Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 2010.09.10 № 655Бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәртіптік әскери бөлімінде ұстау түрінде сотталған әскери қызметшілерді жіберу және қабылдау тәртібін регламенттеу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәртіптік әскери бөлімінде ұстау түрінде сотталған әскери қызметшілерді жіберу және қабылдау ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қорғаныс министрі Аппаратының Құжаттамалық қамтамасыз ету департаменті осы Бұйрықтың жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
4. Бұйрық жекелеген батальонға жіберілсін.
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
армия генералы
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2004 жылғы 3 маусымдағы
N 238 "Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің тәртіптік
әскери бөлімінде ұстау түрінде
сотталған әскери қызметшілерді жіберу
және қабылдау ережесін бекіту туралы"
бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәртіптік әскери бөлімде ұстау түрінде сотталған әскери қызметшілерді
жіберу және қабылдау ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Ереже Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәртіптік әскери бөлімінде ұстау түрінде сотталған әскери қызметшілерді жіберу және қабылдау тәртібін белгілейді.
2. Тәртіптік әскери бөлімде ұстау әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталушыларды түзету, оларда қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға ұмтылысты, еңбек пен әскери қызметке адал ниетті, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының талаптарын және қоғамда қабылданған басқа да өзін-өзі ұстау ережелерін сақтауға, әскери анттың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жарғыларының және командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын нақты орындауға дағдыландыру, сондай-ақ сотталушылар сияқты өзге де адамдардың жаңадан қылмыс жасауының алдын алу мақсатында жасаған қылмысы үшін жазалау болып табылады.
3. Заңды күшіне енген соттың үкімі немесе қаулысы тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазаны өтеу үшін негіз болып табылады.
4. Сотталушыларды тәртіптік әскери бөлімде ұстау уақыты мерзімді қызмет мерзіміне есептелмейді.
Тәртіптік әскери бөлімде жазасын өтеген немесе жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатылған әскери қызметшілер күзетілетін аумақтан тез арада босатылады.
5. Сотталушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қылмыстық-атқару кодексімен, өзге де заңдармен және нормативтік-құқықтық актілермен көзделген шектеулі құқықтары болады және азаматтар міндеттерін атқарады.
6. Тәртіптік әскери бөлім Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскерлер қызметі бас басқармасына бағынады.
7. Тәртіптік әскери бөлімде заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынысты әскери прокурорлар жүзеге асырады.
2. Сотталған әскери қызметшілерді тәртіптік бөлімдерге
жіберу және қабылдау
8. Тәртіптік әскери бөлімде ұстауға сотталған адамдар үкім немесе соттың қаулысы заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен гауптвахтада ұсталады.
Тәртіптік әскери бөлімде жазаны өтеу мерзімі тәртіптік әскери бөлімге кейіннен жіберу үшін сотталушыны гауптвахтаға отырғызған сәтінен бастап, ал егер адам үкім немесе сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қамауда болса - оны қамауға алған сәтінен бастап есептеледі.
9. Сотталушы тәртіптік әскери бөлімге үкім немесе сот қаулысы, сондай-ақ рахымшылық немесе кешірім актісі заңды күшіне енгеннен кейін жіберіледі.
Жазаны орындау туралы құжатты алғаннан кейін әскери бөлімнің командирі үш күн мерзімде сотталушыны айдауылмен тәртіптік әскери бөлімге жібереді.
Басқа гарнизондар бөлімдерінің әскери қызметшілерін тәртіптік әскери бөлімге жіберу сол мерзімде гарнизон бастығының өкімімен жүргізіледі.
Сотталушыларды тәртіптік әскери бөлімге жіберу туралы бөлімнің командирі (гарнизонның бастығы) үкім шығарған сотқа және осы қылмыстық іс бойынша қадағалауды жүзеге асыратын гарнизонның әскери прокурорына хабарлайды.
10. Бөлімнің командирі (гарнизонның бастығы) айдауыл бастығымен тәртіптік әскери бөлімге мыналарды жібереді:
1) жолдама құжатты;
2) сот үкімінің көшірмесін және заңды күшіне енген үкім немесе соттың қаулысы орындалуы туралы өкімді, ал үкім өзгерген жағдайда, сондай-ақ апелляциялық (қадағалау) сот шешімінің көшірмесін немесе рахымшылық, кешірім актісін;
3) есептік-қызметтік және қызметтік карточкаларын, медициналық кітапшасын;
4) әскери билетін;
5) азық-түлік, зат және ақшалай аттестаттарын;
6) бөлімнің командирі (гарнизонның бастығы) немесе бөлімнің штаб бастығы және сотталушы қол қойған тізімдемемен (екі данада) жеке заттарын, олардың ордендерін, медальдарын, кеуде белгілерін, құжаттарын, құндылықтарын және сотталушының барлық қалған заттарын жібереді.
Әскери қызметшіні басқа гарнизонда соттаған кезде, сотталушы қызмет өткерген бөлімнің командирі кінәліні соттау орны бойынша гарнизон бастығына сотталушының азық-түлік, зат және ақшалай аттестаттары мен басқа да құжаттарын дереу жібереді.
11. Тәртіптік әскери бөлімге жіберілген сотталушылар мерзімді қызметтің әскери қызметшілері үшін белгіленген жабдықтау нормаларына сәйкес олардың пайдалануында болған күнделікті киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.
12. Сотталушының тәртіптік әскери бөлімге келуі және тізімдемеде көрсетілген құжаттар мен заттарды алғаны туралы тәртіптік әскери бөлімнің командирі жеке заттар тізімдемесінің екінші данасына қол қояды, оны елтаңбалы мөрмен бекітеді және айдауыл бастығымен тізімдеменің осы данасын сотталушы келген бөлімнің командиріне (гарнизонның бастығына) қайтарып береді. Жеке заттар тізімдемесінің бірінші данасы тәртіптік әскери бөлімде қалады және сотталушының жеке ісіне тігіледі.
Тәртіптік әскери бөлімнің командирі сотталушының келгені туралы үкім шығарған сотқа дереу хабарлайды, сондай-ақ он тәулік ішінде жақын туыстарының біреуін не сотталушының қалауы бойынша заңды өкілдерді хабардар етеді.
13. Сотталушыға тиісті ақша мен құндылықтар тәртіптік әскери бөлімнің қаржы қызметіне тапсырылады, онда олар сотталушының жеке есепшотында ескеріледі. Ордендер, медальдар, кеуде белгілері және олардың құжаттары тәртіптік әскери бөлімнің штабында мөрленген сейфта (темір шкафта), ал сотталушының қалған жеке заттары - арнайы қоймада сақталады.
14. Сотталушылар бөлімге келген күннен бастап тәртіптік әскери бөлімнің ауыстырмалы құрам тізіміне енгізіледі.