Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды құру, қызметін лицензиялау, реттеу, тоқтату ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 6 желтоқсандағы N 445 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 26 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2644. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы N 34 (V064176) қаулысымен.

       Ескерту: Қаулының күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы N 34   қаулысымен .
______________________________      

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды құру, қызметін лицензиялау, реттеу, тоқтату ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
      3. Осы қаулы күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының мынадай:
      1) "Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін лицензиялау және реттеу ережесін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы  N 271  (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 888 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 1999 жылғы 30 тамыз - 12 қыркүйекте жарияланған);
      2) "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 888 тіркелген, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін лицензиялау және реттеу ережесін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 271 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2002 жылғы 8 қарашадағы  N 437  (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2089 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 2002 жылғы 16-31 желтоқсанда жарияланған) қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
      4. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) және Құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау басқармасы (Жерембаев Е.Е.) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының ресми бұқаралық ақпарат құралдарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз басылымдарына жариялауды қамтамасыз етсін.
      6. Операция басқармасы (Төлеутаева Ә.Қ.) қабылданған шешім туралы ақпаратты жариялауға байланысты шығыстарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасының шығыстар сметасының бюджеті есебінен төлесін.
      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасы    
Ұлттық Банкі Басқармасының  
2003 жылғы 6 желтоқсандағы  
N 445 қаулысымен       
бекітілген          

  Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
асыратын ұйымдарды құру, қызметін лицензиялау,
реттеу, тоқтату ережесі

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкі  туралы", "Қазақстан Республикасындағы  банктер және банк қызметі  туралы" (бұдан әрі - Банктер туралы Заң), " Қаржы рыногын  және қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды құру, қызметін лицензиялау, реттеу, тоқтату тәртібін айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым - банк болып табылмайтын, қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) лицензиясы негізінде Банктер туралы Заңда көзделген банктік және өзге де операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуге құқылы заңды тұлға.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі - банктік емес ұйым) жекелеген түрлерін құру, қызметін лицензиялау, реттеу және тоқтату тәртібі реттелетін болса, көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тиісті нормалары қолданылады.

      3. Бірде бір банктік емес ұйым Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға құқылы емес.

      4. Банктік емес ұйымға лицензия Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес екінші деңгейдегі банктер ғана жүзеге асыратын банк операцияларын қоспағанда, Банктер туралы Заңда көзделген бір немесе бірнеше операцияларға беріледі.
      Бұл ретте, төменде көрсетілген банк операциялары осы Ереженің 6-тармағында көзделген жағдайлардан басқасы, тек мынадай тәртіппен қоса атқарылады:
      1) аударым операцияларымен кассалық операциялар;
      2) ипотека заемдары бойынша талап ету құқықтарын басқаруға қатысты сенімгерлік операцияларымен заем операциялары.
      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған операцияларды басқа банктік операциялармен қоса атқаруға болмайды.

      5. Банктер туралы Заңның  30-бабы  2-тармағының к), л), н), о) тармақшаларында, сондай-ақ п) тармақшасында (қызметтің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операциясын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар үшін) көзделген операцияларды жүргізуге лицензияларды беру тәртібі мен талаптары Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
       Ескерту: 5-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 30 қыркүйектегі N 354   қаулысымен .

      6. Уәкілетті орган айрықша жағдайларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Ұлттық Банктің шешімдері болса, құрылтайшысы және/немесе қатысушысы (акционері):
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан мемлекет;
      2) Ұлттық Банк;
      3) жалғыз құрылтайшысы және/немесе қатысушысы Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан мемлекет не Ұлттық Банк болып табылатын заңды тұлға болса банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге лицензия бере алады.
       Ескерту: 6-тармағының қолданылуы тоқтатылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 12 маусымдағы N 157   қаулысымен .

      7. Банктік емес ұйым филиалдар немесе өкілдіктер ашқан (жапқан) кезде әділет органдарында есепті тіркеуден өткеннен (тіркеудің күшін жойғаннан) кейін екі апталық мерзімде банктік емес ұйым уәкілетті ұйымға филиалды немесе өкілдікті ашу (жабу) туралы хабарламаны және филиал немесе өкілдік туралы нотариат куәландырған ереженің көшірмесін (ашқан кезде ұсынылады) ұсынады.

  2-тарау. Банктік емес ұйымдарды құру, лицензиялау

      8. Банктік емес ұйым өз қызметін өндірістік кооперативтен басқа, кез келген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрыла және жүзеге асыра алады.

      9. Банктік емес ұйым құрылтай құжаттары (құжаты) негізінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады әрі іс-әрекет етеді.

      10. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда банктік емес ұйым енгізілген өзгерістерді тіркеу туралы әділет органының белгісі бар құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды ұсына отырып бұл жөнінде уәкілетті органға хабардар етеді.

      11. Бірде-бір заңды тұлғаның уәкілетті органның лицензиясы болмай банк операцияларын жүргізуге құқығы жоқ.
      Құрылтай құжаттарында банк  және өзге де операцияларды жүргізу көзделген заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бір жыл ішінде лицензияны беру туралы өтінішпен уәкілетті органға хабарласады.

      12. Банктік емес ұйымға лицензия уәкілетті орган рұқсат еткен жағдайларды қоспағанда, тек теңгемен операцияларды жүргізуге беріледі.

      13. Банктік және өзге операцияларды жүргізуге лицензия (бұдан әрі - лицензия) осы Ереженің 1-қосымшасына сай нысан бойынша шектелмеген мерзімге беріледі және үшінші тұлғаларға берілмейді.

      14. Лицензияны алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға:
      1) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  16-бабында  көзделген құжаттарды;
      2) Банктер туралы Заңның  26-бабының  2-тармағы талаптарының орындалуын растайтын құжаттарды. Мұндайда, банктік емес ұйымның жарғылық капиталының төленгені бастапқы төлем құжаттарымен (төлем тапсырмасымен, кіріс кассалық ордерлермен) расталады;
      3) әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен Жарғы мен құрылтай шартының нотариат куәландырған көшірмелерін;
      4) лицензияны алу мақсаты мен қажеттілігін сипаттайтын барлық жоспарланған банктік және өзге операциялар бойынша экономикалық негіздемені;
      5) Банк заңдарының талаптарына сәйкес банктік емес ұйымның операцияларды жүргізудің жалпы талаптары жөніндегі ережені ұсынады.
      Банктік емес ұйымның әрбір түрі бойынша жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерін уәкілетті орган белгілейді және осы сома шегінде тек ақшамен төленуі тиіс (Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен жалғыз құрылтайшысы мемлекет болып табылатын банктік емес ұйымның жарғылық капиталының өзге мөлшері мен қалыптасу тәртібі көзделуі мүмкін жеке жағдайларды қоспағанда).
      Банктік емес ұйымның үй-жайы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген күзетілетін объектілердің техникалық бекітілуіне және дабылмен жабдықталуына қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.
      Банктер туралы заңның  30-бабының  2-тармағының г), м) тармақшаларында және 3-тармағының а), б) тармақшаларында көзделген операциялар жүзеге асырылған жағдайда банктік емес ұйым уәкілетті органға Ұлттық Банк берген және үй-жайдың Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды береді.
      Банктер туралы Заңның  30-бабы  2-тармағының п) тармақшасында көзделген операцияларды жүргізуге берілетін лицензияны алу үшін Ұлттық Банктің оң қорытындысы талап етіледі.
      Банктік емес ұйымның басшы қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті органмен міндетті келісуге жатады.
       Ескерту: 14-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 30 қыркүйектегі N 354   қаулысымен .

      15. Лицензияны беру туралы өтінішті уәкілетті орган барлық қажетті құжаттарды ұсынған күннен бастап бір ай ішінде қарауы тиіс.

      16. Банк операцияларының қосымша түрлерін жүргізуге лицензияны алу үшін жұмыс істеп тұрған банктік емес ұйым мынадай талаптарды орындауы қажет:
      1) уәкілетті орган банктік емес ұйым үшін пруденциалдық нормативтерді және сақтауға міндетті өзге нормалар мен лимиттерді белгілеген жағдайда лицензияны алуға өтінішті бергенге дейінгі алты ай ішінде орындау;
      2) лицензияны алуға өтінішті бергенге дейінгі үш ай ішінде қабылданған шектеулі ықпал ету шараларының болмауы.

      17. Банктік емес ұйымға операциялардың қосымша түрлеріне лицензия берілген кезде оған банктік емес ұйымға рұқсат етілген операциялардың барлық тізбесі енгізіледі. Банктік емес ұйымға бұрын берілген лицензия уәкілетті органға қайтарылуға жатады.

      18. Операциялардың қосымша түрлеріне лицензияны беру туралы өтініш осы Ереженің 15-тармағында айқындалған мерзімде қаралуы тиіс.

      19. Банктік емес ұйымға банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензияны беруден бас тарту ұсынылған құжаттар осы Ереженің 14-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүргізіледі.

      20. Лицензияны беруден бас тартқан кезде өтініш берушіге жазбаша түрде және лицензияны беру үшін белгіленген мерзімде дәлелденген жауап беріледі.

      21. Уәкілетті орган осы Ереженің 2-қосымшасына сай нысандар бойынша берілген, қайта ресімделген, тоқтата тұрылған және қайтарылған лицензиялардың тізілімін жүргізеді.

  3-тарау. Банктік емес ұйымдардың қызметін
реттеу тәртібі

      22. Банктік емес ұйымдар өз қызметін Банктер туралы Заңның  31-бабына  сәйкес әзірленген тек Операцияларды жүргізудің жалпы талаптары туралы ереже және Ішкі ереже болған кезде жүзеге асырады.
      Операцияларды жүргізудің жалпы талаптары туралы ережеде банктік емес ұйым жүзеге асыратын барлық банктік және өзге операциялар жөніндегі мәліметтер мен рәсімдер болуы тиіс.

      23. Банктік емес ұйымдар уәкілетті органға өзінің қаражаты, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жердегі қаражаты, олар жүргізетін операциялар, берілген және алынған заемдардың мөлшері туралы мәліметтерді және өзге мәліметтерді қоса алғанда, оның сұратуы бойынша кез келген ақпаратты ұсынады.

      24. Банктік емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда уәкілетті орган оған ықпал етудің шектеулі шараларын және Банктер туралы  Заңның  47-бабының а), б), е) тармақшаларында көзделген санкцияларды қолданады.

      25. Банктік емес ұйымның лицензиясы қайтарылған жағдайда уәкілетті орган бір ай ішінде қабылданған шешім туралы әділет органдарын (тіркеу органдарын) хабардар етеді.

  4-тарау. Қорытынды ережелер

      26. Банктік емес ұйымдарды қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      27. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттелуі тиіс.

                                   Банк операцияларының жекелеген
                                түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды
                                құру, қызметін лицензиялау, реттеу,
                                         тоқтату ережесіне
                                             1-қосымша       

              Уәкілетті органның фирмалық рәмізі

           Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
        асыратын ұйымның теңгемен Қазақстан Республикасының
          банк заңдарында көзделген операциялар жүргізуге

          ______________________________________________
                    (уәкілетті органның атауы)

                          лицензиясы

нөмірі ____ __                            жылғы " __" ____________

__________________________________________________________________
          мемлекеттік тіркеу нөмірі

__________________________________________________________________
           (банк операцияларының жекелеген түрлерін
__________________________________________________________________
              жүзеге асыратын ұйымның толық атауы)

Осы лицензия мынадай операцияларды жүргізуге құқық береді:
      1._______________________________________
      2._______________________________________
      3._______________________________________

      Осы лицензияның талаптарынан туындайтын құқықтар үшінші
тұлғаларға берілмейді.
      Осы лицензия бір данада беріледі.

      Төрағаның орынбасары

                                  Банк операцияларының жекелеген
                                түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды
                                құру, қызметін лицензиялау, реттеу,
                                         тоқтату ережесіне
                                             1-қосымша       

         Уәкілетті органның банк операцияларының
      жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың
      берілген, қайта ресімделген, тоқтата тұрылған,
       қайтарылып алынған лицензияларын есепке алу
                   жөніндегі тізілімі

__________________________________________________________________
Лицен.|Ұйымның|Лицензияның|Лицензияны |Лицензияда |Лицензияны
зияның| атауы | берілген  |беру (қайта|көзделген  |қайтарып алу,
   N  |       |  (қайта   | ресімдеу) |операциялар|   тоқтата
      |       |  ресім.   |негіздемесі|  тізбесі  |  тұру күні
      |       |  делген)  |           |           |
      |       |   күні    |           |           |
__________________________________________________________________
    1      2        3           4            5           6
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады