Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.09.13 № 25-03-01/455 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
Ескерту. Тақырыпта және мәтін бойынша «уәкілетті және аумақтық органдардың» деген сөздер «уәкілетті мекеме және аумақтық бөлімдердің» деген сөздермен ауыстырылсын - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.03.26 № 200 Бұйрығымен.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" және "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес, жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі уәкілетті мекеме және аумақтық бөлімдердің, мемлекеттік мекемелердің, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандандырылған ұйымдардың лауазымды тұлғаларының арнайы құралдарды қолдану ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Вице-Министр М.А. Оразаевқа жүктелсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.03.26 № 200 Бұйрығымен.
3. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға жатады.
Министр
Келісілді:
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_______________________
8 қарашада 2004 ж.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 10 қарашадағы
N 639 бұйрығымен бекітілген
Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі уәкілетті
және аумақтық органдардың, мемлекеттік мекемелердің,
жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және
пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы мамандандырылған ұйымдардың лауазымды
тұлғаларының арнайы құралдарды қолдану ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі уәкілетті мекеме және аумақтық бөлімдердің, мемлекеттік мекемелердің, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандандырылған ұйымдардың лауазымды тұлғаларының арнайы құралдар қолдану ережесі (бұдан әрі - Ереже) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мекеме және аумақтық бөлімдердің лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің және жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың лауазымды тұлғаларының (бұдан әрі - арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар) өздерінің қызмет міндеттерін орындауы кезінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алдын алу және оған жол бермеу, жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, айналадағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында арнайы құралдарды қолдану тәртібін айқындайды.
2. Арнайы құралдар беруді ұйымдастыру
2. Арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғаларға арнайы құралдар беру оларды сақтауға жауапты тұлғаның арнайы құралдардың есебін жүргізу және оларды беру журналына тиісті жазба жазуы арқылы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті және аумақтық органдар, жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдар (бұдан әрі - ұйымдар) және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер басшыларының рұқсат беруі негізінде жүргізіледі (осы Ережеге қосымша).
Арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар операция (рейд) өткізер алдында мынадай арнайы құралдармен (дана) қамтамасыз етіледі:
1) әрбір лауазымды тұлғаға қол кісендері - 1 (бір жұп);
2) әрбір лауазымды тұлғаға резина таяқшасы - 1 (біреу);
3) әрбір лауазымды тұлғаға қорғаныштық кеудеше - 1 (біреу);
4) бір автомобильге жалтырауық шам - 1 (біреу);
5) 4-5 лауазымды тұлғадан тұратын топқа - көлікті тоқтауға мәжбүр ету құрылғысы - 1 (біреу).
3. Арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар операциядан (рейдтен) қайтып оралғаннан кейін арнайы құралдарды олардың сақталуына жауапты тұлғаға қол қойып тапсырады.
4. Арнайы құралдар арнайы жабдықталған, қызметтік оқ ату қаруынан бөлек орындарда, сенімді ішкі құлпы бар, қабырғаларының қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы тиіс металл жәшіктерде (шкафтарда) сақталуға тиіс. Арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғаларға ішкі істер органдарымен келісім бойынша арнайы құралдарды тұрғылықты жерінде сақтауына жол беріледі. Бұл ретте арнайы құралдар сенімді ішкі құлпы бар, қабырғаларының қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы тиіс еденге немесе қабырғаға мығым бекітілген металл жәшіктерде (шкафтарда) сақталуға тиіс.
5. Арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар арнайы құралдарды өздерімен бірге алып жүрген кезде олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Арнайы құралдарды басқа тұлғаларға беруге болмайды.
3. Арнайы құралдарды қолдану тәртібі
6. Рейд тобының басшысы орын алып отырған жағдайды, құқық бұзудың сипатын және құқық бұзушының жеке басын, сондай-ақ арнайы құралдардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын ескере отырып, арнайы құралдарды, олардың түрін және қолданудың үдемелі қарқындылығы туралы шешім қабылдайды. Жекелей іс-әрекет жасайтын лауазымды тұлғалар мұндай шешімді дербес қабылдайды.
7. Арнайы құралдар:
1) арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндірген шабуылға тойтарыс беру;
2) құқық бұзушы дене күшімен қарсылық көрсеткен жағдайда оны ұстау;
3) көмегімен құқық бұзушылық жасалған көлік құралын тоқтату және ұстау;
4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап, құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында құқық бұзушыларға ескерту жасаудың зорлық-зомбылықсыз тәсілдері пайдаланылып, күткендегідей нәтиже бермеген кезде қолданылады.
8. Арнайы құралдарды қолдану кезінде мына шарттар сақталуға:
1) арнайы құралдарды пайдаланудағы кідіріс арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін немесе өзге ауыр зардаптарға душар етуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, арнайы құралдар қолданылмас бұрын оларды қолдану ниеті жайында ескерту жасалуға және арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар талаптарын орындауы үшін жеткілікті уақыт берілуге;
2) арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлға тарапынан арнайы құралдардың қолданылмай қоймайтыны айдан анық болатын жағдайларда ұстамдылық танытылуға, орын алып отырған жағдайды және нұқсан келтіру және денені зақымдау мүмкіндігін барынша азайтып, қол жеткізілуге тиіс мақсатты басшылыққа ала отырып іс-әрекет жасалуға;
3) дәрігерге дейінгі медициналық жәрдем көрсетілуге, ал қажет болған жағдайда зардап шеккен адамды денсаулық сақтау мекемесіне жеткізу қамтамасыз етілуге тиіс.
9. Арнайы құралдарды:
1) кәмелетке толмаған жастар, жүкті әйелдер, айқын мүгедектік белгісі бар адамдар тарапынан арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалардың өмірі мен денсаулығына айқын қатер төнген жағдайларды қоспағанда, осы адамдарға қарсы;
2) өмірлік маңызы бар органдарға, басқа, бетке, мойынға соққы беріп қолдануға жол берілмейді.
10. Қол кісендерін қолдану кезінде құлыптардың жабылып тұру жағдайын ауық-ауық (екі сағатта әрі кеткенде бір рет) тексеріп отыру қажет.
11. Адамдардың қазасына немесе басқа да ауыр зардаптарға душар еткен арнайы құралдарды қолданудың әрбір оқиғасы жайында прокурор мен ұйым басшысы дереу хабардар етіледі.
12. Арнайы құралдарды қолданудың әрбір оқиғасы топтың басшысы немесе арнайы құралдар қолдануға құқығы бар тұлғалар ұсынған материалдар бойынша міндетті түрде ұйымның арнайы журналында тіркеледі.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 10 қарашадағы
N 639 бұйрығымен бекітілген
Жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі уәкілетті және
аумақтық органдардың,
мемлекеттік мекемелердің,
жануарлар дүниесін қорғау,
өсімін молайту және пайдалану
мен ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы
мамандандырылған ұйымдардың
лауазымды тұлғаларының арнайы
құралдарды қолдану ережесіне
қосымша
Ескерту. Қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.03.26 № 200 Бұйрығымен.
Арнайы құралдарды есепке алу мен берудің
N _____ журналы
__________________________________________________________________
облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық
бөлімшенің атауы
___________________________________________________________________
р/с|Берілген күні|Арнайы құрал- | Алған |Қайтарылған| Сақтауға
N | және уақыты |дардың атауы |адамның | күні және | жауапты
| |(алған кездегі| тегі, | уақыты |адамның тегі,
| | жай-күйі) |лауазымы|(жай-күйі) | лауазымы
| | | (қолы) | | (қолы)
___________________________________________________________________
1 2 3 4 5 6
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________