Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 2012.02.15 № 62 бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістіктерін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесі бекітілсін.
2. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Бұйрық адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
армия генералы
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2005 жылғы 25 қаңтардағы
N 25 бұйрығымен
бекітілген
Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға
жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның
әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы Әуеайлақтарды сертификаттау, тіркеу, пайдалануға жарамдылығы сертификатын және мемлекеттік авиацияның әуеайлақтары үшін тіркеу куәліктерін беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының әуе кеңістіктерін пайдалану және авиация қызметі туралы", "Сертификаттау туралы" Заңдарына және мемлекеттік авиация саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген.
2. Ереже мемлекеттік авиация әуеайлақтарын сертификаттауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
3. Сертификаттауға әуеайлақтардың әуе кемелерінің ұшырылуы, қонуы, орналастырылуы, қызмет көрсету және сақтау қауіпсіздігін, сондай-ақ авиациялық бөлімдердің, бөлімшелердің базалануын қамтамасыз ететін барлық көрсеткіштері жатады.
4. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) өтінім - өтініш берушінің сертификаттық тексеру рәсімінен өту үшін уәкілетті мекемеге жазбаша түрде өтінімі;
2) өтініш беруші - аталған әуеайлақты пайдалануға жауап беретін мемлекеттік авиация әуеайлағына сәйкестік сертификатын (бұдан әрі - сертификат) алу үшін уәкілетті мекемеге өтініш беретін заңды тұлға (әскери бөлім);
3) сертификаттық талаптар - әуе кемелерінің тиісті түрлеріне әуеайлақтардың жарамдылығын бағалауға, қауіпсіз ұшулар мен қоршаған ортаны қорғауға ұсынылатын, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің нормативтік және басшылық құжаттарымен белгіленген, мемлекеттік авиация әуеайлақтарын пайдалану тәртібін айқындайтын талаптар;
4) сертификаттық тексеру - уәкілетті мекеме жүзеге асыратын материалдық және техникалық құралдардың, жабдықтардың, пайдаланудың, құжаттардың, ұйымдық құрылымның, сондай-ақ өтініш беруші мамандарын аттестаттаудың сертификаттық талаптарға сәйкестігін тексеру;
5) уәкілетті мекеме - мемлекеттік авиация әуеайлақтарын сертификациялауға жауап беретін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрылыс және әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы.
5. Ұшулардың, адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мемлекеттік авиация әуеайлақтарын сертификаттаудың мақсаты болып табылады.
6. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын қамтамасыз етудің осы Ереженің 3-тармағында белгіленген барлық түрі сертификаттауға жатады.
7. Сертификат оның қолданылу саласы мен мерзімі көрсетіле отырып, үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.
2. Сертификаттауды жүргізу тәртібі
8. Мемлекеттік авиация әуеайлағының белгіленген талаптарға сәйкестігін растау сертификаттауды жүргізу кезіндегі рәсімдердің мынадай реттілігін көздейді:
1) өтініш берушінің уәкілетті мекемеге сертификаттық талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттармен бірге өтінім беруі;
2) алдын-ала бағалау және өтінім бойынша шешім қабылдау;
3) уәкілетті мекеме комиссиясының сол жерге шығумен сертификаттық тексеру жүргізуі;
4) шешім қабылдау және сертификатты беру (беруден бас тарту). Бұдан кейінгі әрбір рәсім алдыңғысы оң нәтиже берген жағдайында орындалады.
9. Уәкілетті мекеме өтінімді алған күнінен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде қарайды және қараудың нәтижелері туралы өтініш берушіге хабарлайды.
10. Өтінім бойынша ескертулер болмаған жағдайда (ескертулер жойылғаннан кейін) уәкілетті мекеме өтінім бойынша шешім шығарады және сертификаттық тексеру жүргізу үшін комиссия (бұдан - әрі комиссия) құрады.
11. Уәкілетті мекеменің өтінім бойынша оң шешім қабылдауы әуеайлақты сертификаттау жүргізу үшін негіз болып табылады.
12. Сертификаттау жүргізудің жалпы мерзімі уәкілетті мекеменің жоспар-кестесіне сәйкес айқындалады.
3. Алдын-ала бағалау және өтінім
бойынша шешім қабылдау
13. Өтінімді алдын-ала бағалау кезінде:
1) өтініш берушінің сертификаттауға ұсынылған қызметтер деңгейі мен көлемін қамтамасыз етуге қабілеттілігі;
2) ұшулардың қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті, еңбекті қорғау мен өрттен қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет ғимараттардың, құрылыстардың, жабдықтың, техниканың, құжаттардың және білікті мамандардың болуы;
3) қарауға ұсынылған сертификаттық талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттардың толықтығы;
4) инженерлік-техникалық және басшылық құрамды кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру жоспарының, сондай-ақ штатты жасақтау және кадрлар резервін даярлау жоспарларының болуы айқындалады.
14. Өтінімді алдын-ала бағалау барысында уәкілетті мекеме:
1) өтініш берушіден өтінімде ұсынылған мәселелер бойынша қосымша ақпарат сұратуы мүмкін;
2) олардың негізінде әуеайлақ сертификатталатын сертификаттау рәсімдері, нормативтік талаптар туралы өтініш берушіні хабардар етеді;
3) өтініш беруші мамандары штатының жасақталуы және даярлау жүйесі мәселелерін қарайды;
4) өтініш берушіге сертификатты берген жағдайда қандай пайдаланымдық және техникалық шектеулердің белгіленуі мүмкін екендігін түсіндіреді.
4. Сертификаттық тексеру
15. Сертификаттық тексеру ұсынылған қамтамасыз ету түрлеріне қатысты жүргізіледі.
Бұл ретте:
1) әуеайлақтың (өтініш берушінің) ұйымдық құрылымы, практикасы және оны пайдаланудың негізгі қағидаттары;
2) басшылық құрамның авиация қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз етудегі тәжірибесі, сондай-ақ басшылық құрам және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты мамандар жөніндегі деректердің болуы;
3) штаттың мамандармен жасақталғандығы және олардың кәсіптік даярлық жүйесі;
4) өтініш берушінің басқа ұйымдармен әуеайлақты бірлесіп пайдалану құқығына жасасқан шарттарының болуы;
5) функционалдық міндеттерді қамтамасыз етуге арналған қызметтік-техникалық құрылыстар алаңдарының жеткілікті мөлшерінің болуы;
6) пайдалану техникалық құжаттамасының болуы;
7) осы әуеайлақ объектілерінің, жабдығының және пайдалану құралдарының техникалық сипаттамалары (көрсеткіштері) қаралады.
16. Сертификаттық тексеру жоспар-кестемен бекітілген мерзімнен аспауы тиіс.
17. Сертификаттық тексеру уәкілетті мекеме бекітетін сертификаттық тексерудің типтік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі.
18. Сертификаттық тексерудің нәтижелері бойынша өтініш беруші объектілерінің іс жүзіндегі жай-күйі, тұжырымдар, ұсыныстар және сертификат беру мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы қорытындылар көрсетіле отырып екі данада сертификаттық тексеру актісі (бұдан әрі - акт) жасалады.
Актіге комиссияның барлық мүшелері қол қояды және ол танысу үшін өтініш берушіге ұсынылады.
19. Сертификатты беру мүмкіндігі туралы қорытындыдан тұратын сертификаттық тексеру актісі сертификат беру үшін негіз болып табылады. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарына сертификатты ресімдеуді уәкілетті мекеме сертификаттық тексеру актісі жасалғаннан кейінгі 30 (отыз) күннің ішінде жүргізеді.
20. Сертификатты беруден бас тарту, қолданысын тоқтату, қайтарып алу немесе күшін жою Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
5. Сертификатқа өзгерістер енгізу және телнұсқа беру
21. Мемлекеттік ұйымның (өтініш берушінің) атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген және сертификаттық талаптарға сәйкес келмеуге соқтырмайтын басқа да өзгерістер болған жағдайда, сертификатқа тиісті өзгерістер енгізіледі. Сертификатқа өзгерістер енгізу кезінде бұрын берілген сертификаттың нөмірі сақталады, ал Қамтамасыз ету түрлері сәйкестік сертификаттарының тізілімінде бұл туралы тиісті жазу енгізіледі.
22. Сертификат бүлінген немесе жоғалған (ұрланған) жағдайда сертификаттың телнұсқасын уәкілетті мекеме береді.
23. Сертификатқа өзгерістер енгізу немесе телнұсқа алу үшін мемлекеттік авиация ұйымы уәкілеті мекемеге қажетті негіздемесімен, тиісті өзгерістерді растайтын құжаттармен бірге еркін үлгіде өтінім және бұрын берілген сертификатты (жоғалған немесе ұрланған жағдайлардан басқа) береді.
24. Уәкілетті мекеме өтініш берушіден өтінім келіп түскен күннен бастап 10 күн ішінде сертификаттың телнұсқасын береді.
25. Сертификатқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе телнұсқа алу үшін өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті мекеме бекітеді.