"Мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу туралы" Ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Мәдениет, Ақпарат және Қоғамдық келісім министрлігі 2000 жылғы 5 қаңтардағы N 1 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 2 наурызда N 1037 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 21.06.2013 № 138 бұйрығымен (алғаш ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы"  Заңын , мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу ережелерін реттеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі N 499  қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі туралы Ережеге сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған "Мемлекеттік органдардың немесе басқа ұйымдардың жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу туралы" Ереже бекітілсін. 
      2. Бұқаралық ақпарат құралдары Департаменті (Омаров Ж.С.) белгіленген заң тәртібімен осы Ережені Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен, нормативтік құқықтық акт ретінде, мемлекеттік тіркеуден өткізсін. 
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Ақпарат және мұрағат Комитетінің төрағасы Қ.Қ.Жанахановқа жүктелсін.
       Ескерту: 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75   бұйрығымен , 2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

       Министрдің 
    міндетін атқарушы

  Қазақстан Республикасы   
Мәдениет, ақпарат және   
қоғамдық келісім министрінің
2000 жылғы 5 қаңтардағы  
N 1 бұйрығымен      
БЕКІТІЛГЕН        

  Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың
жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат
агенттіктерінің журналистерін тіркеу туралы
ЕРЕЖЕ 

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу тәртібін реттейді. 
      Ереже "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының негізінде жасалды. 
      Ескерту: Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

  1. Жалпы ережелер

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі БАҚ) және ақпарат агенттіктерінің (бұдан әрі Агенттік) журналистерін тіркеу билік пен басқарудың атқарушы, өкілетті органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де ұйымдарының қызметі туралы жұртшылыққа кеңінен әрі жедел хабарлау мақсатында жүзеге асырылады.

      1-1. Мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың, сондай-ақ тіркелген журналистердің құқықтары мен міндеттері адалдық, парасаттық пен әділеттік (құқық ұқсастығы), сондай-ақ кәсіби және іскерлік этика ережесін сақтау талаптарын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
     Ескерту: 1-1-тармақпен толықтырылды, өзгерту енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75   бұйрығымен 2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      2. Мемлекеттік орган немесе өзге ұйым (бұдан әрі - тіркеуші ұйым), БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі осы органдармен немесе ұйымдармен өз журналистерін келісім бойынша тіркелетін жағдайда, журналистерді тіркеуді жүзеге асырады.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      3. Тіркелген журналист тіркеуші ұйымнан осы органның немесе ұйымның бірінші басшысы немесе бірінші басшының міндетін атқару ресми түрде жүктелген тұлға қол қойған тіркеу туралы куәлігін алады.
       Ескерту: 3-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      4. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында тіркелген БАҚ немесе Агенттік журналистерінің құқықтық дәрежесі мен кәсіптік қызметі Қазақстан Республикасының заң актілерімен және осы Ережемен реттелінеді. 

      5. Тіркеу тұрақты негізде бір жыл мерзімде беріліп, әрі қарай тағы осындай мерзімге ұзартылуы мүмкін.
      Уақытша тіркеу алты ай мерзімге дейін жүзеге асырылуы мүмкін.

      5-1. Тіркеуші ұйым тіркелген журналисті жиналыстар, мәжілістер және өзге де шаралар туралы үш күн бұрын мерзімде алдын-ала хабарлауға, хаттамалармен, мемлекеттік және орыс тіліндегі өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.
      Ескерту: 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      6. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында олардың мекен-жайларына қарамастан, тіркеуге тұратын журналистер ретінде БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі не БАҚ меншік иесінің өкілетті редакциясы арқылы журналистерді, олардың тұрақты тұрып жатқан жеріне қарамастан тіркеуге болады.     

  2. Журналистерді тіркеу тәртібі

      7. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында өз журналистерін тіркеу үшін БАҚ немесе Агенттік иесі не БАҚ меншік иесінің өкілетті редакциясы өтініш береді және онда төмендегідей мәліметтер көрсетілуі керек:
      журналист тіркелетін органның немесе ұйымның атауы;
      БАҚ немесе Агенттіктің атауы;
      БАҚ немесе Агенттіктің орналасқан жері;
      ұйымдық-құқықтық нысаны және БАҚ немесе Агенттік меншік иесінің атауы, оның орналасқан жері;
      Бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті орган берген БАҚ немесе Агенттікті есепке қою туралы куәліктің берілген уақытымен нөмірі; 
      тіркелген журналистің аты-жөні, оның лауазымы; 
      БАҚ немесе Агенттік журналисінің қызмет және үй телефондары. 
      Өтінішке тіркелетін журналистің қызмет куәлігінің көшірмесі және екі 3,5 х 4,5 көлемдегі фотосуреті қоса беріледі. 
      Егер өтініш БАҚ редакциясы тарапынан берілетін болса, онда өтінішке журналисті тіркетуге қажетті жұмыстар жүргізу үшін БАҚ меншік иесінің сенімхаты қоса беріледі.
      8. БАҚ немесе Агенттік журналисін тіркеу жөніндегі өтініш тіркеуші ұйымға түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
      Ескерту: 8-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      9. Өтінішті қарағаннан кейін тіркеуші ұйым журналисті тіркеу жөнінде немесе төмендегі негіздер бойынша тіркеуден бас тарту жөнінде шешім қабылдайды:
      өтініштің мазмұны осы Ереженің 7-тармағының талаптарына сәйкес келмейді;
      тіркеуші ұйым бұдан бұрын сол журналисті тіркеу туралы куәлік берген және оның жаңа өтініш түскен кезде әлі күші бар;
      тіркелген журналист бұрын тіркеу ережесін бұзғаны үшін не өзін тіркеген органның немесе өзге ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргені үшін тіркеуден босатылған.
      Ескерту: 9-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      10. Журналисті тіркеу туралы шешім қабылдаған жағдайда тіркеуші ұйым оған осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес тіркеу туралы куәлігін береді.
      Ескерту: 10-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      11. Куәлік бір жыл мерзімге беріледі және тіркелу мерзіміне әрі қарай ұзартылады. Егер журналист алты ай мерзімге дейін ғана тіркелсе, онда оған нақты мерзімі көрсетілген уақытша куәлік беріледі.
      Журналисті тіркеу туралы куәлік мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі.
      Ескерту: 11-тармақ өзгертілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75   бұйрығымен .

      11-1. Егер БАҚ пен Агенттіктің меншік иесі ауысқан жағдайда, немесе БАҚ меншік иесінің уәкілеттігі бойынша редакция тіркелген журналисті басқа журналиспен ауыстырған жағдайда оны тіркеу Ереженің осы тарауында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.
      Журналисті тіркеу туралы бұған дейін берілген куәлік өтінішке қоса беріледі.
      Ескерту: 11-1-тармақпен толықтырылсын - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

      12. Куәлікте мыналар көрсетілуі тиіс:
      журналисті тіркеген мемлекеттік органның немесе өзге ұйымның атауы;
      журналистің аты-жөні;
      журналист мүддесін білдіретін БАҚ немесе Агенттіктің атауы;
      куәліктің нөмірі мен қол қойылған күні.

      13. Куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда, тіркелген журналист бұл туралы өзін тіркеуші ұйымға үш күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
      Жаңа куәлік беру тіркеген орган куәлік жоғалды немесе бүлінді деген хабар алғаннан кейінгі жеті күн ішінде жүзеге асырылады.
      Ескерту: 13-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен ( қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз ).

  3. Тіркелген журналистің құқықтары мен
міндеттері

       Ескерту: 3-тарау (14-16-тармақтар) алынып тасталды - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75   бұйрығымен .

  4. Қорытынды ережелер

      17. Келіспеушіліктер (даулар) туындаған жағдайда, тіркеуші ұйым және БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі не тіркелген журналист оны келіссөздер арқылы шешеді.
      Егер туындаған даулар мен келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, онда олар сот тәртібімен шешілу тиіс.
      Ескерту: 17-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің   2005 жылғы 24 қарашадағы N 296   бұйрығымен .
      18. Мемлекеттік органдар және өзге ұйымдар, сондай-ақ тіркелген журналистер осы Ережені бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауапкершілік алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады