Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы банкноталарын ауыстыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі N 68 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 16 тамызда тіркелді. Тіркеу N 4344. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 17 тамыздағы № 96 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгілерін ретке келтіру мақсатында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Номиналы 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңге банкноталардың дизайнын және айналысқа шығару күнін бекіту туралы" 2006 жылғы 15 сәуірдегі N 31 қаулысының қабылдануына байланысты және "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 2006 жылғы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы:

      номиналы 200 теңге 1999 жылғы үлгідегі;

      номиналы 500 теңге 1999 жылғы үлгідегі;

      номиналы 1000 теңге 2000 жылғы үлгідегі;

      номиналы 2000 теңге 2000 жылғы үлгідегі;

      номиналы 5000 теңге 1998 жылғы үлгідегі және 2001 жылғы үлгідегі, оның ішінде мерейтойлық жазбасы бар;

      номиналы 10000 теңге 2003 жылғы үлгідегі (бұдан әрі - ескі үлгідегі банкноталар) банкноталарын Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының номиналдары 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңге 2006 жылғы үлгідегі банкноталарына (бұдан әрі - жаңа үлгідегі банкноталар) ауыстыру басталсын.

      2. Ескі үлгідегі банкноталардың жаңа үлгідегі банкноталармен қатар айналыс кезеңі 2006 жылғы 15 қарашадан бастап 2007 жылғы 14 қарашаға дейін (қоса алғанда) белгіленсін.

      3. 2007 жылғы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ескі үлгідегі банкноталар айналыстан алынады.

      4. Ескі үлгідегі банкноталарды айырбастау, ескі үлгідегі банкноталардың айналысын аяқтау, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарындағы ауыстыру кезеңіндегі эмиссиялық-кассалық операцияларды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 20 шілдедегі N 301 қаулысымен бекітілген Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1232 тіркелген) сәйкес жүзеге асырылсын.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 20 шілдедегі N 300 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1231 тіркелген) және 2001 жылғы 29 қыркүйектегі N 377 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1659 (құпия) тіркелген) қаулыларында көзделген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының мынадай банкноталарын айналыстан алу тәртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалсын:

      номиналы 200 теңге 1993 жылғы үлгідегі;

      номиналы 500 теңге 1994 жылғы үлгідегі;

      номиналы 1000 теңге 1994 жылғы үлгідегі;

      номиналы 2000 теңге 1996 жылғы үлгідегі.

      6. Қолма-қол ақшамен жұмыс департаменті (Мәжитов Д.М.):

      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелеріне, филиалдарына, ұйымдарына және өкілдігіне жіберсін;

      3) Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша белгілерін айырбастау мерзімдері мен тәртібі туралы ресми хабарын дайындасын.

      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) Қолма-қол ақшамен жұмыс департаментінен жариялау үшін өтінім алған күннен бастап үш күндік мерзімде осы қаулыны және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша белгілерін айырбастау мерзімдері мен тәртібі туралы ресми хабарын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға шаралар қабылдасын.

      8. Осы қаулы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.А.Әлжановқа жүктелсін.

Ұлттық Банк


Төрағасы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады