Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) ережесін бекіту туралы" 1999 жылғы 5 қарашадағы N 340 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы 2002 жылғы 13 сәуірдегі N 136. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 27 мамырда тіркелді. Тіркеу N 1863. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 200 қаулысымен.

      Екінші деңгейдегі банктер салымшыларының (депозиторларының) мүдделерін қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) ережесін бекіту туралы" 1999 жылғы 5 қарашадағы N 340 қаулысына  мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      Көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) ережесінде (бұдан әрі - Ереже):
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) объектісі, қатысушы банк еріксіз таратылған жағдайда, жеке тұлғаның банктік салым шарттарымен немесе салым құжаттарымен куәландырылған теңгедегі мерзімді салымдарын (депозиттерін) сыйақымен, АҚШ долларындағы және еуродағы салымдарын сыйақысыз, сондай-ақ теңгедегі талап ету салымдарын (депозиттерін) сыйақысыз қайтару бойынша қатысушы банктің міндеттемелері болып табылады. Салымдар (депозиттер) бойынша өтемақы, осы Ережеге сәйкес қайтарылуына кепілдік берілетін міндеттемелер осы Ереженің 34-тармағында көрсетілген мөлшерде төленеді.
      Қатысушы банктің:
      жеке тұлғалардың салымдары (депозиттері)-кепілдіктері, олардың міндеттемелері бойынша;
      еріксіз таратылатын қатысушы банктің басшы қызметкерлерінің және олардың жақын туыстарының, сондай-ақ банктің дауыс беру құқығы бар акцияларының бес және одан да көп процентін иеленуші акционерлерінің және олардың жақын туыстарының салымдары (депозиттері) бойынша;
      банктік салым шарты жасалған күні Қордың Директорлар кеңесі белгілеген салымдар (депозиттер) бойынша сыйақы ставкасының шектеулі көлемінен асатын салымдардың (депозиттердің) сыйақы ставкасы бойынша жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) объектісі болып табылмайды.";
      16-тармақтағы:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) осы Ереженің 19-тармағында көзделген жағдайларда, кепілдік берілетін салымдарды (депозиттерді) екі айдың ішінде қайтару жөніндегі міндеттемелерін өзі өтеуге не салымшылардың (депозиторлардың) қалауы бойынша салымдарды (депозиттерді) көрсетілген мерзімде банктің Міндетті күнтізбелік және өзге де жарналар мен төлемдер жасау тәртібі мен мерзімдері туралы шартында белгіленген мерзімде басқа қатысушы банктерге аударуға және Қор белгілеген кестеге сәйкес банктің салымдарды (депозиттерді) қайтару жөніндегі соңғы міндеттемелерін өтеуге қажетті сомада төлемді жүзеге асыруға;";
      мынадай мазмұндағы 5-2) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-2) тізбесін Қор белгілейтін тәуелсіз аудиторлық ұйымдардың бірінің қатысушы банкте тәуекелдерді басқару жүйесінің бар екендігін және оның бағасын растайтын аудиторлық қорытындыны Қорға беруге;";
      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "19. Қор жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) жүйесінен қатысушы банкті мынадай жағдайларда шығарып тастауға құқылы:
      1) барлық банктік операцияларды жүргізуге берілген лицензияны қайтарып алуды қоспағанда, қатысушы банкке жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік есепшоттарын ашуға және жүргізуге берілген лицензия қайтарылып алынғанда;
      2) Міндетті күнтізбелік, өзге де жарналар мен төлемдер жасау тәртібі мен мерзімдері туралы шартқа сәйкес банктің есепшотынан оның келісімінсіз күнтізбелік және өзге де жарналары мерзімінде төленбеген сомадағы ақшаны Қордың алуы түрінде қатысушы банкке қатысты шаралар ұдайы (қатарынан он екі күнтізбелік ай бойы үш немесе одан да көп рет) қолданылғанда;
      3) егер банктің осы Ережеге сәйкес қайтарылуы жөніндегі міндеттемелеріне кепілдік берілген салымдарының (депозиттерінің) сомасы (салынған салымдар (депозиттер) мен олар бойынша есептелген сыйақы сомасы) осы банктегі жеке тұлғалардың салымдарының (депозиттерінің) сомасынан (салынған салымдар (депозиттер) мен олар бойынша есептелген сыйақы сомасынан) аз болса, оларды қайтару жөніндегі міндеттемелерге кепілдік берілмейді;
      4) егер Қорға қатысушы банк салымшылар (депозиторлар) алдындағы міндеттемелерін толық және уақтылы орындауға кедергі келтіретін жағдайдың туындауын растайтын ақпарат берсе;
      5) қатысушы банктерге осы Ереженің 16-тармағының 1-1), 5-1) және 5-2) тармақшаларындағы талаптарды орындамағанда;
      6) заңды тұлға ретінде қатысушы банктің қызметі тоқтатылғанда.
      Осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша қатысушы банкті шығарған жағдайда, банк осы Ереженің 16-тармағының 4) тармақшасындағы талаптарды орындауға міндетті.";
      29-тармақтың үшінші азатжолындағы "жетіспеген жағдайда" деген сөздерден кейін "жарғылық капиталдың қалған ақшасы кемінде 500 миллион теңге болуы ескеріле отырып," деген сөздермен толықтырылсын;
      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "33. Салымдар (депозиттер) мен олар бойынша есептелген сыйақы бойынша өтемақы, қайтарылуына кепілдік берілген міндеттемелер салым (депозит) қандай валютамен салынса, сол валютамен төленеді.";
      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "34. Қор салымдар (депозиттер) бойынша өтемақыны, қайтарылуына кепілдік берілген міндеттемелерді мынадай мөлшерде төлейді:
      Мерзімді салымдар (депозиттер) бойынша:
      теңгемен - салынған салымның (депозиттің), бірақ 400 мың теңгеден аспайтын, сондай-ақ қатысушы банктің банктік операциялар жүргізуге берілген лицензиясын қайтарып алғанға дейін қолданылған Ұлттық Банктің ресми қайта қаржыландыру ставкасының елу проценті шегінде қатысушы банктің банктік операциялар жүргізуге берілген лицензиясы қайтарып алынғанға дейін есептелген сыйақы сомасы;
      АҚШ долларымен және еуромен - салынған салым (депозит) сомасының тоқсан проценті, сыйақысыз, бірақ қатысушы банктің банктік операциялар жүргізуге берілген лицензиясы қайтарып алынған күні қолданылған салық және кеден төлемдері үшін Ұлттық Банк белгілейтін, шетел валюталарының теңгеге ресми бағамы бойынша есептелген шетел валютасымен салынған салымның (депозиттің) 360 мың теңге баламасынан аспайтын сомасы.
      Теңгемен салынған талап ету салымдары (депозиттері) бойынша - салынған салымның (депозиттің) сомасы, бірақ 50 мың теңгеден аспайды, сыйақысыз төленеді.";
      мынадай мазмұндағы 34-1-тармақпен толықтырылсын:
      "34-1. Мерзімді салымдар (депозиттер), қайтарылуына кепілдік берілген міндеттемелер, оның ішінде бір салымшының (депозитордың) түрлі валюталармен (теңге, АҚШ доллары және еуро) салғандары бір мерзімді салым (депозит) ретінде қарастырылады, олар бойынша өтемақы осы Ереженің 34-тармағында белгіленген мөлшерде төленеді. Мұндайда өтемақыны есептеу салынған мерзімді салымдар мөлшерінің сомасына қарай жасалады, бірақ 400 мың теңгеден аспайды. Салымшы (депозитор) осы Ереженің 34-тармағын ескере отырып, өзінің түрлі валюталармен салған мерзімді салымдары (депозиттері) бойынша өтемақы төлеудің кезегін белгілеуге құқылы.
      Талап ету салымдары (депозиттері), қайтарылуына кепілдік берілген міндеттемелер, оның ішінде бір салымшының (депозитордың) салғандары бір талап ету салымы (депозиті) ретінде қарастырылады, олар бойынша өтемақы салынған салымның мөлшерінде төленеді, бірақ 50 мың теңгеден аспайды.";
      мынадай мазмұндағы 38-1-тармақпен толықтырылсын:
      "38-1. Егер қатысушы банктердің бірде біреуі осы Ереженің 38-тармағының талаптарына сай келмесе, Қор агенттік келісім негізінде салымдар (депозиттер) бойынша "Казпочта" ААҚ арқылы өтемақы төлейді. Сонымен бірге көрсетілген агенттік келісімде осы Ережеде көзделген міндетті талаптар болуға тиіс.".
      2. Ереженің 2002 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілетін 16-тармағының 5-2) тармақшасындағы толықтыруды, Ереженің 2002 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін 19-тармағының 3) тармақшасындағы толықтыруды қоспағанда, осы қаулы 2002 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
      Осы қаулының күші осы қаулы күшіне енгізілгенге дейін қолданылған талаптармен кепілдік беріліп салынған салымдар (депозиттер) бойынша өтемақы төлеу жөнінде туындауы мүмкін қатынастарға қолданылмайды.
      3. Банктерді және сақтандыруды қадағалау департаменті (Мекішев А.А.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он төрт күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына, екінші деңгейдегі банктерге және "Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беру (сақтандыру) қоры" ЖАҚ-на жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Г.А. Марченкоға жүктелсін.

      Ұлттық Банк
       Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады