Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аралық аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 31 наурыздағы N 264 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 6 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 2795. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 1056 бұйрығымен. (V043335)

      "Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға аралық аттестаттауды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қаңтардағы N 20  қаулысына  сәйкес бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аралық аттестаттауды   ұйымдастыру және өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Білім беруді дамыту стратегиясы және халықаралық ынтымақтастық департаменті (С.Ә.Ырсалиев) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр
Г.Гамарникке жүктелсін.

       Министр

Білім және ғылым министрінің 
2004 жылғы 31 наурыздағы   
N 264 бұйрығымен      
бекітілген         

  Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру
 ұйымдарындағы білім алушыларға аралық аттестаттауды
ұйымдастыру және өткізудің
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға аралық аттестаттауды ұйымдастыру және өткізудің осы Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасының кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарында білім алушыларға аралық аттестаттауды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қаңтардағы N 20  қаулысына  сәйкес әзірленген.

      2. Бұл Ереже студенттерге жоғары оқу ұйымдарының барлық оқыту нысандарында меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстығына қарамастан медицина мамандығы бойынша 3 курстан кейін және барлық басқа мамандықтар бойынша 2 курстан кейін аралық аттестаттау өткізудің тәртібін белгілейді.

      3. Білім алушыларды аралық аттестаттау (бұдан әрі - БАА) - жоғары кәсіптік білім беру мамандықтары пәндерінің мемлекеттік жалпы міндетті білім стандартына сәйкес (МЖМБС) әлеуметтік-гуманитарлық (бұдан әрі - ГӘП), жаратылыстану ғылыми (бұдан әрі - ЖҒП) және жалпы кәсіптік (ЖКП) циклдары бойынша студенттердің оқу жетістіктерін бірыңғай бақылау-өлшеуіш материалдары негізінде (тесттік тапсырмалар) бақылау.

      4. БАА кәсіптік жоғары білім берудің сапасын көтеру мақсатында жүргізіледі.

      5. БАА-ның міндеттері:
      1) 2(3) оқу курсынан кейін студенттердің оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асыру;
      2) оқу процесін ұйымдастыру тиімділігін бағалау;
      3) мемлекеттік жалпы міндетті білім стандарттарын дамыту;
      4) білім беру процесіне және студенттер дайындау сапасына жағымсыз факторлар мен субъективизмнің әсерін жою;
      5) республиканың жоғары оқу орындарының білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдау өткізу болып табылады.

      6. Даярлау бағытын, мамандықтар мен пәндердің тізбесін сондай-ақ БАА үшін тесттік тапсырмаларды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) бекітеді.

      7. БАА-ны өткізу үшін ГӘП, ЖҒП және ЖКП циклдері бойынша МЖМБС және даярлау бағыты ескерілген типтік оқу бағдарламалары негізінде әзірленген тесттік тапсырмалар қолданылады.
      Министрліктің сайты мен жинақтарда тесттік тапсырмалардың болжамды тізімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде басылады.

      8. Сараптамалық кеңесте тесттік тапсырмалар МЖМБС-ге сәйкестік сараптамасынан өткізіледі. Сараптамалық кеңестің жұмыс ережесі мен құрамын Министрлік бекітеді.

  2. Білім алушыларды аралық аттестаттауды
ұйымдастыру және жүргізу

      9. БАА-ны өткізу үшін Министрлік елдің өңірлері бойынша (бұдан әрі - өңірлік орталықтар) базасында аралық аттестаттау өтетін жоғары оқу орындарын белгілейді, ол білім беру ұйымдарының назарына БАА-ны өткізуге дейін бір ай бұрын жеткізіледі.

      10. БАА-ды өткізу жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру үшін жергілікті жерлерде өңірлік және апелляциялық комиссиялар құрылады.
      Өңірлік және апелляциялық комиссиялардың құрамы мен жұмысы туралы ережені Министрлік бекітеді.

      11. БАА Мемлекеттік білім стандарты мен тестілеудің ұлттық орталығының технологиясы бойынша әзірленген және Министрлік бекіткен кешенді тестілеу нысанында (бұдан әрі - тестілеу) өткізіледі.

      12. Тестілеу 15-30 маусым аралығында өткізіледі.

      13. Тестілеу студент оқитын тілде өткізіледі.

      14. Тестілеудің қорытындысы тестілеуге қатысқан студенттердің назарына ол аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде жеткізіледі.

      15. Тестілеудің қорытындысы негізінде студентке қосымшада көрсетілген белгілеген үлгідегі сертификат беріледі.

      16. Тестілеудің қорытындысымен келіспеген студент апелляцияға құқылы.
      Апелляцияға арыз тестілеудің қорытындысы хабарланғаннан кейін апелляциялық комиссияға бір тәулік ішінде беріледі.
      Апелляцияға арыз апелляция бергеннен кейін бір тәулік ішінде апелляциялық комиссия қарайды.

      17. Студент тестілеудің қорытындысы бойынша, егер оның жинаған балы өту деңгейінен кем болмаса сынақтан өтеді.
      Бастапқы өту деңгейін Министрлік белгілейді және бекітеді.

      18. Студент тестілеуге келмеген жағдайда оның емтихандық тізімдемесіне "келген жоқ" деп қойылады.

      19. Ауру немесе басқа да дәлелді себептермен тестілеуге келмеген және соған тиісті растау құжаттамасы бар студенттер, сондай-ақ бірге БАА-дан сынақтан өтпеген студенттер, тестілеудің өңірлік орталықтарында Министрлік белгілеген мерзімде қайта өтуіне болады.

      20. БАА-ның қорытындысы бойынша мемлекеттік комиссия анықтама жасайды, оған топтар бойынша тізімдемелер тіркеледі.

      21. Оқу жоспары талаптарын толығымен орындаған, барлық емтихандар мен сынақтарды, соның ішінде БАА сынағын ойдағыдай тапсырған студент жоғары оқу орны басшысының бұйрығымен келесі курсқа ауыстырылады.

Қосымша               
Қазақстан Республикасының жоғары 
кәсіптік білім беру ұйымдарында білім 
алушыларға аралық аттестаттауды 
ұйымдастыру және өткізу Ережесіне 

Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі

      

      Серия               СЕРТИФИКАТ        N

      

      

      

            М.О.                

      

      Тұлғаны куәландыратын құжат болған жағдайда күші бар

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады