Әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 2002 жылғы 21 қарашадағы N 60 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 5 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2065. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2010 жылғы 01 қазандағы № 61 бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2010.10.01 № 61 бұйрығымен.

      Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуына тиiстi қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында, "Прокуратура туралы" Қазақстан Реcпубликасы  Заңы 11 бабының 4 тармақшасын басшылыққа алып, БҰЙЫРАMЫH:
      1. "Әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Мемлекеттiк органдар қызметiндегi заңдылықты қадағалау департаментi (А.Н.Кравченко) осы бұйрық және "Әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" нұсқаулықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуге шаралар қолдансын.
      3. Бұйрық Бас әскери прокурорға, облыс, қала, аудан прокурорларына және оларға теңестiрiлген прокурорларға жолдансын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жетекшiлiк ететiн Бас Прокурордың орынбасарына жүктелсiн.
      5. Бас Прокурордың "Әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" 15 маусым 1999 жылғы N 60 және "Азаматтар мен заңды тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметiнiң еркiндiк құқығын қорғау туралы" 28 қараша 2000 жылғы N 63 бұйрықтарының күшi жойылған деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
           Бас прокуроры

Қазақстан Республикасы   
Бас Прокурорының      
2002 жылғы 21 қарашадағы  
N 60 бұйрығымен      
бекiтiлген         

  Әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы
НҰСҚАУЛЫҚ

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы"  Заңына және заңдардың қолданылуына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру тәртiбiн анықтайтын Қазақстан Республикасының басқа заң актiлерiне сәйкес қабылданды.

      2. Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерiнiң, басқармаларының бастықтары, облыc, қала, аудан прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар Қазақстан Республикасы заңдарының, Президент жарлықтарының және республика аумағындағы басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң нақты және бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етсiн, заңдылықтың кез-келген бұзылуын жою мен анықтау жөнiнде шаралар қолдансын.

      3. Заңдардың дұрыс қолданылуының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын төменгi басымдық бағыттар бойынша прокурорлық қадағалауды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылсын:
      1) адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мiндеттi түрде сақталуын;
      2) сыбайлас жемқорлықпен күрес, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың нақты және бiрыңғай қолданылуын;
      3) мемлекеттiк органдардың құқықтық актiлерiнiң, Конституцияға, Республика Президентiнiң заңдары мен жарлықтарына сәйкес келуiн;
      4) қоршаған ортаны қорғау және оның ресурстарын тиiмдi пайдалану туралы заңдардың қолданылуын;
      5) кәсiпкерлiктi қолдау және қорғауға бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ету болып есептелсiн;
      6) кәмелетке толмағандар туралы заңдылықтың қолданылуына.
       Ескерту: 3-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      4. Прокуратураның құқық қорғау функциялары, соның iшiнде денсаулығына немесе жасына байланысты өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше талап етуге қабiлетсiз азаматтар мен адамдардың едәуiр бөлiгiнiң құқықтары мен бостандықтарына тиесiлi көпшiлiк сипаттағы заңның бұзылуын жою сотқа талап-арыз беру арқылы орындалсын. Қалған жағдайда әр азаматқа өз құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғау тәртiбi түсiндiрiлсiн.
      Бас Прокурордың немесе жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей тапсырмаларынсыз шаруашылық жүргізуші субъектілердің азаматтық-құқықтық дауларына прокуратура органдарының араласуына және азаматтардың мүддесінде негізсіз талаптар беруге жол берілмесін.
      Заңды тұлғалардың мүдделерiне қатысты талап-арыздар сотқа Бас Прокурордың немесе оның орынбасарларының келiсiмiмен ғана жолдансын.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      5. Тексеру заң талаптарына сай, қадағалау құзырындағы аумақтарда заңдылық жағдайын мұқият талдау негiзiнде, сондай-ақ Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша жоспарланып, орындалсын.
      Бұл мақсатта, прокурорларда өзiнiң қадағалау аумағындағы әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi көрсеткiштерi, демографиялық жағдайы, сондай-ақ халықтың қоғамдық, дiни және саяси белсендiлiгi толығымен сипатталған, үнемi жаңартылып отыратын паспорт болу керек.
      Аумақтағы жалпы ахуал және заңды қолданудың аса проблемалы саласын зерделеу мақсатында сотта қаралған қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша қажеттi мәлiметтер жинақталынсын.

      6. Тексеру қатаң түрде өз құзыретi шеңберiнде және бiр айлық мерзiмде жүргiзiлсiн. Тексерудi тағайындаған прокурор жоғары тұрған прокурордың келiсiмiмен оның мерзiмiн ұзарта алады. Тексеру тиiстi қаулы шығарылғаннан кейiн ғана жүргiзiлсiн.
      Жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштері, сондай-ақ Бас прокуратураның тапсырмалары бойынша тексерулерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басшылығымен келіспей шаруашылық субъектiлерiн бастамашылық тексеруге жол берілмесін.
      Тексеру алдында тексерiлетiн субъектiнiң лауазымды тұлғасы тексерудi тағайындау туралы қаулымен таныстырылсын.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      7. Тексеру жүргiзу туралы қаулыны шығаруға: Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерiнiң, дербес басқармаларының және бөлiмдерiнiң бастықтары, облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар, олардың орынбасарлары және облыс прокуратураларының дербес басқармалары мен бөлiмдерiнiң бастықтары, оларға теңестiрiлгендер, облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлгендердiң аға көмекшiлерi, қала, аудан, арнайы прокуратуралардың прокурорлары, олардың мiндеттерiн атқарушылар құқықты.

      8. Тексерiс тақырыбына қарамастан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңының қолданылуына, мемлекеттiк органдардың құқықтық актiлерiнiң заңдылығына баса назар аударылсын.

      8-1. Тексеру нәтижелері бойынша дайындалған анықтама көшірмесі тексерілген субъект басшысына танысу үшін берілсін.
       Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      9. Прокурорлық қадағалау актiлерiн сапалы дайындау қамтамасыз етiлсiн.
      Прокурорлық қадағалау актiлерiнде заңнама нормаларына мiндеттi түрде сiлтеме жасай отырып, заң бұзушылықтың құқықтық мәнi баяндалсын, осыған орай заңның келеңсiз бұзылу салдары, себептерi мен жағдайлары көрсетiлсiн және кемшiлiктердi болдырмау, кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы мәселе қойылсын.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      10. Прокурорлық қадағалау актiсiнiң орындалуына және iс жүзiнде заң бұзушылықтың жойылуына бақылау қамтамасыз етiлсiн.

      11. Ұйғарым прокурорлық қадағалау актiсi ретiнде тек Қазақстан Республикасы "Прокуратура туралы"  Заңының 24-шi бабында көзделген талаптардың жиынтығы негiзiнде қолданылсын, яғни, егер заңды бұзу:
      1) ашық сипатта болса;
      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың, қоғам және мемлекеттiң заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiрiлсе;
      3) дереу жоюды қажет етсе.
      Ұйғарым нормативтiк құқықтық актiлерге байланысты қолданылмайды.

      12. Егер ұйғарымды өз еркiмен орындамаса, ол, мүлкiнен мәжбүрлеп айырудан басқа жағдайларда, мәжбүрлеп орындатуға жолдансын.

      13. Заң бұзушылық туралы ақпараттың түсу-түспеуiне қарамай, уақытында және үнемi өз өкiлеттiгi шеңберiнде мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң заңдылығына тексеру жүргiзiлсiн, сонымен қатар:
      1) мемлекеттiк органдар өздерi жаңадан қабылданған барлық нормативтiк құқықтық актiлерiн ерiктi түрде прокуратураға жолдап тұруға қол жеткiзiлсiн.
      2) әрбiр нормативтiк құқықтық актiлердi зерделеу нәтижесі туралы анықтама мен тұжырымдамалар дайындалсын;
      3) заңсыз құқықтық актiлердiң күшiн жоюға немесе заңға сәйкестендiруге шаралар қолданылсын.

      14. Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттiң заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiретiн құқықтық актiлер анықталса, наразылықта оларды қолдануды тоқтату туралы талап мiндеттi түрде көрсетiлсiн.
      Мұндай наразылық қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрден сотқа талап арыз жолданып, ол қаралғанша тиiстi қаулы қабылдау арқылы наразылық келтiрiлген актiнi қолдану тоқтатылсын.

      15. Жалпыға бiрдей мiндеттi немесе азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу туралы заң талаптарының орындалуына назар аударылсын.
      Мемлекеттiк тiркеуге жататын, бiрақ тiркеуден өтпеген нормативтiк құқықтық актiлер анықталса, оларды қолдану мiндеттi түрде тоқтатылсын.
      Азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және мiндеттерiне байланысты нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу ережелерi бұзылса, кiнәлi лауазымды иелерi заңда анықталған тәртiп бойынша жауапкершiлiкке тартылсын.
       Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      16. Анықталған заңсыз нормативтiк құқықтық актiлерге наразылық келтiруге прокурордың өкiлеттiгi болмаған жағдайда, материалдар қадағалау бағыныстылығына сай жоғары тұрған прокурорға жолдансын.

      17. Нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануды тоқтату туралы прокурорлық қадағалау актiлерi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.

      18. Заң нормаларында қайшылықтар немесе кемшiлiктер анықталса, сондай-ақ заңда көзделген нормативтiк құқықтық актiлердiң қабылданбағаны анықталса, ол туралы Бас прокуратураға хабарлансын.

      19. Жоғары тұрған прокурор қабылданған прокурорлық қадағалау актiлерiнiң заңдылығын тексеру нәтижесi бойынша:
      1) олардың заңдылығы және негiздiлiгi күмәндi болса, нақты шешiм қабылдағанға дейiн оларды қолдануды тоқтатсын;
      2) заңда және осы бұйрықта белгiленген құзырет шеңберiнен шығып кеткен жағдайда прокурорлық қадағалау актiлерiн қайтарып алсын;
      3) прокурорлық қадағалау актiлерi  Конституцияға , заң актiлерiне, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына, Бас Прокурордың бұйрықтары мен нұсқауларына қайшы келсе, олардың күшi жойылсын.

      20. Мемлекеттiк органдар қабылдаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың заңдылығына, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайда олардың қолданылуы туралы прокурорды уақытылы хабардар етудi қадағалау қамтамасыз етiлсiн.
      Тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы хабарламаны алғаннан кейiн, мiндеттi түрде екi күн iшiнде бұл шаралардың заңдылығы тексерiлсiн, ал қажет болған жағдайда тексеру тыйым салынған, шектелген азаматтардан түсiнiк алу арқылы жүргiзiлсiн.

      21. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғалары тағайындаған тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн жою немесе алып тастау туралы қаулы осы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан заңдылықтың көпе-көрнеу және өрескел бұзылуы анықталған жағдайда шығарылсын.
      Мұндай қаулыларды Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерiнiң, дербес басқармаларының, бөлiмдердiң бастықтары, облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан, арнайы прокуратуралардың прокурорлары мен олардың мiндеттерiн атқарушылар шығаруға құқықты.

      22. Тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар туралы хабарламалар мiндеттi түрде байланған, нөмiрленген, мөрленген, сондай-ақ хабарламаның түскен күнi мен уақыты туралы мәлiмет көрсетiлген арнайы журналға тiркелсiн.

      23. Мемлекеттiк органдардың тиiстi хабарламаларды мүлде бермеу немесе уақытында бермеу фактiлерiн анықтау мақсатында жылына кемiнде бiр мәрте тиiстi тексеру ұйымдастырылсын.

      24. Мемлекеттiк органдардың жүргiзген жұмыстары туралы заң актiлерiне сәйкес прокурорды хабардар етпеу немесе уақытылы хабардар етпеу фактiлерi анықталса, кiнәлi лауазымды тұлғаларды заңда белгiленген әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту мәселесi мiндеттi түрде шешiлсiн.

      25. Прокурорлық тексеру барысында жасырын заң бұзушылықты анықтау қажеттiгi туындаған жағдайда және оны анықтауды жүзеге асыру үшiн өзге мүмкiндiк болмаса, құзыреттi органдар тарапынан жедел-iздестiру iс шараларын жүргiзу мәселесi шешiлсiн.
      Жедел-iздестiру iс шараларын жүргiзуге негiз Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлардың қаулылары болып табылады.
      Қаулыда жедел-iздестiру iс-шараларының негiзi, олардың өткiзiлу мерзiмi, тексерiлетiн субъектiлердiң ауқымы және алынған нәтижелердiң берiлу нысаны көрсетiлсiн.

      26. Қажет жағдайда тексеруге мамандар тартылсын. Сараптама арнайы ғылыми бiлiм қажеттiгi туындағанда және оның нәтижесiнсiз прокурорлық тексерудi жүзеге асыру мүмкiн болмайтын жағдайда ғана тағайындалсын.
      Сараптаманы тағайындау туралы қаулыны Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратура департаменттерiнiң, дербес басқармалары мен бөлiмдерiнiң бастықтары, облыс прокурорлары, оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың мiндеттерiн атқарушылар, сондай-ақ қалалар мен аудандар прокурорлары облыс прокурорларымен немесе олардың мiндеттерiн атқарушылармен келісу бойынша шығарады. Келісу 3 тәулік ішінде, ал кешіктіруге болмайтын жағдайларда 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Тегін жүргізілетін сараптама келісуді талап етпейді.
      Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда: сараптаманы тағайындау негiзi, уақыты, орны, сараптауға жолданатын объектiлер мен сарапшының қарауына берiлетiн өзге құжаттар, сарапшының тұжырымына негiз болатын тексеру материалдарында бар мәлiметтер, сарапшының алдына қойылған сұрақтар, сот сараптама органының атауы немесе сараптама жүктелген маманның аты-жөнi көрсетiлсiн.
       Ескерту. 26-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      27. Қандай да болмасын өкiлеттi органның құзыретi туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың алғашқы арыздары Қазақстан Республикасының "Әкiмшiлiк процедурасы туралы"  Заңының талаптарына сәйкес ведомостволық бағыныстылығы бойынша тиiстi мемлекеттiк органға жолдансын және арызданушыға осы орган қабылдаған шешiмiмен келiспеген жағдайда прокуратураға қайта шағымдану мүмкiндiгi туралы хабарлансын.

      28. Прокурордың заңды қызметiне кедергi жасалса, оның ұйғарымдары және басқа да заңды талаптары орындалмаса, кiнәлi тұлғалар заңда белгiленген әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылсын.

      29. Прокурорлық қадағалау актiлерiнiң орындалмауы, сондай-ақ прокурордың қызметiне кедергi келтiруi салдарынан азаматтардың, ұйымдардың, қоғам мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiрiлсе, кiнәлi тұлғалар заңда белгiленген қылмыстық жауапкершiлiкке тартылсын.

  2-тарау. Прокурорлық қадағалаудың жеке
бағыттарындағы мiндеттердi жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру

         1. Әлеуметтiк саладағы заңдылықты қадағалау

      30. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында заңдылық жағдайы жүйелi талдансын.

      31. Кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын тексеру мемлекеттiк органдар мен жүйелi алдын-алу мекемелерiнде, ал қажет болса балалар үйiнде, мектеп-интернаттарда және балаларды күтiп, тәрбиелейтiн басқа да мекемелерде өткiзiлсiн.
      Жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу туралы заң талаптарының сақталуына, және олардың құқықтарының, оның iшiнде мүлiктiк құқықтарының қорғалуына баса назар аударылсын.

      32. Өкiлеттi мемлекеттiк органдарда қаралатын кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу туралы iстерге прокурордың мiндеттi түрде қатысуы, сондай-ақ уақытша оқшаулау, бейiмдеу және ақтау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау заңдылығы қамтамасыз етiлсiн.

      33. Тиiстi өкiлеттi мемлекеттiк органдарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған бiлiм, неке және отбасы, денсаулықты қорғау, халықты еңбекпен қамту, еңбектi қорғау туралы заңнамалардың қолданылуы тексерiлсiн.

      34. Бiлiм туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау бiлiм мекемелерiнiң тарапынан бюджет және қаржы тәртiбiнiң, лицензиялау мәселелерiнiң, мемлекеттiк жалпы бiлiм стандартының сақталуына бағытталсын.

      35. Бiлiм саласында өкiлеттi мемлекеттiк органдар тарапынан оқуға мүмкiндiгi жоқ немесе оқудан бас тартқан жасөспiрiмдердi анықтау, оларды орналастыру қызметiне, сондай-ақ азаматтардың тегiн орта бiлiм алу туралы конституциялық құқығының сақталуына баса назар аударылсын.
      Мемлекеттiк бiлiм мекемелерiнде оқушылардың ата-аналарынан заңсыз ақша жинау фактiлерi анықталса, оларды жою шаралары қолданылсын.
      Заңда белгiленген ақылы қызмет көрсету және ақша қаражатын жұмсау тәртiбiнiң мiнсiз сақталуына назар аударылсын.

      36. Жылына кемiнде бiр мәрте денсаулық сақтау заңнамасында белгiленген мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан көрсетiлетiн медициналық-санитарлық, медициналық-әлеуметтiк және дәрi-дәрмек көмектерiнiң тегiн болуы мен қол жетiмдiлiгi, сондай-ақ халықты аурудан сақтандыру және қолайлы санитарлық-эпидемиялық ахуалды қамтамасыз ету талаптарының сақталуы талдансын.

      37. Тексерумен мемлекеттiк өкiлеттi органдар және жұмыспен қамтамасыз етушiлердiң экологиялық, санитарлық-эпидемиялық қолайлы ахуалды қалыптастыруға және халықтың радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларды ұйымдастыру мәселелерi қамтылсын.

      38. Кәмелетке толмағандар үшiн, бiлiм, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтiк мәселелердi шешуге бөлiнген бюджеттiк қаражаттың мақсатты және заңды жұмсалуына мiндеттi және уақытылы қадағалау қамтамасыз етiлсiн.

      39.  (39-тармақ алып тасталды - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен).

      40. Еңбек туралы заңнаманың қолданылуын тексеру кезiнде тазалық пен қауiпсiздiк талаптарына сай еңбек шарттарына, еңбегi үшiн ешқандай кемсiтусiз сыйақы берiлуiне, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуына байланысты азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына баса назар аударылсын.

      41. Шекараға жақын облыстарда жасырын көшi-қонның алдын-aлу, тыю шараларын күш бiрiктiріп жүзеге асыру үшiн құқық қорғау және жергiлiктi атқарушы органдармен тиiстi қарым-қатынас ұйымдастырылсын.
      Өкiлеттi мемлекеттiк органдарды тексергенде олардың заңсыз көшi-қонның алдын алу мен тыю мiндеттерiнiң орындалуына, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiндегi өзара қарым-қатынас деңгейiне баса назар аударылсын.

      42. Қазақстан Республикасында шетел азаматтарының болуы ережелерiнiң қолданылуына тиісті қадағалау жүзеге асырылсын.
       Ескерту: 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      43. Өкiлеттi мемлекеттiк органдардың шетелдiк жұмысшы күштерiн тартуға және Қазақстаннан жұмысшы күштерiн шетелге шығаруға лицензия беру туралы шешiмдерiнiң заңдылығына баса назар аударылсын.

      44. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауда өкiлеттi мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғалары тарапынан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың қолданылуына жыл сайын талдау жасалсын.
       Ескерту: 44-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      45. Мемлекеттiк өкiлеттi органдар тарапынан (қабылдаушы-бөлушi, әкiмшiлiк тәртiбiмен қамауға алынған адамдарды арнайы қабылдау мекемелерi, iшкi iстер органдарындағы медициналық айықтырғыш тарапынан) азаматтардың жеке бас бостандықтарына байланысты конституциялық құқықтарының сақталуына баса назар аударылсын.
      Көрсетiлген мекемелерде кемiнде аптасына бiр мәрте тексеру жүргiзiлiп, төменгi мәселелер зерделенсiн:
      1) азаматтарды арнайы мекемеге әкелу заңдылығы мен онда болу мерзiмiнiң сақталуы;
      2) мекемелерде белгiленген режим және ұстау тәртiбiнiң (мекеменiң техникалық шамасына сәйкес емдеу, жұқпалы аурулардың алдын-алу шараларын жүргiзу) қамтамасыз етiлуi.
      Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын дер кезiнде жоюды қамтамасыз ету мақсатында аталмыш мекемелерде түнгi уақыттарда, мереке және демалыс күндерiнде тексеру ұйымдастырылсын.

      46. Азаматтарды заңсыз әкелу, ұстау фактiлерi анықталса, тез арада босатылсын, ал заң бұзушы лауазым иелерiне тиiстi шаралар қолданылсын.

  2. Қаржы-несие саласындағы заңдардың
қолданылуын қадағалау

      47. Прокуратура органдарының қаржы-несие саласындағы негiзгi мiндеттерi бюджет, банк, кеден, салық пен бюджетке төленетiн төлем мен басқа да мiндеттi төлемдер туралы заңнамаларының орындалуын қадағалау болып есептелсiн.

      48. Жылына кемінде бір мәрте салық органдары қабылдаған салық төлеушiге салық және бюджетке төленетiн басқа төлемдердi төлеу мерзiмiн ұзарту, есептелген өсiм және айыппұлды төлеуден босату, сондай-ақ бюджеттен ақша қаражатын қайтару туралы барлық шешiмдерiнiң заңдылығы тексерiлсiн.
      Салық төлеушiлерге жеңiлдiк беру немесе бюджеттен ақша қаражатын заңсыз қайтару фактiлерi бойынша түпкiлiктi шара қабылданып, заңсыз қайтарылған қаражат бюджетке өндiрiлсiн және салық органдарының кiнәлi лауазымды қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi туралы мәселе көтерiлсiн.
       Ескерту. 48-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      49. <*>
       Ескерту: 49-тармақ алынып тасталды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      50. Жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы төлемдерінің толық және дер кезінде төленуі жөнінде салық органдары бақылау жүргізгенде заңдылықтың жағдайына жыл сайын талдау жасалсын.
      Мiндеттi зейнетақы бойынша елеулi қарыздар анықталған жағдайда, олардың себебiн анықтап, кiнәлi лауазымды қызметкерлердiң жауапкершiлiгi туралы мәселе көтерiлсiн.
       Ескерту: 50-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      51. Қолданылып жүрген салық және кеден заңдарында салық төлеушiлер міндетті зейнетақы төлемдерінің төленуі жөніндегі агенттер (одан ары - агент) мен сыртқы экономикалық қызметтердiң субъектiлерiнiң банктегi есепшоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату негiздерiнiң қалтқысыз орындалуына назар аударылсын.
      Салық төлеушiлердiң заңда белгiленген мерзiмде салық есебiн бермеуiне немесе салық қарызын өтемеуiне байланысты банктегi есепшоты бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы салық органдарының өкiмдерiн санкциялау мәселесiн шешу кезiнде, салық төлеушiлердiң уақытында төленбеген салық мiндеттерiн өтеудi қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы хабарлама мен олардың дербес есепшоттарыннан тиісті бөлімшелер басшыларының қолдарымен және салық органының мөрімен куәландырылған үзінді көшiрме, сондай-ақ салық төлеушінің есептелген салық сомасы мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мен өсiм туралы хабарламаға салық төлеушінің шағымдану фактісінің болмағандығы туралы жазбаша растау хат талап етiлсiн.
       Ескерту: 51-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі  N 42 , өзгерту енгізілді - 2008.06.25.  N 29 б бұйрықтарымен.

        52. Салық кодексiнде белгiленген салық тексеруiн жүргiзу тәртiбiнiң бұзылуынан басқа жағдайда, салық төлеушiнiң салық қызметiнiң лауазымды тұлғаларын салық тексеруiне, салық объектiлер мен салық салуға қатысты объектiлердi зерделеуге жiбермеуiне байланысты оның банктегi есепшоты бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы салық органдарының өкiмдерiн санкциялау мәселесiн шешу кезiнде салық органынан салық төлеушiнi тексеру туралы ұйғарым, оның салық қызметкерлерiн салық объектiлерiне (тұрғын мекен-жайдан басқа) кiргiзбеуi туралы хаттама мiндеттi түрде талап етiлсiн.
      Қажеттi жағдайда салық органдарының өкiмдерiн санкциялау туралы шешiм қабылдағанға дейiн салық төлеушiлерден түсiнiктеме алынсын.

      52-1. Міндетті зейнетақы төлемдерін дер кезінде төлемеуіне және салық органына, салық органдарының инкассалық өкімдері бойынша берешек банктің пайдасына өндіріледі, жинақтаушы зейнетақы қорлар салымшыларының тізімдерін бермеуіне байланысты агенттің банктік есепшотындағы шығыс операцияларын тоқтату (қысқарту) туралы салық органдарының өкімдерін санкциялау мәселесін шешу кезінде міндетті зейнетақы төлемдері бойынша берешек екенін растайтын құжаттар талап етілсін.
       Ескерту: 52-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі  N 42 , өзгерту енгізілді - 2008.06.25.  N 29 бұйрықтарымен.

      53. Банктегi есепшот бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы кеден органдарының өкiмдерiн санкциялауды шешу кезiнде кеден органдарының лауазымды тұлғалары жүргiзген тексеру құжаттарының көшiрмесi тiркелген тексеру актiсi, есеп айырысу шоттары және тексеру кезiнде анықталған басқа құжаттар талап етiлсiн.

      54. Банктегi есепшот бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы салық және кеден органдарының өкiмдерiн санкциялау туралы шешiм құжаттар толық көлемiнде берiлгеннен бастап 24 сағаттың iшiнде қабылдансын.

      55. Жылына кемінде бір мәрте салық және кеден органдары банктік есепшоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімдерді және мүлікке иелік етуді шектеу туралы шешімдерді бұзудың заңдылығына тексеріс жүргізілсін.
       Ескерту: 55-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі  N 42 , өзгерту енгізілді - 2008.06.25.  N 29 бұйрықтарымен.

        55-1. Салық органдарының заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексерістері Бас прокуратураның тапсырмалары негізінде, сондай-ақ шешімін тексеріс жүргізусіз анықтау мүмкін болмайтын өтініштер негізінде ғана жүргізілсін.
       Ескерту. 55-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен).

      56. Салық органдары беретiн салық төлеушiлер туралы мәлiметтер қызметтiк құпия болып табылатындығына және олар тiкелей заңда көрсетiлген талаптардан басқа жағдайларда жариялауға жатпайтындығына назар аударылсын.

      57. Салық төлеушiлердiң банктегi есепшоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатуға берiлген санкциялар жеке журналда тiркелiп, есепке алынсын.
      "Қызметте пайдалану үшiн" (ҚПҮ) белгiсi бар жеке нарядқа салық төлеушiнiң есепшотының көшiрмесi, тиiстi аумақтар мен объектiлерге (мекен-жайлардан басқа) салық қызметкерлерiн жiбермеу туралы хаттаманың көшiрмесi тiркелген салық органы өкiмiнiң бiр данасы мiндеттi түрде тiгiлсiн.

      58. "Банктер және банк қызметi туралы"  Заңда банк құпияларын құрайтын мәлiметтер мен оларды заңды негiзде жариялауға болатын мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының тiзбесi белгiленгенi ескертiлсiн.
      Осыған орай, заңды тұлғалардың банк есепшоттары, сондай-ақ, заңды тұлғаны құрмай кәсiпкершiлiкпен айналысатын жеке тұлғаның ағымды есепшоттары, олардың нөмiрлерi, осы есепшоттардағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы деректер бойынша мемлекеттiк органдардың банктерге жолданған сұранымдары төмендегi талаптар негiзiнде санкциялансын:
      1) алдын-ала тергеу және анықтау органдарына - олардың өндiрiсiндегi қылмыстық iстердi қарағаннан кейiн. Егер сұратылып алынған мәлiметтер қылмыстық iс бойынша елеулi маңызы және дәлелдеме ретiнде қолданылуы мүмкiн болса, алдын-ала тергеу және анықтау органдарының әрбiр нақты сұрауларына санкция берiлсiн;
      2) кеден органдарына - қаржы операциялары бойынша сыртқы экономикалық қызмет жүргiзетiн жеке немесе заңды тұлғалардың, я болмаса олардың әрiптестерiнiң қызметтерiне тексеру тағайындау туралы ұйғарым табыс етiлген соң;
      3)  алынып тасталды ;
      4) атқару iсiн жүргiзу органдарына - атқару iсiн жүргiзудi қарағаннан кейiн. Бұнымен қоса, атқару iсiн жүргiзу органының бiрiншi басшысы немесе өндiрiсiнде осы iс бар сот орындаушысы сұратқан жағдайда.
       Ескерту: 58-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      59. Банктер және банк қызметтерi туралы заңнамада банктегi мүлiктер мен ақшаларды қайтарып алуға және тыйым салуға құқы бар мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының толық тiзбесi көрсетiлген.
      Осыған байланысты, тергеу, анықтау, атқару iсiн жүргiзу органдарының банктегi ақша мен мүлiкке тыйым салу туралы қаулылары осы органдардың өндiрiсiндегi қылмыстық iстер, сондай-ақ атқару iсiн жүргiзу органдарының өндiрiсiндегi iстердi зерделеген соң санкциялансын.
      Талап арыздарды қамтамасыз етуде онда көрсетiлген талап сомасынан жоғары ақша қаражатына және сот шешiмдерiн, қаулыларын, үкiмдерiн, ұйғарымдарын орындауға байланысты мемлекеттiк баж көлемiнен артық ақша сомасына тыйым салуға жол берiлмесiн.

      60. Прокурордың санкция беруден негiзсiз бас тарту фактiлерiне жол берiлмесiн.

      61. Клиенттердің есепшоттарындағы ақша қаражаты және оның қозғалысы туралы мәліметтерге қол жеткізуді санкциялауға, сондай-ақ банк клиенттерінің есепшоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімдер ұйғаруға осы клиент салық есебінде тұратын қадағалауға бағынышты аумақтың прокуроры құқықты. Қажет болған жағдайда клиент салық есебінде тұратын қадағалауға бағынышты аумақтың прокурорын міндетті түрде хабардар етіп, тиісті банк немесе оның филиалы, не санкция сұраған орган қадағалауға бағынышты аумақта орналасқан аумақтың прокуроры ғана мұндай санкцияларды беруі мүмкін.
       Ескерту: 61-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      62. Банк құпиясына жататын мәлiметтер заңсыз жарияланса, банктердiң және мемлекеттiк органдардың кiнәлi лауазымды қызметкерлерiн заңда белгiленген жауапкершiлiкке тарту шаралары қолданылсын.

      63. Бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру республикалық және жергiлiктi бюджеттiң шығыс бөлiмiнiң қорытындысы мен қаржы бақылау органдарының тексеру актiлерi негiзiнде жоспарлансын, шығыны көп бюджеттiк бағдарламаларға баса назар аударылсын.

  3. Жеке меншiк және кәсiпкерлiктi қорғау заңдарының қолданылуын қадағалау

      64. Жекешелендiру және мемлекеттiк мүлiктi басқару органдарында мемлекет мүлкiн жекешелендiру, басқару және жалға беру туралы шешiмдердiң заңдылығы үнемi тексерiлсiн. Тексеру кезiнде мемлекет меншiгiне өкiлеттi органдардың басқару тиiмдiлiгiне, оның iшiнде мемлекеттiң қатысуымен кәсiпорындарды басқару органдарының жұмысына олардың өкiлдерiнiң қатысуына баса назар аударылсын. Заң бұзушылық анықталған жағдайда, жекешелендiру туралы азаматтық iстер бойынша талап мерзiмдерiнiң қысқалығын ескере отырып, жеке меншiк иесi ретiнде мемлекеттiң бұзылған құқығын қалпына келтiру шаралары дереу қабылдансын.
      Жартылай және толық орындалған келiсiм-шарттарды жарамсыз деп тануға және бұзуға бағытталған прокурорлық қадағалау шараларын қабылдаған кезде, олардан болуы мүмкiн керi әсер талданып, мемлекеттiң зиян шегуiне жол берiлмесiн.

      65. Жарты жылда бiр мәрте мемлекеттiк сатып алу туралы заңнаманы қолдануды тексерудiң нәтижелерi қорытындылансын. Қорытындылау барысында сатып алуға бөлiнген қаражатты тиiмдi де ұтымды жұмсау қағидаттарының сақталуына, сондай-ақ мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысуға мүдделi барлық тұлғаларға бiрдей мүмкiндiк беруге баса назар аударылсын.

      66. Мемлекеттiк жұмылдыру және материалдық қорларының сақталуын тексергенде, оларды жаңарту мен броннан босату заңдылығына баса назар аударылсын.

      67. Жер туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында мемлекеттiк органдар тарапынан жердi пайдалану мәселелерi бойынша шешiм қабылданғанда, белгiленген мерзiмдердiң сақталуы тексерiлсiн.
      Жер мәселелерiне қатысты жергiлiктi атқарушы органдарының жерге байланысты шешiмдерi, әсiресе жердi беру және қайтарып алу, шаруашылық субъектiлерiне жер құнын төлеудi кейiнге қалдыру немесе бөлiп төлеу жеңiлдiктерiн беру туралы шешiмдерi жүйелi тексерiлсiн.

      68.  (68-тармақ алып тасталды - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен).

      69. Банкроттық туралы заңнамалардың қолданылуын қадағалау саласында конкурстық массаны құру мен оны сату кезiнде заңдылықтың қамтамасыз етiлуiне, сондай-ақ несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру кезегiнiң сақталуына баса назар аударылсын.
      Тексеру жүргiзген кезде жалған және қасақана банкроттықты ұйымдастыруды, мемлекет мүддесiне зиян келтiрген заңсыз iс-әрекеттердi анықтау мақсатында, кәсiпорынның банкротқа ұшырау себептерi талдансын.
      Өкiлеттi мемлекеттiк органның жағдайы жоқ қарызгерлермен жұмыс бойынша қызметi үнемi тексерiлсiн.

      70. Экономика саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау туралы заңдылықтардың қолданылуын тексеру қадағалау аумағындағы жағдайға байланысты жоспарланып, жүргiзiлсiн.

      71. Кәсiпкерлердiң құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша үнемi тексеpy жүргізілсiн. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижелерi жарты жылда бір мәрте қорытындылансын.
       Ескерту. 71-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      72. Мемлекеттiк органдардың өкiлеттiгi жоқ ұйымдарға бақылау және қадағалау функцияларын беруге, жеке шаруашылық субъектiлерiне қолайлы немесе нұқсан келтiретiн жағдайлар туғызуға бағытталған iс-әрекеттерi мен актiлерiн анықтап, наразылық келтiру шаралары қолданылсын.

      73. Тиiстi тiркеуге алынбай жүргiзiлген шаруашылық субъектiлерiндегi тексерiстердi анықтау мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органдағы мәлiметтер бақылау және қадағалау органдарындағы мәлiметтермен салыстырылып деректерге талдау жасалсын.
       Ескерту. 73-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      74. Коммуналдық саладағы тарифтердi бекiту туралы өкiлеттi мемлекеттiк органдар шешiмдерiнiң заңдылығына, сондай-ақ монополист-кәсiпорындардың заңдарда анықталған тауарларды сатып алу және қызмет көрсету процедураларының сақталуына баса назар аудара отырып, монополияға қарсы заңнаманың қолданылуына үнемi тексеру жүргiзiлсiн.

      75. Нашақорлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрес заңдарының қолданылуын қадағалау саласында өкiлеттi органдардың өздерiне жүктелген есiрткi мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын бақылау, олардың алдын-алу және салауатты өмiр салтын кеңiнен насихаттау функцияларын атқаруына баса назар аударылсын.

  4. Көлiк саласында заңдардың орындалуын қадағалау

      76. Көлiк прокурорлары:
      1) көлiктегi өкiлеттi мемлекеттiк органдардың тарапынан;
      2) темiржол, су, әуе, құбыр (суағардан басқа) көлiктерiнiң шаруашылық субъектiлерiнiң, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымы объектiлерiн салып, пайдаланатын ұйымдардың тарапынан заңдардың дұрыс қолданылуын қадағаласын.
       Ескерту: 76-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      77. Көлiктегi қадағалаудың негiзгi мiндеттерi:
      1) мемлекет пен ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiн қорғау, сонымен қоса терроризм, есiрткi заттарын тасымалдау, заңсыз көшi-қон және т.б. фактiлерге жол бермеу;
      2) темiржол, су, әуе, құбыр көлiктерi мен көлiк инфрақұрылымы объектiлерiндегi қауiпсiздiктiң сақталу мәселесi;
      3) табиғат аясының барлық түрдегi, әсiресе қауiптi, разрядтық және басқа түрлi жүк тасымалдау кезiнде көлiк қызметiнен экологиялық сақтандырылу;
      4) тасымалданатын стратегиялық маңызды жүктердiң (мұнай, мұнай өнiмдерi, астық, әскери жабдықтар және т.б.) сақталуы.
      Жолаушыларға қызмет көрсету және тұтынушыларға көлiк қызметiн көрсету кезiнде прокурорлық қадағалаудың құқық қорғау функцияларына баса назар аударылсын.

      78. Көлiкте жүру қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша тексеру қажеттiгiне байланысты жоспарлансын, бiрақ мұндай тексеру саны жылына екi мәртеден кем болмауы керек, су көлiгiнде - жүзу маусымы кезiнде ұйымдастырылсын.

      79. Көлiк прокурорлары кемiнде жарты жылда бiр мәрте темiр жол, әуе және су көлiгiнiң жүруi қауiпсiздiгi бойынша заңдылық жағдайын және көлiктегi төтенше оқиғалардың себеп-салдарларын қорытындыласын. Қорытындылау нәтижелерi туралы ақпаратты жартыжылдықтан кейiнгi айдың 10-шы жұлдызына дейiн Бас прокуратураға жолдасын.

      80. Темiр жол, әуе, кеме және құбыр көлiктерiне қауiптi жалпы және көпшiлiктiк жанжал туғызатын ахуал туралы сигналдарға дереу шара қолданылсын. Аймақтық көлiк прокурорлары мұндай жағдайда жергiлiктi оқиға орындарына қызметкерлердiң баруын қамтамасыз етiп, тиiстi түсiндiрме жұмыстарын жүргiзсiн, ал заңдылықтың бұзылуы анықталса, қажеттi шаралар қолдансын.

      81. Көлiк прокурорлары алдын-ала қарастырылған мәселелер мен жоспарланған хабарлау схемасы бойынша аумақтық прокуратуралармен әрекеттесiп көлiктiң қираған, темiржолдан шығып құлаған, апатқа және басқа әр түрлi дәрежедегi төтенше оқиғалар орын алған жерлерге дереу жетсiн.
      Мұндай оқиғалардың әрбiр фактiсi бойынша 24 сағаттың iшiнде Бас прокуратураға арнайы хабарлама жолдансын.
      Төтенше оқиғалар болған жерлерден көлiк прокуратуралары алыс болса, жақын тұрған аумақтық прокурорлар Бас прокуратураға алдын-ала хабарлап, жиналған барлық тексеру материалдарын көлiк прокурорына берсiн.

  5. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуын қадағалау

      82. Табиғатты қорғау заңнамаларын қолдануды қадағалау саласында төмендегi мәселелерге ерекше назар аударылсын:
      1) табиғи ресурстарды пайдалану құқығын заңсыз беру фактiлерiн анықтауға және тосқауыл қоюға;
      2) құқыққа қайшы әрекеттердiң нәтижесiнде қоршаған ортаға келтiрiлген зиянның орнын толтыруға;
      3) табиғатты қорғау заңнамаларының осы саладағы басымды қадағалау бағыттары бойынша тексеру ұйымдастыруға және жүргiзуге (шаруашылық қызметтiң субъектiлерiне арнайы табиғатты пайдалану құқығын беру;
      Қазақстан Республикасының жануарлар, өсiмдiктер әлемiн, орман және су ресурстарын пайдалану құқығын беру; өкiлеттi мемлекеттiк органдардың қызметi мен әрекеттерiнiң заңдылығы);
      4) табиғатты қорғау iс-шараларына арнап бөлiнген қаражаттарды жұмсау, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдаланғаны және қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақыны алу кезiнде заңдылықтың сақталуына;
      5) ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың, сирек және жоғалып кету қауiпi бар жануарлар мен өсiмдiктердiң сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ аса қолайлы экологиялық жағдайларды қалпына келтiруге бағытталған iс-шараларға бас назар аударылсын.

      83. Облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар Қазақстан Республикасында сирек кездесетiн және жойылып кету қауiпi бар жануарлар мен өсiмдiктер олжаланып, орман ағаштары шабылып, табиғи сулар тартылып, ластанып, күл-қоқыс төгiлiп қоршаған ортаға керi әсер етуiне байланысты құқық бұзушылық пен қылмыстық iстер бойынша өндiрiс заңдылығының мiнсiз сақталуын қамтамасыз етсiн.

      84. Орталық атқарушы органдарынан жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушылардың шаруашылық жұмыстарын Бас прокуратураның тапсырмалары немесе оның келiсiмiне сай тексерiлсiн.

      85. Жер қойнауын пайдаланушылардың шаруашылық жұмыстарының заңдылығын тексеру барысында мiндеттi түрде қоршаған ортаны қорғау, әсiресе оны ластау мәселелерi табиғатты қорғау прокурорларының күшiмен тексерілсін.

      86. Облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлгендер өз құзырындағы қадағалау аумағында табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайдың жариялануын 24 сағаттың iшiнде Бас прокуратураға хабарласын.

      87. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайға әкеп соққан апаттарды, күйреулер мен өзге оқиғаларды тексеру кезiнде заңдылықтың сақталуы, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға және оның себептерiн жоюға бөлiнген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы үнемi қадағалансын.

  6. Қоғамдық дiни бiрлестiктер және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамалардың қолданылуын қадағалау

      88. Аталмыш қадағалау саласында ерекше назар аударатын мәселелер:
      1) қадағалау аумағындағы қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң, басқа үкiметтiк емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiндегi заңдылықты үнемi талдау;
      2) Конституцияға қайшы қандай да болмасын iс-әрекеттердi тыюға, экстремизм мен терроризм себептерiнiң алдын алу және тосқауыл қоюға, кiнәлi тұлғаларды анықтап, оларды заңда белгiленген жауапкершiлiкке тартуға бағытталған түбегейлi iс-шаралар қабылдау.

      89.  Конституция мен заң нормаларының бұзылу белгiлерiн дәлелдейтiн материалдар бойынша дереу, қажеттi жағдайда сараптама тағайындау арқылы, тексеру жүргiзiп, олар бойынша тиiстi қадағалау актiлерi қабылдансын, аталған ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн тоқтату немесе қысқарту туралы мәселелерi қойылсын.
      Бұл шаралар конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, Республика тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, заңсыз қарулы құрылымдарды құруға, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектік, және рушылдық араздықты қоздыруға бағытталған ұрандар мен iс-әрекеттердi жiгерлi түрде тыю және жою арқылы жүргiзiлсiн.
      Осы қызмет шеңберінде қадағалау аумақтарында жанжал жағдайларын шешу бойынша заңды шараларды әзірлеп ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жай-күйіне, әлеуметтік қауырттылықтың бар-жоқтығына және оның дәрежесіне құқықтық талдау тұрақты түрде жүргізілсін.
       Ескерту. 89-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      90. Қоғамдық, дiни бiрлестiктер, басқа да үкiметтiк емес ұйымдар туралы заңнамалардың қолданылуын қадағалау мен тиiстi өкiлеттi органдардың күш-жiгерi аталған субъектiлердiң тарапынан есеп-тiркеу, қаржы және салық тәртібі мәселелерінде заңдылықтың сақталуына, оларды заңмен тиым салынған қаржы көздерi арқылы қаржыландыру фактiлерiн болдырмауға, заңсыз түрде наразылық жиындарын өткiзудiң алдын алу мен оларды ұйымдастырушыларға ұйғарым енгiзуге, заң талаптарын түсiндiруге және кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тартуға бағыттасын.
      Бұл бағытта Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қаржы полициясы агенттiгi, Кедендiк бақылау агенттiгi және Әдiлет министрлiгiнiң жергiлiктi органдарымен бiрлесе отырып, әр тоқсанда кемiнде бiр мәрте тексеру жүргiзiлсiн.
       Ескерту. 90-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      91. Қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң қызметiндегi заңдылықтың сақталуын тексерген кезде, елiмiздегi қоғамдық-саяси және дiни ахуалдың тұрақсыздануына бағытталған қоғам мүддесiне қайшы мазмұндағы шығармаларды республикаға заңсыз әкелiп, тарату фактiлерiне назар аударылсын.
      Көрсетiлген жағдайлардың орын алуы анықталса, дереу қажеттi сараптама тағайындап, 24 сағаттың iшiнде Бас прокуратураға хабарлама және заңсыз мазмұндағы басылымның бiр данасы жолдансын.

      92. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" ҚР  Заң талаптарының сақталуына байланысты тексеру қадағалау аумағындағы басылымдарда жарияланатын, таратылатын, телерадиокомпаниялармен шығарылатын және Интернет-ресурстарында орналастырылатын материалдарды үнемi зерделеу негiзiнде жоспарланып, жүргiзiлсiн.
      Шығарылым деректерiн, мемлекеттік тілде хабар тарату көлемін сақтамау; заңды тұлғаның - бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің акцияларының (үлесiнiң, пайының) жиырма проценттен астамын шетелдiк тұлғалардың иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және басқаруына тыйым салу; тыйым салынған тауарларды, жұмыстарды (қызметтерді) жарнамалау; мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету; экстремизм мен терроризмдi насихаттау және ақтау; терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату; есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттауды қамтитын хабарламалар мен  материалдарды тарату; порнография, қатыгездік пен зорлық- зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгіттеу бөлігінде заңнаманы бұзуды жою жөнінде шаралар қолдансын.
      Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманың сақталуын және аталған салада құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ету жөніндегі  бақылау функцияларының практикасына, жеткіліктілігіне талдау жүргізілсін.
      Бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне қатысты талап енгізу қажеттілігі пайда болатын кезде, Бас прокуратурамен алдын ала келісілсін. БАҚ-пен байланысты не оның қатысуымен өтетін барлық азаматтық даулар, әкімшілік және қылмыстық өндірістер туралы ақпарат, кімнің іс бойынша тарап болуына қарамастан, міндетті түрде Бас прокуратураға дереу хабарлансын.
        Ескерту. 92-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Бас прокурорының 2008.06.25.  N 29 бұйрығымен.

      93. Көрсетiлген мәселелер бойынша әкiмшiлiк, қылмыстық iстер, қоғамдық, дiни ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары қызметiнiң тоқтатылуы мен қысқартылуы туралы талап арыздар материалдары бойынша қабылданған шешiмдер, олардың соттарда заңды және уақытылы қаралуы, заңда көрсетiлген жауапкершiлiк шараларының қолданылуының заңдылығы туралы мәлiметтер жинастырылып отырсын.

      94. Бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, діни нанымға бостандық және діни бірлестіктер туралы заңнамалардың қолданылуын қадағалау жөніндегі жұмыстың нәтижелері, қорытындылау нәтижелері, оның ішінде сот-тергеу, прокурорлық тәжірибе, заңнаманы жетілдіру жөнінде дәлелді ұсыныстар келтіріліп, кейін ол Бас прокуратураға жолданып, тоқсанына кемінде бір мәрте қорытындыланып жинақталсын.
      Құқық қорғау, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөнінде жүзеге асыратын шараларының жеткіліктілігі бөлігінде қорытындылау нәтижелері Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылсын.
       Ескерту: 94-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі  N 42 , өзгерту енгізілді - 2008.06.25.  N 29   бұйрықтарымен.

  7. Мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамалардың қолданылуын қадағалау

      95. Мемлекеттiк органдар мен басқа ұйымдарда жүргiзiлетiн тексеру тематикасына қарамай, сыбайлас жемқорлық пен оған жағдай жасайтын құқық бұзушылықтарды анықтау, бұлтартпау және алдын-алу прокуратура органдарының басты мiндеттерiнiң бiрi деп белгiленсiн.

      96. Бұл бағыттағы жұмыс қадағалауға бағынышты мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тәртiптiң жай-күйi, олардың сыбайлас-жемқорлыққа қарсы жүргiзiп жатқан күрес шаралары тиiмдiлiгiн зерделеу, құқық қорғау органдарымен мемлекеттiк органдардың лауазымды қызметкерлерiнiң заңдарды орындамауы немесе тиiстi дәрежеде орындамауы туралы материалдар алмасу негiзiнде жүргiзiлсiн.
      Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргiзу мақсатында прокурорлар мемлекеттiк органдар қызметiне қатысты қылмыстық және азаматтық iстер бойынша сот тәжiрибесiн үнемi талдап, құқықтық статистика органдарының сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзған субъектiлерi туралы мәлiметтер банкiсiн пайдалансын.

      97. Азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардағы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлары дереу қаралсын, мұндай мәлiметтердi алу үшiн азаматтарды қабылдау және тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып отырсын, әрбiр прокуратурада байланыс телефондары орнатылып, олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мезгiл-мезгiл халыққа жарияланып тұрсын.

      98. Мемлекеттiк қызметшiлердiң сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылыққа жол бергенi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында нақты мәлiметтер жарияланса, олар тексерiлiп, тиiстi шаралар қолданылсын.
      Тексеру нәтижесi бойынша заңдылықты қалпына келтiру мен кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тартуға қолданылған шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, Бас прокуратураға ақпарат жолдансын.

      99. Мемлекеттік органдарды тексеру кезінде олардың кадр қызметі және қызметкерлерімен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаларда белгіленген арнайы талаптардың және қаржы бақылау шараларының орындалуына назар аударылсын.
       Ескерту: 99-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

      100. Прокурорлық қадағалау шаралары арқылы сыбайлас-жемқорлықпен құқық бұзған және сыбайлас-жемқорлыққа жағдай жасаған мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының заң актiлерiнде көрсетiлген жазаға бұлтартпай тартылуына қол жеткiзiлсiн.
      Егер мемлекеттiк органдардың басшылары өз өкiлеттiктерi шеңберiнде сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қолданбаса, олардың заңнамаларда көрсетiлген жауапкершiлiгi жайында мәселе көтерiлсiн.

      101. Мемлекеттiк органдардың облыстық деңгейдегi басшыларының тарапынан заңнамаларды бұзу фактiлерi анықталса, кiнәлi адамдарды жауапқа тарту, я болмаса қызметiнен босату туралы Қазақстан Республикасының Президентiнiң және орталық мемлекеттiк органдардың басшыларына берiлетiн ұсыныстың жобасы мен тексеру материалдары Бас прокуратураға жолдансын.

      102. Сыбайлас жемқорлықтың салдарын жоюға, соның iшiнде заңсыз алынған мүлiктердi қайтаруға, шарттардың жарамсыз деп тануға, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық нәтижесiнде қабылданған актiлердi жоюға түбегейлi шаралар қабылдансын.

      103. Мемлекеттiк органдар сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын қабылдаған кезде заңдылықтың қатаң сақталуы қамтамасыз етiлсiн.

  8. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас

      104. Ақпарат агенттiктерi, баспа, радио және теледидар арқылы халыққа заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жағдайы туралы жүйелi түрде хабарлансын.

      105. Қоғамның назарын аударатын, сондай-ақ заңның өрескел бұзылуын анықтаған прокурорлық тексерудiң нәтижелерi, мемлекеттiк мүддеге, жеке азаматтарға келтiрiлген зиянның орнын прокурорлық шаралармен толтыру туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жедел хабарлансын. Орынсыз сенсацияларға, дүрлiгулер мен жеңiл-желпi мәлiметтерге жол берiлмесiн.

      106. Бұқаралық ақпарат құралдарымен, азаматтардың және қоғамдық дiни бiрлестiктерiмен қарым-қатынастар жасағанда, оларға тиiстi ақпарат беруден негiзсiз бас тартуға, прокурорлық қадағалау мен қылмыстарды тергеу барысына араласуға тиым салатын заң талаптары қалтқысыз қадағалансын.

      107. Заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайтуда қолданылып жүрген шаралар туралы ақпараттарды, материалдарды, мақалаларды, сұхбаттарды, телерадио бағдарламаларын, арнайы және т.б. репортаждарды агенттiктердiң тiлшiлермен, журналистермен, репортерлермен бiрiгiп дайындау тәжiрибеленсiн.

      108. Материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына беру кезiнде  Конституцияда белгiленген әр азаматтың жеке өмiрiне, жеке басы мен отбасының құпиясына қол сұқпаушылық, ар-ожданын қорғау кепiлдiгi туралы талаптар қатаң басшылыққа алынсын.

      109. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми хабарлары тек Бас Прокурордың келiсiмiмен оның баспасөз қызметi арқылы ғана жолдансын.

      110. Баспасөзге берiлетiн материалдар мұқият тексерiлiп, олардың сапасы қамтамасыз етiлсiн.

      111. Бас прокуратураға ұсынылған материалдардағы деректердiң толықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етуге байланысты жауапкершiлiк прокуратура органдарының бiрiншi басшыларына жүктелсiн.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

      112. Прокуратура органдарының қызметiн бағалаудың негiзгi шарты конституциялық заңдылықтың жағдайын жақсартудағы қабылданған шаралардың тиiмдiлiгi болып саналсын, атап айтқанда:
      1) қоғамдық қарым-қатынастың барлық салаларында құқық бұзушылықтарды уақытында анықтау және оны нақты жою, сондай-ақ олардың туындау себеп-салдарларын прокурорлық қадағалау шараларымен жою;
      2) сандық көрсеткiштерге жіктеудi аластай отырып, қоғамдық қатынастардың әр саласында тиiстi прокурорлық ықпалды қамтамасыз ету арқылы заңдылыққа қол жеткiзу;
      3) заң бұзушылардың, соның iшiнде мемлекеттiк билiк пен басқару органдарының лауазымды тұлғаларының олардың қызмет деңгейiне қарамай, жауапкершiлiкке тартылуын бұлтарпай қамтамасыз ету;
      4) мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, меншiк нысанына қарамай, және олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз iс-әрекеттерi салдарынан мемлекетке келтiрiлген зиянның орнын толтыру.

      113. Облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар қажеттi жағдайда жоспарлы және өзге тексеру жүргiзген кезде республиканың басқа аймақтарының прокурорларымен ақпарат алмасып, жеке тапсырмаларды орындауда прокуратура қызметкерлерi мен мамандарын бөлу арқылы тiкелей және жедел өзара қарым-қатынас қамтамасыз етсiн.

      114. Бас прокуратураның Деректер жиынтығына прокурорлық қадағалау актілері мен оларға жауаптарының көшірмелерін жүйелі түрде және дер кезінде ұсыну қамтамасыз етілсін.
       Ескерту: 114-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Бас Прокурорының 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 42   бұйрығымен .

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады