Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысудың үлгі шартын бекіту туралы" 2003 жылғы 24 қыркүйектегі N 345
қаулысына
(Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2548 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" ресми басылымдарында 2003 жылғы 20 қазанда - 2 қарашада жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысудың үлгі шартының:
11-тармағындағы "он бесінші санынан кешіктірмей" деген сөздер "бірінші күнгі жағдай бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тарау
мынадай редакцияда жазылсын:
"8-тарау. Өтемақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі
22. Өтемақы төлемдерінің мөлшерін міндетті сақтандыру шартының мерзімі өтпеген кезеңі үшін мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысы төлеген сақтандыру сыйлықақы сомасы құрайды.
Егер міндетті сақтандыру шартының қолданылуы кезеңінде сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын толық емес көлемде төлеген жағдайда, Қор мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы кредиторының төленбеген сақтандыру жарнасының сомасын шегере отырып, өтемақы төлемдерін жүзеге асырады. Міндетті сақтандыру шарты бойынша төленбеген сақтандыру сыйлықақы сомасын сақтанушы өз бетімен төлейді.
23. Қор өтемақы төлемдерін осы Шарттың 20-тармағында көзделген жағдайларда сақтандыру ұйымы - қатысушы мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының сақтанушысымен міндетті сақтандыру шартының жасалғандығын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін он күн ішінде төлейді.";
24-тармақ
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"Сақтандыру ұйымы - қатысушыға өтемақы төлем жүзеге асырылған күннен бастап Қорға Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымымен жасалған міндетті сақтандыру шарты бойынша кредиторға тиесілі сақтандыру сыйлықақысы бөлігі көлемінде міндетті сақтандыру шарты бойынша кредитордың талап ету құқығы өтеді.";
31-тармақтың 2)-тармақшасындағы "10 күнтізбелік" деген сөздер "30 күнтізбелік" деген сөздермен ауыстырылсын.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына жіберсін.