Орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақтан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 381 қаулысы. Қазақтан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 1 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2586. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 27 мамырдағы N 128 Қаулысымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 27 мамырдағы N 128 Қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының Орталық депозитарийі туралы, Қазақстан Республикасында бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін жүргізу туралы, Қазақстан Республикасындағы кастодиандық қызмет туралы ережені бекіту жөнінде" 1996 жылғы 29 шілдедегі N 944 қаулысының күші жойылды деп танылған күннен бастап күшіне енеді.
      3. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, орталық депозитарийге, сауда-саттықты ұйымдастырушыларға, өзін-өзі реттейтін ұйымдарға, "Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз ететін болсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
"Орталық депозитарийдің
бағалы қағаздар рыногында
қызметті жүзеге асыру
ережесін бекіту туралы"
2003 жылғы 27 қазандағы
N 381 қаулысымен Бекітілген

  Орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында
қызметті жүзеге асыру
ЕРЕЖЕСІ

       Ескерту: Барлық мәтiн бойынша "Депозитарлық қызмет көрсету шарты", "Депозитарлық қызмет көрсету шартын", "депозитарлық қызмет көрсету шартында" деген сөздер тиiсiнше "Номиналды ұстау шарты", "Номиналды ұстау шартын", "номиналды ұстау шартында" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 314   қаулысымен .

      Орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексіне , " Бағалы қағаздар рыногы туралы ", "Қазақстан Республикасындағы  банктер және банк қызметі туралы", " Ақша төлемі мен аударымы туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртібін белгілейді.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Орталық депозитарийдің депоненттермен және олардың клиенттерімен, сауда-саттықты ұйымдастырушымен, бағалы қағаздар эмитенттерімен және бағалы қағаздар рыногының басқа да субъектілерімен қарым-қатынасы, қаржы құралдарын депозитарлық қызмет көрсетуге қабылдау, оларды сақтау және есепке алу, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмілелерді тіркеу және олар бойынша құқықтарды растау талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен, осы Ережемен және орталық депозитарийдің ережесі жиынтығымен (бұдан әрі - ережелер жиынтығы) реттеледі.

      2. <*>
       Ескерту: 2-тармақ алынып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 314   қаулысымен .

      3. Депозитарлық қызметті жүзеге асырған орталық депозитарийдің клиенттері депоненттер және олардың клиенттері болып табылады.
      Орталық депозитарий банк шоттарын ашу және оларды жүргізу операцияларын жүзеге асырған кезде банкаралық ақша аудару жүйесінің пайдаланушысы деген мәртебесі жоқ брокерлер-дилерлер орталық депозитарийдің клиенттері болып табылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 26 наурыздағы  N 111 Қаулысымен.

      4. Депозитарлық қызмет көрсететін орталық депозитарийдің мемлекеттік бағалы қағаздармен мәмілелерді жүзеге асыру талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және ережелер жиынтығында айқындалады.

      5. Орталық депозитарийдің бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және ережелер жиынтығында белгіленеді.

      6. Орталық депозитарий депоненттерді, сауда-саттықты ұйымдастырушыларды ережелер жиынтығында болған барлық өзгертулер мен толықтырулар жөнінде олар күшіне енген күнге дейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етеді.

  2-тарау. Номиналды ұстау шарты және
банктік шот шарты

      7. Орталық депозитарий клиенттермен депозитарлық қызмет көрсету және банктік шот шарттарын жасайды. Шарттар жазбаша нысанда жасалады.
      Номиналды ұстау шартын жасау талаптары мен тәртібі ережелер жиынтығында белгіленеді.
      Банктік шот шартын жасау талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және ережелер жиынтығында белгіленеді.

  3-тарау. Орталық депозитарийдің бағалы
қағаздар рыногында қызметі

      8. Орталық депозитарий өз депоненттерінің (олардың клиенттерінің) құқықтарын есепке алу, мәмілелерді тіркеу және эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдары бойынша құқықтарын растау мақсатында депоненттердің (олардың клиенттерінің) жеке шоттарын (қосалқы шоттарын) ашады және күнін, уақытын әрі оларды жүргізу негіздерін көрсете отырып, жеке шоттар (қосалқы шоттар) бойынша барлық операциялардың есебін жүргізеді.

      9. Орталық депозитарий өз депоненттерінің (олардың клиенттерінің) қаржы құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қаржы құралдардың депозитарийдің өзіне тиесілі қаржы құралдарынан оқшаулап сақталуын қамтамасыз етеді.
      Орталық депозитарийге номиналды ұстауға берілген қаржы құралдары орталық депозитарийдің балансында ескерілмейді.

      10. Орталық депозитарий құжат нысанында шығарылған қаржы құралдарын және депоненттердің (олардың клиенттерінің) олар бойынша құқықтары туралы жазбаларды, оның ішінде көрсетілген ақпаратты қайталау жүйесін және жазбаларды сақтаудың қауіпсіз жүйесін пайдалану арқылы сақтау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

      11. Орталық депозитарий құжат нысанында шығарылған қаржы құралдарын депоненттердің (олардың клиенттерінің) жеке шоттарындағы (қосалқы шоттарындағы) номиналдық ұстауды есепке алу жүйесінде көрсетілген қаржы құралдары бойынша құқықтарды есепке алу мен куәландыру арқылы материалсыздандырады.
      Орталық депозитарий қаржы құралдары бойынша депоненттердің (олардың клиенттерінің) құқықтарын номиналдық ұстауды есепке алу жүйесінде жеке шоттан (қосалқы шоттан) үзінді жазбаны беру арқылы растайды.

      12. Орталық депозитарий материалсыздандырылған қаржы құралдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сақтайды.

      13. Номиналдық ұстаудағы қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша, сондай-ақ бағалы қағаздар бойынша кірісті төлеу бойынша және оларды өтеген кезде төлем агентінің функцияларын орындау мақсатында орталық депозитарий бір мезгілде депоненттерге (олардың клиенттеріне) номиналдық ұстауды есепке алу жүйесінде жеке шоттар (қосалқы шоттар) және ағымдағы шоттар ашады.

      14. Орталық депозитарий депоненттің және оның клиенттерінің ақшасын ағымдағы екі шот ашу арқылы бөліп есепке алады.
      Орталық депозитарийде ашылған ағымдағы шоттардағы депоненттердің және олардың клиенттерінің ақшасы баланстан тыс шоттарда есепке алынады және оларға орталық депозитарийдің міндеттемелері бойынша жазалау шаралары қолданылмайды.

      15. Қаржы құралдарымен мәмілелерді жасаған кезде ақша бойынша есеп айырысуды орталық депозитарийдің тапсырмасы бойынша орталық депозитарий немесе есеп айырысу орталығы жүзеге асырады.

      16. Орталық депозитарий үшін есеп айырысу орталығының функциясын:
      1) ұлттық валютадағы ақшаны аударған және есепке алған кезде - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
      2) шетел валютасындағы ақшаны аударған және есепке алған кезде - Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметті жүзеге асыратын банктер, шетелдің депозитарийлер мен халықаралық депозитарийлер, глобальды кастодиандар орындайды.

      17. Орталық депозитарий номиналдық ұстау қызметін көрсету мақсатында өз атына:
      1) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінде номиналдық ұстаушы жеке шотын, сондай-ақ қаржы құралдарын есепке алу үшін кастодиан банктерде, халықаралық және шетелдік депозитарийлерде шоттар;
      2) орталық депозитарий кірісті төлеген кезде және орталық депозитарийдің номиналдық ұстауындағы қаржы құралдарын өтеген кезде алатын ақшаны есепке алу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қаржы құралдарымен мәмілелерді жасау үшін кастодиан банктерде, халықаралық және шетелдік депозитарийлерде шоттар ашады.

  4-тарау. Орталық депозитарийдің есеп беруі

      18. Орталық депозитарий депонент (оның клиенті) алдында оның жеке шотының (қосалқы шотының), ағымдағы шотының жай-күйі, көрсетілген шоттар бойынша жасалатын операциялар туралы есеп береді.
      Депоненттердің (олардың клиенттерінің) жеке шоттарынан (қосалқы шоттарынан) және ағымдағы шоттарынан үзінді жазбаларды ұсыну мерзімі ережелер жиынтығында және номиналды ұстау шартында белгіленеді.

  5-тарау. Қорытынды ережелер

      19. Депозитарлық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын және осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады