Аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметі туралы типтік ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 16 қарашадағы N 243 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 13 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3260. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 249 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.04.12 № 249 Бұйрығымен.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
     1. Қоса беріліп отырған Аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметі туралы типтік ереже бекітілсін.
     2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет төрағасының орынбасары Н.А.Хадыркеевке жүктелсін.
     3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді.

     Төраға

Қазақстан Республикасы Ауыл  
шаруашылығы министрлігі    
Орман және аңшылық      
комитеті төрағасының 2004   
жылғы 16 қарашадағы N 243   
бұйрығымен бекітілген    

  Аңшылық шаруашылық ұйымдарының
қорықшылық қызметі туралы үлгілік ереже 1. Жалпы ережелер

     1. Аңшылық шаруашылық ұйымдарының қорықшылық қызметі (аңшылық бірлестіктерін қосқанда) (бұдан әрі - Қорықшылық қызмет) бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында (учаскелерінде) (бұдан әрі - бекітіліп берілген аумақтар) жүзеге асырылады.
     Қорықшылық қызмет аңшылық шаруашылық ұйымдарының құрылымдық бөлімшесі болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі өндірістік бақылауды жүзеге асырады.

  2. Ұйымдық құрылым

     2. Қорықшылық қызметті аңшылық шаруашылық ұйымдары өз қаражаты есебінен аңшылық шаруашылығын жүргізу және шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастыру шартында көзделген штат санында құрады.

     3. Қорықшылық қызметке аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлері, олардың бірлестіктері (аңшылар бірлестіктерін қоса алғанда): басшылары және олардың орынбасарлары, саятшылар, аға қорықшылар, қорықшылар жатады.

     4. Қорықшылық қызметке он сегіз жасқа толған, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқығы бар адамдар қабылданады.

  3. Негізгі міндеттері мен функциялары

     5. Қорықшылық қызметтің негізгі міндеттері бекітіліп берілген аумақтарда жануарлар дүниесі объектілерін, соның ішінде жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау болып табылады.

     6. Қорықшылық қызмет жануарлар дүниесін қорғау функциясын:
     1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі ережелер мен нормалардың сақталуын қамтамасыз ету;
     2) жануарлар дүниесі объектілерінің мекендейтін ортасын, көбею жағдайларын, өріс аудару жолдарын және шоғырланған жерлерін сақтау;
     3) жануарлар дүниесі санының есебін және олардың жай-күйінің өндірістік мониторингін жүргізу;
     4) жануарлар дүниесінің өсімін молайту;
     5) жануарлар дүниесіне ұқыпты және ізгілікті қатынас идеясын насихаттау;
     6) техногендік апаттарды жоюға, ормандағы және даладағы өртті сөндіруге қатыса отырып, апатты жағдайға тап болған жануарларды құтқару шараларын қолдану;
     7) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына тыйым сала отырып, бекітіліп берілген аумақтарды мекендейтін жануарларды қорғау жөнінде шаралар қолдану;
     8) қорықшының күнделігінде, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің аумақтық органына (бұдан әрі - аумақтық орган) және санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринариялық қадағалау органдарына баяндау жазбаларында, рапорттарында көрсете отырып, фенологиялық байқау жүргізу;
     9) ақпараттық аншлагтардың, жем беру алаңқайларының және өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына қадағалау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.

     7. Қорықшылық қызмет қызметкерлері өздерінің функцияларын жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен және жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды қызметкерлерімен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

     8. Қорықшылық қызмет қызметкерлері бекітіліп берілген аумақта Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
     1) жеке және заңды тұлғалардың аң аулау құқығына арналған құжаттарын тексеру;
     2) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, жануарлар дүниесін пайдалану нормаларының, ережелерінің, шектеулер мен тыйымдардың, ішкі тәртіптің бұзылуына тыйым салу;
     3) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын және құралды, заңсыз ауланған өнімді, аулау құралдарының тыйым салынған түрлерін оларды кейіннен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға не аумақтық органға міндетті түрде беру үшін алу;
     4) оларды кейіннен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға не аумақтық органға міндетті түрде беру үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау;
     5) жеке және заңды тұлғалардан жануарлардың қырылуына және олардың мекендейтін ортасының бұзылуына әкеп соғатын іс-қимылды тоқтатуды талап ету жөнінде шаралар қолданады.

  4. Құжаттама

     9. Қорықшылық қызметі үшін қажетті құжаттар:
     1) басшы мен оның орынбасарлары үшін:
     облыстық атқарушы органның аңшылық алқапты бекітіп беру туралы шешімі;
     аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт;
     шаруашылықішілік аңшылық ісін ұйымдастырудың жобасы;
     жануарлар дүниесін пайдалануға арналған ағымдағы өтінім және бөлінген квотаны растайтын құжат;
     аңшылық шаруашылығы қызметінің бухгалтерлік және статистикалық есеп құжаттары;
     аңшылық шаруашылығын тексеру актілері.
     2) аға саятшы, саятшы үшін:
     аңшылық шаруашылығы ұйымы, олардың бірлестіктері (аңшылар бірлестігін қоса алғанда) берген қызметтік куәлік;
     аңшылық шаруашылығының паспорты;
     аңшылық шаруашылығының карта схемасы;
     бекітіліп берілген аумақты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары;
     биотехникалық іс-шаралар жоспары;
     жануарларды есепке алу материалдары;
     жемшөпті есептен шығару актілері;
     Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзуды тіркеудің жиынтық журналы;
     жануарлар дүниесін пайдалануға бөлінген квотаны іске асыру туралы есеп беру;
     атыс қаруын алып жүруге және сақтауға рұқсат.
     3) аға қорықшы, қорықшы үшін:
     аңшылық шаруашылығы ұйымы, олардың бірлестіктері (аңшылар бірлестігін қоса алғанда) берген қызметтік куәлік;
     қорықшыға қорық учаскесін (айналымды) және оның карта-схемасын бекітіп беру туралы аңшылық шаруашылығы ұйымының бұйрығы;
     қорықшының күнделігі;
     фенологиялық байқау журналы;
     бекітіп берілген учаскеде болу (аралау) журналы;
     жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуды (жасалған хаттамаларды, алынған атыс қаруы мен құралын және заңсыз ауланған өнімді) тіркеу журналы;
     жануарларды қоректендіру үшін жиналған жемшөпті есепке алу ведомосты;
     атыс қаруын алып жүруге және сақтауға рұқсат беру.

  5. Жарақтандыру

     10. Қорықшылық қызмет қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде аңшылық шаруашылық ұйымдарының, олардың бірлестіктерінің (аңшылар бірлестіктерін қоса алғанда) қаражаттары есебінен:
     1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес қызметтік қарумен;
     2) байланыс құралдарымен;
     3) айырым белгісі, омырауға тағатын белгісі бар арнаулы киіммен, жеке куәлікпен жарақтандырылады.

     11. Қорықшылық қызметтің арнаулы киім үлгілерін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен келісе отырып аңшылық шаруашылық ұйымдары белгілейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады