Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу мен сүрек дайындалған орындарын сүректі куәландыру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2005 жылғы 4 cәуірдегі N 92 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 5 мамырда тіркелді. Тіркеу N 3621. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2011 жылғы 17 маусымдағы № 14-1/340 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2011.06.17 № 14-1/340 (ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Бұйрығымен.

      "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде өсіп тұрған сүректі босату ережесі" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 желтоқсандағы N 1287 қаулысына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу мен сүрек дайындалған орындарын куәландыру ережесі бекітілсін.
      2. Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы реттеу мен бақылау басқармасы осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуге жіберсін.
      3. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрлігі  
Орман және аңшылық шаруашылығы 
комитеті төрағасының      
2005 жылғы 4 сәуірдегі     
N 92 бұйрығымен бекітілген   

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу
орындары мен дайындалған сүректі куәландыру
ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу орындары мен дайындалған сүректі куәландыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 желтоқсандағы N 1287 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірінен босату ережесіне сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу орындары мен дайындалған сүректі куәландырудың бірыңғай тәртібін белгілейді.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда орман ресурстарын пайдаланудың айырықша тәртібі белгіленген ормандарда бұл Ереже осы тәртіпті ескере отырып қолданылады.

      2. Жекеше орман иеленушілер жеке орман қоры учаскелерінде ағаш кесу орындары мен дайындалған сүректі куәландыру кезінде өздерінің қалауы бойынша осы Ережені басшылыққа алуына болады.

  2. Ағаш кесу орындары мен
дайындалған сүректі куәландыру

      3. Мемлекеттік орман иеленушілер сүрек дайындау жұмыстары аяқталғаннан кейін кеспеағаштарды игерудің толымдылығы мен дұрыстығын анықтау, толық кесілмей қалған ағаштарды, тасып әкетілмеген сүректі және сүрек дайындауды жүзеге асыру кезінде басқа да тәртіп бұзушылықтарды анықтау мақсатында мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу орындары мен дайындалған сүрекке куәландыру жүргізеді.

      4. Куәландыруға рұқсат беру құжаттарында көрсетілген тасып әкету мерзімі аяқталған ағаш кесудің барлық орындары жатады.
      Сүрек дайындау мен тасып әкетуді кейінге қалдыру мерзімі берілген жағдайда осы кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанда қайталама куәландыру жүргізіледі.

      5. Сүрек босату кезінде оны тасып әкету басталғанға дейінгі мөлшері ескеріле отырып, рұқсат беру құжаттарында көрсетілген оны уақытша жинап қою орындарында дайындалған сүрек мөлшеріне куәландыру жүргізіледі. Бұл ретте өрттер бүлдірген екпелерде, сондай-ақ дауыл мен жел құлатқан ағаштарды жинап әкету кезінде куәландыру осы сүректі есепке алу ұйымдастырылған жағдайда төменгі қоймаларда жүргізілуі мүмкін.

      6. Ағаш кесу орындарын куәландыру сүректі тасып әкету үшін белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап 30 күн ішінде жүргізіледі.

      7. Куәландыру ағаш кесу орындарында анықталған тәртіп бұзушылықтарды дер кезінде жою және орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізу мақсатында жұмыстар аяқталған соң техника мен жұмысшыларды басқа объектілерге алып кеткенге дейін жүргізіледі.
      Жұмыстар рұқсат беру құжатында белгіленген мерзімнен бұрын аяқталған жағдайда орман пайдаланушы жұмыстардың аяқталу мерзімі жайында орман иеленушіге 10 күн бұрын хабарлайды.
      Орман иеленуші жұмыстар аяқталғаннан кейін 10 күн ішінде куәландыру күні жайында орман пайдаланушыға алдын ала хабарлай отырып, ағаш кесу орындарына куәландыру жүргізеді.

      8. Кеспеағаштардың игерілуіне объективті баға беру мақсатында (өскіннің сақталуы, кеспеағаштарды тазарту және т.б.) куәландыруды негізінен қарсыз кезеңде өткізген жөн. Ауа райы жағдайлары қолайсыз болған кездерде (қардың қалың түсуі, өзендердің тасуы, жолдың бұзылуы және т.б.) куәландыру орман пайдаланушымен келісім бойынша орман иеленуші белгілейтін басқа уақытқа ауыстырылады.

      9. Дайындалған сүректі немесе ағаш кесу орындарын куәландыру күні жайында орман иеленуші орман пайдаланушыға немесе оның өкіліне мерзім белгілеуден 15 күннен кешіктірмей хабарлайды.
      Орман пайдаланушы немесе оның өкілі белгіленген мерзімде келмеген жағдайда орман иеленушінің куәландыруды оның қатысуынсыз өткізуге құқығы бар. Бұл ретте жасалған куәландыру актісі орман пайдаланушыға жіберіледі.

      10. Куәландыруды жүргізу кезінде орман иеленушінің өкілдерінде мыналар болуы қажет:
      рұқсат беру құжаттары (ағаш кесу билеттері) немесе олардың көшірмелері және сүрек жинап қойылған орындар көрсетіле отырып, куәландырылуға жататын әрбір кеспеағашқа (мөлдекке) арналған абристер;
      өлшеу құралдары мен аспаптары (бұрыш өлшеу аспабы, өлшеу лентасы, рулетка, өлшеу ашасы);
      кеспеағаштарды бөлу және таксациялау материалдары (ағаштарды қайта есептеу ведомосы, кеспеағаштарды материалдық-ақшалай бағалау ведомосы, кеспеағаш қорын алдын ала беру актісі);
      куәландыру актілерінің, орман тәртібін бұзушылықтар туралы актілердің, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу туралы хаттамалардың, қайта есептеу ведомостарының, материалдық-ақшалай бағалаудың бланкілері, сондай-ақ қажетті кестелер мен прейскуранттар.

      11. Куәландыруға қатысушы орман пайдаланушыда немесе оның өкілінде мыналар болуы қажет:
      заңды тұлға үшін:
      орман пайдаланушының өкіліне - өзінің атына жазылған сенімхат;
      кәсіпорын басшысы мен бас бухгалтер қол қойған дайындалған сүрек (соның ішінде кәделік, отындық, өтімді шыбықтар мен бұтақшалар) мөлшері туралы анықтама;
      белгіленген тәртіппен ресімделген технологиялық карта;
      жеке тұлға үшін:
      орман пайдаланушының өкіліне - заңнамамен белгіленген тәртіппен ресімделген өзінің атына жазылған сенімхат;
      заңнамамен белгіленген тәртіппен ресімделген дайындалған сүрек (соның ішінде кәделік, отындық, өтімді шыбықтар мен бұтақшалар) мөлшері туралы анықтама;
      белгіленген тәртіппен ресімделген технологиялық карта.
      Орман пайдаланушы, сондай-ақ куәландыру кезеңінде жұмысшылар мен көліктің қажетті мөлшерімен қамтамасыз етеді.

      12. Орман иеленушімен толық есеп айырысу үшін қажет ағаш кесу орындарын және дайындалған сүректі куәландыру нәтижелері сондай-ақ, оның куәландыру кезінде жасаған ескертпелер орман иеленушінің, орман пайдаланушының өкілдері және куәландыруға қатысушы барлық адамдар қол қоятын актіге енгізіледі. Куәландыру актісіне куәландыру кезінде алынған деректерден басқа сондай-ақ орман пайдаланушы анықтамасының деректері бойынша нақты дайындалған іскерлік және отындық сүректің мөлшері туралы мәліметтер енгізіледі.
      Анықтамалар, қайта есептеу ведомостары, абристер және басқа да қажетті құжаттар куәландыру актісіне қоса тіркеледі.

      13. Куәландыру кезінде қолданыстағы орман заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайларда орман тәртібін бұзушылық туралы акт (хаттама) жасалады.

      14. Орман иеленуші куәландыру нәтижелері бойынша жиынтық деректерді статистикалық есептіліктің белгіленген нысанына орай ведомстволық бағыныстылығына қарай жоғары тұрған ұйымға ұсынады.

      15. Орман пайдаланушыларға бөлінетін сүрек дайындау көлемін дұрыс орналастыру мақсатында орман иеленушілер әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша барлық санаттағы ормандарда толық кесілмей қалған ағаштарды, кейінге қалдыру мерзімі берілген кесу аяқталмаған кеспеағаштарды және осының алдындағы жылдың кесу басталмаған кеспеағаштарын, ал 1 мамырға сондай-ақ берілген кейінге қалдыру мерзімін ескере отырып, дайындалған, бірақ мерзімінде тасып әкетілмеген сүректі анықтап, оны кезекті жылдың кеспеағаш қорына есептеуге міндетті.

      16. Куәландыру нәтижелерінің есебі әрбір кеспеағаш (мөлдек) бойынша жүргізіледі, оның деректері ағаш кесу билетіне жеке жолмен енгізіледі. Куәландыруға сондай-ақ кеспеағаштармен аралас 50 метрлік алқаптар жатады.

      17. Ағаш кесу орындарын куәландыру кезінде кеспеағаштарды игерудің толымдылығы мен дұрыстығы, кеспеағаштарды игеру технологиясының технологиялық карта мен ағаш кесу ережелеріне сәйкестігі (кеспеағаштар мен сүрек сүйретіп шығаратын жерлердің ені, тиеу алаңдарын, қоймаларды және басқа да қосымша объектілерді орналастыру, орман шаруашылығын жүргізу талаптарын сақтау) анықталады.
      Куәландыру кезінде әрбір кеспеағаш бойынша мыналар:
      кеспеағаш шекарасының және оған аралас жатқан 50 метрлік алқаптың жай-күйі, сондай-ақ шекаралық, орамдық, кеспеағаштық және басқа да бағандардың сақталуы;
      дайындалған сүректің мөлшері;
      тасып әкетілмеген сүректің бар-жоғы;
      тыйым салған уақытта дайындалған және бұтақталған сүректің мөлшері;
      қабығы аршылмаған немесе басқа тәсілдермен қорғалмаған сүректің бар-жоғы;
      толық кесілмей қалған ағаштардың бар-жоғы;
      тұқымдықтардың, тұқымдық шоқ ағаштардың және алқаптардың, сондай-ақ кесуге жатпайтын ағаштардың сақталуы;
      аспалы ағаштардың бар-жоғы;
      биік түбірлердің бар-жоғы, ағаштар діңдері мен түбірлерінде нөмірлер мен таңбалардың сақталуы;
      өскіндердің, жас екпелердің және орман дақылдарының сақталуы;
      кеспеағаштарды тазарту сапасы;
      топырақ эрозиясының пайда болуына әкеп соғатын өсімдік қабаты тұтастығының бұзылуы;
      ормандарды қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу қажеттігі және оларды орындау мерзімдері анықталады.
      Орманды күтіп-баптау мақсатында кесу жүргізілген екпелерді куәландыру кезінде оларды жүргізу сапасына ағаш өсіру бағасы (ағаштарды кесуге тағайындаудың уақтылығы, қарқындылығы, негіздемесі және тағы да басқалар) беріледі, бұл туралы куәландыру актісіне белгі қойылады.
      Куәландыру кезінде сондай-ақ ағаш тасылатын жолдардың (магистральдардың, жол тармақтарының, жол бөліктерінің) бойында тастап кетілген сүректің бар-жоғы анықталады.

      18. Куәландыру барысында тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда орман пайдаланушыға орман шаруашылығына келтірілген шығынды өтеу жөнінде белгіленген тәртіппен санкция қолданылады.

      19. Сүректі босату кезінде мөлшерін ескере отырып, куәландыру дайындалған сүректі аралық куәландыру актілері бойынша оларды уақытша жинап қою орнына тасып әкеткенге дейін жүргізіледі.

      20. Орман пайдаланушының анықтамасы мен аралық куәландыру актілері бойынша алынған деректер ағаш кесу билеттеріндегі деректермен салыстырылады және нақты дайындалған сүректің бүкіл мөлшері үшін орман пайдаланушының түпкілікті есеп айырысуына негіз болып табылады.

      21. Орман пайдаланушылармен түпкілікті есеп айырысу үшін:
      ағаш кесу билеттері;
      ағаш кесу орындарын куәландыру актілері, дайындалған сүректің  мөлшері туралы анықтамалар, сондай-ақ нақты дайындалған сүректің мөлшерін растайтын басқа да құжаттар;
      төлемдерді қайта есептеу жөніндегі материалдар;
      уәкілетті органның, аумақтық органдардың лауазымды тұлғалары, орман иеленушілер жасаған осы Ережені бұзушылықтар туралы актілер негіздемелер болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады