Мемлекеттiк қызметшiлердiң тәртiбiн нығайту және жауапкершiлiгiн арттыру мақсатында "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығының U952730_ 30-бабына сәйкес қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерiне тәртiптiк жазалар қолданудың тәртiбi туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
2. Бiр ай мерзiмде:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi бұрын шығарылған актiлерiн
осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн әрi орталық және жергiлiктi атқарушы
органдардың актiлерiнiң оған сәйкес келтiрiлуiн қамтамасыз етсiн;
2) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және
есеп беретiн мемлекеттiк органдар бұрын шығарылған актiлерiн осы
Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
3. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1996 жылғы 20 желтоқсандағы
N 3279 Жарлығымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерiне
тәртiптiк жазалар қолдану тәртiбi туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
Мемлекеттiк қызметшiлердiң (бұдан былай - қызметшiлер) тәртiптiк жауапкершiлiгi - заңдық жауапкершiлiктiң бiр түрi, ол қызметшiлерге өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқарған кезде тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшiн жүктеледi.
II. Тәртiптiк терiс қылық
Тәртiптiк терiс қылық (бұдан былай - терiс қылық) қызметшiнiң өзiне жүктелген мiндеттердi құқыққа қайшы келiп, атқармай қойған кiнәсi немесе тиiсiнше атқармауы, лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзуы, сол сияқты "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығымен (бұдан былай "Мемлекеттiк қызмет туралы" Жарлық) белгiленген мемлекеттiк қызметте болумен байланысты шектеулердi сақтамауы болып табылады.
III. Тәртiптiк жаза және оның түрлерi
1. Тәртiптiк жаза (бұдан былай - жаза) - қызметшiге уәкiлдi орган немесе лауазымды адам терiс қылық жасағаны үшiн қолдануы мүмкiн тәртiптiк жауапкершiлiк шарасы.
2. "Мемлекеттiк қызмет туралы" Жарлықтың 30-бабына сәйкес
қызметшiлерге жазаның мынадай түрлерi қолданылуы мүмкiн:
1) сөгiс;
2) қызметiне толық сәйкес келмейтiнi туралы ескерту;
3) кезектi бiлiктiлiк сыныбын берудi немесе неғұрлым жоғары
қызметке тағайындауды бiр жылға дейiн кiдiрту;
4) мемлекеттiк қызметтен босату.
3. Жасалуы заңда көзделген өзге жауапкершiлiкке әкелiп соғатын
әрекет үшiн жаза қолданылмайды.
4. Берiлген жазалар туралы мәлiметтер мемлекеттiк органдардың
кадр қызметтерi жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшiлердiң жеке
iстерiне енгiзу жолымен есепке алынуға тиiс.
IV. Жаза қолдану жағдайлары
1. Жаза жасалған терiс қылықтың ауырлығына, түрiне және оны
жасаған адамның кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес келуге тиiс.
2. Тәртiптiк жазаның түрiн айқындаған кезде:
1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты;
2) терiс қылық жасалған жағдаяттар;
3) жасалған қылық әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн
келеңсiз зардаптар;
4) оны жасаған адамның бұрынғы мiнез-құлқы;
5) мемлекеттiк қызмет стажы;
6) қызметшiнiң жеке басын сипаттайтын өзге де жағдаяттар
ескерiледi.
3. Бiрнеше қызметшi бiрлесiп терiс қылық жасаған кезде жаза
кiнәлiлердiң әрқайсысына жеке қолданылады.
4. Жасалған терiс қылығы үшiн бiр ғана жаза берiледi.
V. Жаза субъектiлерi және оны қолдану тәртiбi
1. Қызметшiлерге жазаны лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес жаза қолдану құқығы бар мемлекеттiк органдар немесе лауазымды адамдар қолданады.
2. Жазаны:
1) Мемлекет басшысы тағайындайтын қызметшiлерге, Президентке тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар басшыларына және олардың орынбасарларына, орталық атқарушы органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына, облыстардың, Ақмола мен Алматы қалаларының әкiмдерi мен олардың орынбасарларына өз бастамашылығы бойынша, Қазақстан Республикасы Жоғары тәртiптiк кеңесiнiң ұсынуы бойынша, осы қызметшiлердiң тiкелей басшыларының немесе Мемлекет басшысы уәкiлдiк берген лауазымды адамдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қолдануы мүмкiн;
2) Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметшiлерiне - оның Басшысы өз ұйғаруы бойынша немесе Президент әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының ұсыныстары бойынша;
3) Премьер-Министр Кеңсесi, орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарларына, ведомстволар мен Премьер-Министр Кеңсесi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларына - Үкiмет немесе Премьер-Министр өз ұйғаруы бойынша не тиiсiнше оның Кеңсесi Басшысының, Үкiметтiң өзге де мүшелерiнiң, Үкiмет құрамына кiрмейтiн басшыларының ұсыныстары бойынша;
4) Премьер-Министр Кеңсесiнiң өзге қызметшiлерiне (қызметтен босату жағдайларын қоспағанда) - Үкiмет пен Премьер-Министр Кеңсесiнiң басшы лауазымды адамдарының ұйғаруы бойынша немесе Үкiмет Аппараты құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының ұсынуы бойынша Премьер-Министр Кеңсесiнiң Басшысы;
5) Парламент Палаталары аппараттарының басшыларына - Палаталар Төрағаларының ұсынуы бойынша осы Палаталардың Бюролары; Парламент Палаталары аппараттарының өзге қызметшiлерiне - осы аппараттардың басшылары;
6) мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларына - жеке ұйғаруы бойынша немесе тиiстi әкiмдердiң ұсынуы бойынша осы органдардың басшылары;
7) жергiлiктi атқарушы органдардың және мәслихаттар аппараттарының қызметшiлерiне - осы органдардың басшылары;
8) өзге қызметшiлерге - жеке өзiнiң ұйғаруы бойынша немесе осы қызметшiлердiң тiкелей басшыларының ұсынуы бойынша мемлекеттiк органдардың басшылары қолданады.
ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгертiлдi - ҚР Президентiнiң 1997.12.03.
N 3764 жарлығымен. U973764_
3. Мемлекет басшысына тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшылары мен олардың орынбасарларына, орталық атқарушы органдар басшылары мен олардың орынбасарларына, облыстардың, Ақмола мен Алматы қалаларының әкiмдерiне және олардың орынбасарларына қатысты тәртiптiк iстердi Қазақстан Республикасының Жоғары тәртiптiк кеңесi қарап, кейiннен олардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң деңгейi жөнiнде Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi;
ЕСКЕРТУ. V-тарау жаңа 3-тармақпен толықтырылды, 3-7-тармақтар
тиiсiнше 4-8-тармақтар болып саналды - ҚР Президентiнiң
1997.12.03. N 3764 Жарлығымен.
4. Тәртiптiк жаза қолданылғанға дейiн қызметтiк тергеу жүргiзiлуi мүмкiн. Терiс қылық жасаған кiнәлi адамнан жазбаша түсiнiк талап етiлуi қажет.
5. Кiнәлi адамның түсiнiк беруден бас тартуы жаза қолдану үшiн кедергi бола алмайды.
6. Тиiстi мемлекеттiк органның кадр қызметi жазаға тартылған адамды қолданылған жаза туралы қол қойдырып немесе басқа тәсiлмен хабардар етедi.
7. Қызметшiге берiлген жаза туралы тиiстi мемлекеттiк органның, оның алқасының отырысында, немесе тiзбесiн осы жазаны қолданған лауазымды адам анықтайтын қызметшiлер қатысып отырғанда жариялануы мүмкiн.
8. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата
алмайды.
VI. Жазаларды қолдану мерзiмi
Жаза терiс қылық жасалған күннен немесе бұл туралы ақпарат
алынған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткенге дейiн қолданылуы
мүмкiн. Қызметшiнiң тиiстi құжаттармен расталған еңбекке уақытша
қабiлетсiз кезеңi немесе демалыста болған кезеңi, егер әкiмшiлiкке
терiс қылық жасалғаны туралы осы кезең iшiнде немесе оның алдында
мәлiм болса, онда отыз күндiк мерзiмнiң күшi тоқтатыла тұрады.
VII. Жазалар қолдану туралы актiлер
1. Жазалар мынадай актiлер:
1) Республика Президентiнiң жарлығын немесе өкiмiн;
2) Республика Үкiметiнiң қаулысын;
3) Республика Премьер-Министрiнiң өкiмiн;
4) мемлекеттiк органдар басшыларының және өзге де уәкiлдi лауазымды адамдардың бұйрықтарын немесе заңда көзделген өзге де актiлерiн шығару жолымен қолданылады.
2. Жаза қолдану туралы актiде жасалғаны үшiн жаза қолданылып отырған терiс қылық, жазаның түрi және жаза қолданылған адам көрсетiледi.
VIII. Жазаның алынуы
1. Жаза қолданылған күннен бастап бiр жылдың iшiнде қызметшiге жаңа жаза қолданылмаса, онда оған тәртiптiк жаза қолданылмаған болып саналады.
2. Қызметшiге бiрнеше жаза қолданылған жағдайда ол уақыты бойынша соңғы жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл мерзiм өткенге дейiн жазасы бар болып саналады.
3. Егер қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса және бұл орайда өзiн адал қызметшi ретiнде көрсетсе, жаза бiр жыл өткенге дейiн алынып тасталуы мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшi қызметтiк мiндеттерiн тоқтатқан күнге
дейiн алынбаған жаза осы мiндеттер тоқталған күннен бастап алынған
болып саналады.
5. Жазаның мерзiмiнен бұрын алынуын:
1) оны қолданған лауазымды адам (орган) немесе жоғары тұрған
лауазымды адам (орган) жүргiзедi;
2) және ол тиiстi актiмен жүргiзiледi, оны қызметшiге тиiстi
мемлекеттiк органның кадр қызметi хабарлайды.
6. Жазаны мерзiмiнен бұрын алу үшiн жаза қолданылған қызметшiнiң
тiкелей басшысы қызметтiк сатылар бойынша өтiнiш бередi.
IХ. Қызметшiлердiң оларды тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту
кезiндегi құқықтарының кепiлдiктерi
Қызметшi өзiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартуға қатысты құжаттармен танысуға, заңда белгiленген тәртiппен өзiне қолданылған жазаға байланысты жоғары тұрған органға, лауазымды адамға немесе сотқа шағым беруге хақылы.