдардың мүлкiн құртамын деп қатер төндiру жолымен сол адамдарды өтiрiк жауап беруге, өтiрiк қорытынды беруге, бұрыс аударма жасауға не болмаса жауап беруден бас тартуға зорлау, -

      үш жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Сол адамдардың өмiрi мен денсаулығына хауiп төндiретiн немесе iрi зиян шегуге не болмаса өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған күш жұмсау арқылы оларды өтiрiк жауап беруге, өтiрiк қорытынды беруге, бұрыс аударма жасауға немесе жауап беруден бас тартуға зорлау, -

      төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      20. 191-1, 191-2, 191-3-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "191-1-бап. Iстi тергеуге немесе қарауға заңсыз араласу

      Iстiң жан-жақты, толық және объективтi тергелуiне немесе қаралуына кедергi жасау немесе заңсыз шешiм шығарылуына қол жеткiзу мақсатымен жауап алушы адамға, тергеушiге, прокурорға, судьяға немесе халық заседательдерiне қандай да болсын нысанда ықпал жасау, -

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      Қызмет жағдайын пайдаланып лауазымды адам жасаған нақ сол әрекеттер, -

      бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      191-2-бап. Анықтама жүргiзушi адамды, тергеушiнi, прокурорды,

      судьяны немесе халық заседательдерiн қорқыту

      Өздерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн немесе қоғамдық борышын жүзеге асыруға байланысты анықтама жүргiзушi адамға, тергеушiге, прокурорға, судьяға немесе халық заседательдерiне, сондай-ақ олардың туысқандарына немесе жақындарына өлтiремiн, дене жарақатын түсiремiн, ұрлаймын немесе мүлкiңдi құртамын деп қатер төндiру, -

      үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

      191-3-бап. Анықтама жүргiзушi адамға, тергеушiге, прокурорға,

      судьяға немесе халық заседательдерiне тiл тигiзу

      Өздерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн немесе қоғамдық борышын жүзеге асыруға байланысты анықтама жүргiзушi адамға, тергеушiге, прокурорға, судьяға немесе халық заседательдерiне қандай да болсын нысанда тiл тигiзу,-

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      21. 192-баптағы "үш жүз сомнан бiр мың сомға дейiн штрафқа" деген сөздер "бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      22. 193-бапта:

      бiрiншi бөлiктегi "алты айға дейiнгi мерзiмге еңбекпен түзеу жұмыстарына немесе жүз сомға дейiнгi мөлшерде штрафқа" деген сөздер "үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      екiншi бөлiктегi "жүз сомға дейiнгi штрафқа" деген сөздер "бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      23. 1994-баптағы "бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына немесе жүз сомға дейiнгi штрафқа" деген сөздер "үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      24. 194-бап мынадай мазмұндағы екiншi және үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Қызмет бабына байланысты өзiне мәлiм болған анықтама дерегiн, алдын ала тергеу мен сот тергеуiнiң деректерiн жария еткен адам, -

      үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына немесе қызметiнен босатуға жазаланады.

      Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған нақ сондай әрекеттер, -

      жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      25. 200-баптың екiншi бөлiгi "бұзақылық үшiн бұрын сотталған адам" деген сөздерден кейiн "немесе адамдар тобы" деген сөздермен толықтырылсын.

      26. 203-баптың бiрiншi бөлiгi "оқ-дәрiнi" деген сөздерден кейiн "әскери жарақты" деген сөздермен толықтырылсын. Екiншi бөлiк "оқ дәрiнi" деген сөздерден кейiн "әскери жарақты" деген сөздермен толықтырылсын. Үшiншi бөлiктегi "оқ-дәрiнi" деген сөздерден кейiн "әскери жарақты" деген сөздермен толықтырылсын, "ерекше қауiптi рецидивистiң" деген сөздерден кейiн "немесе қызмет жағдайын пайдаланып" деген сөздермен толықтырылсын.

      27. 214-бапта:

      үшiншi, төртiншi, бесiншi, алтыншы бөлiктер тиiсiнше төртiншi, бесiншi, алтыншы және жетiншi бөлiктер деп саналсын;

      мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Өткiзудi мақсат тұтпай есiрткi заттарды iрi мөлшерде заңсыз жасау, сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе жiберу,-

      мүлкi тәргiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      28. 215-1-бапта:

      бiрiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құмарлық ойындары притондарын, сондай-ақ жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау, немесе бас пайдасын көздеп жеңгетайлық жасау, сондай-ақ жезөкшелiкпен айналысуға мәжбүр ету,-

      мүлкiн тәргiлеп, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады";

      мынадай мазмұндағы бесiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Адамдар тобы iстеген осы баптың бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер,-

      мүлкiн тәргiлеп, бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".

      III. 1959 жылғы 22 шiлдедегi Қазақ ССР Заңымен бекiтiлген Қазақ ССР-iнiң қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде:

      1. 6-баптың екiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      2. Кодекс мынадай мазмұндағы 14-3-баппен толықтырылсын:

      "14-3-бап. Қылмыстың тергелуiне өз еркiмен көмек

      көрсетуiне байланысты қылмысты iстi қысқарту

      немесе жазаны жеңiлдету

      Сот, прокурор, сондай-ақ тергеушi немесе анықтама органы прокурордың келiсiмiмен, қылмыс жасаған адамды, егер ол ауыр қылмыс жасамаса, әрi ол өз еркiмен ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған қылмыстардың алдын алуға, ашылуына және тергелуiне белсене жәрдемдестi деп танылса қылмыстық iстi қысқартып, қылмыстық жауаптылықтан босатуға құқылы.

      Қылмыстық iс қысқартылғанға дейiн қылмыс жасаған адамға мұндай босатудың мәнi және осы негiзде қылмыстық iстiң қысқартылуына қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.

      Егер қылмыс жасаған адам бұған қарсы болса, қылмыстық iстi қысқартуға жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iстi жүргiзу кәдiмгi тәртiп бойынша одан әрi жалғастырылады.

      Егер ауыр қылмыс жасаған адам ұйымдасқан топ немесе қылмыстың қауымдастық жасаған қылмыстардың алдын алуға, ашылуына және тергелуiне белсене жәрдемдессе, сот айыптау үкiмiн шығарған кезде оған қылмыстық жазаны жеңiлдетуге құқылы".

      3. 22-баптың бiрiншi бөлiгiнде "қамауға санкция беру туралы прокурор шешiмiнiң заңдылығына сотқа шағымдануға" сөздерi алынып тасталсын.

      4. 26-баптың екiншi бөлiгiнде "өзiнiң қорғауындағы адамды қамауға санкция беру туралы прокурор шешiмiнiң заңдылығына сотқа шағымдануға, шағымды сотта қараған кезде қатысуға, оны негiздiлiгiне дәлелдемелер тапсыруға" сөздерi алынып тасталсын.

      5. 33-баптың бiрiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      6. 47-баптың екiншi бөлiгi "кинофотоматериалдармен, бейнедыбыс жазбамен" сөздерiнен кейiн "оперативтiк iздестiру шараларын жүргiзу барысында алынған материалдармен" деген сөздермен толықтырылсын.

      7. Кодекс мынадай мазмұндағы 61-3-баппен толықтырылсын:

      "61-3-бап. Оперативтiк iздестiру шаралары барысында

      алынған дәлелдемелер

      Оперативтiк iздестiру шараларын жүргiзу барысында алынған кез келген фактiлiк мәлiметтер осы Кодекстiң талаптарына сәйкес тексеруден кейiн қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер ретiнде танылуы мүмкiн".

      8. 65-бапта:

      Бiрiншi бөлiгi "жасалған" сөзiнен кейiн "ауыр" сөзiмен толықтырылсын және "он" сөзi "отыз" сөзiмен алмастырылсын.

      Екiншi бөлiгiнде "қамауға санкция беру туралы прокурор шешiмiнiң заңдылығына сотқа шағымдануға" сөздерi алынып тасталсын.

      9. 70-баптың бесiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      10. 77-1 және 77-2-баптары алынып тасталсын.

      11. 85-баптың екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер қылмыстық iс қозғау туралы шешiм қабылдау оқиғаның болған орнына тексеру сараптама жүргiзбейiнше мүмкiн болмаса, онда бұларды қылмыстық iс қозғағанға дейiн жүргiзуге болады".

      12. 109-баптың: "бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4) прокурордың санкциясымен алынған оперативтiк тексерiс материалдарында осы адамға қатысты ол жасаған немесе дайындап жатқан қылмыс туралы мәлiметтер болса".

      13. 120-бапта:

      екiншi бөлiкте "63" саны алынып тасталсын;

      бесiншi бөлiгi "кодексiнiң" сөзiнен кейiн "63, 63-2, 63-3" сандарымен толықтырылсын; "165-4" сандарынан кейiн "165-5" сандарымен толықтырылсын.

      14. 243-баптың екiншi бөлiгi "45-3" сандарынан және "әкiмшiлiк жауаптылыққа" сөздерiнен кейiн тиiсiнше "45-4-баптың I бөлiгiнде", "сондай-ақ қылмыс жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылсын" сандарымен және сөздерiмен толықтырылсын.

      IV. 1992 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында:

      10-баптың 11-тармағы "сондай-ақ денсаулық сақтау органдарына құнықпа алкоголизм, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан, ақыл-есi бұзылуынан зардап шегiп жүрген және басқа азаматтардың құқығын немесе қоғамдық тәртiптi бұзатын адамдарды ерiксiз емдеу үшiн ұсыныстар мен материалдар жiберу" сөздерiмен толықтырылсын.

      14-бапта:

      Бiрiншi бөлiктiң:

      Екiншi абзацында "олардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн шабуылдан" сөздерi "қылмыстық қастандықтан" сөздерiмен алмастырылсын;

      үшiншi абзацында "топтасып немесе қарулы", "сондай-ақ олардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiрiлетiн өзге де шабуылды" сөздерi алынып тасталсын;

      төртiншi абзацында "топтасып", "қарулы" сөздерi алынып тасталсын;

      бесiншi абзацында "қарулы" және "ауыр" сөздерi алынып тасталсын;

      алтыншы абзацында "бiрнеше рет" сөздерi алынып тасталсын;

      сегiзiншi абзацында "қару қолданатынын ескерту" сөздерi алынып тасталсын.

      Екiншi бөлiкте "шабуыл жасаған реттерден басқасында" сөздерiнен кейiн "сондай-ақ қару қолдану басқа азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруi мүмкiн жағдайларда" сөздерiмен толықтырылсын.

      V. 1992 жылғы 20 маусымдағы "Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына:

      16-бапта:

      Екiншi бөлiктiң:

      бiрiншi тармағында "азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн шабуылдан" сөздерi "азаматтарды қылмыстық қастандық жасаудан" сөздерiмен алмастырылсын;

      екiншi тармағында "адамдардың" сөзi "адамдарға" сөзiмен алмастырылып, "өмiрi немесе денсаулығы қауiпке тап болған кезде күзетудегi адамға" сөздерi алынып тасталсын,

      үшiншi тармағында "қызметшiсiнiң", "мүшелерiнiң" сөздерi "қызметшiсiне", "мүшелерiне" сөздерiмен алмастырылып, "өмiрi мен денсалығына қатер төндiретiн" сөздерi алынып тасталсын;

      төртiншi тармағында: "немесе қарулы" сөздерi алынып тасталсын;

      бесiншi тармағында "қарулы қарсылық көрсеткен не ауыр" сөздерi алынып тасталсын.

      Үшiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      Төртiншi бөлiгiнде "немесе өмiрге қатер төндiретiн" сөздерi алынып тасталсын.

      Алтыншы бөлiгiнде "және арнаулы құралдарды пайдаланудың" сөздерi алынып тасталсын.

      VI. 1992 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасының iшкi әскерлерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына:

      26-бапта:

      Бiрiншi бөлiктiң:

      бiрiншi тармағында "егер олардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнiп, оларды басқа әдiстермен және құралдармен қорғау мүмкiн болмаса, сондай-ақ олардың қаруын тартып алуы үшiн жасалған әрекеттердi тыю үшiн" сөздерi алынып тасталсын;

      екiншi тармағында "топтасып немесе қаруланып жасалған" сөздерi алынып тасталсын;

      үшiншi тармағы алынып тасталсын;

      бесiншi тармағында "қарулы", "адамдардың өмiрiне, денсаулығына және бостандығына қарсы бағытталған", "ауыр" сөздерi алынып тасталсын;

      алтыншы тармағында "егер басқа әдiстермен және құралдармен бұл әрекеттердi тыю мүмкiн болмаса" сөздерi алынып тасталсын;

      жетiншi тармағында "қирату, өртеу, жаппай кiсi өлтiру және басқа да осы тәрiздi әрекеттерге әкеп соқтырған", "егер бұл әрекеттердi өзге шаралармен тыю мүмкiн болмаса" сөздерi алынып тасталсын;

      Екiншi бөлiгi алынып тасталсын.

      Үшiншi бөлiгiнiң:

      бiрiншi тармағында "азаматтарды", "қауiптi", "қатерiнен" сөздерi алынып тасталсын;

      екiншi тармағы алынып тасталсын;

      Төртiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адамдар алған, әуе кемесiн басып алған немесе топтасып шабуыл жасаған кездерден басқа уақытта әйелдерге және кәмелетке толмағандарға қарсы, сондай-ақ қару қолдану басқа адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайда, атыс қаруын қолдануға тыйым салынады".

      VII. 1992 жылғы 10 қаңтардағы "Қазақстан Республикасында халықтың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 3, 47-бап):

      1. 58-бапта:

      екiншi және үшiншi бөлiктер тиiсiнше үшiншi және төртiншi бөлiктер болып саналсын;

      бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Ақыл-есi бұзылуынан зардап шегiп жүрген және басқа азаматтардың құқығын немесе қоғамдық тәртiптi бұзатын адамдарға денсаулық сақтау органдарының емдеу мекемелерiнде ерiксiз емдеу қолданылуы мүмкiн. Ерiксiз емдеудi науқас емделiп жатқан емдеу мекемесi тоқтатады".

      2. 60-бапта:

      үшiншi бөлiк төртiншi бөлiк болып саналсын;

      бап мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Құнықпа алкоголизм, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан және басқа азаматтардың құқығын немесе қоғамдық тәртiптi бұзатын адамдарға денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған емдеу мекемелерiнде ерiксiз емдеу қолданылуы мүмкiн. Ерiксiз емдеудi науқас емделiп жатқан емдеу мекемесi тоқтатады".

      VIII. "Баспасөз және басқа бұқаралық хабарлама құралдары туралы" 1991 жылғы 28 маусымдағы Қазақ ССР Заңында:

      1. 5-бапта:

      бiрiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын: "Бұқаралық хабарлама құралдарын мемлекеттiк немесе заңмен арнайы қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария ету, қазiргi конституциялық құрылысты күш қолданып құлатуға немесе өзгертуге, мемлекеттiң егемендiгi мен аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру, соғысты, зорлық-зомбылық пен қатыгездiктi насихаттау, ұлттық, нәсiлдiк, әлеуметтiк, дiни алауыздықты қоздыру, ұлттық немесе сословиелiк астамашылық пен төзiмсiздiктi насихаттау, порнографияны тарату үшiн, қылмыстық жолмен жазаланатын өзге де iс-әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi".

      екiншi бөлiгi үшiншi бөлiк деп саналсын.

      бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:

      "Баспа немесе дыбысты-көрiнiстi басылымдарды порнографиялық басылымдарға жатқызуды арнайы комиссия жүзеге асырады":

      2. 13-баптың бiрiншi бөлiгi "26" санынан кейiн "және 26-1" сөздерiмен толықтырылсын.

      3. Заң мынадай мазмұндағы 14-1 және 26-1-баптармен толықтырылсын:

      "14-1 бап. Бұқаралық хабарлама құралын тiркеу туралы

      шешiмдi жою

      Бұқаралық хабарлама құралын тіркеу туралы шешiмдi бұқаралық хабарлама құралын тiркеген орган мынадай жағдайларда:

      а) бұқаралық хабарлама құралын тiркеу туралы шешiм қолданылып жүрген заңдар бұзылып енгiзiлген кезде;

      ә) осы Заңның 5-бабының бiрiншi бөлiгiнiң, 18, 19 және 26, 26-1-баптарының талаптары бұзылса;

      б) бұқаралық хабарлама құралын тiркеу туралы мәлiмдемеде баяндалған бағдарламалық мақсаттар мен мiндеттер сан рет бұзылса жою мүмкiн.

      Тiркеушi органның бұқаралық хабарлама құралын тiркеудi жою туралы шешiмiмен келiспеген жағдайда бұқаралық хабарлама құралының құрылтайшылары немесе редакциясы сотқа шағымдануға құқылы.

      Тiркеушi органның бұқаралық хабарлама құралын тiркеудi жою туралы шешiмiне сотқа шағымданған ретте шешiм кiдiртiледi:

      26-1-бап. Бұқаралық хабарлама құралдарындағы жарнама

      Жарнама редакциялық материалдың басқа элементтерiнен жарнама ретiнде айқын ерекшеленiп тұруға тиiс. Онда қоғамға тiл тигiзетiн және жарнамаланатын өнiм мен көрсетiлетiн қызметтiң сапасы жөнiнде адастыратын мәлiмдемелер немесе көрнекi бейнелер болмауға тиiс.

      Тiкелей балалар мен жастарға арналған жарнама мәтiнiнде немесе бейнеде олардың сенiмiне қиянат жасайтындай немесе заңға қарсы iс-әрекеттерге арандататындай ешнәрсе болмауға тиiс.

      Мемлекеттiк наградаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi санкция бермеген дәрi-дәрмектердi сатуды немесе емдеу тәсiлдерiн жарнамалауға тыйым салынады.

      Құдайға құлшылық ету рәсiмiн бергенде жарнама жасауға жол берiлмейдi.

      Бәсекелестердiң беделiн түсiретiн жарнамаларға тыйым салынады.

      Автордың жазбаша рұқсатынсыз автордың материалын жарнамамен үзiп отыруға тыйым салынады.

      Астарлы жарнамаға тыйым салынады.

      Жергiлiктi уақыт бойынша сағат 23-ке дейiн көрсетiлетiн теледидар мен радио бағдарламаларында, өзге де дыбысты-көрiнiстi жазбалар мен хабарларда алкоголь мен темекi өнiмдерiн жарнамалауға тыйым салынады.

      Алкоголь мен темекi өнiмдерiн жарнамалау оларды тұтынудың зиянын айқын көрсетiп беретiн мәтiнмен қатар жүргiзiлуге тиiс.

      Жарнамаға мамандандырылмаған бұқаралық хабарлама құралының редакциялық материалында жарнаманың жиынтық көлемi бiржолғы шығарылымның жалпы көлемiнiң 20 процентiнен аспауға тиiс.

      Жарнаманың мазмұны үшiн жауапкершiлiк жарнама берушiге жүктеледi.

      Жарнамалық материалдардың берiлуi үшiн жауапкершiлiк бұқаралық хабарлама құралының редакциясына жүктеледi".

      IХ. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Президентi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады