Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 4 қараша N 2594. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетiн құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 6 қазандағы N 2513  Жарлығының  3-тармағына сәйкес қаулы етемiн: 

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн. 
      2. <*> 
       ЕСКЕРТУ. 2-тармақ күшiн жойды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997.05.15. N 3504  жарлығымен.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы   
Президентiнiң 1995 жылғы  
4 қарашадағы N 2594   
Жарлығымен       
Бекiтiлген       

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
тергеу комитетi туралы
Ереже

  I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi: 
      1) Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн Мемлекеттiк тергеу комитетi органдарының бiртұтас жүйесiнде анықтауды, алдын ала тергеудi, экономикалық, лауазымдық және әскери қылмыстар жөнiндегi iстер бойынша, жедел iздестiру қызметiн, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа, сондай-ақ басқа да ерекше қауiптi қылмыстық көрiнiстерге қарсы күрес жүргiзетiн жедел iздестiру қызметi мен олардан туындайтын өзге де функцияларды жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган болып табылады; 
      2) өзiне жүктелген мiндеттердi атқара отырып, облыстар, Ақмола және Алматы қалалары бойынша, Қарулы күштердегi, өзге де әскерлер мен әскери құрамалардағы өзiне бағынысты бөлiмшелерге, сондай-ақ оқу орындарына, мекемелер мен ұйымдарға басшылықты қамтамасыз етедi, оның ерекше режимдi және ерекше маңызды объектiлерде, iрi қалалар мен аймақтарда өкiлдiктерi болады. 
       ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгертiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997.05.15. N 3504  жарлығымен.   

      2. Мемлекеттiк тергеу комитетi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Республика Президентiнiң актiлерiн, өзге де заңдар мен осы Ереженi басшылыққа алады. 

      3. Мемлекеттiк тергеу комитетi өз жұмысын Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау және өзге орталық атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып құрады. 

      4. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң және оған бағынысты органдардың қызметiн қаржыландыру, олардың қызметкерлерiн тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 

      5. Мемлекеттiк тергеу комитетi заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген қазақ және орыс тiлдерiнде өз атауы жазылған мөрi болады. 

  II. Мемлекеттi тергеу комитетiнiң негiзгi
мiндеттерi

      6. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң негiзгi мiндеттерi: 
      1) анықтау жүргiзу, алдын ала тергеу, жедел iздестiру және заңмен Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң құзыретiне жатқызылған өзге де iс-әрекет арқылы қылмыстарды айқындау, ашу және тыйып тастау; 
      2) қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен жүзеге асыруға қатысу; 
      3) қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық; 
      4) Комитетке бағынысты органдардың өздерiне жүктелген қызметтiк мiндеттерiн орындау жөнiндегi iс-әрекетiне ұйымдық, практикалық және әдiстемелiк басшылық жасау; 
      5) Комитет органдарының кадрларын даярлау және қайта даярлау, қызмет тәртiбiн нығайту; 
      6) Комитет органдарының қызметкерлерiн, олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк және құқықтық жағынан қорғау болып табылады. 

  III. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң негiзгi
функциялары

      7. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң негiзгi функциялары: 
      1) қылмыстық ахуалды талдау және болжам жасау, қылмыс жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды зерделеу және оларды жою жөнiнде пәрмендi шаралар әзiрлеу; 
      2) Комитет органдары қызметiнiң басым бағыттарын айқындау, оларды жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық тетiктерiн әзiрлеу; 
      3) Комитет органдарының жедел iздестiру қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асырылуын бақылау, оларға практикалық және әдiстемелiк көмек көрсету; 
      4) неғұрлым ауыр және күрделi, сондай-ақ кең қоғамдық серпiн туғызған қылмыстар жөнiндегi iстердi тергеу, жедел iздестiру шараларын жүргiзу; 
      5) орталықтандырылған криминалистiк, жедел iздестiру және ақпараттық-анықтамалық есеп жүргiзу; 
      6) Комитет органдары бөлiмшелерiнiң жедел iздестiру қызметiн жоспарлау және үйлестiру; Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Iшкi iстер министрлiгiмен, сондай-ақ мемлекеттiк комитеттерiмен және өзге орталық атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасау; 
      7) Комитет органдарының кадрларын iрiктеу мен орналастыру және оларды оқытуды ұйымдастыру; 
      8) Республика Президентiнiң қарауына Комитет органдарын қаржылық, кадрлық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгiзу; 
      9) құқық қорғау қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi заң және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеуге қатысу; 
      10) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының қылмысқа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi халықаралық мiндеттемелерiн орындау, шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарымен өзара iс-қимыл жасау, халықаралық ұйымдардың қызметiне қатысу; 
      11) Республика Президентiнiң қарауына Комитет органдарының қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзу болып табылады. 

      8. Мемлекеттiк тергеу комитетi өз құзыретiнiң шегiнде нормативтiк-құқықтық актiлер оның қарауына жатқызған өзге де функцияларды орындайды. 

  IV. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қызметiн
ұйымдастыру

      9. Мемлекеттiк тергеу комитетiн Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындап, қызметтен босататын Төраға басқарады. 

      10. Мемлекеттiк тергеу комитетi Төрағасының үш орынбасары болады, оларды оның ұсынысымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. 
       ЕСКЕРТУ. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997.05.15. N 3504  жарлығымен.

      11. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң Төрағасы: 
      1) Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қызметiне басшылық етедi және Комитеттiң жұмысын ұйымдастыру мен оған жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн жеке-дара жауап бередi; 
      2) Төраға орынбасарларына, құрылымдық бөлiмшелер басшыларына жүктелетiн тиiстi мiндеттердi анықтайды, олардың қызметiнiң ретi туралы ережелердi бекiтедi; 
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шетел мемлекеттерiнiң құқық қорғау органдарымен қатынастарда Комитеттiң атынан өкiлдiк етедi; 
      4) өз құзыретiнiң шегiнде бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулар шығарады, Комитеттiң құрылымына енгiзiлген қызметтер мен бөлiмшелер туралы нұсқаулықтарды, басшылықтаманы, жарғыларды, ережелердi бекiтедi; 
      5) бекiтiлген қаражат шегiнде Комитет органдарының бөлiмшелерiн құрады және таратады, олардың құрылымын, штат саны мен еңбек ақы қорын анықтайды; 
      6) заңдарда белгiленген тәртiппен азаматтарды Мемлекеттiк тергеу комитетiне қызметке қабылдайды, арнаулы және әскери атақтар бередi; 
      7) Мемлекеттiк тергеу комитетi департаменттерiнiң, бас басқармаларының, басқармаларының, бөлiмдерiнiң бастықтары мен олардың орынбасарларын, оқу орындарының, мекемелердiң, ұйымдардың бастықтары мен олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 
      8) Мемлекеттiк тергеу комитетi органдарының басқа да қызметкерлерiн тағайындау тәртiбiн анықтайды; 
      9) Комитет пен оған бағынысты органдардың қызметкерлерiн көтермелейдi және тәртiптiлiк ретiмен жаза бередi; 
      10) Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiне Комитет органдарының құқық қорғау қызметiнiң, ұйымдастыру-штат, кадр және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ұсыныс енгiзедi; 
      11) Қазақстан Республикасының Президентiне Комитет органдарының жоғары басшы құрамына атақтар беру және қызметкерлерi мен қызметшiлерiн мемлекеттiк наградалармен наградтау, сондай-ақ оларға құрметтi атақтар беру туралы ұсыныс енгiзедi; 
      12) Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң органдарын ұстауға республикалық бюджеттен бөлiнген қаражат шегiнде жұмсалатын қаржы, оның iшiнде валюта қаржысын бөледi; 
      13) нормативтiк актiлермен өзiне берiлген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады. 
       ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгертiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997.05.15. N 3504  жарлығымен.

      12. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң Төрағасы болмаған ретте оның мiндеттерiн Төрағаның тапсыруы бойынша орынбасарларының бiрi атқарады. 

      13. Бағынысты органдардың қызметi үйлестiрiлуiн қамтамасыз ету, жедел-қызмет жұмысының неғұрлым маңызды мәселелерiн қарау, солар бойынша келiсiлген шешiмдер қабылдау үшiн Комитетте алқа құрылады, оның құрамында Комитеттiң Төрағасы (алқаның төрағасы), оның орынбасарлары (лауазымы бойынша), сондай-ақ Мемлекеттiк тергеу комитетi органдарының басқа да басшы қызметкерлерi болады. Алқа құрамын Республиканың Президентi Комитет Төрағасының ұсынуы бойынша бекiтедi. 
      Төраға мен алқа мүшелерiнiң арасында келiспеушiлiк болған жағдайда Төраға өз шешiмiн қабылдайды және туындаған келiспеушiлiктер жайында Республиканың Президентiне хабарлайды. Алқа мүшелерi өз пiкiрiн Республиканың Президентiне баяндауға хақылы. 

      14. Мемлекеттiк тергеу комитетi органдары қызметкерлерiнiң қызмет атқару тәртiбi Республика Президентi бекiтетiн Ережемен анықталады. 

  V. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тергеу
комитетiнiң қызметiн бақылау және қадағалау

      15. Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қаржы қызметiн бақылауды заңдарда белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады. 

      16. Заңдар мен Республика Президентiнiң актiлерiн Мемлекеттiк тергеу комитетi мен оның органдарының сақтауын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған байланысты прокурорлар жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады