Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 21 маусымдағы N 343 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 14 маусымда тіркелді. Тіркеу N 4302. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 24 маусымдағы N 311 бұйрығымен.

       Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2009.06.24 N 311 бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы N 113 қаулысымен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім берудің білім бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім туралы ереже бекітілсін.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (М. Нұрғожин):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми ұйымдардың басшыларының назарына жеткізсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым министрінің 
2006 жылғы 21 маусымдағы   
N 343 бұйрығымен бекітілген 

Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" "Ғылым туралы" "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы N 113 қаулысымен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім берудің білім бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесіне сәйкес әзірленген.

      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) адъюнктура - әскери оқу орындарында біліктілігі жоғары ғылыми-педагог кадрларды даярлау нысаны;
      2) аспирантура, докторантура - жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде біліктілігі жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      3) ассистентура-тағылымдама - өнер жоғары оқу орындарында жоғары білікті ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      4) диссертациялық кеңес - республиканың ғылыми орталықтарының, ғылыми ұйымдарының және жоғары оқу орындарының жанынан құрылатын, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы ғылыми дәрежесiн алуға ұсынылған ғылыми жұмыстарды қарайтын кеңес;
      5) диссертация - ізденуші тиісті ғылым саласының нақты мамандығы бойынша өз бетінше немесе ғылыми жетекшілікпен дайындаған білікті ғылыми жұмыс;
      6) ғылым докторы - ғылым кандидаты ғылыми дәрежесi бар iзденушi көпшiлiк алдында диссертация қорғағаннан кейiн, диссертациялық кеңестiң жасаған шешімі негiзiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органы беретiн ғылыми дәреже;
      7) ғылым кандидаты - жоғары арнаулы бiлiмдi маман бiлiктiлiгiне немесе магистр академиялық дәрежесiне ие iзденушiнiң көпшiлiк алдында қорғаған диссертациясы негiзiнде диссертациялық кеңес беретiн және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органы бекiтетiн ғылыми дәреже;
      8) кандидаттық емтихан - ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін ізденушілерінің ғылыми-біліктілік дәрежесін бағалау және олардың өз бетінше ғылыми-зерттеу жұмысына қабілеттілігін анықтау үшін өткізілетін аралық аттестаттау нысаны;
      9) клиникалық ординатура - жоғары оқу орнынан кейін тереңдетілген медициналық білім алу нысаны;
      10) ізденушілік - жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда аспирантура мен докторантурадан тыс ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны.

      3. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына конкурстық негізде мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес, егер азамат осы деңгейде бірінші рет білім алатын болса, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді тегін алуына кепілдік береді.

      4. Ғылым саласы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын жыл сайын білім беру саласындағы орталық атқарушы орган белгілейді, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

      5. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында және ғылыми ұйымдарда (бұдан әрі - ұйымдар) орналастырылады.

      6. Белгіленген мемлекеттік білім беру тапсырысынан тыс жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді мамандар даярлау оқуға жұмсалатын шығындарды толық төлеу және осы Ереженің талаптарын сақтау арқылы шарт негізінде жүзеге асырылады.

      7. Ұйым оқу процесінің барысы мен аспиранттардың, адъюнкттердің, клиникалық ординаторлардың, ассистент-тағылымдамашылардың, докторанттардың, аға ғылыми қызметкерлердің, ізденушілердің ғылыми қызметін ұйымдастыру және бақылаумен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің штаттық құрамын білім алушылар мен жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім мамандықтарының санына қарай өздері белгілейді.

      8. Бір жетекшіге бекітілген аспиранттардың, адъюнкттердің, докторанттардың, ізденушілердің жалпы саны 10 адамнан аспауы керек.

      9. Аспиранттардың, адъюнкттердің, докторанттардың, клиникалық ординаторлардың, ассистент-тағылымдамашылардың, ізденушілердің жеке жоспарларына сәйкес қажетті құралдарды, зертханаларды, кітапханаларды және тағы басқаларын пайдаланады.

      10. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшiн жұмыс берушiнiң өз қаражаты есебiнен қызметкердi оқытуға немесе оқуға жiберуі мүмкін.
      Жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен оқыған қызметкер сол жұмыс берушiде тараптардың жеке еңбек шартында келiскен мерзiмiнде жұмыс iстейдi.
      Қызметкердiң бастамасы бойынша немесе қызметкердiң кiнәсi салдарынан жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушiге қызметкер өзiн оқытуға байланысты шығындарды жұмыс iстеу мерзiмiнiң жұмыс iстелмеген мерзiмiне бара-бар етiп, толығымен төлейдi.
      11. Осы Ережеде регламенттелмеген мәселелерді Ұйымның кеңесі шешеді.

2. Аспирантура мен адъюнктурада ғылыми және
ғылыми-педагог кадрларды даярлауды ұйымдастыру

      12. Аспирантурада және адъюнктурада оқу күндізгі және сырттай нысандар бойынша жүзеге асырылады.

      13. Аспирантурада және адъюнктурада жоғары арнайы білім базасы бойынша күндізгі нысанда оқу мерзімі үш жылды, жоғары ғылыми-педагогикалық білім базасы бойынша - екі жылды; жоғары арнайы білім базасы бойынша сырттай оқу мерзімі - 4 жылды; жоғары ғылыми-педагогикалық білім базасы бойынша - үш жылды құрайды.
      Аспирантура мен адъюнктурада оқу мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссияның тиісті қорытындысының негізінде (дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы):
      1) ұйым басшысының бұйрығымен 4 айға дейінгі мерзімге;
      ұйымның Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде - 4 айдан аса мерзімге ұзартылады.

      14. Аспирантурада және адъюнктурада оқу мерзімі ғылыми-педагогикалық еңбек стажына есептеледі.

      15. Аспирантура мен адъюнктурада ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау ғылым салалары мен мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

      16. Мамандықтар бойынша аспиранттар мен адъюнкттерді даярлау бағдарламалары тиісті диссертациялық кеңестермен әзірленеді және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетімен (бұдан әрі - Комитет) бекітіледі.

      17. Диссертациялық зерттеу тақырыбын ұйымның Ғылыми кеңесі аспирантураға қабылданғаннан кейін үш ай мерзімнен кешіктірмей бекітеді.

      18. Аспирант немесе адъюнктке ғылыми басшылықты жүзеге асыру үшін ұйымның Ғылыми кеңесі ғылым докторын ғылыми жетекшісі ретінде бекітеді.

      19. Аспиранттар немесе адъюнкттер ғылыми зерттеуді жапсарлас ғылыми мамандықтар түйісінде орындаған кезінде екі жетекші немесе жетекші мен кеңесші тағайындауға рұқсат беріледі.

      20. Аспиранттар мен адъюнкттер ұйымның Ғылыми кеңесімен аспирантурада және адъюнктурада болу мерзімінің барлық кезеңіне бекітілген жеке жоспар бойынша жұмыс істейді.

      21. Аспиранттар мен адъюнкттер кафедра, бөлім (сектор, зертхана) мәжілісінде жеке жоспардың орындалуы туралы жылына 2 рет есеп береді және құрамына ғылыми жетекшісі енетін комиссиямен жыл сайын аттестатталады.

      22. Аспиранттар мен адъюнкттер оқу кезінде:
      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;
      2) кандидаттық емтихан тапсырады;
      3) негізгі ережелері белгіленген тәртіппен жариялануы тиіс кандидаттық диссертацияны дайындайды;
      4) диссертацияны алдын-ала сараптаудан өткізеді;
      5) қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтеді.

      23. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын аспиранттар мен адъюнкттер кандидаттық емтихан тапсыруға ақы төлеуден босатылады. Емтихандарды басқа ұйымға барып тапсыратын болса, оның ақысын жіберуші жақ төлейді.

      24. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысанының аспиранттары мен адъюнкттері белгіленген тәртіппен стипендиямен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты стипендия оқуға қабылданған күнінен бастап, бірақ бұрынғы жұмыс орнынан босаған күнінен кейін төленеді.
      Аспиранттарға және адъюнкттерге Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы, атаулы стипендиялар тағайындалуы мүмкін.

      25. Өндірістен қол үзіп мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын аспиранттар мен адъюнкттерге жыл сайын стипендиясы сақталып, ұзақтылығы екі айлық каникул беріледі.

      26. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша өндірістен қол үзбей оқитын және жеке жоспарларын табысты орындаған аспиранттарға кандидаттық емтихандарын тапсыру және диссертация бойынша жұмыстарын орындау үшін жұмыс орнынан еңбекақысы сақталған ұзақтығы 30 күнтізбелік күн болатын жыл сайынғы оқу демалысы берілуі мүмкін.

      27. Аспиранттар мен адъюнкттер қолдаухат бойынша ұйым басшысының келісімімен немесе бос орын болған жағдайда жіберуші жақтың келісімімен бір ұйымнан бір ұйымға, бір оқу нысанынан екіншісіне ауысуы мүмкін.

      28. Шарттық негізде оқитын аспиранттар ұйымның Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде және білім беру саласындағы орталық атқарушы органның келісімі бойынша ғылымның тиісті салалары бойынша бос бюджеттік орынға ауысуы мүмкін.

      29. Аспиранттар мен адъюнкттерді жоғары оқу орындарына және ғылыми ұйымдарға, оның ішінде шетелдік оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға ғылыми зерттеу тақырыптары бойынша жұмыстар жүргізу үшін іссапарға жіберілуі мүмкін.

      30. Аспиранттар мен адъюнкттер:
      өз өтініші бойынша;
      дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамалық-қорытындысы негізінде денсаулығына байланысты;
      басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;
      жеке жоспарын орындамауына байланысты;
      ұйымның Жарғысын бұзуына байланысты;
      ақылы негізде оқитындар шартты орындамауына байланысты оқудан шығарылуы мүмкін.

      31. Аспирантты және адъюнктті қорытынды мемлекеттік аттестаттау кандидаттық диссертацияны көпшілік алдында қорғау нысанында өткізіледі. Қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың нәтижелері бойынша диссертациялық кеңестің шешімі негізінде Комитеттің тиісті сараптау кеңесінің қорытындысын және Комитет Президиумының шешімін ескере отырып нақты ғылым саласы бойынша ғылым кандидаты дәрежесін тағайындау мәселесі шешіледі.

      32. Аспирантура және адъюнктураны мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша өндірістен қол үзіп оқып бітіргендерге және осы Ереженің 22-тармағын толықтай орындағандарға бір айлық демалыс беріледі және бір стипендиясының көлемінде ақы төленеді. Демалыс кезіндегі стипендиясын аспирант немесе адъюнкт даярлықтан өткен мекеме төлейді.

      33. Аспирантура мен адъюнктураның білім беру бағдарламаларын меңгерген және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өткен тұлғаларға мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.

3. Клиникалық ординатурада жоғары оқу орнынан кейінгі
тереңдетілген медициналық білімді мамандарды даярлауды
ұйымдастыру

      34. Клиникалық ординатура нысанында жоғары оқу орнынан кейінгі тереңдетілген медициналық білімді мамандарды даярлау Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеудің тізбесінде N 2391 тіркелген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 19 маусымдағы N 458 бұйрығымен бекітілген Дәрігерлік лауазымдар мен мамандықтар номенклатурасына сәйкес мамандықтар бойынша медициналық жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда күндізгі оқу нысаны бойынша жүзеге асырылады. Клиникалық ординатурада оқытудың негізгі мақсаты денсаулық сақтаудың барлық звеноларында өздігінен жұмыс істеу үшін жоғары қабілетті дәрігер-мамандарды даярлау болып табылады.

      35. Клиникалық ординатурада мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органының келісімі бойынша білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы жүзеге асырады.

      36. Клиникалық ординитурада оқу мерзімі - 2 жыл.
      Клиникалық ординатурада оқу мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссияның тиісті қорытындысы негізінде (дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы):
      1) ұйым басшысының бұйрығымен - 4 айға дейінгі мерзімге;
      2) ұйым кеңесінің шешімі негізінде - 4 айдан аса мерзімге ұзартылады.
      Клиникалық ординатурада оқу мерзімі дәрігердің еңбек стажына және мамандық бойынша еңбек стажына есептеледі.

      37. Оқу жоспарлары және клиникалық ординаторларды даярлау бағдарламалары, клиникалық ординаторлардың жеке жоспарлары кафедраларда әзірленеді және ұйымдардың Ғылыми кеңестерінде бекітіледі.
      Мамандықтардың бөлімдері бойынша оқу жүктемесі мен емдеу-алдын-алу жұмыстарының көлемі жеке жоспармен анықталады.

      38. Тікелей басшылық жасау үшін ұйымның Ғылыми кеңесімен профессорлар қатарынан клиникалық ординаторға куратор бекітіледі. Кураторлардың оқу жүктемесі бір клиникалық ординаторға аптасына 3 сағат есебінен белгіленеді, осыған байланысты даярлау уақытының 75%-ы негізгі мамандықты, 25%-ы жапсарлас пәндерді оқып-үйренуге арналады.

      39. Клиникалық ординаторлар оқу кезінде:
      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;
      2) бағдарламада көзделген тиісті пәндер бойынша ағымдағы емтихандарды тапсырады;
      3) жүргізген жұмысы туралы жан-жақты есеп береді.

      40. Клиникалық ординаторлар кафедра, бөлім (сектор, зертхана) отырыстарында жеке жоспарларының орындалуы туралы жүйелі түрде есеп беріп отырады және жыл сайын құрамына ғылыми жетекші мен кафедра меңгерушісі енетін комиссиямен аттестатталады.

      41. Клиникалық ординаторлар:
      1) өз өтініші бойынша;
      2) дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамалық-қорытындысы негізінде денсаулығына байланысты;
      3) басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;
      4) жеке жоспарын орындамауына байланысты;
      5) ұйымның жарғысын бұзуына байланысты;
      6) ақылы негізде оқитындар шартты орындамауына байланысты оқудан шығарылуы мүмкін.

      42. Бос орын болған жағдайда клиникалық ординаторлар ұйым басшыларының келісімімен, клиникалық ординаторға жіберген жақтың өтініші немесе қолдаухаты бойынша бір ұйымнан екінші ұйымға ауысуы мүмкін.

      43. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын клиникалық ординаторлар белгіленген тәртіппен стипендиямен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты стипендия оқуға қабылданған күнінен бастап, бірақ бұрынғы жұмыс орнынан босаған күнінен кейінгі мерзімге төленеді.

      44. Клиникалық ординаторларға жыл сайын стипендиясы сақталып, ұзақтылығы екі айлық каникул беріледі.

      45. Клиникалық ординатураны бітіргендерге мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.

4. Ассистентура-тағылымдама нысанында
ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды ұйымдастыру

      46. Ассистентура-тағылымдама нысанында ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау өнер оқу орындарында жүзеге асырылады.

      47. Өнер саласындағы мамандықтар бойынша ассистент-тағылымдамашыларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының шегінде белгіленеді.

      48. Ассистентура-тағылымдамадағы оқу-тағылымдама күндізгі және сырттай оқу нысандарында жүзеге асырылады.

      49. Ассистентура-тағылымдамадағы оқу-тағылымдама мерзімі күндізгі нысан бойынша - 2 жылдан, сырттай нысан бойынша - 3 жылдан аспауы тиіс.
      Ассистентура-тағылымдамадағы оқу мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссияның тиісті қорытындысы негізінде (дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы):
      1) ұйым басшысының бұйрығымен - 4 айға дейінгі мерзімге;
      ұйым кеңесінің шешімі негізінде - 4 айдан аса мерзімге ұзартылады.
      Ассистентура-тағылымдамадағы оқу-тағылымдама мерзімі ғылыми-педагогикалық жұмыс стажына есептеледі.

      50. Ассистент-тағылымдамашы оқу-тағылымдаманы кафедра меңгерушісінің жалпы басшылығымен кафедрада өтеді.
      Ұйымның Ғылыми кеңесі тікелей ғылыми-әдістемелік жетекшілік ету және өнер саласындағы кәсіптік шеберлігін арттыру бойынша жетекшілік ету үшін профессорлар қатарынан, ал жекелеген жағдайларда доценттер қатарынан ассистент-тағылымдамашының жетекшісін бекітеді.

      51. Тағылымдама бағдарламалары және ассистент-тағылымдамашының жеке жұмыс жоспары кафедраларда әзірленеді және ұйымның Ғылыми кеңесінде бекітіледі.

      52. Ассистент-тағылымдамашылар оқу кезінде:
      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;
      2) бағдарламада көзделген тиісті пәндер бойынша ағымдағы емтихандарды тапсырады;
      3) педагогикалық практикадан өтеді;
      4) өнер саласындағы кәсіптік шеберлігін арттыру туралы толық есеп береді.

      53. Ассистент-тағылымдамашылар жылына 2 рет кафедра мәжілісінде жеке жоспарының орындалуы туралы есеп береді.

      54. Ассистент-тағылымдамашылар:
      өз өтініші бойынша;
      дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамалық-қорытындысы негізінде денсаулығына байланысты;
      басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;
      жеке жоспарын орындамауына байланысты;
      ұйымның жарғысын бұзуына байланысты;
      ақылы негізде оқитындардың шартты орындамауына байланысты оқудан шығарылуы мүмкін.

      55. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын ассистент-тағылымдамашылар белгіленген тәртіпте стипендиямен қамтамасыз етіледі.

      56. Ассистент-тағылымдамашыларды оқуды бітіруіне бір ай қалғанда ұйымның профессорлары арасынан ұйым басшысы тағайындайтын комиссия аттестаттайды.

      57. Ассистентура-тағылымдаманы бітіргендерге мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.

5. Докторантурада ғылыми және ғылыми-педагогикалық
кадрларды даярлауды ұйымдастыру

      58. Докторантурада ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау ғылым салалары мен мамандықтары бойынша жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.

      59. Докторантурада ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау 3 жылдан аспайтын оқу мерзімімен күндізгі оқу нысанында жүзеге асырылады.

      60. Докторантурада оқу мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссияның тиісті қорытындысы негізінде (дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы):
      1) ұйым басшысының бұйрығымен - 4 айға дейінгі мерзімге;
      2) ұйым кеңесінің шешімі негізінде - 4 айдан аса мерзімге ұзартылады.

      61. Докторантурада оқу мерзімі ғылыми-педагогикалық жұмыс стажына есептеледі.

      62. Мамандықтар бойынша докторанттар даярлау бағдарламалары тиісті диссертациялық кеңестерде әзірленеді және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекітеді.

      63. Ұйымның Ғылыми кеңесі докторантураға қабылданғаннан кейін үш айдан кешіктірмей докторанттың диссертациясының тақырыбын және жеке жұмыс жоспарын бекітеді.

      64. Ұйымның Ғылыми кеңесі докторанттарға диссертациялық зерттеулерді жүргізуде көмек көрсету үшін ғылым докторлары қатарынан ғылыми кеңесшілерді бекітуі мүмкін.

      65. Ұйымның Ғылыми кеңесі жыл сайын докторанттарды жеке жұмыс жоспарының орындалуы жөнінде тапсырған есептері негізінде аттестаттаудан өткізеді.

      66. Оқу кезінде докторант диссертация жұмысын тиісті ғылыми басылымдарға оның негізгі қағидаларын жариялап, оны алдын-ала сараптаудан өткізіп, аяқтауы және жұмысын диссертациялық кеңеске қорғауға ұсынып, қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтуге тиіс.

      67. Докторант:
      өз өтініші бойынша;
      дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамалық-қорытындысы негізінде денсаулығына байланысты;
      басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;
      жеке жоспарын орындамауына байланысты;
      ұйым жарғысын бұзуына байланысты;
      6) ақылы негізде оқитындар шартты орындамауына байланысты оқудан шығарылуы мүмкін.

      68. Докторантты қорытынды мемлекеттік аттестаттау докторлық диссертацияны көпшілік алдында қорғау түрінде өткізіледі. Қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың нәтижелері бойынша диссертациялық кеңестің шешімі негізінде Комитеттің тиісті эксперттік кеңесінің қорытындысын және Комитет Президиумының шешімін ескере отырып, нақты ғылым саласы бойынша ғылым докторы дәрежесін тағайындау мәселесі шешіледі.

      69. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын докторанттарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мөлшерде стипендия төленеді.

      70. Докторанттарға жыл сайын стипендиясы сақталып, ұзақтығы екі ай демалыс беріледі.

      71. Докторанттар жоғары оқу орындарына, ғылыми ұйымдарға, оның ішінде шетелдегі оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға ғылыми зерттеу тақырыбының мәселелері бойынша жұмыстар жүргізу үшін ұйым қаражаты есебінен іссапарға жіберілуі мүмкін.

      72. Шарттық негізде оқитын докторанттар ұйымның Ғылыми кеңесі шешімінің негізінде және Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органның келісімі бойынша ғылымның тиісті салалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бос орынға ауысуы мүмкін.

      73. Докторантураны мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша өндірістен қол үзіп оқып бітіргендерге және осы Ереженің 66-тармағының талаптарын толықтай орындағандарға бір стипендиясының көлемінде ақы төленіп, бір айлық демалыс беріледі. Докторанттың демалыс кезіндегі стипендиясын даярлықтан өткен ұйым төлейді.

      74. Докторантураның білім беру бағдарламаларын меңгерген және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өткен тұлғаларға мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беріледі.

6. Жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін ғылым
кандидаттарын докторлық диссертациялар дайындау үшін
аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстыру тәртібі

      75. Жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін және өзекті теориялық немесе қолданбалы зерттеулер бойынша айтарлықтай ғылыми нәтижелерге ие ғылым кандидаттары докторлық диссертация дайындау үшін өздерінің тілегі бойынша педагогикалық қызметтен босатылып, 2 жылға дейінгі мерзімге аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылады.

      76. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауысуға үміткер ғылым кандидаты диссертациялық жұмысын орындау үшін қажетті мерзімді көрсете отырып, өзі жұмыс істейтін ұйым басшысының атына өтініш береді және оған қоса:
      1) ғылыми зерттеудің кеңейтілген жоспары мен оның орындалуының күнтізбелік кестесін;
      2) жарияланған ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстар, өнер табыстарының тізімін;
      3) кандидатты аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстыру жөніндегі тиісті кафедраның қорытындысын тапсырады.

      77. Ұйымның Ғылыми кеңесі аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстыру туралы шешім қабылдайды және докторлық диссертацияның тақырыбын бекітіп, орындалу мерзімін белгілейді.

      78. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстыру ұйым басшысының бұйрығымен ресімделеді.

      79. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылған тұлғаларға доценттің лауазымдық жалақысы деңгейінде еңбекақы белгіленуі мүмкін.

      80. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылуына байланысты педагогикалық жұмыстан босатылған оқытушы-ғылым кандидаттары ғылыми зерттеу жүргізу үшін соңғыларының келісімімен басқада жоғары оқу орындарына, ғылыми ұйымдарға немесе жетекші шетелдік орталықтарға ұйымның қаражаты есебінен іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Жоғары оқу орындарына, ғылыми ұйымдарға іссапарға жіберілген аға ғылыми қызметкерлерге еңбекақы негізгі жұмыс орнынан төленеді.

      81. Аға ғылыми қызметкерлер бір жыл мерзім өткен соң өздері есебінде тұрған ұйымның, ал іссапарға жіберілген жағдайда - тиісті ұйымның ғылыми кеңесіне тапсырған ғылыми есебінің негізінде аттестаттаудан өтеді. Ұйымның Ғылыми кеңесі аға ғылыми қызметкер іссапарда болған ұйымның Ғылыми кеңесінің қорытындысын ескере отырып, ғылыми есебін қарау нәтижесінде оның келесі біржылдық мерзімде осы лауазымда болуы жөнінде шешім қабылдайды.

      82. Аға ғылыми қызметкер лауазымында болу мерзімі аяқталғаннан кейін ғылым кандидаты:
      жеке жұмыс жоспарын орындайды;
      белгіленген тәртіппен негізгі қағидалары жариялануы тиіс докторлық диссертациясын дайындайды;
      диссертацияны алдын-ала сараптаудан өткізеді.

      83. Ғылыми зерттеулер жоспарын орындамаған аға ғылыми қызметкерді ғылыми жұмыс орындалып жатқан кафедраның немесе ұйымның ұсынысы бойынша жоғары оқу орнының ректоры мерзімінен бұрын бұл лауазымнан босатуы мүмкін.

      84. Оқытушылар құрамының аға ғылыми қызметкерлер қатарына ауыстыру нәтижесінде босаған лауазымдары оларды бұрын атқарған тұлғалар аға ғылыми қызметкер лауазымында болу уақытында белгіленген тәртіппен басқа тұлғалармен атқарылуы мүмкін.

      85. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылған тұлғалардың белгіленген тәртіппен өздері атқарған қызметтеріне қайтып келу құқығы сақталады.

      86. Педагогикалық қызметке мерзімінен бұрын қайта шақырылған аға ғылыми қызметкер толықтай пайдаланылмаған мерзіміне аға ғылыми қызметкер лауазымына қайта тұрады.

      87. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылғандарға жыл сайын еңбек демалысы беріледі.

      88. Аға ғылыми қызметкер лауазымына бұрын ауыстырылған тұлғалар докторлық диссертация жұмысын жасау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша докторантураға түсу және докторлық диссертация жұмысын аяқтау үшін шығармашылық демалыс алу құқығын пайдалана алмайды.

7. Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды
ізденуші түрінде даярлау тәртібі

      89. Жоғары арнаулы немесе жоғары ғылыми педагогикалық білімі бар, аспирантурадан тыс диссертациялық жұмыспен айналысып жүрген тұлғалар ғылым кандидатының ғылыми дәрежесін ізденуші бола алады.
      Докторантурадан тыс диссертациялық жұмыспен айналысып жүрген ғылым кандидаттары ғылым докторының ғылыми дәрежесін ізденуші бола алады.

      90. Ізденушілер ғылымның тарихы мен философиясын, қазақ тілін, шет тілін және арнаулы пәндерді тереңдетілген теориялық түрде оқуы үшін, кандидаттық емтихандарды тапсыруы, кандидаттық және докторлық диссертациясын дайындау және қорғау үшін тиісті мамандықтар бойынша аспирантурасы мен докторантурасы бар жоғары оқу орындарына, ғылыми ұйымдарға бекітіледі.

      91. Ізденуші ретінде болу жалпы мерзімі 4 жылдан аспауы тиіс.

      92. Диссертацияны дайындау және қорғау үшін бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орнында, ғылыми ұйымда ізденуші болуға рұқсат етілмейді.

      93. Мемлекеттік білім беру тапсырыс бойынша аспирантурада және докторантурада толық оқу курсынан өткен тұлғалар ізденуші ретінде бекітілу құқығын пайдалана алмайды.

      94. Диссертациялық жұмыспен айналысу мақсатында жоғары оқу орнына, ғылыми ұйымға бекітілу үшін ізденуші оның басшысының атына:
      1) өтініш;
      2) жарияланған ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстарының;
      3) диссертациялық жұмысының жоспарын;
      4) жоғары оқу орнын бітіргендігі жөніндегі дипломының көшірмесін (ғылым кандидаты дипломының көшірмесін);
      5) жұмыс орны куәландырған кадр есебі жөніндегі жеке іс парағын;
      6) кандидаттық емтихандар тапсырғандығын (егер тапсырған болса) куәландыратын құжатты;
      7) ұйымның тиісті кафедрасының ұсынымын тапсырады.

      95. Ұйымның басшысы ізденушінің болжамды ғылыми жетекшісімен әңгімелесуінің нәтижесі мен тиісті кафедраның (сектордың, зертхананың) қорытындысы негізінде ізденушіні бекіту жөнінде мерзімін көрсете отырып, бұйрық шығарады.

      96. Ұйымның Ғылыми кеңесімен ғылым докторларының қатарынан ғылыми жетекші тағайындалады. Жетекшіні тағайындау ұйым басшысының бұйрығымен ресімделеді.

      97. Ізденуші ғылыми жетекшісімен келісілген, кафедрада, бөлімде (секторда, зертханада) бекітілген жеке жоспары бойынша жұмыс істейді, кезең-кезеңімен есеп беріп отырады және жыл сайын кафедрада, бөлімде (секторда, зертханада) аттестаттаудан өтеді.

      98. Ізденушілердің диссертациясының тақырыбын ұйымның Ғылыми кеңесі бекітеді.

      99. Ізденуші бекітілген мерзімде:
      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;
      2) тиісті кандидаттық емтихандарды тапсырады (егер тапсырған болса);
      3) негізгі қағидалары тиісті басылымдарда жариялануы тиіс кандидаттық немесе докторлық диссертацияны ұсынады;
      4) алдын ала сараптаудан өтеді.

      100. Ізденуші:
      1) өз өтініші бойынша;
      2) дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамалық-қорытындысы негізінде денсаулығына байланысты;
      3) басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;
      4) жеке жоспарын орындамауына байланысты;
      5) ұйымның жарғысын бұзуына байланысты;
      6) ақылы негізде оқитындар шартты орындамауына байланысты ізденушіліктен шығарылуы мүмкін.

8. Кандидаттық және докторлық диссертациялар
даярлау үшін шығармашылық демалыстар беру

      101. Білім беру ұйымында немесе ғылыми ұйымда педагогикалық немесе өндірістік қызметті ғылыми жұмыспен табысты ұштастырып жүрген тұлғаларға кандидаттық диссертациясын аяқтау үшін 3 айға дейінгі мерзімге және докторлық диссертациясын аяқтау үшін 6 айға дейінгі мерзімге негізгі жұмыс орнындағы еңбекақысы сақталып шығармашылық демалыс берілуі мүмкін.

      102. Шығармашылық демалысқа үміткер ұйымның басшысының атына диссертациялық жұмысын аяқтау үшін қажетті мерзімін көрсете отырып, өтініш береді және оған қоса:
      1) кеңейтілген жұмыс жоспары мен оның орындалуының күнтізбелік кестесін;
      2) жарияланған ғылыми және ғылыми әдістемелік жұмыстарының, өнер табыстарының тізімін;
      3) кафедраның, бөлімнің (сектордың, зертхананың) шығармашылық демалыс беру жөніндегі негізделген қорытындысын (өтінішін) тапсырады.

      103. Ұйымның Ғылыми кеңесі ғылыми жұмыстың өзектілігін, жүргізілген зерттеулердің көлемін және демалыс уақытында диссертацияны аяқтау мүмкіндігін ескере келіп, шығармашылық демалыс беру жөнінде, мерзімін көрсете отырып шешім-ұсыным қабылдайды.

      104. Шығармашылық демалыс беру ұйымның Ғылыми кеңесінің негізінде ұйым басшысының бұйрығымен ресімделеді.

      105. Шығармашылық демалыс алған тұлғалар оны аяқтағаннан кейін атқарған жұмысы жөнінде есеп береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады