Қазақстан Республикасы құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу жөніндегі нұсқаулығын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитеті төрағасының 2001 жылғы 14 тамыздағы N 170 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 23 қазанда тіркелді. Тіркеу N 1658. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының 2006 жылғы»2 тамыздағы N 300 бұйрығымен.

       Ескерту: Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының 2006 жылғы»2 тамыздағы N 300   бұйрығымен .

      Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы"  K010155_  Кодексін іске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу жөніндегі нұсқаулығы бекітілсін. 
      2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді. 

       Төраға  

Қазақстан Республикасы Экономика
және сауда министрлігінің Құрылыс
істері жөніндегі комитетінің  
2001 жылғы 14 тамыздағы    
N 170 бұйрығымен       
бекітілген          

Қазақстан Республикасы құрылыс және сәулет-құрылыс
бақылау органдарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы
істерді жүргізу жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҒЫ 

1. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасы құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу жөніндегі нұсқаулығы (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы"  K010155_  Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес әзірленген және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді анықтау, қарау мен ұйымдастыру жөніндегі құрылыс, сәулет-құрылыс бақылау органдары мен олардың лауазымды адамдарының қызметін, оларды қарау, орындау, шағымдану мерзімдерін, сондай-ақ қабылданған шешімге негізделген іс жүргізу мен бақылау ұйымдастыруды реттейді. 
      2. Құрылыс саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының міндеттеріне әрбір істің мән-жайын уақытында, жан-жақты, толық және нақты анықтау, Кодекске сәйкес оның шешілуі, енгізілген қаулының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықты ескерту мен тоқтату, құрылыстың сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіруге әсер ететін және күшейтуге бағытталған себептер мен шарттарды анықтау және Қазақстан Республикасының аумағындағы объектілер мен кешендердің пайдалану сенімділігін қамтамасыз ету жатады. 
      3. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органымен Кодекстің 231 (екінші бөлім), 232, 233, 235 (екінші бөлім), 237, 278 (бірінші бөлім), 494, 502-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталады. 
      4. Құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарымен Кодекстің 130, 230, 231 (бірінші бөлім), 234, 235 (бірінші бөлім), 236, 238, 239, 278 (екінші бөлім), 291, 389, 499-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталады. 
      5. Құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарымен және олардың лауазымды адамдармен әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әкімшілік іс жүргізу жөніндегі құжаттамалардағы сілтеме тек Кодекстің нормаларымен жүргізілуге тиіс. 
      Ескертулер. 
      Осы Кодексте тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын (яғни оларға қызмет жағынан тәуелді емес адамдарға қатысты заңда белгіленген тәртіппен мемлекет атынан немесе оның органдарының атынан заңдық маңызы бар актілер шығару құқығы немесе билік ету өкілеттігі берілген) не мемлекеттік органдарда, жергілікті атқару органдарында ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар лауазымды адамдар деп танылады. 

2. Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауаптылық  

      6. Жеке адамның құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті не әрекетсіздігі заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады. 
      Ғимараттардың, құрылғылардың, құрылыстардың, олардың бөліктерінің немесе жекелеген құрастырма элементтері беріктігінің, орнықтылығының, сенімділігінің кеміп кетуіне және жойылуына, тұрғызылатын объектілердің пайдалану сапасының нашарлауына, қоршаған ортаға кері әсер етуіне әкеп соғатын аумақтағы қала құрылысын салу кезінде аумақтарды игеру, объектілерді және кешендерді жобалау, салу, қайта жаңғырту, қалпына келтіру, жетілдіру, күрделі жөндеу мен көркейту кезінде мемлекеттік стандарттардың, техникалық шарттардың, құрылыс нормалары мен ережелерінің, жобалардың, басқа да нормативтік актілердің міндетті талаптарының сақталмауы, сондай-ақ объектілер құрылысының және оларды пайдалануға қабылдаудың белгіленген ұйымдастыру-құқықтық тәртібін бұзатын іс-әрекеттер құрылыс саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық деп ұғынылады. 
      7. Осы Нұсқаулықтың 4-тармағында көзделген құқық бұзушылықтар үшін, егер бұл құқық бұзушылықтар өзінің сипаты бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкімшілік жауаптылық туындайды. 
      8. Әкімшілік жауаптылықта болуға тиіс тұлғалар: 
      1) ақыл-есі дұрыс, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған жеке адам; 
      2) заңды тұлға. 
      9. Лауазымды адам қызметтік міндеттерін орындамауына немесе тиісті дәрежеде орындамауына байланысты әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жайлар болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалуына кінәлі лауазымды адам жалпы негіздерде жауаптылықта болуға тиіс. 
      Ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азамат (бұдан әрі - жеке кәсіпкер), сондай-ақ мемлекеттік органдар немесе өзін-өзі басқару органдары болып табылмайтын ұйымдардың басшылары, басқару функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлері лауазымды адамдар ретінде әкімшілік жауаптылықта болады. 
      10. Кодекстің  K010155_  38-43-баптарында көзделген жағдайларда, әкімшілік жауаптылығы жоқ кезде әкімшілік құқық бұзушылық үшін тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды. 

3. Әкімшілік жаза және әкімшілік-құқықтық 
ықпал ету шаралары 

      11. Әкімшілік жаза, осыған заңмен уәкілеттік берілген органдар (лауазымды тұлғалар) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қолданатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы болып табылады және осындай құқық бұзушылық жасаған адамның осы Кодексте көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе оларды шектеуге саяды. 
      12. Құрылыс саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке адамдарға мынадай әкімшілік жазалары қолданылуы мүмкін: 
      1) ескерту жасау; 
      2) әкімшілік айыппұл салу; 
      3) сәулет-құрылыс қызметі саласында лицензияның қолданылуын тоқтата тұру; 
      4) өз бетімен салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғаларға 1)-4)-тармақшаларында аталған әкімшілік жазалар, сондай-ақ сәулет-қала құрылысы қызметі саласында заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкін. 
      13. Ескерту, әкімшілік айыппұл салу тек негізгі әкімшілік жазалар ретінде ғана қолданылуы мүмкін. 
      Ескерту әкімшілік жаза қолдануға уәкілетті құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде теріс баға беруінен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мінез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. 
      Ескерту жазбаша түрде жасалады. 
      14. Әкімшілік айыппұл (бұдан әрі - айыппұл) - құрылыс саласында әкімшілік құқық бұзушылық үшін ерекше бөлімнің баптарында көзделген жағдайларда және шекте, әкімшілік жаза қолдану кезінде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес белгіленген айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір мөлшеріне сай келетін дәрежеде салынатын ақшалай жаза. 
      15. Айыппұл заңдарда белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет кірісіне өндіріп алынады. 
      Бір адам екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде әрбір құқық бұзушылыққа жеке-жеке әкімшілік жаза қолданылады. 
      Егер адам бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасап, ол істерді бір судья, құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдары (лауазымды адам) қараса, бұл адамға белгілі бір түрдегі жазалар қолданылған жағдайда, жазаның түпкілікті бір мөлшерін жазаның осы түрі үшін осы Кодексте белгіленген үш еселенген ең жоғарғы шегінен асыруға болмайды. 
      16. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолданылған адам әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жылдың ішінде осы жазаға ұшырады деп есептеледі. 
      Созылып кеткен әкімшілік құқық бұзушылық кезінде адам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екі ай өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға тиіс. 
      Егер Кодекстің 69-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде аталған мерзімдер аяқталғанға дейін адам жаңадан әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза қолдану мерзімінің өтуіне үзіліс жасалады. 
      Мұндай жағдайларда мерзімдерді есептеу жаңа әкімшілік құқық бұзушылық анықталған кезден басталады. 

4. Құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау
органдарының өкілеттігі  

      17. Осы Нұсқаулықта тізілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізуді Кодекстің 33-35-тарауларында белгіленген тәртіппен және шартта құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдары қарайды. 
      18. Кодекстің 538, 568-баптарына сәйкес мынадай әкімшілік құқық бұзушылықтарды құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдары қарайды және әкімшілік жаза қолданады: 
      1) тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану жөніндегі тиісті мемлекеттік органдардың келісімінсіз және осы органдардың нұсқауы бойынша ескерткіштердің паспорттандырылуы мен сақталуын анықтау жөніндегі алдын ала шараларды жүзеге асырмай, тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуына қатер төндіретін жобалау, іздену, құрылыс, мелиорация, жол жұмыстарын және басқа да жұмыс түрлерін жүргізу; ескерткіштерді қорғау өңірлерінде жер, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ тиісті мемлекеттік ескерткіштерді қорғау органдарының рұқсатынсыз бұл өңірде шаруашылық қызметпен айналысу, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау мен пайдалануды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті органдардың ескерткіштерді қорғау жөніндегі ережелердің бұзылуын жою туралы нұсқамаларын орындамау; 
      2) тиісті рұқсатсыз аулаларды, көшелер мен алаңдарды қазу, оларға құрылыс материалдарын үйіп тастау, қазылған жерді, сондай-ақ құрылыс алаңдарын құрылыс пен жөндеу аяқталғаннан кейін тәртіпке келтіруге шаралар қолданбау; 
      3) сәулет-құрылыс қызметі саласында заңдар мен мемлекеттік нормативтердің талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, іздену, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, құрылыс материалдарын, бөлшектері мен құрастырмаларын қолдану; 
      4) объектілерді тұрғызу және қайта жаңғырту, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен құрастырмаларын дайындау бойынша құрылыс-монтаж, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде нормативтік құжаттармен көзделген атқарушы техникалық құжаттамаларды ресімдеу ережелерін бұзу; 
      5) заңдармен белгіленген тәртіпте мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығына рұқсатсыз объектілер салу, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу; 
      6) сәулет-құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарын бұза отырып, объектілер мен кешендерді пайдалануға берудің белгіленген тәртібін бұзу; 
      7) тұрғын үйдегі адам тұратын және тұрмайтын үй-жайларды сәулет-құрылыс жобасынсыз, сәулет және қала құрылысы жөніндегі уәкілетті органның рұқсатынсыз өз бетімен қайта жабдықтау және қайта жоспарлау; 
      8) құрылысы аяқталған, бірақ белгіленген тәртіпте пайдалануға енгізілмеген объектілерді, кешендерді немесе олардың жекелеген бөліктерін пайдалану (тұру, қызмет көрсету, кірістер алу мақсатында өнімдер өндіру); 
      9) өз бетінше суға арналған құдық қазу және жер асты суларының су құбырын салу; 
      10) орманның жай-күйіне және оны ұдайы молайтуға зиянды ықпал етуге әкеп соғатын объектілерді салу және пайдалану; 
      11) қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережесін бұзу, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым объектілерін қирату; 
      12) арнаулы рұқсатсыз ғимараттарды салу немесе пайдалану. 
      19. Кодекстің (231 (екінші бөлігі), 232, 233, 235 (екінші бөлігі), 237, 278 (бірінші бөлігі), 494, 502-баптары) баптарында көзделген соттар қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы мынадай лауазымды адамдардың жасауға құқығы бар: 
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылыс инспекторлары; 
      2) облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік құрылыс инспекторлары. 
      20. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы басшысының және оның орынбасарларының, аумақтық бөлімше басшыларының, ал жергілікті жерде тексеру жүргізген кезде - осы органдар инспекторларының (мамандарының) әкімшілік құқық бұзушылық үшін істі қарау және әкімшілік жаза қолдануға құқығы бар. 
      21. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның жасалған жері бойынша қаралады. 
      22. Лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға әзірлену кезінде мына мәселелерді: 
      1) бұл істі қарау өзінің құзыретіне жататынын; 
      2) бұл істі лауазымды адамның қарау мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайлардың болуын; 
      3) осы Кодексте көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен басқа да хаттамалардың дұрыс жасалғанын, сондай-ақ істің өзге де материалдарының дұрыс ресімделгенін; 
      4) іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлардың, сондай-ақ адамды әкімшілік жауапқа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың болуын; 
      5) өтініштердің және бас тартудың болуын; 
      6) осы Кодекстің 584-588-баптарында аталған адамдарға іс қаралатын орын мен уақыт туралы хабарланғанын анықтайды. 
      23. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қарауға берілген лауазымды адам, егер ол адам: 
      1) жауапқа тартылып отырған адамның немесе жәбірленушінің, олардың заңды өкілдерінің, қорғаушысының немесе өкілінің туысы болса; 
      2) істің шешілуіне жеке басы, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса, бұл істі қарай алмайды. 
      Осы Нұсқаулықтың осы тармағында көзделген мән-жайлар болған кезде лауазымды адам өзінің бас тартатыны туралы мәлімдеуге міндетті. 
     (РҚАО-ның сілтемесі:  K010155_  (645-бап)) 
      Өздігінен бас тарту, олардан бас тарту туралы мәлімдемені жоғары тұрған лауазымды адам ол түскен күннен бастап бір тәулік ішінде қарайды және қарау нәтижелері бойынша мәлімдемені қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылады. 
      24. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қарауға әзірлену кезінде лауазымды адам мынадай шешім қабылдайды: 
      1) істі қарайтын уақыт пен орын тағайындау туралы; 
      2) іс бойынша адамдарды шақыру, қажетті қосымша материалдарды сұрап алдыру туралы. Қажет болған жағдайда лауазымды адам сараптама тағайындауға да құқылы; 
      3) істі қарауды кейінге қалдыру туралы; 
      4) құқығы жоқ адамдар хаттама жасаған және істің басқа материалдарын ресімдеген, хаттама дұрыс жасалмаған және істің басқа материалдары дұрыс ресімделмеген не тапсырылған материалдар толық болмаған, істі қарау кезінде оны толықтыру мүмкін емес жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын хаттама жасаған органға кері қайтару туралы; 
      5) егер бұл істі қарау өзінің құзыретіне жатпаса не лауазымды адамнан бас тарту туралы ұйғарым шығарылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын ведомстволық бағыныстылық бойынша қарауға беру туралы; 
      6) Кодекстің 642-бабына сәйкес істі мәні бойынша қарауға беру туралы; 
      7) Кодекстің 580-581-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде іс жүргізуді қысқарту туралы. 
      Берілген Нұсқаулықтың осы тармағының 7) тармақшасында көзделген шешім анықтама түрінде шығарылады. 
      Берілген Нұсқаулықтың осы тармағының 1)-6) тармақшаларында көзделген шешім қаулы түрінде шығарылады. 
      25. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер істі қарауға құқықты лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын алған күннен бастап он бес күн мерзімде қаралады. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушылардан өтініштер түскен жағдайда не істің мән-жайын қосымша анықтау қажет болған кезде істің қаралу мерзімін істі қараушы орган (лауазымды адам) ұзартуы мүмкін, бірақ ол бір айдан аспайды. 
      26. Лауазымды тұлға өзінің өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексі 648-бабының тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауды жүзеге асырады.
      27. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, лауазымды адам мына қаулылардың бірін шығарады:
      1) әкімшілік жаза қолдану туралы;
      2) іс жүргізуді қысқарту туралы;
      3) істі осы әкімшілік құқық бұзушылық үшін өзге де түрде немесе мөлшерде жаза қолдануға құқылы лауазымды адамның қарауына беру туралы.
      28. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыда:
      1) қаулыны шығарған лауазымды адамның лауазымы, аты-жөні;
      2) істің қаралған күні мен орны;
      3) өзіне қатысты іс қаралған адам туралы мәліметтер;
      4) Кодекстің әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылық көзделетін бабы;
      5) істі қарау кезінде анықталған мән-жайлар;
      6) іс бойынша шешім;
      7) қаулыға шағым беру тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулы дәлелді болуы тиіс.
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыға қаулы шығарған лауазымды адам қол қояды.
      29. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулы іс қаралып біткен соң дереу хабарланады.
      Қаулының көшірмесі өзі арнап шығарған жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ олардың сұрауы бойынша жәбірленушіге, жеке адамның заңды өкіліне дереу тапсырылады. Аталған адамдар болмаған жағдайда қаулының көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш күн ішінде жіберіледі. 
      30. Істі қараушы лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтаған кезде тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға оларды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізеді. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға мүдделі адамдар шағым бере алады, сондай-ақ Кодексте белгілеген тәртіпте және мерзімде прокурор наразылық келтіре алады. 

5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау  

      31. Құрылыс саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға: 
      1) уәкілетті лауазымды адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісін тікелей анықтауы; 
      2) құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар; 
      3) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлімдемелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар себеп болады. 
      Құрылыс саласында әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің болуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіздеме болады. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттама жасалған немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы прокурор қаулы шығарған кезден бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған болып саналады. 
      32. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада оның жасалған күні мен орны, хаттаманы жасаған адамның лауазымы, аты-жөні, іс қозғалған адам туралы мәліметтер, әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәні; Кодекстің ерекше бөлімінің аталған құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылық көзделетін бабы; егер олар бар болса, куәлардың және жәбірленушілердің аты-жөні, мекен-жайы; өзіне қатысты іс қозғалған жеке адамның не заңды тұлғаның заңды өкілінің түсініктемесі; істі шешу үшін қажетті заңды тұлғаның, филиалдың, өкілдіктің тіркеу нөмірі және өзге де мәліметтер көрсетіледі. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған кезде өздеріне қатысты іс қозғалған жеке адамның немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ іс жүргізудің басқа да қатысушыларына құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, бұл туралы хаттамада белгі жасалады. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны жасаған адам және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам немесе заңды тұлғаның, филиалдың, өкілдіктің өкілі қол қояды. Куәлар болған кезде, сондай-ақ куәгерлер қатысқан жағдайда хаттамаға сол адамдар да қол қояды. 
      Өздеріне қатысты іс қозғалған жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен танысуға мүмкіндік берілуге тиіс. Аталған адамдар хаттаманың мазмұны бойынша түсініктеме беруге және ескерту жасауға, сондай-ақ оған қол қоюдан өзінің бас тарту себебін баяндауға құқылы, олар осы хаттамаға қоса тіркеледі. Бұл адамдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда хаттамаға тиісті жазба жасалады. 
      Өздеріне қатысты іс қозғалған жеке адамға, заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ жәбірленушіге оның өтініші бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғаннан кейін оның көшірмесі алған қолы қойылып, дереу тапсырылады. 
      33. Ескерту немесе бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде айыппұл салу түрінде әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды, қайта осыған уәкілдік берілген лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде ескертуді ресімдейді немесе айыппұл салады. Айыппұл алынған жағдайда бұзушыға қатаң қаржылық есеп-қисап құжаты болып табылатын белгіленген үлгідегі түбіртек беріледі. 
      Егер тұлға 33-ші тармақтағы тәртіппен белгіленген шарамен келіспеген жағдайда, Кодекстің 635 бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады  K010155_  . 
      34. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін дереу жасалады. 
      Әкімшілік құқық бұзушылықтың мән-жайларын, өзіне қатысты іс қозғалған жеке адамның өз басын немесе заңды тұлға туралы мәліметтерді жеке және заңды тұлғаның заңды өкілінің жеке басын қосымша анықтау талап етілген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушылық анықталған кезден бастап үш тәулік ішінде жасалады. 
      35. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама қарау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілдік берілген судьяға, органға (лауазымды адамға) бір тәулік ішінде жіберіледі. 
      36. Хаттаманы құқығы жоқ адам жасаған, хаттама дұрыс жасалмаған және істің басқа материалдары дұрыс ресімделмеген жағдайларда, сондай-ақ Кодекстің 646-бабының 4) тармақшасында көзделген өзге де жағдайларда хаттаманың және басқа да материалдардың кемшіліктері оларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судья, орган (лауазымды адам) алған күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде жойылады. Түзетілген хаттама және істің басқа материалдары оларға енгізілген өзгерістермен қоса әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) кемшіліктері жойылған күннен бастап бір тәулік ішінде қайта жіберіледі. 

6. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылардың орындалуы  

      37. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы: 
      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы, егер оған шағым берілмесе немесе наразылық келтірілмесе, шағым беру үшін белгіленген мерзім (он күн) біткеннен кейін; 
      2) шағым, наразылық бойынша ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу, сондай-ақ Кодекстің 664-бабында көзделген жағдайда қаулы шығарылғаннан кейін заңды күшіне енеді. 
      Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы ол заңды күшіне енген сәттен бастап орындалуға жатады. 
      38. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауға жолдау қаулыны шығарған органға (лауазымды адамға) жүктеледі. 
      Қаулы оны орындайтын органға (лауазымды адамға) ол заңды күшіне енген күннен бастап бір тәулік ішінде жіберіледі. 
      39. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны Кодексте белгіленген тәртіппен уәкілетті органдар орындайды. 
      40. Ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны Кодекстің 652-бабына сәйкес қаулының көшірмесін тапсыру немесе жіберу жолымен қаулыны шығарған лауазымды адам орындайды. 
      41. Әкімшілік жауапқа тартылған адам айыппұлды әкімшілік айыппұл салу туралы қаулының заңды күшіне енген күнінен не Кодекстің 701-бабында көзделген кейінге қалдыру мерзімі өткен күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. 
      Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін салынған айыппұлды мемлекеттік бюджетке белгіленген тәртіппен жеке адам енгізеді немесе заңды тұлға аударады. 
      Жеке адамға және заңды тұлғаға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындау Кодекстің 708, 709-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 
      Айыппұл салу туралы айыппұл жазасы толық жүргізілген қаулы оның орындалғаны туралы белгі қойылып, қаулыны шығарған Алқалы органға (лауазымды адамға) қайтарылады. 

7. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер
жөнінде іс жүргізу  

      42. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар Кодексінің 635-бабының талаптарына сәйкес жасалады. 
      43. Құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарының басшылары жергілікті жерде бланкілерді уақытында дайындауды және алуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды сақтау және мақсат бойынша пайдалану үшін бақылауды жүзеге асыруға міндетті. 
      44. Әкімшілік жауапқа тартылатын құқық бұзушыларға жасалған нұсқаманың, хаттаманың, актінің журналдары сәулет-құрылыс бақылау органдары мен оның аумақтық органдары басшыларының бұйрығымен белгіленген жауапты адамдарда сақталуға тиіс және бау өткізілуге, нөмірленуге және сол органның мөрімен бекітілуге тиіс. 
      45. Іс жүргізу мен есеп жүргізудің жай-күйі үшін жауапкершілік тиісті сәулет-құрылыс бақылау органының басшыларына жүктеледі. 
      46. Іс жүргізу мен есеп жүргізудің жай-күйіне бақылауды құрылыс пен сәулет-құрылыс бақылау органдары басшыларының бақылау жасаушы орынбасарлары жүзеге асырады.
      47. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелері әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі өзінің аумақтық органдарына жоспарлы тексеруді жүзеге асырады.
      48. Тексеру барысында мынадай мәселелер қаралуы тиіс:
      1) тексеру нәтижелері туралы хаттамалардың, анықтамалардың және басқа да құжаттардың дұрыс жасалуы;
      2) қатаң есептегі құжаттардың бланкілерін сақтаудың, есептеу мен берудің жай-күйі;
      3) өтініштермен және шағымдармен жұмыстың жай-күйі.
      49. Жұмыстағы қателіктер мен кемшіліктер анықталған жағдайда оларды жою жөнінде шаралар қабылданады.

8. Құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау
органдарының жауапкершілігі

     50. Егер құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдары әкімшілік жаза қолдану бөлімінде өзінің міндеттерін тиімді орындамаған жағдайда азаматқа немесе ұйымға құқықтық залал келтірсе, олар мүліктік залалды өтеу туралы талаппен тиісті құрылыс және сәулет-құрылыс бақылау органдарын сотқа беруге құқылы. 
     Өзге органдар (лауазымды адамдар) қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мүліктік залалды өтеу заңнамалық тәртіппен белгіленген тәртіпте шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады