Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына ішкі аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 16 ақпандағы N 35 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 18 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2752.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына ішкі аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):

      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына жіберсін.

      4. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің қызметін қамтамасыз ету департаменті осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Қ.Досмұқаметовке жүктелсін.

      Төраға

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөніндегі агенттігі Басқармасының
2004 жылғы 16 ақпандағы
N 35 қаулысымен бекітілген

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына ішкі аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына ішкі аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы, "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына ішкі аудит жүргізу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, оның филиалдары мен өкілдіктерін қоса алғанда, сондай-ақ сақтандыру агенттерінің және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының (бұдан әрі – сақтандыру ұйымдары) қызметіне ішкі аудит жүргізу тәртібі сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, осы Талаптарда анықталған ерекшеліктер ескеріле отырып сақтандыру ұйымының құрылтай және ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Сақтандыру ұйымындағы ішкі аудит жүйесінің негізгі мақсаты сақтандыру ұйымы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңдарын орындауын, сақтандыру ұйымының ішкі рәсімдері мен ережелерінің міндетті түрде болуына және сақталуына және сақтандыру ұйымы жүргізетін операциялардың сипаты мен ауқымына сәйкес келетін тиісті сенімділік деңгейінің және оның қызметі тәуекелдерінің азайтылуының қамтамасыз етілгеніне бақылау жасау болып табылады.

      3. Сақтандыру ұйымындағы ішкі аудит:

      1) сақтандыру ұйымының қызметін Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарына, сондай-ақ бухгалтерлік есеп саясатына және белгіленген ішкі рәсімдерге, сақтандыру ұйымының бекітілген тиісті ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асыруына;

      2) сақтандыру ұйымының қызметіне қаржы тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі бөлігінде жүйелік талдауды жүзеге асыруына және бағалауына;

      3) қабылданатын шешімдердің орындалуына бақылау шараларының тиімділігіне;

      4) басқару жүйесін активтермен және міндеттемелермен тиімді бағалауға, оның ішінде портфель және әлуетті тәуекелдер құрылымын бағалауға;

      5) сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген сақтандыру қызметі мен басқа да қызметтің уақтылы, дұрыс, толық және дәл көрсетілуіне;

      6) сақтандыру мен басқа да қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын тәуекелдерді басқаруға және оларды барынша азайтуға мониторингті жүзеге асыруға;

      7) сақтандыру агенттерінің қызметіне және осыған байланысты олардың сақтандыру шарттарын жасау кезіндегі тәуекелдеріне;

      8) қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілеген пруденциалдық нормативтер және сақталуға міндетті өзге нормалар мен лимиттерді сақтаумен;

      9) сақтандыру ұйымының есеп беруінің халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына сәйкесуіне бақылауды қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Сақтандыру ұйымының тәуекелдері делініп сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңында көзделген сақтандыру және басқа да қызметті жүзеге асырудан шығатын залалдың (шығындардың) туындау қаупі (мүмкіндігі) түсіндіріледі.

      Сақтандыру ұйымын басқару және мониторинг кезінде тәуекелдердің мынадай негізгі түрлері ажыратылады:

      1) кредит тәуекелі - Қазақстан Республикасының резидент еместерінен төлем аударымындағы шектеулер мен кедергілерді есептей отырып, сақтандыру ұйымына қатысты шарттың (келісім-шарттың) немесе басқа да міндеттемелердің бастапқы шарттарын әріптестің орындау қабілетсіздігінен немесе бұзу салдарынан туындайтын шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі;

      2) құқықтық тәуекел - Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтандыру ұйымының бұзуы салдарынан не сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы практикасының оның ішкі құжаттарына, ал Қазақстан Республикасының резидент еместерінің - басқа мемлекеттердің заңдарына қатысты сәйкессіздігінен туындайтын, шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі;

      3) Операция тәуекелі - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі бақылау ұйымының талаптарын бұзуы (сақтамауы) салдарынан туындайтын шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі.

      Операция тәуекеліне сонымен қатар операция (компьютер) жүйелеріндегі елеулі іркілістердің туындауымен байланысты тәуекелдер кіреді;

      4) өтімділік залалы тәуекелі - сақтандыру ұйымының өз міндеттемелерін орындамау не уақтылы орындамау тәуекелі;

      5) рыноктық тәуекел - сақтандыру ұйымының кірісі және капиталы үшін нарықтық бағалар қозғалысының қорытындысы тәрізді ағымдағы немесе келешектегі қауіп. Рыноктық тәуекел өз кезегінде баға тәуекеліне, валюта тәуекеліне және проценттік тәуекелге бөлінеді:

      баға тәуекелі - қаржы құралдарының рыноктық құнына әсер етуші қаржы құралдарының портфель құнының өзгеруі салдарынан шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі;

      валюта тәуекелі - сақтандыру ұйымы өз қызметін жүзеге асыру кезінде шетел валюталары курсының өзгеруіне байланысты шығыстардың (шығындардың) туындау қаупі. Шығыстардың (шығындардың) қаупі құндылықты білдірудегі валюта бойынша сақтандыру ұйымы позициясын қайта бағалаудан туындайды;

      проценттік тәуекел - сыйақы ставкасының өзгеруіне байланысты шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі;

      6) бедел тәуекелі - келеңсіз қоғамдық пікір немесе сақтандыру ұйымына сенімнің азаю салдарынан туындайтын шығыстардың (шығындардың) тәуекелі;

      7) портфель тәуекелі - өтімділік залалының, кірістіліктің және сақтандыру ұйымының қаражаты инвестицияланған бағалы қағаздар курсының төмендеуі, сонымен қатар олардың эмитентінің қаржылық жағдайының нашарлауы нәтижесінде сақтандыру ұйымы шығыстарының (шығындарының) туындау тәуекелі;

      8) ел (трансферттік) тәуекелі - шетел мемлекетінің немесе шетел мемлекеті резидентінің төлем қабілетсіздігі немесе кредит тәуекеліне байланысты емес себептер бойынша сақтандыру ұйымының алдындағы міндеттемелер бойынша жауап беруді қаламайтындығы салдарынан шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі.

2-тарау. Сақтандыру ұйымының ішкі аудитін жүргізу тәртібіне қойылатын талаптар

      5. Сақтандыру ұйымы ішкі аудиттің қажетті құқықтық регламенті мақсатында мынадай мәселелер бойынша ішкі құжаттарды бекітеді:

      1) ішкі аудитті ұйымдастыру;

      2) ішкі аудит қызметінің өкілеттіктері, шектеулері және міндеттері;

      3) мыналарға қатысты тікелей сақтандыру бойынша ішкі саясаттың:

      дұрыс және дәл актуарлық есеп айырысуды жүргізуге;

      сақтандыру портфелін әртараптандыруға;

      сақтандыру өнімін әзірлеуге;

      4) мыналарға қатысты қайта сақтандыру бойынша ішкі саясаттың:

      қайта сақтандыру ұйымын сайлауға;

      трансшекаралық сақтандыруды жүргізу мәселелеріне;

      қайта сақтандыру шарттарын талдауға;

      сақтандыру брокерін сайлауға;

      5) кері талаптар бойынша операцияларды есепке ала отырып, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша ішкі саясатқа;

      6) қатал есеп беру бланктерін олардың пайдалануын есепке ала отырып, сақтандыру делдалдарының қызметін ұйымдастыруға;

      7) сақтандыру полистерін есепке алуды ұйымдастыруға;

      8) есепке алу мен есеп беруді және қаржылық есеп берудің жасалуын есепке ала отырып, филиалдардың және өкілдіктердің қызметін ұйымдастыруға;

      9) шоғырландырылған негіздегі есеп беруді есепке ала отырып, бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру саясатына;

      10) сақтандыру ұйымының салық есебі саясатына;

      11) сақтандыру ұйымының құжаттарын сақтауды ұйымдастыруға;

      12) қатал есеп беру бланктерін ұйымдастыруға, сақтауға, пайдалануға және есептен шығаруға;

      13) сақтандыру ұйымының капиталын есепке алу саласындағы ішкі саясатқа;

      14) өтімділік, әртараптандыру, активтерді және міндеттемелерді басқаруды жүзеге асыруға тартылған тұлғалардың нормаларын және лимиттерін, жауапкершілігін және өкілдіктерін сақтауға уәкілетті орган бекіткен пруденциалдық нормативтерді және басқа да міндеттерді сақтау мәселелерін есепке ала отырып, сақтандыру ұйымының активтері және міндеттерін басқару стратегиялары мен рәсімдеріне;

      15) төлем қабілеттілігі лимиттерін басқару және тәуекелдерді әртараптандыру бойынша ішкі саясатқа;

      16) сақтандыру ұйымы активтерін инвестициялау бойынша ішкі саясатқа, оның ішінде:

      өзін есепке ала отырып, активтерді қорғау саясаты мәселелері бойынша:

      оңтайлы жағдайларда орындалған оларды жарамды сатып алуға және сатуға;

      тәуекел туындаған кездегі залалдың дұрыс бағасына;

      төтенше оқиғалар және ысырап тәуекелі немесе қаражатты заңсыз пайдаланудан туындаған тәуекелге байланысты өтімділік, төлем қабілетсіздігі тәуекелінен қорғауға;

      мыналарға қатысты инвестициялық стратегия талаптарын орындау мәселелері бойынша:

      портфельді және оның кірістілігін қалыптастыруға;

      активтердің түріне, сонымен қатар сырттан күш пен қаражат тартуға қатысты инвестициялық шектеулерге;

      активтерді басқару сапасын жетілдіру мәселелері бойынша;

      17) сақтандыру резервтерін қалыптастыру, оларды орналастыру мен есепке алудың ішкі саясатына;

      18) агенттердің қызметін басқару бойынша ішкі саясатқа, оның ішінде:

      агенттердің жүйелі аттестациясын жүргізу және олардың қызметін бақылау жасау мен есеп беру мәселелері бойынша;

      қолма-қол ақша ағынын тиімді бақылау мәселелері бойынша;

      сыйлықақының тарифтеріне және мөлшеріне жауапты сақтандыру ұйымының агенттері мен қызметтері арасындағы міндеттерді бөлісу мәселелері бойынша;

      19) мыналарға қатысты ақпаратты сақтау және қорғау тәртібі:

      сақтандыру құпиясын сақтау, коммерциялық және қызметтік құпияларды сақтау үшін қажетті жағдайларды жасау;

      коммерциялық және қызметтік құпияға сақтандыру ұйымы қызметкерлерінің қол жеткізуін шектейтін барабар жүйені құру;

      сақтандыру құпиясын есепке ала отырып, коммерциялық және қызметтік құпияны жарияламау туралы сақтандыру ұйымының қызметкерлері және сақтандыру агенттерімен жазбаша келісім жасау;

      коммерциялық және қызметтік құпияны, сонымен қатар оны ұсыну, айырбастау және сақтау тәртібін құрайтын құжаттардың, мәліметтер және ақпараттардың тізбесін анықтау.

      6. Сақтандыру ұйымы осы бөлімде көзделмеген қосымша ішкі ережелерді және рәсімдерді әзірлей және бекіте алады.

      7. Осы Талаптардың 5 және 6-тармақтарының талаптарын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалының іші құжаттары мен рәсімдерін бекітуді Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиісті уәкілетті органы жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      Ескерту. 3-тарау алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады