Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми электрондық мекен-жайларын меншіктеу және ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығын жүргізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрінің 2003 жылғы 24 сәуірдегі N 147-І бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 22 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2305. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 6 тамыздағы № 496 бұйрығымен

      Күші жойылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011.08.06 № 496 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 21 мамырдағы N 674 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 21-тармағын орындау үшін бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми электрондық мекен-жайларын меншіктеу және ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығын жүргізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру жөніндегі комитеті (А.Б.Есенғараев) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-министрі Н.З.Нығматулинге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы  
Көлік және коммуникациялар
министрінің 2003 жылғы  
24 сәуірдегі N 147-І   
бұйрығымен бекітілген  

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми электрондық мекен-жайларын меншіктеу және ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығын жүргізу ережесі

      Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына ресми электрондық мекен-жайларын меншіктеу және ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығын жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 21 мамырдағы N 674 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 21-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және мемлекеттік органдардың электрондық почтасын пайдаланушыларға ресми электрондық мекен-жайларды меншіктеудің тәртібі мен талаптарын белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Ережеде мынадай негізгі терминдер пайдаланылады:
      1) домен - бiрегей атаумен (әрiп-цифр нысанында көрсетiлген домендiк атаумен) белгiленетiн Интернет желiсiнiң иерархиялық атаулары кеңiстiгiнiң облысы;
      2) бiрiншi деңгейлi домен - Стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым (ISO3166) бекiткен елдiң кодымен белгiленген домен, Интернет желiсiнiң қазақстандық сегментiне кiретiн домендiк атау "KZ";
      3) екiншi деңгейлi домен - бiрiншi деңгейлi доменнiң қосалқы доменi, оның атауына бiрiншi деңгейлi доменнiң атауы және өз атауы кiредi;
      4) пайдаланушының аты - @ символының алдына орналасқан электрондық почта мекен-жайының бөлiгi;
      5) Интернет (Интернет желiсi) - дүние жүзi бойынша ұлттық, магистральдық, аймақтық және жергiлiктi ақпарат желiлерiн қамтитын ғаламдық ақпарат желiсi;
      6) интернет желісінiң қазақстандық сегментi - домендiк атауларына бiрiншi деңгейдегi домен атауы "КZ" кiретiн ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердiң жиынтығы;
      7) Тiркелушi - осы Ережеге сәйкес ресми электрондық мекен-жайын тiркеуге өтiнiм жiберетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы не қандай да болмасын мемлекеттiк органның құрамына кiрмейтiн лауазымды тұлға;
      8) Тiркеушi - Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының және Қазақстан Республикасының қандай да болмасын мемлекеттiк органының құрамына кiрмейтiн лауазымды тұлғалардың ресми электрондық мекен-жайларын тiркеудi және көрсетiлген мекен-жайлардың анықтамалығын жүргiзудi жүзеге асыратын уәкiлеттi ұйым;
      9) Тiркеу орны - Интернет желiсiнiң қазақстандық сегментi домен атауларының тiзiлiмiн жүргiзудi қамтамасыз ететiн ұйым;
      10) мемлекеттiк органның ресми электрондық мекен-жайын тiркеу - осы Ережеге сәйкес Тiркеушi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығында мемлекеттiк органның электрондық мекен-жайы және деректемелерi туралы ақпаратты есепке алу рәсiмi;
      11) субдомен - жоғары деңгейлi домен атының сол жағына орналасқан және одан нүктемен бөлiнген домен атының бөлiгi;
      12) электрондық мекен-жайлар - бiр доменге қатысты электрондық почтаның мекен-жайы, Web-сайты және өзге де электрондық мекен-жайлар;
      13) Web-сайт - арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегiмен дайындалған электрондық өкiлеттi бет, оған бұқаралық тарату мақсатында ақпараттар орналастырылады (белгiлi домен атауы мазмұндалған мекен-жай бойынша Интернет желiсiне орналастырылған мағынасы және мазмұны жағынан бiрiктiрiлген гипермәтiндi беттердiң жиынтығы).
      2. Ресми Web-сайттың мекен-жайы (бұдан әрi - Web-сайт) мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы электрондық почтасының ресми мекен-жайы (бұдан әрi - электрондық почтаның мекен-жайы) Тiркелушiнiң тiркелген домен атауына сәйкес болуы тиiс.
      3. Тiркелушi пайдаланушысының атауы латын алфавитiнiң әрiптерiмен өрнектелген аббревиатурадан, символдардың өзге де жиынынан, латын алфавитiнiң әрiптерiмен көрсетiлген цифрлардан, "нүкте", "сызықша", "астын сызу" белгiлерiнен тұрады. Пайдаланушының атауы 69 символдан артық болмауы тиiс.
      4. Тiркелушi ол тiркететiн домен атауын дербес таңдайды. Тiркелушi хабарлайтын ақпарат оны бiр мағынада сәйкестендiру үшiн жеткiлiктi болуы тиiс.
      5. Электрондық мекен-жайларын бастапқы тiркеу кезiнде бiрiздендiрудi қамтамасыз ету және жүйелiк тәсiлдi жасау мақсатында Тiркелушiлерге мемлекеттiк құрылымдардың пайдалануы үшiн арнайы кейінге сақталған екiншi деңгейдегi "GOV.KZ" атауы меншiктелуi мүмкін.
      6. Тiркеушi мен Тiркелушi құжаттармен алмасу кезiнде осы Ережеге сәйкес қағаз тасымалдағыштағы құжаттарды және электрондық құжаттарды қолдануы мүмкiн.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының ресми электрондық мекен-жайларын меншiктеу тәртiбi туралы

      7. Тiркеушi Тiркелушiлердiң ресми электрондық мекен-жайларын (бұдан әрi - электрондық мекен-жайларын) тiркеудi жүзеге асырады.
      8. Тiркелушi үшiн тек бiр электрондық мекен-жай тiркелуi мүмкiн (бiр ресми Web-сайт және электрондық почтаның бiр ресми мекен-жайы).
      9. Тiркелушi Тiркеушiге электрондық мекен-жайын тiркеуге арналған өтiнiмiн жiбередi. Өтiнiмде мынадай мәлiметтер болады:
      1) өтiнiш берушiнiң - мемлекеттiк органның (лауазымды тұлғаның) толық атауы;
      2) почталық мекен-жайы;
      3) телефон, факс нөмiрлерi (мүмкiндiгiне қарай);
      4) Web-сайттың және (немесе) электрондық почтаның мекен-жайы;
      5) әкiмшiлiк және техникалық мәселелер бойынша байланыс жасаушы тұлға (тұлғалар).
      10. Тiркеушi өтiнiмдi алған күннен бастап бiр жұмыс күнiнiң iшiнде Тiркелушiге өтiнiмнiң нысанындай нысанда өтiнiмдi алғанын растайтын хабарын (электрондық құжат немесе қағаз тасымалдаушыда) жiбередi.
      11. Тiркеушi өтінiмдi алған күннен бастап он бес күнтiзбелiк күн iшiнде оны өтiнiш берушiнiң атауының көпшiлiк қабылдаған домен атауының халықаралық талаптарына сәйкестiгiн тексеру және бiрiздiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында қарайды.
      12. Осы Ереженiң алдыңғы тармағында көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн Тiркеушi электрондық мекен-жайды тiркеу туралы шешiм қабылдайды немесе Тiркелушiге тiркеуден дәлелдi бас тартуын жiбередi.
      13. Электрондық мекен-жайды тiркеуден мынадай жағдайда бас тартылуы мүмкін:
      1) сұралып отырған электрондық мекен-жай өзге тұлғаның атына тiркелiп қойғанда;
      2) Тiркелушi үшiн электрондық мекен-жайы әлдеқашан тiркелгенде;
      3) бір электрондық мекен-жайға бiр мезгiлде бiрнеше Тiркелушілер өтiнiм бергенде;
      4) ұсынылып отырған электрондық мекен-жайдың бiрiздендiру мақсаттарына және көпшілiк қабылдаған домен атауларының халықаралық талаптарына сәйкессiздiгi жағдайында.
      14. Тiркеушi тiркеу туралы шешiм қабылдағаннан кейiн тiркелген электрондық мекен-жайларды дереу Тiркеу орнына жiбередi және оларды Тiркелушiлердiң ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығына енгiзедi (бұдан әрi - анықтамалық).
      15. Электрондық мекен-жайды анықтамалыққа енгiзу күнi тiркелу күнi деп есептеледi.
      16. Электрондық мекен-жайларды тiркеу бiр жыл мерзiмге жүзеге асырылады және әрi қарай өтiнiш берушiнiң өтінiмi бойынша жыл сайын ұзартылуы мүмкiн.

3. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми электрондық мекен-жайлары анықтамалығын жүргiзу

      17. Анықтамалық мынадай мәлiметтердi қамтиды:
      1) электрондық мекен-жайлар;
      2) электрондық мекен-жайлары атына тiркелген мемлекеттiк органдардың (лауазымды тұлғалардың) атаулары;
      3) әкiмшiлiк және техникалық мәселелер бойынша байланыстарды жүзеге асыруға жауапты тұлғалар туралы;
      4) мемлекеттiк органдардың (лауазымды тұлғалардың) почталық мекен-жайлары;
      5) тiркелу күнi.
      Анықтамалықты құрастыруды, жаңартуды (өзектендiрудi) Тiркеушi жүзеге асырады.
      18. Атына электрондық мекен-жайлар тiркелген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары (лауазымды тұлғалары) осы Ережеге сәйкес анықтамалықты жүргiзу (жаңарту) үшiн Тiркеушiге қажеттi мәлiметтердi ұсынуы тиiс.
      19. Анықтамалықты жүргiзу қағаз және электронды түрде жүзеге асырылады.
      20. Анықтамалықты баспа басылымы түрiнде шығаруды, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ Интернет желiсiнде жариялауды Тiркеушi жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады