Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) ұсыну жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы есепті өткізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2006 жылғы 10 тамыздағы N 198-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 29 тамызда тіркелді. Тіркеу N 4356. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2011 жылғы 28 желтоқсандағы № 417-НҚ бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2011.12.28 № 417-НҚ (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) бұйрығымен.

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 7-3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы N 943 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі туралы ереженің 21-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
       Ескерту. Бұйрықтың кіріспесіне өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2009.02.05 N 30-НҚ бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) ұсыну жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы есепті өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Заң департаменті (Ғ.Т.Жолдыбаева) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Әкімшілік жұмысы және талдау департаменті (Е.О.Есіркепов) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
      1) оны белгіленген тәртіппен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін;
      2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының  назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Н.Ш.Алдабергеновке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төрағаның міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы   
Табиғи монополияларды   
реттеу агенттігі төрағасының
міндетін атқарушының   
2006 жылғы 10 тамыздағы  
N 198-НҚ бұйрығымен бекітілген

Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар
алдында табиғи монополия субъектісінің реттеліп
көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын)
ұсыну жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы
есепті өткізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және табиғи монополиялар салаларындағы қызметті реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) ұсыну жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы есепті өткізу тәртібін белгілейді.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2009.02.05 N 30-НҚ бұйрығымен.

      2. Осы Ереженің мақсаты тұтынушылар құқығын қорғау жүйесін күшейту, тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалардың алдында табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) ұсыну жөніндегі қызметі туралы жыл сайынғы есеп (бұдан әрі - жыл сайынғы есеп) тыңдау нысанында өткізіледі.

      4. Осы Ережеде пайдаланылатын анықтамалар мен терминдер табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген мәндерде қолданылады.

      5. Жыл сайынғы есептерді өткізу қағидаттары:
      1) жариялылық;
      2) табиғи монополия субъектісінің ашықтығы;
      3) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтау.

      6. Жыл сайынғы есеп бойынша алда болатын тыңдау туралы хабарландыруды Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі аптасына үш реттен кем шықпайтын мерзімді баспасөз басылымында, ал Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі аптасына үш реттен кем шықпайтын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымында, он бес күннен кешіктірмей жариялайды және өзіне:
      1) табиғи монополия субъектісінің атауы мен орналасқан жерін;
      2) жыл сайынғы есепті өткізу күні мен орнын;
      3) реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) түрін қамтуға тиіс.

      7. Табиғи монополия субъектісі жыл сайынғы есепті өткізгенге дейін бір ай бұрын уәкілетті органды хабардар етеді.

2. Жыл сайынғы есепті өткізу тәртібі

      8. Жыл сайынғы есептің тыңдауын табиғи монополия субъектісі өзі белгілеген үй-жайда өткізіледі. Табиғи монополия субъектісі тыңдауды есептіден кейінгі жылдың 1 мамырына дейін өткізеді.

      9. Жыл сайынғы есепті өткізу үшін табиғи монополия субъектісі басшыларының ішінен тыңдаудың Төрағасы тағайындалады. Тыңдаудың Төрағасы табиғи монополия субъектісі қызметкерлерінің ішінен хаттама жүргізетін хатшыны тағайындайды.

      10. Төраға тағайындалған уақытта тыңдауды ашуға, оның мақсатын және күн тәртібін бекітуге тиіс.

      11. Табиғи монополия субъектісінің есебі мынадай:
      1) оның ішінде уәкілетті органмен бекітілген инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды атқару туралы;
      2) есепті кезеңдегі табиғи монополия субъектісі қызметінің негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштері туралы;
      3) есепті кезеңдегі ұсынылған реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) көлемдері туралы;
      4) реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) тұтынушыларымен жүргізіп отырған жұмыс туралы;
      5) қызметтің перспективасы (даму жоспарлары), оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) тарифтері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
      Өз сөзінде табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға  реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну сапасы жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме беруге тиіс.
      Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалардың алдында есеп беретін табиғи монополия субъектісінің атынан бірінші басшы не оның алмастыратын тұлға сөз сөйлеуге тиіс.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2009.02.05 N 30-НҚ бұйрығымен.

      12. Тыңдауға қатысушылар қаралып отырған мәселелер бойынша өздерінің көзқарастарын айта алады, сөз сөйлеушілерге сұрақтар қоя алады, өздерінің сөздерінде көмекші материалдарды (плакаттарды, кестелерді және басқа да) пайдалана алады және хаттамаға жазбаша түрдегі сөзін қоса бере алады.

      13. Тыңдауға қатысушылардың айтылған пікірлері ұсынымдық сипатта болады.

      14. Тыңдауды өткізу кезінде тәртіпті бұзған тұлғаға Төраға ескерту жасайды.

      15. Тыңдаудың төрағасы қорытынды шығарады және тыңдауды жабады.

      16. Тыңдауды өткізу процесінде хаттама жасалады. Хаттама осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ тыңдаудың басталатын және аяқталатын уақыты, сөз сөйлегендердің әкесінің аты мен аты-жөндері туралы мәліметті және сөйленген сөздерінің мағынасын қысқаша жазуын қамтуға тиіс. Барлық хаттамалар нөмірленеді және жеке папкаға тігіледі.

      17. Тыңдау хаттамасының көшірмесі тыңдауды өткізгеннен кейін үш күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады.

      18. Тыңдаудың хаттамасы тыңдау өткізілген күннен бастап үш жыл ішінде тыңдауды өткізген табиғи монополия субъектісінің мұрағатында сақталуға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады