Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы Нұсқаулықты бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2005 жылғы 4 қарашадағы N 42 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 22 қарашада тіркелді. Тіркеу N 3939. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2010 жылғы 12 қазандағы N 71 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2010.10.12 N 71 (ҚР Әділет министрлігінде тіркелген күннен бастап қолданысқа енеді) Бұйрығымен.

      Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыруды жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы"  Заңының 11-бабының 4-тармағын басшылыққа алып,  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы Нұсқаулығы бекiтiлсiн.
      2. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау Басқармасының бастығы (Кенжетаев Е.М.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу үшiн шаралар қабылдасын.
      3. "Азаматтарды ақтау және жазаның орындалуына прокурорлық қадағалау туралы" (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу Тiзiлiмiнде 2075 санымен тiркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттiк органдарының нормативтiк құқықтық актiлерi Бюллетенiнде жарияланған, 2003 жыл, 1 саны, 756 бет) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2002 жылғы 28 қарашадағы  62 санды бұйрығының күшi жойылды деп танылсын.
      4. Бұйрық Бас әскери прокурордың, облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокурорлардың назарына жеткiзiлсiн.
      5. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының осы салаға жетекшiлiк ететiн орынбасарына жүктелсiн.
      6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде тiркелген күннен бастап қолданысқа енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры

  БЕКІТІЛДІ       
Қазақстан Республикасы 
Бас Прокурорының   
4 қараша 2005 жылғы  
42 санды бұйрығымен  

  Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу
заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы
Нұсқаулық

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы"  Заңы мен азаматтарды ақтау мен жазаның орындалу заңдылығына қадағалау тәртіптерін белгілейтін Қазақстан Республикасының басқа да заң актілеріне сәйкес жасалған.

      2. Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас прокуратураның азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау Басқармасының бастығы, облыс, қала, аудан және оларға теңестірілген прокурорлар қадағалау аумағындағы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің мекемелері мен органдарда заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті  Жарлықтарының және өзге нормативтік құқықтық актілерінің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етіп, кез келген заң бұзушылықтарды анықтауға және жоюға шаралар қолдансын.

      3. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен міндеттері болып табылатын адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот қаулыларын мүлтіксіз орындау, сотталғандарды түзеу, қылмыстардың алдын алу және ашу, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын реттеуде заңдылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділдікті орнатады.

      4. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына қадағалауды ұйымдастыру кезінде прокуратура органдары қызметінің басымды бағыттары ретінде қадағалаудың мына түрлері танылсын:
      1) тергеушілік оқшаулау орындарындағы сезіктілер мен айыпталушылардың және сотталғандардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуы;
      2) қылмыстылық пен құқық бұзушылыққа қарсы бағытталған заңнаманың қолданылуы;
      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуы;
      4) терроризмге, діни экстремизмге, ұйымдасқан қылмыстылыққа, есірткілік және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы  бағытталған заңдардың қолданылуы;
      5) тергеушілік оқшаулау орындарындағы сезіктілер, айыпталушылар мен сотталғандарды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы туралы заңнаманың сақталынуының қадағалануы;
      6) жаппай саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендер мен  құрбаны болған азаматтарды ақтау туралы заңнаманың қолданылуы.

      5. Қадағалау аумақтарындағы жазаны атқару мекемелері мен органдарын және халықты әлеуметтік қорғау органдарын тексеру заңдылықтың қалпын жан-жақты, әрі мұқият талдап қорытындылағаннан кейін заң талаптарына, сондай-ақ Бас прокуратураның, облыс және оларға теңестірілген прокуратуралардың тапсырмаларына сәйкес жүргізіледі.
      Осы мақсаттарда облыс, Астана, Алматы қалалары прокурорларының азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау жөніндегі аға көмекшілері (көмекшілер) (бұдан әрі - аға көмекшілер), түзеу мекемелерінде жазаның орындалу заңдылығын қадағалайтын мамандандырылған прокурорлары (бұдан әрі - мамандандырылған прокурорлар) тоқсан сайын  аймақтағы қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі көрсеткіштерін (қылмыстылық, құқық бұзушылықтың деңгейі, сотталғандардың жұмыс бастылығы, науқастығы және т.б.) толығымен айқындайтын деректерді жасайды.

      6. Тексеру өз құзыры шегінде және бір айлық мерзім ішінде жүргізіледі. Тексеру тағайындаған прокурор қажет болған жағдайда, жоғары тұрған прокурордың келісімі бойынша тексеруді ұзарта алады.
      Шаруашылық субъектілеріне тексеру тағайындау туралы қаулы құқықтық статистика органдарында тіркеледі.
      Тексеруді бастар алдында тексерілетін субъектінің басшысы тексеру тағайындау туралы қаулымен таныстырылады.

      7. Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының  44-бабының тәртібіне сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында, жазаны атқарушы басқа да мекемелер мен мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындау орындарында заңдылықтың бұзылулары айқын көрініс алуына, тергеушілік оқшаулау орындарындағы сезіктілер, айыпталушылар мен сотталғандардың бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты кідіртпей шара қолдану мақсатында тексеру тәуліктің кез келген уақытында жүргізіледі.

      8. Тексеру нәтижелері анықтама немесе акт түрінде рәсімделеді және оларда тексеріс жүргізу орны мен уақыты, тексерушінің лауазымы мен тегі, анықталған заң бұзушылықтар, оған мүмкіншілік тудырған себептер мен жағдайлар, тексеру қорытындыларын жүзеге асырудың жолдары міндетті түрде көрсетіледі.
      Акт тексеріс кезінде тез арада жойылуы мүмкін заң бұзушылықтар анықталғанда, жұмысты ұйымдастыруда кемшіліктер мен қателіктер жіберілген жағдайларда жасалады.
      Анықтама заң бұзушылықтар мен жұмысты ұйымдастыруда орын алған кемшіліктер мен қателіктерді жою үшін прокурорлық қадағалау актілерін енгізу қажет болған жағдайларда жасалады.
      Түзеу мекемелеріндегі кешенді тексерулер қорытындылары анықтама түрінде рәсімделеді.

      9. Облыстық мемлекеттік органдарына енгізілетін прокурорлық қадағалау актілері, сұрау салулар мен хаттар тек ғана облыс прокуратуралары, ал орталық органдарға - Бас прокуратура арқылы жолданады.
      Анықталған заң бұзушылықтардың нақты қалпына келтірілуіне бақылау орнатылып, қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекеме әкімшіліктерінің қолданылған прокурорлық қадағалау актілерін орындамау жағдайларын назардан тыс қалдырылмасын.

      10. Қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелерінің нормативтік құқықтық актілерінің, бұйрық, өкімдерінің заңдылығы үнемі зерделенеді және тексеріледі.

      11. Қылмыстық-атқару жүйесі анықтау органдарымен қылмыстық істі қозғау және қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысы шығарылған сәттен қабылданған шешімнің заңдылығы тексеріледі, айыпталушыны сотқа беруге дейінгі қылмыстық істің тергелуіне тұрақты және пәрменді қадағалау қамтамасыз етіледі. Заңда белгіленген мерзімдерде сот қаулыларының заңдылығы тексеріледі.

  2-тарау. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу
заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезінде
прокурорлардың өзара әрекеттесулері және олардың
өкілеттіктерінің шектелуі

      12. Бас прокуратураның, облыс және оларға теңестірілген прокуратуралардың, аумақтық және мамандандырылған прокурорлардың өзара іс-қимылдарын нақтылау және міндеттерін шектеу, олардың қызметтерінде қайталауды болдырмау мақсатында, азаматтарды ақтау мен жазаның орындалу заңдылығын қадағалауды жүзеге асырудың төмендегідей тәртібі орнатылады:
      1) азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау Басқармасы Республикада үнемі, пәрменді қадағалауды жүзеге асырады, өз жұмысын Бас прокуратураның өзге құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып жүргізеді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволарының азаматтарды ақтау мен жазаның орындалуына қатысты нормативтік құқықтық актілерінің заңға сәйкестігін қадағалайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің қызметінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады, төмен тұрған прокурорларға ұйымдастыру және әдістемелік көмектер көрсетеді;
      2) Бас әскери прокуратурасы және төмен тұрған әскери прокуратуралар әскери қызметшілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  39 бабының 1 бөлігінің "д" және "з" тармақтары мен 2 бөліктің "а" тармағында қаралған жазалардың атқарылуына, түзеу мекемелерін қорғау және сотталғандардың айдауылына қатысты ішкі әскерлер қызметтерінің, сондай-ақ әскери трибуналдармен сотталған жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау заңдылықтарына қадағалауды жүзеге асырады.
      Түзеу мекемелерін инженерлік-техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша, төтенше жағдайлар орын алған жағдайларда (қашып шығу, сотталғандармен, тергеушілік оқшаулау орындарындағы сезіктілер мен айыпталушылардың айдауылдау кезінде қылмыстар, құқық бұзушылықтар жасаулары) әскери және мамандандырылған прокурорлардың, ал мамандандырылған прокуратуралар жоқ жерлерде аға көмекшілерінің бірлескен тексерістерін жүзеге асырудың тәжірибесі енгізіледі;
      3) бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық жазаларын өтеп жатқан кәмелетке толмағандардың, әйелдердің, зейнеткерлердің және мүгедектердің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын, олардың орта біліммен қамтамасыз етілуін, денсаулықтарын қорғау, еңбекпен қамтылуын, зейнетақылар мен жәрдемақыларының тағайындалу және олардың төленуін, аймақтардағы "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының және олардың филиалдарының қызметінде заңдылықтың сақталуына, қылмыстық-атқару жүйесін қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаттарының мақсатты пайдалануына қадағалауды аға көмекшілер мен мамандандырылған прокурорлар жүзеге асырады;
      4) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталғандардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын, сондай-ақ ақталған азаматтарға ақшалай өтемдер мен жәрдемақылардың төлену және жеңілдіктер беру заңдылығын қадағалауды аға көмекшілер және қала, аудан прокурорлары жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің тергеушілік оқшаулау абақтыларындағы заңдылықтың сақталуына қадағалауды аға көмекшілер, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің тергеушілік оқшаулау абақтыларындағы заңдылықтың сақталуына қадағалауды ұлттық қауіпсіздік органдарында алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жасауға уәкілетті прокурорлар жүзеге асырады;
      6) аға көмекшілер мен мамандандырылған прокурорлар қылмыстық-атқару жүйесі бөлімшелерінде есепке алу-тіркеу тәртібінің, анықтау заңдылығының сақталуына қадағалауды жүзеге асырады және осы бөлімшелермен сотқа жолданған істер бойынша сотта мемлекеттік айыпты қолдайды;
      7) облыс және оларға теңестірілген прокуратуралардың тиісті құрылымдық бөлімшелері қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істердің алдын-ала тергеу және сотта қаралу барысы мен нәтижелері жайында аға көмекшілерді бұл жөнінде Бас прокуратураның азаматтарды ақтау мен жазаның орындалу мен заңдылығын қадағалау Басқармасына хабарлау үшін хабардар етеді;
      8) мамандандырылған прокурорлар жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалайтын прокуратура органдары бөлімшесінің келісімі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің бөлімшелерінде жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады;
       Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2007.10.31.  N 38 Бұйрығымен.
      9) мамандандырылған прокурорлар соттармен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің  453-бабында көзделген мәселелердің қаралуында қатысады. Мамандандырылған прокурорлары жоқ аймақтарда осы санаттағы істер бойынша сотқа қатысу аумақтық прокурорлармен қамтамасыз етіледі.
      Аталған санаттағы сот қаулыларының заңдылығына қадағалауды аға көмекшілер, мамандандырылған прокурорлар, сондай-ақ мамандандырылған прокуратуралары жоқ аймақтарда - аумақтық прокурорлар жүзеге асырады;
      10) аға көмекшілер, мамандандырылған прокурорлар, ал мамандандырылған прокуратуралары жоқ аймақтарда, аумақтық прокурорлар, тараптары қылмыстық-атқару жүйесінің органдары, оның ішінде "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорындары болып табылатын азаматтық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады.
      Заңмен көзделген немесе осы іске прокурордың қатысу қажеттілігін сот немесе жоғары тұрған прокурор таныған жағдайларда, прокурордың бастамасы бойынша қозғалған істер бойынша, мемлекет мүддесін қорғауға, дене және психикалық кемістіктерінен өзінің қорғану құқықтарын өз беттерінше жүзеге асыра алмайтын адамдар мен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарына нұсқан келтіретін істер және мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың әрекеттерін (әрекетсіздіктері) және шешімдерін даулау, банкроттану туралы істер бойынша мамандандырылған және аумақтық прокурорлар азаматтық сот талқылауларына міндетті түрде қатысады;
      11) аға прокурорлар, мамандандырылған прокурорлар өздерімен қозғалған құқық бұзушылық жөніндегі әкімшілік өндірістердің сотта қаралуына тікелей қатысып, осы істер бойынша қабылданған сот қаулыларының заңдылығына тексеруді және уақытында наразылық келтіруді қамтамасыз етеді;
      12) азаматтарды ақтау және жазаның орындалуын қадағалау жөніндегі және халықаралық шарттардың қолданылуын қадағалау жөніндегі облыс прокурорларының аға көмекшілері шет елдік әділет мекемелерінің олардың аумақтарында үкімдерді орындау, сондай-ақ күзет қамауындағы сезіктілер мен айыпталушылардың және шетел мемлекеттерімен сотталғандардың шет елдерге айдауылданатындарды транзиттік тасымалдау және қамауда ұстау туралы талаптарының (өтініштерін) орындалу заңдылығын қамтамасыз етеді.

  3-тарау. Азаматтарды ақтау және жазаның орындалу
заңдылығын қадағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру

      13. Бас прокуратураның азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығын қадағалау Басқармасы тиісті қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында аға көмекшілер мен түзеу мекемелерінде жазаның орындалу заңдылығын қадағалайтын мамандандырылған прокурорларымен оқулық семинарлар, кеңестер, бірлескен тексерулер және оларды тағылымдамадан өткізуді ұйымдастырады, үздік жұмыс тәжірибелерін кеңінен таратады, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуде белсенділік танытады, қызметінде кемшіліктерге жол берген және прокурорлық қадағалауды өз дәрежесінде ұйымдастырмаған төменгі тұрған прокурорлардың жеке жауапкершілігі жөнінде Бас прокуратураның басшылығы алдында мәселе қояды.

      14. Облыс, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары, олардың аға көмекшілері, мамандандырылған прокурорлар Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқару кодекстерінің және азаматтарды ақтау мен жазаның орындалуын реттейтін басқа да заң талаптарының сақталуына ықпалды қадағалауды қамтамасыз етеді, жаза өтеу және алдын-ала қамау орындарындағы адамдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерінің бұзылуын дер кезінде анықтап, құқық бұзушылықтың алдын алуға шаралар көреді. 
      Жарты жылда кемінде бір рет барлық түзеу мекемелерінде заңдылықтың қалпына кешенді тексерістер жүргізеді.
      Тексеру кезінде сотталғандардың заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерінің сақталуына, оның ішінде сотталған жасы кәмелетке толмағандар мен әйелдерге байланысты тәртіп пен жазаны өтеп шығу туралы заң талаптарының сақталуына, материалдық-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетілуіне, бас бостандығынан айыру орындарында ұстау заңдылығына, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесін қаржыландыру және сотталғандарды ұстауға бөлінген бюджет қаржысының мақсатына қарай қолдану мәселелерінің мүлтіксіз орындалуына аса назар аударылады. Қажет болған жағдайда, тексерулерге бақылаушы органдардың мамандары тартылады.
      Облыс, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары, олардың орынбасарлары мұндай тексерістерге жеке өздері қатысады.

      15. Аға көмекшілер түзеу мекемелерінде жазалардың атқарылуына қатысты мамандандырылған прокуратуралардың сондай-ақ азаматтарды ақтау және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың атқарылуына қатысты қалалық, аудандық прокуратураларының қызметтеріне тікелей қадағалауды жүзеге асырады.

      16. Аға көмекшілер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің аумақтағы басқармаларының қызметіндегі заңдылықтың сақталуына, сондай-ақ "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының қолданылуына қадағалау жүргізуді жүзеге асырады.

      17. Аға көмекшілер мен мамандандырылған прокурорлар тергеу изоляторындағы сезіктілер мен айыпталушылар мен сотталғандардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, алдын-ала қамау және бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында:
      айына кемінде бір рет тергеушілік оқшаулау орындарында заңдылықтың қалпына тексеру жүргізеді.
      Апта сайын тергеушілік оқшаулау орындарында уақытша ұстау орындарынан жаңадан келіп түскен барлық күзет қамауындағы сезіктілер мен айыпталушыларға, сотталушыларға және сот залынан келген сотталғандарға қабылдау жүргізеді.
      Заңсыз қамауда ұсталып отырғандар анықталған жағдайда оларды босатуға кідіртпей шаралар қолданады;
      2) түзеу мекемелері мен тергеушілік оқшаулау орындарында ай сайын сотталғандар мен күзет қамауындағы сезіктілер мен айыпталушыларды жеке мәселелері бойынша қабылдайды, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдану, тіркеу-есепке алу тәртібінің сақталу, карцерде, айыптылық (тәртіптік) оқшаулау орнында ұстау, қапас үлгісіндегі үй-жайға және жалғыз адамдық қапасқа ауыстыру заңдылығы тексеріліп, бұл туралы тиісті журналдарда жазбалар жүргізіледі;
      3) жазаны Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес орындайтын жаза атқару органдары мен мекемелері әкімшіліктерінің қызметтерінде заңдылықтың сақталуына, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелерінің әкімшіліктерімен шығарылған бұйрық, өкім және қаулыларының заңдылығына тұрақты қадағалау жүргізеді;
      4) жаза өтеу орындарында төтенше жағдайлар мен қылмыстық көріністердің алдын алу мақсатында, түзеу мекемелері әкімшіліктерімен қылмыстылық пен құқық бұзушылыққа, әсіресе ұйымдасқан қылмыстылық белсенділерімен және ұстау режимін кәнігі бұзушылармен қарсы күресте, қабылданып жатқан қылмыстық-құқықтық шараларына қадағалау жүргізілсін;
      Түзеу мекемелері мен тергеушілік оқшаулау абақтыларында төтенше оқиғалар орын алғанда (кісі өлтіру, адамды кепілге алу, қашу, топ болып денеге жарақат салу және мекеме әкімшілігі талаптарына бағынбау, күзет қамауындағы сезіктілер, айыпталушылар мен сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көруі) оның себеп-салдары мен мән-жайларын анықтау және бастапқы тергеу амалдарын ұйымдастыру үшін мамандандырылған прокурорлар, ал мамандандырылған прокурорлары жоқ аймақтарда және түзеу мекемесі шалғайда болған жағдайларда - аумақтық прокурорлар оқиға болған жерге тез арада шығады;
      5) қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері жасаған барлық, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар, күзет қамауындағы сезіктілер, айыпталушылар мен сотталғандардың кісі өлтірулері, адамды кепілге алулары, жаппай тәртіпсіздік пен бағынбаушылық, қаруланып және топ болып қашу, топ болып өз дене мүшелерін жарақаттау, сондай-ақ қылмыстық-атқару мекемелерінің қалыпты жұмыс тәртібін бұзу кезіндегі қандай да бір ауыр зардаптарға, оның ішінде түзеу мекемесі қызметкерінің, сотталушының өлімдеріне әкеп соқтырған қылмыстар және келтірілген залалдар жайында шұғыл түрде телефон байланысы арқылы Бас прокуратураның азаматтарды ақтау мен жазаның орындалу заңдылығын қадағалау Басқармасына хабарлауды, содан кейін тәулік ішінде арнайы хабарламаның жолдануын қамтамсыз етеді. Жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі мен кінәлі лауазымды адамдардың жауапкершіліктері, қабылданған іс жүргізу шешімдері, қылмыстық істерді алдын ала тергеу мен сот қарауының нәтижелері туралы хабарланады.
      Сондай-ақ, арнайы хабарламалар Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  453-бабының тәртібімен қаралып, заңсыз бас бостандықтан айыру, түзеу колониясынан босату, жазаның мерзімін қысқартуға әкеп соқтырған заңды күшіне енген негізсіз сот қаулылары анықталған жағдайларда да жіберіледі;
      6) сотталғандарды жазасын өтеуден шартты-мерзімінен бұрын және басқада негіздерде мерзімінен бұрын жазадан босату, оларды түзеу мекемелерінен қоныс-колонияларына, түрмеге және ұстау шарттарының бір түрінен екінші түріне ауыстыру кезінде заңдылықтың сақталуына нақты қадағалауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ үкімдерді орындау мәселелерін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдану кезінде оларды заңсыз пайдалану немесе пайдаланудан бас тарту фактілері уақытында анықталып, жойылады;
      7) күзет қамауындағы сезіктілер, айыпталушылар мен сотталғандардың арыз-шағымдарының қаралу тәртібі туралы заңдардың қолданылуына тұрақты қадағалау жүргізіледі.

      18. Қала, аудан прокурорлары айып пұл, белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, жүкті және жас балалары бар әйелдерге қатысты жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру түріндегі және шартты сотталғандардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру сияқты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың нақты орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық-атқару инспекциялар қызметіндегі заңдылықтың қалпына жарты жылда кемінде бір рет тексерулер жүргізеді.
      Тексеру барысында қылмыстық-атқару инспекцияларында есепте тұрған сотталғандармен қылмыстың қайталануына, құқық бұзушылықтың деңгейіне, қоғамдық жұмыстарға тарту мен түзеу жұмыстары түріндегі жазалардың нақты орындалуларына, жаза өтеуден шартты-мерзімінен бұрын және шартты босату немесе одан бас тартуда заңдылықтың сақталуына, сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарға аса көңіл бөлінеді.

      19. Қала, аудан прокурорлары, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау органдарымен ақталған азаматтарға заңмен көзделген жеңілдіктер мен өтемдердің ақтау туралы заңға сәйкес төленуінің негізділігі мен заңдылығына қадағалауды жүргізеді.

      20. Жарты жылда бір рет осы Нұсқаулықтың 14-тармағының 1-4 тармақшаларында көрсетілген басымды бағыттар бойынша заңдылықтың қалпына талдаулар жасалады, онда заң бұзушылықтарға мүмкіндік тудыратын себептер мен жағдайлар және оларды жою жолдары анықталады.
      Жылдың қорытындысы бойынша қадағалаудың барлық басымды бағыттары бойынша заңдылықтың қалпына шолулар әзірленеді.
      Талдаулар мен шолулар Бас прокуратура Басқармасына жылдың және жарты жылдың қорытындысы бойынша қаңтар айының 10 мен шілде айының 10-на дейін ұсынылады.

      21. Бас прокуратураның Басқармасымен жылына екі рет басымды бағыттар бойынша прокурорлық қадағалаудың қалпына шолу жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады