Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы 2000 жылғы 16 мамырдағы N 210. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 11 тамызда N 1220 тіркелді. Қаулының күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 наурыздағы N 60 қаулысымен.

       Ескерту: Қаулының күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 наурыздағы  N 60  қаулысымен.
______________________________

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесi бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап күшiне енгiзiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесi ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесi енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар ереже күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болатын құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. 
      3. Банктердi тарату iсiн бақылау басқармасы (Бадырленова Ж.Р.) және Банктердi қадағалау департаментi (Мекiшев А.А.) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын. 
      4. Банктердi тарату iсiн бақылау басқармасы (Бадырленова Ж.Р.) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап екi апта мерзiмде осы қаулыны және Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық филиалдарына жiберсiн. 
      5. Банктердi қадағалау департаментi (Мекiшев А.А.) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап екi апта мерзiмде осы қаулыны және Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесiн екiншi деңгейдегi банктерге жiберсiн. 
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық филиалдары осы қаулыны және Қазақстан Республикасындағы банктердi ерiктi тарату ережесiн ерiктi түрде таратылатын банктердiң тарату комиссиясына жiберсiн. 
      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.З.Нәлiбаевқа жүктелсiн. 

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2000 жылғы 16 мамырдағы 
N 210 қаулысымен бекітілген

  Қазақстан Республикасындағы
банктерді ерікті тарату
Ережесі

      Осы Ереже банктерді тарату ерекшеліктерін, сонымен қатар қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) банкті ерікті түрде таратуға рұқсат беру тәртібін, ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясы (бұдан әрі - тарату комиссиясы) қызметінің ерекшеліктерін, таратылатын банктің кредиторлар комитетін (бұдан әрі - кредиторлар комитеті) қалыптастыру және қызметінің ерекшеліктерін айқындайды. 
       Ескерту: Кіріспе толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .
       Ескерту: Кіріспе жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексіне , " Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы ", " Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы ", " Акционерлік қоғамдар туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленген.
       Ескерту: 1-тармақ жаңа редакцияда жазылды  - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      2. Осы Ереже екінші деңгейдегi банктердi тарату үшiн қолданылады. 
       Ескерту: 2-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .

      3. Мемлекетаралық банктерді тарату ерекшелiктерi осы банктердi құру туралы халықаралық шарттарда (келiсiмдерде) және олардың құрылтай құжаттарында айқындалады. 

      4. Банктерді ерікті түрде таратқан кезде банктер қызметінің тоқтатылғанын тiркеу "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында  белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

  2-тарау. Уәкілетті органның банкті ерікті
тартуға рұқсат беру тәртібі  

       Ескерту: 2-тараудың атауында, 5-7, 10-12-тармақтарында, 26-тармақтың 19) тармақшасында, 28-тармақта, 29-тармақтың бірінші абзацының және үшінші абзацының сөйлемінде, 30, 31, 39, 48, 57-2, 57-8, 57-12, 57-13, 57-14, 59, 60-тармақтарында "Ұлттық Банктің", "Ұлттық Банк", "Ұлттық Банкке" деген сөздер тиісінше "уәкілетті органның", "уәкілетті орган", "уәкілетті органға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      5. Банк акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде уәкілетті органға банкті ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтініш беруге құқылы. 

      6. Ерікті тарату туралы өтінішке акционерлердің жалпы жиналысы уәкілеттік берген адам қол қойып, мынадай құжаттармен бірге уәкілетті органға ұсынады: 
      1) тарату себептерін міндетті түрде көрсете отырып, банкті ерікті тарату туралы акционерлердің жалпы жиналысының шешімі; 
      2) акционерлердің жалпы жиналысы бекіткен банктің өз қызметін тоқтату дайындығының мерзімдері мен кезеңдері туралы іс-шаралар тізбесі (жоспар және кесте); 
      3) Банктің өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруға қаражатының жеткіліктілігіне куә болатын, соңғы есеп беру күніне жасалған баланстық есебі; 
      4) банк қызметіне аудит жүргізуге уәкілетті органның лицензиясы бар тәуелсіз аудиторлық ұйым растаған банк активтерінің құнын бағалау туралы есеп. 
      Ерікті тарату туралы өтініште өзінің барлық кредиторларының талаптарын толық қанағаттандырғаны туралы банктің міндеттемесі болуы керек. 
       Ескерту: 6-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      7. Банкті ерікті таратуға рұқсат алу туралы өтінішті уәкілетті орган тиісті түрде ресімделген барлық құжаттарды қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде қарауға тиіс. 
      Қажет болған жағдайда уәкілетті орган банкке тарату жоспары мен кестесін қайта қарауды ұсынуға немесе басқа да қажетті мәліметтер (құжаттар) сұратуға құқылы. 

      8. Уәкілетті органның банкті ерікті таратуға рұқсат беру және лицензияны қайтарып алу туралы шешімі өтініш беруші осы шешімді алған күннен бастап күшіне енеді.
       Ескерту: 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      8-1. Банк ерікті таратуға рұқсат алған кезде банк операцияларын жүзеге асыру құқығына бұрын берілген лицензиялардың түпнұсқаларын уәкілетті органның осы шешімі күшіне енген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қайтарады.
       Ескерту: 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .      

      9. Ерікті таратуға рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бұл жөнінде бірінші басшының не оның орынбасарының қолы қойылған дәлелді шешім шығарып, банкке жіберуге тиіс.
       Ескерту: 9-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      10. Уәкілетті орган мынадай негіздердің кез келгені бойынша ерікті таратуға рұқсат беруден бас тартады:
      1) берілген құжаттардың толық болмауы немесе тиісінше ресімделмеуі;
      2) банктің өз міндеттемелері бойынша есептесуі үшін қаражатының жетіспеуі.

  3-тарау. Банкті ерікті тарату тәртібі

        11. Банк уәкілетті органның ерікті тарату туралы рұқсатын алғаннан кейін он күндік мерзімде: 
      1) заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына банктің ерікті таратылғаны туралы жазбаша хабарлауға;
      2) орталық әділет органының ресми басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде, шағым-талап ұсыну тәртібі мен мерзімі және өз талаптарын қоюға құқылы банк кредиторлары үшін мекен-жайы міндетті түрде көрсете отырып, банктің ерікті таратылатыны туралы ақпарат жариялауға міндетті. 
      Шағым-талап өтінішінің мерзімі тарату туралы ақпарат жарияланған кезден бастап екі айдан кем болмауға тиіс. 
       Ескерту: 11-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      12. Уәкілетті органның ерікті таратуға рұқсат беру туралы шешімі күшіне енгеннен кейін банк акционерлерінің жалпы жиналысы бес жұмыс күні ішінде филиалдар мен өкілдікті ескере отырып, тарату комиссиясын құрады. 
       Ескерту: 12-тармақ толықтырылды, жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      12-1. Кредиторлардың комитеті құрылғанға дейін тарату шығыстарының сметасын, оған қоса тарату комиссиясының төрағасына және мүшелеріне төленетін негізгі және қосымша төлемдердің мөлшерін акционерлердің жалпы жиналысы бекітуі мүмкін. 
       Ескерту: 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      13. Ерікті тарату ісінің басталуы ретінде банктің тарату комиссиясын құру күні есептеледі.
       Ескерту: 13-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      14. Банктің тарту комиссиясы тағайындалған күннен бастап банкті тарату ісін аяқталғанға дейін: 
      1) осы Ережеде көзделген жағдайларды ескермегенде, ерікті таратылатын банктің акционерлерінің жалпы жиналысының, басқа да органдарының және лауазымды адамдарының өкілеттіктері, оның ішінде мүлікке билік жүргізу және міндеттемелерді өтеу жөніндегі, олардың банкті басқару жөніндегі құқықтары жойылады; 
      2) егер банктің тарату комиссиясының төрағасы таратылатын банктің атынан немесе есебінен жүзеге асырылатын іс-қимыл жасаса, не ондай іс-қимылды өзіне берілген сенімхат бойынша жасаған жағдайда ғана заңды күші болады; 
      3) таратылатын банктің барлық борыштық міндеттемелерінің мерзімі өтті деп саналады; 
      4) таратылатын банктің кредиторлық берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақы (мүдде) есептеу тоқтатылады; 
      5) таратылатын банктің мүлкін өндіріп алуға өтініш берудің барлық заңдық шектеулері алынып тасталады; 
      6) банкке қатысты мүліктік сипаттағы барлық талаптар осы сәттен бастап банктің тарату комиссиясының атына ғана ұсынылатын және осы Ережеде, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарда белгіленген тәртіппен қаралатын болады. 
       Ескерту: 14-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      15. Тарату комиссиясы кредиторларды анықтау және олардың талаптарын қанағаттандыру, сондай-ақ банк дебиторларынан берешекті алу жөнінде шаралар қабылдайды. 

      16. Банкті ерікті таратуға байланысты барлық шығыстар осы банктің қаражаты есебінен жұмсалады. 
       Ескерту: 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

  4-тарау. Тарату комиссиясы 

      17. Тарату комиссиясы тағайындалған кезден бастап оған таратылатын банктің ісін және мүлкін басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер көшеді. 
      Тарату комиссиясы банк ісін аяқтау үшін, оның ішінде оның кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысуын қамтамасыз ету жөнінде шара қабылдайды. 
      Тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан және өз құзырына енетін мәселелер бойынша шешім қабылдаған кезде өздігінен іс-қимыл жасайды. 
      Тарату комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді. 
       Ескерту: 17-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      18. Банктің тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясының жұмысын басқарады, оның қызметі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылуына жауап береді, сондай-ақ банктің тарату комиссиясының құрамына өзгерістер енгізеді. 
      Банктің тарату комиссиясының төрағасы болмаған кезде оның міндетін орынбасары атқарады. 

      19. Тарату комиссиясының төрағасын қызметтен босату және қызметке тағайындау банк акционерлерінің жалпы жиналысының ерекше құзырына жатады. 

      20. Банктің филиалдары және (немесе) өкілдіктері болған жағдайда, оларды тұрған жерінде құрылатын тарату комиссиясының арнайы бөлімшесі (бұдан әрі - арнайы бөлімше) таратады. 
      Бөлімшенің құрамы тарату комиссиясының мүшелерінен құралады және тарату комиссиясының төрағасы бекітеді. 
       Ескерту: 20-тармақ өзгертілді, толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      21. Бөлімшені оның тарату комиссиясы мүшелерінің ішінен тағайындалатын басшысы басқарады (бұдан әрі - бөлімше басшысы). 
      Бөлімше басшысы өз қызметін тарату комиссиясының төрағасы берген сенімхат негізінде жүзеге асырады. 
      Бөлімше басшысы және бөлімше тарату комиссиясының төрағасына есеп береді. 
       Ескерту: 21-тармақ толықтырылды, өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      22. Бөлімше басшысы бөлімше қызметі үшін және банк филиалын және (немесе) өкілдігін таратуды жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жауап береді. 
       Ескерту: 22-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      23. Тарату комиссиясы мүшесінің, бөлімше басшысының, тарату комиссиясына тартылған қызметкердің құқықтары мен міндеттері, оған қоса еңбекақы төлеу шарттары тарату комиссиясының төрағасымен жасалатын жеке еңбек шартында (контрактіде) анықталады. 
      Жұмысқа қабылдау банктің тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен ресімделеді. 

      23-1. Тарату комиссиясының төрағасы оралымды басқаруды жүзеге асырады, бөлімше басшыларының жұмысын және бөлімшелердің қызметін бақылайды. 
       Ескерту: 23-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      24. Тарату комиссиясының төрағасы, бөлімше басшысы және тарату комиссиясының мүшелері банкке келтірген зиян үшін, өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін, сондай-ақ олардың банкті тарату ісінде жол берген басқа да құқық бұзушылықтары үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленгендей жауап беретін болады.
       Ескерту: 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      25. Банк шығарған акциялар жиынтығының бес немесе одан да көп процентін иеленуші таратылатын банк акционерлері банктің тарату комиссиясының құрамында өз өкілдерін ұстауға құқылы. 
       Ескерту: 25-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      26. Тарату комиссиясы: 
      1) банк басшылығынан құжаттар мен құндылықтарды қабылдау-өткізу туралы қажетті актілер жасай отырып, банк операцияларын жүргізуге берілген лицензияны, банкті тіркеу жөніндегі құжаттарды, таратылатын банктің мөрлерін, мөртабандарын, ақпараттың электрондық жеткізгіштерін, бағдарламалық қамтамасыз етуді, бланкілерін және басқа да құжаттарын тез арада өткізуін талап етеді; 
      2) банк активтерін қабылдайды; 
      2-1) кредиторлардың тізімін жасайды, қолда бар құжаттар бойынша олардың мекен-жайын анықтайды және талдау есебіндегі деректермен салыстырып тексереді; 
      3) банктің ерікті таратылғаны туралы оның кредиторларына жазбаша хабарлайды; 
      3-1) кредиторлар туралы мәліметтер болмаған жағдайда қолда бар деректерді және жазбаша хабарлауға болмайтын себептерді көрсете отырып акт жасайды; 
      3-2) тарату комиссиясының құрылу күніне қарай электрондық түрдегі қолда бар есептік-бухгалтерлік ақпаратты басып шығаруды жүзеге асырады. Электрондық түрдегі мұндай ақпарат болмаған жағдайда қағаз жазбадағы ақпарат негізге алынады; 
      4) банкте тарату ісі басталған кезден бастап 10 жұмыс күні ішінде корреспонденттік есепшоттарды, корреспонденттік есепшоттардың жабылуын, касса ревизиясын салыстырып тексереді; 
      5) таратылатын банктің теңгемен және шетел валютасымен ағымдағы есепшотын (бұдан әрі - таратылатын банктің ағымдағы есепшоты) ашады; 
      6) таратылатын банктің ағымдағы есепшоты ашылған банктерге және Ұлттық Банктің тиісті облыстық филиалдарына банктің атынан қол қоюға құқылы лауазымды адамдардың қол қою үлгілері бар жаңа карточкалар ұсынады; 
      7) банк кассасындағы, оның айырбастау пункттеріндегі ақша қалдығын таратылатын банктің ағымдағы есепшотына аударады; 
      8) банк операцияларын жүргізуге берілген банк лицензияларының қайтарып алу туралы, банкті ерікті таратуға рұқсат беру туралы уәкілетті органның шешімдерінің көшірмелерін, банктің тарату комиссиясын тағайындау туралы акционерлердің жалпы жиналысының шешімін банк клиенттері көре алатын жерге орналастырады; 
      9) банк активтерін анықтайды және оның таратылу мақсатын ескере отырып, меншік иесінің және жоғары органдардың өкілеттіктері шегінде оның барлық активтерін басқарады;
      10) тарату және банк қызметін аяқтау мақсатында сәйкес банктің атынан оның басшысының міндетін атқарады;
      11) банктің активтері мен мүлкін резервке алады, сондай-ақ көпшілік сауда-саттықта оның мүлкін сатады;
      12) әрбір кредитор, оның талаптарының мөлшері, әрбір талапты қанағаттандыру кезектілігі туралы мәліметтер көрсетілуге тиісті кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізіп отырады;
      13) өз қызметі мен міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін контракт бойынша қажетті қызметкерлерді жалдайды;
      14) таратылатын банктің қаржы жағдайын ескере отырып, оның қызметкерлеріне жалақы белгілейді;
      15) банк қызметкерлерін еңбек заңдарына сәйкес жұмыстан босатады;
      16) банкті таратудың барлық кезеңі ішінде банк құжаттары мен мүлкінің, сондай-ақ банкке кепілдікті қамтамасыз ету ретінде берілген өзге де мүліктердің сақталуы жөнінде шаралар қабылдайды;
      16-1) бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттың электрондық жазбаларының, сондай-ақ банктің басқа ақпаратының сақталуын қамтамасыз етеді; 
      16-2) толық материалдық жауапкершілік жүктелген адамдардың тобын, оның ішінде банктің бухгалтерлік есебін жүргізу мен қаржылық және басқа есебін өңдеудің электронды жүйесіне кіру рұқсаты бар адамдарды белгілейді; 
      17) таратылатын банктің атынан және оның мүддесі үшін талап қояды, банк алдындағы барлық міндеттемелердің есебін жүргізеді, таратылатын банктің ағымдағы есепшотындағы банкке тиесілі ақшаны жинақтайды; 
      18) банк кредиторлары талаптарының заңдылығын айқындайды және орынды деп танылған талаптарды аралық балансқа сәйкес қанағаттандырады; 
      19) уәкілетті органға жасалған жұмыс туралы есеп, сондай-ақ тарату процесіне қатысты өзге де мәліметтер тапсырады; 
      19-1) кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін мүлкінің жетіспеу фактісі анықталған жағдайда банкті банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге міндетті; 
      20) банкті тарату аяқталған кезде құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен мұрағатқа өткізеді және бұл жөнінде уәкілетті органға хабарлайды; 
      21) таратылатын банк атынан сотта мүдде білдіреді; 
      22) осы Ережеге сәйкес басқа да өкілеттіктерге ие болады. 
       Ескерту: 26-тармақ толықтырылды, өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      27. <*>
       Ескерту: 27-тармақ алынып тасталды -   ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      28. Заңды теріс пайдалану немесе өзге де заң бұзушылық анықталған жағдайда тарату комиссиясы белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына немесе сотқа өтініш беруге, сондай-ақ бұл туралы уәкілетті органға хабарлауға тиісті. 
       Ескерту: 28-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      29. Таратылатын банктің ағымдағы шоты оның бас офисі орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалында ашылады. Ерекше жағдайларда уәкілетті органның рұқсатымен басқа банктерде таратылатын банктің ағымдағы шотын ашуға жол беріледі. 
      Таратылатын банктің және оның филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің барлық ақшасы таратылатын банктің ағымдағы есепшотына есептеледі. Бұдан әрі таратылатын банктің ағымдағы есепшотына ақша есептеу немесе есептен шығару осы ережеге және Ұлттық банктің нормативті құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі. 
      Тарату комиссиясы таратылатын банкке берешегі жоқ клиенттердің жазбаша талаптары бойынша олардың таратылатын банктегі банктік есепшоттарына түскен ақшаны банкті ерікті таратуға уәкілетті орган рұқсат бергеніне кейін кешіктірмей (талаптарды алған күннен бастап үш банктік күн ішінде) клиенттердің жаңа банктік деректемелері бойынша қайтарады. Банктің корреспонденттік есепшотына қате аударылған ақшаны тарату комиссиясы банкті ерікті таратуға уәкілетті орган рұқсат бергенге дейін де, сол сияқты одан кейін де клиенттің жазбаша талабын алған күннен бастап үш банктік күн ішінде ақша жіберушіге қайтарады. 
       Ескерту: 29-тармақ толықтырылды, өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      30. Тарату комиссиясы уәкілетті орган белгілеген мерзімде атқарылған жұмыс туралы есепті, ал қажет болған жағдайда қосымша ақпаратты да береді. 
      Банктің филиалдары мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыратын бөлімше тарату комиссиясының төрағасына жасалған жұмыс туралы есеп ұсынады. 
       Ескерту: 30-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      31. Жоспарда және тарату кестесінде белгіленген мерзім бұзылған жағдайда тарату комиссиясы уәкілетті органға он күндік мерзім ішінде тиісті құжаттардың көшірмелерімен қоса, тиісінше түсіндірме жазба, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысы қайта бекіткен жоспарды және тарату кестесін тапсыруы тиіс. 
       Ескерту: 31-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

  5-тарау. Активтерге билік жасау және 
шағын-талапты қарау 

      32. Банкті тарату комиссиясы кешіктірмей, осы Ережеге және өзгеде нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, таратылатын банктің уәкілетті қызметкерлерінің қатысуымен банкте және банктен тыс сақталатын кепілдік қамтамасыз етуді қоса алғанда, банк мүлкіне (активтеріне) түгендеу жүргізуге, сондай-ақ тартылған сарапшының көмегімен мүлікті бағалауға міндетті. 
       Ескерту: 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      33. Таратылатын банктің барлық активтері тарату массасын қалыптастырудың негізін құрайды. 

      34. Банк активтеріне банктің жеке мүлкі, барлық түрдегі және санаттардағы заемдар, банк алдындағы басқа да қаржылық міндеттемелер кіреді. 
       Ескерту: 34-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      35. Кастодиан-банкті тарату кезінде үшінші тұлғаға тиесілі, осы банкке сақтауға және есептеуге сеніп тапсырылған бағалы қағаздар және мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталы қаражатын қоспағанда, мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерді тарату массасына жатқызылмайды және мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорының өтініші бойынша басқа банкке ауыстырылады. 

      36. Барлық кредит шарттары, кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі шарттар (міндеттемелер), кредиттік істер олардың есебі мен оларға қоса жүретін барлық құжаттардың түгел екендігі туралы мәліметтерді нақтылай отырып жазылуы тиіс. Қажетті шарттар мен өзге де материалдар жоқ болған жағдайда олардың болмау себебі анықталып, тиісті акт жасалады. 
      Банктің тарату комиссиясы кредит беруге, оны міндетті түрде қайтаруға дәлелдеме болып табылатын құжаттарды, сондай-ақ міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжаттарды жинау үшін шарлар қабылдауға міндетті. Кредит шарты талаптарының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестігі мен есептердің осы талаптарға сәйкестігіне тексеру жасалады. 
      Банк берген заемдар бойынша сыйақы (мүдде) есептеу оларды өтегенге дейін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 
       Ескерту: 36-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      37. Қолма-қол нақты активтер мен бухгалтерлік есеп мәліметтері арасындағы активтерді түгендеу кезінде белгілі болған айырмашылықтар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен реттеледі. 

      38. Таратылатын банктің түгендеу арқылы белгілі болған барлық активтері мен мүлкі тарату массасына енгізілуге жатады. Уәкілетті органның банкті ерікті таратуға рұқсат беру туралы шешімін қабылдаған күнге дейін банк балансына енгізілмеген және түгендеу барысында анықталған активтер аралық тарату балансында көрсетілуге тиіс. 
        Ескерту: 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      39. Егер таратылатын банктің ақшасы кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіпте көпшілік сауда-саттық тәртібімен және кредиторлардың комитеті бекіткен мүлікті сату жоспарына сәйкес банктің мүлкін сатады. 
       Ескерту: 39-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      40. Тарату комиссиясы таратылатын банктің мүлкін мынадай талаптар мен мақсаттарды ескере отырып сатады: 
      1) банк мүлкінің мүмкіндігінше неғұрлым жоғары бағамен сатылуы; 
      2) банк мүлкін сатуға аз шығын жұмсалуы; 
      3) қалыпты бәсекені қолдау. 

      41. Заңды және жеке тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, банктің ерікті тарату туралы шешім қабылдауының нәтижесінде мүліктік құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсетілуі ықтимал заңды тұлғалар мен азаматтар банкпен арадағы дауды тікелей реттеу мақсатында растау құжаттарының көшірмелерімен қоса жазбаша шағым-талаппен тарату комиссиясына өтініш береді. 
       Ескерту: 41-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      42. Егер банк пен оның кредиторы арасында жасалған шартта басқа мерзім көзделмеген болса, шағым-талапты алғаннан кейін екі апта мерзімде қаралуға тиіс. 

      43. Банктің тарату комиссиясы шағым талапты қарау кезінде қойылған талаптың заңдылығымен оның негізділігін (мысалы, қажетті дәлелдемелердің болуы, өндіріп алынатын соманың дұрыс есептелуі) тексеруге тиіс. 
      Егер шағым-талаппен өтініш берушінің талабын растайтын құжаттар қоса берілмесе, оларды пошта жіберілімінің жолда болатын уақытын қоспағанда 5 жұмыс күнінен кем болмайтын мерзім көрсетіле отырып өтініш иесінен сұратып алынады. Талап етілген құжаттар көрсетілген уақытта алынған жағдайда шағым-талап қолда бар құжаттар бойынша қаралады. 

      44. Шағым-талапты алған тарату комиссиясы өтініш берушінің негізді талабын орынды деп тануға және оған шағым-талапты қарау нәтижелері туралы хабарлауға міндетті. 
      Шағым-талапта: 
      1) шағым-талап берушінің және жауап жіберіп отырған банктің (тарату комиссиясының) толық атауы, пошта деректемелері, жауап беріліп отырған шағым-талап жазылған күн мен нөмірі; 
      2) егер шағым-талап толық немесе ішінара заңды деп танылған жағдайда, егер ол ақшалай бағалауға жатпайтын болса, мойындалған сома, шағым-талапты қанағаттандыру мерзімі мен әдісі көрсетіледі; 
      3) шағым-талап толықтай немесе ішінара қабылданған жағдайда - шағым-талапты кейінге қалдыруға негіз болатын тиісті нормативті құқықтық актілер мен құжаттарға сілтеме жасаумен кейінге қалдыру себебі; 
      4) жауапқа қоса берілген құжаттар мен өзге дәлелдемелердің тізбесі көрсетіледі. 

      45. Шағым-талап толықтай және ішінара қабылданбаған жағдайда шағым талаппен бірге алынған құжаттар, сондай-ақ егер шағым-талапты берушіде олар болмаған жағдайда шағым-талаптың қабылданбауын негіздейтін құжаттар өтініш берушіге қайтарылуға тиіс. 

      46. Жауап тапсырысты немесе бағалы хатпен, оның жіберілгенін белгілеп отыратын басқа байланыс құралдары арқылы жіберіледі. 

      47. Шағым-талапқа арналған мерзім банкті ерікті тарату және талап қою үшін мерзім белгілеу туралы баспасөз бетінде хабарландыру жарияланған күннен бастап саналады. 
      Дәлелді себептермен белгіленген мерзімде үлгірмеген жағдайда тарату комиссиясы шағым талапты осы Ереженің 42-46 тармақтарында белгіленген тәртіппен қарайды. 

      48. Шағым-талап ұсыну мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ ұсынылған шағым-талаптың бәрі қаралғаннан кейін банктің тарату комиссиясы бір айлық мерзімде активтер мен міндеттемелерге түгендеу жүргізу нәтижелері ескерілген аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын банктің мүлкінің құрамы, кредиторлар мәлімдеген шағым-талаптар мен өтініштердің тізбесі, оларды қарау нәтижелері және банктің кредиторлары талап етпеген берешектер, кредиторлар талаптарының тізілімі туралы мәліметтер болуға тиіс. 
      Филиалдары және (немесе) өкілдіктері бар банктің аралық тарату балансы филиалдар мен өкілдіктердің аралық тарату баланстары ескеріле отырып жасалады. 
      Тарату комиссиясы аралық тарату балансы мен оның қосымшаларын, сонымен бірге кредиторлар талаптарының тізіліміне уәкілетті орган белгілеген нысандарда жасайды және акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі. Тарату комиссиясы бекітілген аралық тарату балансының көшірмесін қосымшаларымен бірге уәкілетті органға береді. 
       Ескерту: 48-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .
      Ескерту: 48-тармақтың бірінші және үшінші абзацтарында және бұдан әрі мәтін бойынша "кредиторлар тізіліміне", "кредиторлар тізілімін" және "Кредиторлар тізілімі" деген сөздер тиісінше "кредиторлар талаптарының тізіліміне", "кредиторлар талаптарының тізілімін", "Кредиторлар талаптарының тізілімі" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен .

      48-1. Кредиторлар талаптарының тізіліміне кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олардың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында тарату комиссиясы жасайды және ол "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  74-2 бабында белгіленген кезектілікке сәйкес болуы тиіс. 
      Кредиторлар талаптарының тізіліміне банк кредиторларының даусыз болып табылатын талаптары енгізіледі. 
       Ескерту: 48-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      48-2. Сот шешімдері бойынша орындау құжаттары мойындалған талаптар болып табылады және орындалмаған соманың мөлшерінде тиісті кезектілікпен кредиторлар талаптарының тізілімінде есепке алынады. 
      Заңды күшіне енген, ерікті таратылатын банктің ағымдағы есепшотына ұсынылған соттың шешімдері жөніндегі орындау құжаттары кредиторлар талаптарының тізілімін есепке алу үшін тарату комиссиясының төрағасына беріледі. 
       Ескерту: 48-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

  6-тарау. Ерікті таратылатын банк кредиторлар
 талаптарының тізілімін қанағаттандыру  

      49. Таратылатын банк кредиторларымен есеп айырысуды аралық тарату балансына сәйкес ол бекітілген күннен бастап тарату комиссиясы жүзеге асырады. 

      50. Таратуға байланысты іс жүргізу, оның ішінде банктің тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз ету шығыстары, сондай-ақ таратылатын банктің негізгі міндеттерін қамтамасыз ету қажеттігінен туындайтын шығыстар кезектен тыс және тұрақты түрде жұмсалады. 
      Тарату массасын белгіленбеген мақсатқа жұмсауға, сондай-ақ тарату комиссияларына еңбекақы төлеуге арналған қаражатты екі айдан астам мерзімге резервке алуға жол берілмейді. 
       Ескерту: 50-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 10   қаулысымен

      51. Тарату комиссиясы банк кредиторларының орынды деп танылған талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік бойынша қанағаттандыруға тиіс. 

      52. Әр кезектің талаптарын алдыңғы кезектің талабын толық қанағаттандырғаннан кейін қанағаттандырады. 

      53. Кредиторлардың талаптары бір кезекте қанағаттандырылған кезде қаражат олардың арасында қанағаттандыруға жататын талаптар сомасына сайма-сай бөлінеді. 

      53-1. Тиісті кезек келген кезде кредитордың талабы оның келісімімен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде есеп айырысудың теңбе-тең принциптерін сақтай отырып, ақшалай және (немесе) мүліктің нақты өзін беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін. 
      Кредиторлардың шағым-талаптар (өтініштер) беру үшін тарату комиссиясы белгілеген мерзім өткеннен кейін мойындалған, бірақ тарату балансы бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары кредиторлардың белгіленген мерзімде мәлімдеген талаптары қанағаттандырылғаннан кейін банктің қалған мүлкінен қанағаттандырылады. 
       Ескерту: 53-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      54. Тарату комиссиясы кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда кредитор банктің тарту балансы бекітілгенге дейін тарату комиссиясына талап қойып сотқа өтініш беруге құқығы бар. 
      Кредиторлар белгіленген мерзімде өтініш беріп, бірақ тарату комиссиясы орынды деп танымаған, оларды қанағаттандыру туралы сот шешім шығарған талаптар кредиторлармен есеп айырысу үшін белгіленген кезектілік тәртібімен орындалады. 
       Ескерту: 54-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      55. Кредиторлардың тарату балансы бекітілгенге дейін ұсынылмаған шағым-талаптары өтелген болып саналады. 
      Сотта шағым бермеген кредиторлардың тарату комиссиясы заңды деп танымаған шағым-талаптар мен сот шешімімен қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген деп саналады. 

      56. Таратылатын банктің кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлкін тарату комиссиясы "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында  белгіленген тәртіппен акционерлер арасында бөледі. 

      57. Барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, банк банкроттық негіз бойынша еріксіз таратуға жатқызылады. 
       Ескерту: 57-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

  6-1-тарау. Кредиторлардың комитеті

       Ескерту: 6-1-тараумен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен

      57-1. Кредиторлардың мүддесін қамтамасыз ету және оларды банкті тарату ісіне қатыстыра отырып шешім қабылдау мақсатында кредиторлардың комитеті құрылады. 

      57-2. Банк кредиторлары комитетінің құрамын кредиторлардың талаптарының тізілімі бекітілген күннен бастап он күндік мерзімде тарату комиссиясы қалыптастырады, тарату комиссиясы төрағасының қолы қойылады және бекіту үшін уәкілетті органға жіберіледі. 

      57-3. Кредиторлар комитетінің құрамына кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптар сомасы ең көп кредиторлардың, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы"  Қазақстан Республикасы  Заңының  74-2-бабында көзделген кредиторлар санатының әрқайсысынан кемінде бір кредитордың кіруіне құқығы бар. 

      57-4. Кредиторлардың комитеті кемінде үш адам болатын мүшелерінен тақ саннан тұрады. 

      57-5. Кредитор кредиторлар комитетінің жұмысына қатысудан бас тартуға құқылы. 

      57-6. Тарату комиссиясы кредиторлар комитетінің барлық мүшелеріне комитеттің алғашқы мәжілісінің өткізілетін жері және күні туралы хабарлайды. 
      Кредиторлар комитетінің алғашқы мәжілісі кредиторлар комитетінің құрамы бекітілген күннен бастап он күннен аспайтын мерзімде өткізілуге тиіс. Кредиторлар комитеті алғашқы мәжілісте дауыс беру рәсімінде дауыстар тең болған жағдайда шешуші дауыс құқығы берілетін комитет төрағасын сайлауға міндетті. Кредиторлар комитетінің төрағасы комитет жұмысының жоспарын жасап, бекітеді. 

      57-7. Кредиторлар кеңесінің бұдан кейінгі мәжілістері комитет белгілеген тәртіппен және мерзімде шақырылады. 

      57-8. Кредиторлар комитеті мынадай қызметті жүзеге асырады: 
      1) банкті таратуға қатысты барлық құжаттармен танысады; 
      2) кредиторлардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы туралы шағымдарды қарауға қатысады; 
      3) банкті тарату барысында кредиторлардың құқықтарының, заңды мүдделерінің және заңнама талаптарының бұзылғаны туралы, сонымен бірге тарату комиссиясы мүшелерінің өз міндеттерін тиісті түрде орындамауы туралы уәкілетті органға хабарлайды; 
      4) тарату комиссиясының іс-әрекеті туралы уәкілетті органға немесе сотқа шағымданады; 
      5) көпшілік сауда-саттықта мүлікті сату және тарату комиссиясының мәжілісі сияқты кез келген тарату ісін жүргізген кезде оған қатысуға құқығы бар кредиторлар комитеті мүшелерінің ішінен кредиторлардың өкілін сайлайды; 
      6) тарату комиссиясынан таратылатын банктің қаржылық жағдайы туралы ақпарат беруін талап етеді;
      7) таратылатын банктің дебиторлық берешегінің өндіріп алу мүмкін емес көлемін бекітеді;
      8) тарату комиссиясы ұсынған банктің тарату массасын іске асыру жоспарын бекітеді;
      9) тарату шығыстарының сметасын, оған қоса тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне төленетін негізгі және қосымша төлемдердің мөлшерін бекітеді;
      10) жекелеген кредиторларға хабар беру мүмкін емес екендігі туралы тарату комиссиясының актісін бекітеді;
      11) таратылатын банктің балансынан мүлікті есептен шығару туралы тарату комиссиясының актісін бекітеді;
      12) осы Ережеге сәйкес өзге де іс-қимыл жасайды.

      57-9. Кредиторлар комитетінің мәжілісі хаттамамен ресімделеді.
      57-10. Кредиторлар комитетінің шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады.
      57-11. Банктің барлық қалған кредиторлары кредиторлар комитетінің мәжілісіне кеңесші дауыс құқығымен қатысуға құқылы.

  6-2-тарау. Тарату комиссиясының қызметін бақылау 

       Ескерту: 6-2-тараумен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .

      57-12. Тарату комиссиясының қызметін бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Уәкілетті орган тарату комиссиясының қызметін бақылауды мынадай жолдармен:
      1) тарату комиссиясының есеп пен қосымша ақпарат беру нысанын, мерзімін және кезеңділігін белгілеу;
      2) банктің тарату комиссиясының ұсынуы бойынша кредиторлар комитетінің құрамын бекіту;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады. 

      57-13. Егер банктің тарату комиссиясының қызметін тексеру не Ұлттық Банкке берілген мәліметтерді талдау нәтижесінде кредиторлар мен акционерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны, сондай-ақ тарату процесін жүргізуде заңмен реттеудің өзге де тәртібінің бұзылғаны анықталса, уәкілетті орган банктің тарату комиссиясына көрсетілген құқық бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқама жібереді. 

      57-14. Тарату комиссиясы жазбаша нұсқаманы орындамаған жағдайда, уәкілетті орган кредиторлардың бұзылған құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сотқа не прокуратура органдарына өтініш жасауға құқылы. 

  7-тарау. Тарату аяқтау 

      58. Тарату комиссиясы таратылатын банктің кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысқаннан кейін банк акционерлерінің жалпы жиналысы бекітетін тарату балансын және тарату туралы есеп жасайды. 

      59. Тарату комиссиясы тарату балансы мен банкті тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін оларды жеті күндік мерзім ішінде уәкілетті органға және әділет органдарына ұсынуға міндетті. 
       Ескерту: 59-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .

      60. Тарату комиссиясының өкілеттіктері әділет органынан банктің таратылуын тіркеу туралы бұйрықты алғаннан соң банктің құжаттарын архивке сақтауға өткізіп, бұл жөнінде уәкілетті органға хабарлағаннан кейін тоқтатылады. 
       Ескерту: 60-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2001 жылғы 16 наурыздағы N 89   қаулысымен .

  8-тарау. Қорытынды ережелер

      61. Осы Ережемен реттелмеген, банк заңдарына қайшы келмейтін мәселелер Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларына сәйкес шешіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Ұлттық банкі Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады