Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 1561 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2001 жылғы 20 сәуірдегі N 115 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 256 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 8 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 2474. Қаулының күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы N 134 қаулысымен.

       Ескерту: Қаулының күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 29 қазандағы N 134   қаулысымен  ( қолданысқа енгізілу тәртібін  3-тармақтан  қараңыз ).
________________________________________

      Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу тәртібін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2001 жылғы 20 сәуірдегі N 115  қаулысына  (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1561 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 2001 жылғы 2-15 шілдеде жарияланған), Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2001 жылғы 20 сәуірдегі N 115 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2002 жылғы 18 қаңтардағы N 24  қаулысымен  бекітілген толықтырулар және өзгерістермен бірге) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесінде:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Резиденттің пайдасына ақша түскен кезде уәкілетті банк валюта заңдарына сәйкес талап етілетін құжаттарды резидент ұсынғанға дейін жіберушіден алынған нұсқауды қабылдауға және 180 күнтізбелік күн ішінде сақтауы қажет. Резидент талап етілетін құжаттарды 180 күнтізбелік күн ішінде ұсынбаған жағдайда уәкілетті банк нұсқауды оны жіберушіге орындамай қайтаруы қажет.";

      4-тармақтың екінші және үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Осы тармақта көрсетілген валюта операцияларын жүргізуден алынған ақша резиденттің пайдасына түскен кезде уәкілетті банк резидентке Ұлттық Банктің лицензиясын және/немесе тіркеу куәлігін ұсыну қажеттігі туралы хабарлайды және резиденттің банктік шотына түскен ақшаны  Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана есепке алады.
      Резидент Ұлттық Банктің тиісті лицензиясын алған экспорт-импорт мәмілелеріне байланысты валюталық операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған ақша резиденттің пайдасына түскен кезде осындай лицензияда көрсетілген мерзім біткеннен кейін, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөнінде Ұлттық Банктің хатын оларға ұсынғаннан кейін ғана уәкілетті банк клиенттің банктік шотына ақша есептейді.";

      6-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Шетел валютасымен шығарылған бағалы қағаздарға сыйақы төлеуге және/немесе өтеуге байланысты операциялар бойынша резиденттер арасындағы төлемдер мен ақша аударымдары шетел мемлекеттерінің заңдарына сәйкес шетел валютасында жүзеге асырылуы мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 6-1 тармағымен толықтырылсын:
      "6-1. Экспорт-импорт мәмілелерін жүзеге асыруға байланысты комиссиялардың шарттары бойынша резиденттер арасындағы төлемдер мен ақша аударымдары ақы төлеу нысаны ретінде аударым аккредитивтерін пайдаланған кезде шетел валютасында жүзеге асырылуы мүмкін.
      Уәкілетті банктер импорт мәмілелерін жүзеге асыруға байланысты резиденттер арасындағы комиссиялардың шарттары бойынша резидент еместің пайдасына аккредитив аударымдарын қарастыратын резиденттердің пайдасына шетел валютасында аударым аккредитивтерін ашуға құқылы.";

      мынадай мазмұндағы 9-1 тармағымен толықтырылсын:
      "9-1. Резиденттер шетел валютасында көрсетілген вексельдерді резидент еместермен операциялар бойынша шығаруға, сондай-ақ резиденттермен және резидент еместермен операциялар бойынша шетел валютасында көрсетілген вексельдерді беру арқылы есеп айырысуларды жүзеге асыруға құқылы. Мұндайда резиденттер арасындағы шетел валютасында көрсетілген вексельдер бойынша төлем тек қана ұлттық валютада төлем күніне, вексельдің өзінде басқа бағам көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың рыноктық бағамы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "11. Уәкілетті банктер арқылы жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместердің ағымдағы валюта операциялары Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес шектеусіз жүргізіледі.
      Тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсету) экспорты/импорты бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға байланысты ағымдағы валюта операциялары бойынша төлемді жүзеге асыру күні мен тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты/импорты күні арасындағы мерзім 180 күнтізбелік күннен асатын болса, онда осындай операциялар капитал қозғалысына байланысты валюта операциялары болып есептеледі және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен Ұлттық Банкте лицензиялауға немесе тіркеуге жатады.
      Мұндайда валюталық реттеу мақсаттары үшін тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетудің) экспорт/импорт күні Қазақстан Республикасында тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетуді нақты орындау) кедендік ресімдеу күні, ал Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізуді қарастырмайтын және Қазақстан Республикасында тиісті кедендік ресімдеуді қажет етпейтін шарттар бойынша шарттың талаптарына сәйкес тауар өткізу күні болып есептеледі.
      Тараптардың бірі басқа тарап міндеттемесін орындағаннан кейін 180 күнтізбелік күн ішінде міндеттемелерін орындамаса, кредитті алуға немесе беруге байланысты ағымдағы валюта операциялары капитал қозғалысына байланысты валюта операциялары болып есептеледі және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен Ұлттық Банкте лицензиялауға немесе тіркеуге жатады.";

      мынадай мазмұндағы 14-1 тармағымен толықтырылсын:
      "14-1. Баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомадағы тауар экспортына байланысты мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде резидент заңды тұлға алған экспорттық валюта түсімдерін уәкілетті банктегі банктік шотқа есептеуге рұқсат етіледі. Сонымен бірге бір күнтізбелік ай ішінде бір уәкілетті банктегі банктік шотқа есептелген сома баламасы он мың АҚШ долларынан аспауы тиіс. Резидент заңды тұлға уәкілетті банктегі өзінің банктік шотына қолма-қол шетел валютасын есептеу үшін Қазақстан Республикасынан резидент заңды тұлға әкеткен және Қазақстан Республикасына ол әкелген қолма-қол ақшаны растайтын кедендік құжаттарды ұсынуы қажет.";

      15-тармақта:
      "Шетелдік" деген сөзден кейін "және ұлттық" деген сөздермен толықтырылсын;
      "шектеусіз" деген сөзден кейін "осы Ережеде көзделген тәртіппен" деген сөздермен толықтырылсын;

      16-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетудің) экспортына ақы төлеу ретінде резидент заңды тұлға алатын валютаны резиденттер алуға тиіс және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес резидент заңды тұлға алған Ұлттық Банктің тиісті лицензиясында өзгеше көзделмесе, тауар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты күнінен бастап 180 күнтізбелік күн ішінде (тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жекелеген тауарлардың экспорты бойынша 365 күнтізбелік күн) уәкілетті банктердегі олардың банктік шоттарына есептеледі.";
      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) аванстық төлемдерді қарастыратын импорт мәмілелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент еместің пайдасына резидент аударған валютаны резидент емес тауарларды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда резидент алуға және Ұлттық Банктің лицензиясында өзге мерзім белгіленбесе, аударған күннен бастап 180 күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті банктердегі оның шотына есептелуге тиіс.";
      екінші абзацта "уәкілетті банктерде" деген сөздерден кейін "осы Ережемен белгіленген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын;

      19-тармақта:
      бірінші абзацта ", іссапарларды жүзеге асырғанға дейін" деген сөздер алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол сомасы бір күнтізбелік ай ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде іссапарда болғанда сатып алынған тауарларға ақы төлеу үшін резидент еместің пайдасына төлемдерді жүзеге асыру мақсатында резидент заңды тұлғаның банктік шотынан алынуы мүмкін. Іссапар мерзімі аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде заңды тұлға уәкілетті банкке алынған қолма-қол шетел валютасын пайдаланғанын растайтын құжаттарды (іссапар туралы бұйрық, Қазақстан Республикасының аумағына тауар әкелгенін растайтын кедендік құжаттар) ұсынады. Резидент заңды тұлғаның хаты қолма-қол шетел валютасын алуға негіздеме болып табылады.";

      20-тармақта:
      бірінші абзац "валютаны" деген сөзден кейін "ұлттық валюта үшін" деген сөздермен толықтырылсын;

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "21. Резидент заңды тұлғалар ұлттық валютаға шетел валютасын сатып алуға өтініш ресімдеген кезде сатып алу мақсатын көрсетеді, сондай-ақ сатып алынатын шетел валютасына операциялар жүргізудің қажеттігін растайтын құжаттарды қоса береді және оны мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда ағымдағы рыноктық бағам бойынша ұлттық валютаға осы валютаны сатуға банкке уәкілеттік береді.".

      22-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "Резидент заңды тұлға сатып алған шетел валютасын толық немесе ішінара пайдаланбаған жағдайда оны сатып алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн не іссапар аяқталған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін ұлттық валютаға міндетті сатуға жатады.";
      екінші абзацта "ішкі валюта рыногында" деген сөздер "ұлттық валютаға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      23-тармақта "ішкі валюта рыногында ағымдағы рыноктық бағам бойынша" деген сөздер "ағымдағы рыноктық бағам бойынша ұлттық валютаға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      25-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Уәкілетті банктер резидент заңды тұлғаларға кепілдік берілген мемлекеттік кредиттер бойынша, сондай-ақ есеп айырысудың құжаттандырылған нысандарын қарастыратын мәмілелер жөніндегі кредиттер бойынша резидент емес үшінші тұлғалардың шотына шетел валютасын есептеу арқылы кредиттер беруге құқылы.";

      31-тармақтың бірінші тармағындағы екінші сөйлем алынып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 33-1-тармақпен толықтырылсын:
      "33-1. Заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ашылған резидент және резидент емес жеке тұлғалардың банктік шоттарын пайдалану режимі осы Ереженің 3 және 4-тарауларына сәйкес айқындалады.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "34. Жеке тұлғалардың банктік шоттары бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеу бойынша валюта операциялары жүргізілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 34-1 тармағымен толықтырылсын:
      "34-1. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомадағы және инвестицияларды жүзеге асыруға немесе жылжымайтын мүлікке құқықты сатып алуға байланыссыз төлемдер және/немесе ақша аударымдары төлемдер және/немесе ақша аударымының негізділігін растайтын құжаттарсыз банктік шоттар арқылы жүргізіледі.
      Ақшаны аудару немесе алу кезінде жеке тұлға осы төлемдер және/немесе ақша аударымы кәсіпкерлік қызметпен, инвестицияларды жүзеге асыру не жылжымайтын мүлікке құқық сатып алуға байланысты емес екендігі туралы жазба жүргізіледі.";
      35-тармақтың бірінші абзацында:
      бірінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
      "Жеке тұлғалардың банктік шоттар арқылы жүзеге асырылатын, баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі валюта операциялары бойынша төлемдер және/немесе ақша аударымдарын уәкілетті банктер тиісті түрде ресімделген құжаттарды (шарттар, келісім-шарттар, келісімдер, инвойстар және басқалар) жеке тұлғалар уәкілетті банктерге ұсынған кезде ғана жүргізеді.";
      үшінші сөйлемдегі "резидент еместің пайдасына" деген сөздер алынып тасталсын;

      38-тармақтың екінші сөйлемі алынып тасталсын;

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "41. Резидент және резидент емес жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасынан немесе Қазақстан Республикасына, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі резидент жеке тұлғалардың пайдасына біржолғы аударымдарды уәкілетті банктер арқылы баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде жүзеге асыруға болады. Көрсетілген аударымдарды жеке тұлғалар бір операциялық күнде бір уәкілетті банк арқылы бір рет қана жүзеге асыра алады.
      Осы тармақта көрсетілген аударымдар кәсіпкерлік қызметті, инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен, тізбесі валюта заңдарында айқындалған капитал қозғалысына байланысты өзге де операцияларды жүргізумен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеуге байланысты болуы тиіс емес.";

      43-тармақтың оныншы абзацында "немесе инвестициялық қызметпен не жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен" деген сөздер "инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен немесе капитал қозғалысына байланысты өзге де операциялармен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеумен байланысты қызметпен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      44-тармақтың сегізінші абзацында "немесе шетелдегі инвестициялық қызметпен" деген сөздер "инвестицияларды жүзеге асырумен, жылжымайтын мүлікке құқық сатып алумен немесе капитал қозғалысына байланысты өзге де операциялармен, сондай-ақ үшінші тұлға ретінде заңды тұлғалар арасындағы келісім-шарттарға ақы төлеумен байланысты қызметпен" деген сөздермен ауыстырылсын.";

      мынадай мазмұндағы 48-1 және 48-2 тармақтарымен толықтырылсын:
      "48-1. Резидент жеке тұлғалар баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетілетін қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғандығын растайтын құжаттар ұсынбай Қазақстан Республикасынан әкете алады.
      Резидент жеке тұлғаларға баламасы он мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын осы Ереженің 48-2 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат берілмейді.
      Резидент емес жеке тұлғалар баламасы үш мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетілетін қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғандығын растайтын құжаттар ұсынбай Қазақстан Республикасынан әкете алады.
      Резидент емес жеке тұлғаларға баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын осы Ереженің 48-2 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат берілмейді.

      48-2. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар осы Ереженің 48-1 тармағында көрсетілген сомалардан басқа кедендік заңдардың талаптарын сақтаған кезде Қазақстан Республикасына әкелінгенін растайтын кеден декларациясында көрсетілген сома шегінде Қазақстан Республикасына бұрын әкелінген қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "49. Резидент және резидент емес жеке тұлғаларының баламасы үш мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуі Қазақстан Республикасының кеден органында жазбаша декларациялауға жатпайды.
      Резидент және резидент емес жеке тұлғаларының баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшердегі қолма-қол шетел валютасын әкетуі Қазақстан Республикасы кеден органында міндетті жазбаша декларациялауға жатады.";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "50. Номиналдық құны (номиналы) шетел валютасында көрсетілген төлем құжаттарын ( вексельдер, чектер, оның ішінде жол чектері) Қазақстан Республикасынан әкету жазбаша декларациялауға жатпайды және шектеусіз жүзеге асырылады.".

      2. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Дюгай Н.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, аумақтық филиалдарына және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне жіберсін.

      3. Басшылықтың қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Мартюшев Ю.А.) осы қаулыны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Г.З.Айманбетоваға жүктелсін.

      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.

       Ұлттық Банк
      Төрағасы

Келісілді           
Қазақстан Республикасының  
Сыртқы істер министрлігі  
Министр           
2003 жылғы 4 тамыз     
 
Келісілді          
Қазақстан Республикасының  
Қаржы Министрлігі     
Министр           
2003 жылғы 6 тамыз     
 
Келісілді          
Қазақстан Республикасының  
Кедендік бақылау агенттігі 
Төраға м.а.       
2003 жылғы 8 тамыз    

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады