Қазақстан Республикасында статистикалық есептілікті табыс ету тәртіптерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі төрағасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 72 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 9 тамызда тіркелді. Тіркеу N 1947. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Төрағасының 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 100 Бұйрығымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Төрағасының 2010.04.29 № 100 Бұйрығымен.

      "Мемлекеттік статистика туралы"  Қазақстан Республикасының  Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  2002 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне  сәйкес және мемлекеттік статистиканың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында статистикалық есептілікті табыс ету тәртіптері бекітілсін және олар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күнінен бастап қолданысқа енгізілсін. 
      2. Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің 2000 жылғы 26 маусымдағы N 44 бұйрығымен бекітіліп, бұрын қолданыста жүрген Қазақстан Республикасында статистикалық есепті табыс ету тәртіптерінің күші осы Тәртіптер қолданысқа енгізілген сәттен бастап жойылсын. 
      3. Үйлестіру және статистикалық нұсқаулықтар департаменті осы бұйрықты және Қазақстан Республикасында статистикалық есептілікті табыс ету тәртіптерін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күнінен бастап бір ай мерзім ішінде мемлекеттік статистикалық органдарына жеткізсін. 
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ю.Қ.Шоқамановқа жүктелсін. 

       Төраға

  Қазақстан Республикасы
Статистика жөніндегі 
агенттігінің     
2002 жылғы 10 шілдедегі
N 72 бұйрығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

  Қазақстан Республикасында статистикалық
есептілікті табыс ету
ТӘРТІПТЕРІ

    1. Жалпы ережелер

        1. Осы Тәртіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленген.
       Ескерту: 1-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің 2005 жылғы 4 мамырдағы N 76 бұйрығымен.

      2. Тәртіптер мемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізген кезде статистикалық есептілікті және басқа статистикалық нысандарды табыс ету тәртібін реттейді. 

      3. Мемлекеттік статистика органдары бастапқы статистикалық ақпаратты тек объективті және сенімді статистикалық ақпарат алу мақсатында ғана жинайды. 

      4. Бастапқы статистикалық ақпарат құпия болып табылады. Ол, егер қолданыстағы заңнамаларда өзгедей көзделмесе, мемлекеттік органдарға жүктелген бақылауды немесе өзге де статистикалық қызметпен байланысты емес функцияларды жүзеге асыру мақсатында пайдаланылмауға тиіс. 

      5. Әкімшілік құқық бұзушылық және мемлекеттік статистикалық есептілікті табыс ету бойынша бұзушылықтарға жол берген адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту тәртібі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген. 

       2. Осы Тәртіптерде пайдаланылатын негізгі
түсініктер

      6. Бастапқы статистикалық ақпарат - статистикалық байқау жүргізілген кезде мемлекеттік статистика органдарына статистикалық мақсаттарда пайдалану үшін табыс етілген нақты жеке тұлға, заңды тұлға және оның құрылымдық бөлімшесі туралы деректер. 

      7. Статистикалық байқау - әлеуметтік-экономикалық өмірдің құбылыстары мен процестері туралы деректерді алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша тіркеу арқылы жоспарлы түрде, ғылыми ұйымдастырып жинау. Мемлекеттік статистикалық байқаулар жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулардан тұрады.

      8. Жалпымемлекеттік статистикалық байқау - уәкілетті орган жүргізетін байқаулар.

      9. Ведомстволық статистикалық байқаулар - Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүргізетін байқаулар. 

      10. Мемлекеттік статистикалық есептілік - жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар, бұл орайда жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері хабарланатын мәліметтердің берілуі мен дұрыстығына жауапты адамдар қол қойған есептерді мемлекеттік статистика органдарына Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіппен ұсынады. 

      11. Басқа да статистикалық нысандар - сауалнамалар, сұрақтамалар, есеп беруден басқа бір жолғы зерттеулердің, санақтардың және басқалардың бланкілері. 

      12. Есептік бірліктер - олар туралы бастапқы статистикалық ақпарат табыс етілетін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері. Есептік бірліктерді статистикалық органдар анықтайды. 
      Есеп беруші бірліктер - белгілі бір есептік бірлік үшін статистикалық есептілікті табыс ететін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері. 

  3. Статистикалық есептілікті табыс ету тәртібі

      13. "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес ұлттық санақты және статистикалық жұмыстар жоспарында көзделген мемлекеттiк статистикалық байқауларды жүргiзу кезiнде жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң бастапқы статистикалық ақпаратты ұсынуы мiндеттi болып табылады және өтеусiз негiзде жүзеге асырылады.
       Ескерту: 13-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің 2005 жылғы 4 мамырдағы N 76 бұйрығымен

      14. Ғылымның және қоғамдық ұйымдардың мүдделі өкілдері алдын ала талқылағаннан кейін статистикалық жұмыстар жоспарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
       Ескерту: 14-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің 2005 жылғы 4 мамырдағы N 76 бұйрығымен

      15. Статистикалық есептілікті табыс етудің мерзімдері мен мекен-жайы, сондай-ақ есептік бірліктің ауқымы, нысанды бекіту туралы бұйрықтың нөмірі мен күні, айы, жылы статистикалық есептілік нысанының титулдық бөлігінде көрсетіледі. Зерттеуге жататын есептік бірлік ауқымы статистикалық байқау әдісін (жаппай немесе іріктеп) ескере отырып Мемлекеттік статистикалық тіркелім деректері бойынша анықталады. 

      16. Есептік және есеп беруші бірліктердің толық тізбесі Мемлекеттік статистикалық тіркелімде болады. Оны жүргізуді халықаралық стандарттарға сәйкес уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. 

      17. Есептік бірлік туралы статистикалық есептілікті есеп беруші, егер статистикалық орган өзгедей тәртібін белгілемесе, есептік бірліктің тұрған жері бойынша табыс етеді. 
      Статистикалық байқау бағдарламасына сәйкес (статистикалық нысан және статистикалық байқауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық түрінде ұсынылған) заңды тұлғалар статистикалық есептілікті тұтастай немесе өзінің құрылымдық бөлімшелері бойынша жеке тапсырады.
      17-1. Есеп беретін бірлік салық төлеушінің (салық агентінің) қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылдауына байланысты салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру туралы салық органының шешімін мемлекеттік статистика органына ұсынған жағдайда статистикалық есептілік ұсынылмауы мүмкін.
      Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Статистика агенттігі төрайымының м.а. 2009.10.23 N 173 Бұйрығымен.

      18. Мемлекеттік статистикалық есептілік табыс етуге және хабарланатын мәліметтердің дұрыстығына жауапты адам қол қойып және мөрмен расталып табыс етіледі.      

      19. Есептілік нысанының титулында көрсетілген мекен-жай иесіне табыс етілген күн статистикалық есептілікті табыс ету күні болып саналады. Егер нысан титулында "пошталық" деп көрсетілсе, онда пошта кәсіпорнының мөртабанында көрсетілген жөнелту күні табыс ету күні болып табылады. 
      Табыс ету мекен-жайы электрондық мекен-жаймен берілген, сондай-ақ толтыру үшін электрондық мекен-жай бойынша жіберілген статистикалық есептер Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген электрондық қолын растау жосығын сақтай отырып, электрондық мекен-жай бойынша табыс етілуі мүмкін.

      20. Статистикалық есептілікті статистикалық есептілік нысандарында көрсетілген мерзімдерде табыс етпеу, оны табыс ету мерзімінің бұзылуы болып табылады. Егер табыс ету мерзімінің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келсе, онда табыс ету мерзімі келесі жұмыс күнінің аяғында бітеді.

      21. Статистикалық есептілікте есептік деректерді дұрыс көрсетпеу оларды бұрмалау болып саналады.

  4. Бастапқы статистикалық ақпараттың құпиялылығын
қамтамасыз ету

      22. Статистикалық есептілік жүргізетін уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігі негізінде мемлекеттік және коммерциялық құпияны, бастапқы статистикалық ақпараттың жасырын болуын сақтауға міндетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады