Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының 2006 жылғы 8 қыркүйектегі N 57 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 7 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4415 болып енгізілді. Күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы 27 наурыздағы N 4 қаулысымен.

       Күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009.03.27 N 4 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнiң 57-бабына сәйкес Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Есеп комитетiнiң аппарат басшысы бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде осы қаулының мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Төраға

Республикалық бюджеттің    
атқарылуын бақылау жөніндегі 
есеп комитетінің       
2006 жылғы 8 қыркүйектегі  
N 57 қаулысымен бекітілген 

Республикалық бюджеттiң атқарылуына
сыртқы бақылауды жүргiзу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiне , Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 917 Жарлығымен бекiтiлген Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi (бұдан әрi - Есеп комитетi) туралы ережеге, Мемлекеттiк қаржы бақылауы стандарттарына (бұдан әрi - Стандарттар) және Есеп комитетiнiң регламентiне (бұдан әрi - Регламент) сәйкес әзiрленген.
      Ереже бақылауды жоспарлау, оны жүргiзу, оның нәтижелерiн ресiмдеу тәртiбiн айқындайды.

      2. Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылау Есеп комитетi жүргiзетiн тәуелсiз мемлекеттiк қаржы бақылауының нысаны болып табылады.
      Сыртқы бақылау (бұдан әрi - бақылау) республикалық бюджетке түсiмдердiң толық және уақтылы түсуiн қамтамасыз ету жөнiндегi, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, республикалық бюджеттен мемлекеттiң мiндеттемелерiн өтеуге арнап берiлген қаражаттардың, гранттардың, активтердiң, бюджеттiк инвестициялардың нысаналы, негiздi және тиiмдi пайдаланылуына қатысты бақылау объектiсiнiң қызметiне мониторинг жасайтын, оны салғастырып-тексеретiн, талдайтын және бағалайтын жүйенi бiлдiредi.

      3. Бақылау жүргiзуге тартылатын Есеп комитетiнiң қызметкерлерi, мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандары және сарапшылар осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Есеп комитетi жүзеге асыратын
бақылаудың үлгiлерi мен түрлерi

      4. Бақылау үлгiлерi:
      1) сәйкестiкке бақылау жасау - мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсi (бұдан әрi - бақылау объектiсi) қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн бағалау;
      2) қаржылық есептiлiктi бақылау - бақылау объектiсiнiң қаржылық есептiлiктi жасауының және табыс етуiнiң анықтығын, негiздiлiгiн және уақтылығын бағалау;
      3) тиiмдiлiк бақылауы - iс-шаралардың атқарылу мерзiмiн және күтiлiп отырған нәтижелерге қол жеткiзудiң дәрежесiн, бюджеттiк бағдарламаны iске асыру аяқталғаннан кейiн индикаторларын, байланысқан гранттарды, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды, мемлекет активтерiн үнемдiлiк және өнiмдiлiк бағалауларын қолдана отырып, тексеру. Тиiмдiлiк бақылауы тиiстi iс-шаралардың iске асырылуы аяқталғаннан соң жүргiзiледi, осылардан кейiн салынған қаржыдан нәтиже көру мерзiмi келедi;
      4) нәтижелiлiк бақылауы - бюджеттiк бағдарламаның паспортында белгiленген күтiлiп отырған нәтижелерге қол жеткiзгендiгiн тексеру;
      5) орындылылық бақылауы - бюджеттiк бағдарламаның паспортында белгiленген мақсаттар мен индикаторларға қол жеткiзгендiгiн тексеру;
      6) негiздiлiк (заңдылық) бақылауы - бюджеттiк бағдарламаның паспортында көзделген iс-шараларды iске асыруға арналған бюджет қаражатының, байланысқан гранттардың, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекет активтерiнiң пайдаланылуын тексеру.

      5. Бақылау түрлерi:
      1) кешендi бақылау - мемлекеттiк қаржы бақылауы объектiсiнiң нақты кезеңдегi қызметiн барлық қаржы-шаруашылық мәселелерi бойынша тексеру және бағалау.
      Кешендi бақылау жүргiзу кезiнде Есеп комитетi республикалық бюджетке барлық салықтардың түрлерi мен басқа да мiндеттi төлемдердiң түсу толықтығы мен уақтылылығы мәселелерi бойынша бақылау объектiсiнiң қызметiн, сонымен бiр мезгiлде әкiмшiсi бақылау объектiсi болып табылатын барлық республикалық бюджеттiк бағдарламаларды тексередi;
      2) тақырыптық бақылау - бақылау объектiсiнiң нақты кезеңдегi қызметiн жекелеген мәселелер бойынша тексеру және бағалау.
      Есеп комитетi бақылау объектiлерi қызметтерiнiң бағыттары бойынша республикалық бюджетке түсетiн салықтардың жекелеген түрлерi мен басқа да мiндеттi төлемдердiң толық және уақтылы түсуi әрi жекелеген бағдарламаларды iске асыруға бөлiнген республикалық бюджет қаражатының мақсатты және тиiмдi жұмсалуы, байланысқан гранттарды, мемлекет активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды, мемлекеттiк мекемелердiң иелiгiндегi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түскен ақшаны пайдалануы мәселелерi жөнiнде тақырыптық бақылау жүргiзедi.
      Бiрыңғай басқару жүйесiнiң түрлi деңгейлерiндегi бiрнеше объектiде бiр мезгiлде тақырыптық бақылау жүзеге асырылуы мүмкiн;
      3) үстеме бақылау - мемлекеттiк қаржы бақылауы объектiсiне қатысты ақпарат алу қажеттiлiгiне байланысты үшiншi тұлғаларды бақылау, ол операциялардың бiрдейлiгiне қарай өзара байланысты құжаттарды салыстырып қарауды бiлдiредi. Үстеме бақылау тек қана бақылаудың негiзгi объектiсiмен өзара қатынастар мәселелерi бойынша және тексерiлiп отырған мәселе шеңберiнде жүргiзiледi.

3. Бақылауды ұйымдастыру тәртiбi

      6. Бақылау жүргiзу кезiнде Есеп комитетi - жоғары қаржы бақылау органы ретiнде мынадай қағидаттарды:
      1) тәуелсiздiк қағидатын;
      2) объективтiлiк қағидатын;
      3) анықтық қағидатын;
      4) ашықтық қағидатын;
      5) құзыреттiлiк қағидатын;
      6) жариялылық қағидатын;
      7) кәсiби этиканы сақтау қағидатын басшылыққа алады.

      7. Бақылау республикалық бюджет қаражатының және мемлекет активтерiнiң пайдаланылуына, байланысқан гранттарды, мемлекет активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды, мемлекеттiк мекемелердiң иелiгiндегi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түскен ақшаның пайдаланылуына, республикалық бюджетке түсiмдердiң толық және уақтылы түсуiн қамтамасыз етiлуiне, республикалық бюджеттен түсiмдер сомасының қайтарылуына, мемлекеттiк және салалық (секторлық) бағдарламалардың iске асырылуына, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген өкілеттіктер шегінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына жан-жақты жүйелi бақылауды қамтамасыз етудiң қажеттiлiгiне сүйене отырып қалыптасатын Есеп комитетiнiң жылдық және тоқсандық жұмыс жоспары негiзiнде жүзеге асырылады. Жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарлары Есеп комитетiнiң Регламентiне сәйкес әзiрленiп, бекiтiледi.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      8. Жоспардан тыс бақылау егер ол тақырыптық сипатта болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң бiр жолғы тапсырмалары, Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының сауалдары, сондай-ақ Есеп комитетiнiң қаулылары мен Есеп комитетi Төрағасының (бұдан әрi - Төраға) тапсырмалары негiзiнде жүзеге асырылады.

      9. Бақылау жүргiзу кезiнде Есеп комитетi мәслихаттардың тексеру комиссиялары тарапынан, iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган тарапынан және iшкi бақылау қызметтерi тарапынан Мемлекеттiк қаржы бақылауы стандарттарының сақталуына бақылауды жүзеге асыра алады.

      10. Бақылау жүргiзу рәсiмi: жоспарлау, бақылау, бақылау нәтижелерi бойынша есеп дайындау, бақылау нәтижелерi бойынша қабылданған Есеп комитетiнiң шешiмдерiн iске асыру сияқты төрт кезеңнен тұрады.

4. Бақылауды жоспарлау тәртiбi

      11. Жоспарлау бақылаудың бастапқы сатысы болып саналады, жоспарлау барысында тексеруге жататын бақылау oбъектiсiнiң жұмыс iстеу аспектiлерiн зерделеу, бақылаудың ауқымын, мерзiмiн, қажеттi ресурстарын анықтау, жоспарын жасау және бағдарламасын әзiрлеу арқылы бақылаудың ұтымды дайындығын қамтамасыз ету жүргiзiледi.

      12. Жоспарлау кезiнде кешендiлiк, үздiксiздiк, оңтайлылық және қаржылық бұрмалаушылық тәуекелдерiне бейiмдiлiк өлшемдерiн басшылыққа алу қажет:
      1) жоспарлау кешендiлiгi - бақылау объектiсiн бастапқы зерделеуден бастап, бақылау бағдарламасын жасағанға дейiнгi жоспарлаудың барлық кезеңдерiнiң өзара байланыстылығы мен келiсе жүргiзiлуi;
      2) жоспарлаудың үздiксiздiгi - бақылауды жүзеге асыратын Есеп комитетi аппаратының қызметкерлерiне, мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандарына және сарапшыларға (бұдан әрi - бақылау тобы) берiлген тапсырмалардың кезеңдерi мен мерзiмдерi бойынша өзара байланысты болуын белгiлеу;
      3) жоспарлау оңтайлылығы - бақылаудың түпкiлiктi мақсатына жету үшiн ең аз шығын жұмсай отырып, бақылаудың ең ұтымды нұсқасын таңдау;
      4) қаржылық бұрмалаушылық тәуекелдерiне бейiмдiлiк бұрынғы тексерулердiң нәтижелерiне, қаржылық қызметiнiң сипатына, мемлекет активтерiн, гранттарды, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды басқаруы мен пайдаланылуына мониторинг жасау арқылы анықталады.

      13. Бақылауды Есеп комитетiнiң осыны жүргiзуге жауапты мүшесi жоспарлайды.

      14. Жоспарлау өзара байланысқан үш кезеңнен тұрады: бақылау объектiсiн алдын-ала зерделеу, бақылау жоспарын жасау, бақылау бағдарламасын әзiрлеу.

      15. Бақылау объектiсiн алдын-ала зерделеу барысында жоспарланған бақылауды жүргiзуге қажеттi шынайы және толық ақпарат көздерi анықталады.
      Аталған кезеңде жоспарланған бағыт бойынша зерделенiп отырған объектiге бақылау бұрын жүргiзiлгенiн немесе қазiргi уақытта жүргiзiлiп отырғанын анықтау, сондай-ақ iшкi бақылау жүйесiмен (ол қаншалықты дәрежеде болуы мүмкiн заңсыздықтарды болдырмайды екен) танысу қажет.
      Бұдан кейiн жедел талдау жүргiзiлiп, бақылау ауқымы (толыққанды бақылау жүргiзуге қажеттi мерзiмi, объектiлер саны, еңбектi қаншалықты қажет ететiндiгi және басқа да ресурстары) анықталады. Жоспарланып отырған бақылаудың ықтималды маңызды бағыттары, тәуекелдерi мен мәселелерi, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердiң тiзбесi анықталады.
      Бақылау объектiсiнiң алдын-ала зерделенген деректерi негiзiнде жоспар жасалып, бақылау бағдарламасы әзiрленедi.

      16. Бақылау жоспары бақылау объектiсiн алдын-ала зерттеу деректерi негiзiнде әзiрленiп, үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, бақылау басталар жоспарланған күнге дейiн Төрағаға бекiтуге ұсынылады. Онда бақылау объектiлерi, тексерiлетiн мәселелер, олар бойынша республикалық бюджет кiрiстерi мен шығыстарының сомалары, бақылау жүргiзудiң мерзiмдерi және қызметкерлерге деген қажеттiлiк көрсетiле отырып, негiзгi ұйымдастырушылық мәселелер белгiленедi. Бақылау жоспары Төраға бекiткен нысан бойынша жасалады.

      17. Бақылау жүргiзудiң ең ұзақ мерзiмi бақылау мерзiмiн ұзарту жағдайларын қоспағанда, отыз күнтiзбелiк күнге дейiн белгiленедi.

      18. Бақылау жүргiзудiң мерзiмi жұмыс көлемiн (бақылау ауқымын), бақылау объектiсi (объектiлерi) қызметiнiң сипатын, оның (олардың) аумақтық орналасуын, бақылау актiсiне қол қоюға қажеттi уақытты ескере отырып, айқындалады. Бақылау жүргiзудiң мерзiмiн, оның iшiнде iссапар мерзiмiн айрықша жағдайларда және объективтi себептер болған кезде бақылау жүргiзуге жауапты Есеп комитетi мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша Төраға ұзартуы мүмкiн.

      19. Бақылау тобының саны және жеке құрамы Есеп комитетi мүшелерiмен келiсiле отырып, Есеп комитетiнiң аппарат басшысы (бұдан әрi - аппарат басшысы) бекiткен Есеп комитетi аппаратының құрылымдық бөлiмшелерiнiң тоқсан сайынғы жұмыс жоспарларында айқындалады. Қажет болған жағдайда, бiрнеше объектiде бақылау жүргiзген кезде Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесi бақылау тобының жетекшiлерiн белгiлеуi мүмкiн. Бұл туралы бақылау жоспарында жазба жасалады. Аппарат басшысы Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесiмен келiсе отырып, бақылау жоспарында бекiтiлген бақылау тобының саны негiзiнде топтың жеке құрамына түзету енгiзе алады. Бақылау тобының құрамына Есеп комитетiнiң екi қызметкерi, ал қажет болған жағдайда мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандары және сарапшылар енуi тиiс.

      20. Бақылау жүргiзу бойынша мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Есеп комитетiнiң қызметкерi бұл туралы Төрағаға немесе Есеп комитетiнiң бақылауды жүргiзуге жауапты мүшесiне хабарлауы қажет.

      21. Бақылау жүргiзу барысында Төраға бақылау жоспарын Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесiнiң ұсынысы бойынша өзгертуi немесе толықтыруы мүмкiн.

      22. Бақылау бағдарламасы бақылау жоспарын дамыту үшiн жасалады және жоспарды iс жүзiнде iске асыруға қажеттi iс-шаралардың егжей-тегжейлi сипаттамасын бiлдiредi. Бақылау бағдарламасы бақылау тобының басшылыққа алатын негiзгi құжаты және оны Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесi бекiтедi.
      Бақылау бағдарламасында бақылауға болған негiз, бақылаудың мақсаты, мәнi, бақылау объектiсi, бақылау жүргiзу мерзiмi көрсетiледi.

      23. Бақылау объектiсiндегi жұмыс көлемiн бақылау тобы айқын түсiну үшiн бақылаудың мақсаты анық белгiленуi тиiс. Нақты жағдайларда салық түсiмдерi мен басқа да мiндеттi төлемдердiң республикалық бюджетке толық және уақтылы түсуiн анықтау, республикалық бюджеттен түсiмдер сомасын қайтару, сондай-ақ республикалық бюджет қаражатының, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiң мiндеттемелерiн өтеуге республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың, гранттардың, мемлекет активтерiнiң, бюджеттiк инвестициялардың мақсатты, негiздi және тиiмдi пайдаланылуын тексеру бақылаудың мақсаты бола алады.

      24. Бақылау мәнi - тексерiлуге жататын бақылау объектiсi қызметiнiң бағыттары. Бюджеттiк бағдарламалар, кiшi бағдарламалар, бюджеттiк жiктеменiң спецификалары, мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламалар, байланысқан гранттардың, мемлекет активтерiнiң, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiк мекемелердiң иелiгiндегi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түскен ақшаның пайдаланылуы, бюджет қаражатын пайдалануға қатысты жекелеген мәселелер бақылау мәнi ретiнде қарастырылады.

      25. Бақылау объектiлерi - мемлекеттiк қаржы бақылауы объектiлерi - бюджет процесiнiң қатысушылары, мемлекет қатысатын субъектiлер, бюджет қаражатын алушылар, байланысқан гранттарды, мемлекет активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар.

      26. Бақылау бағдарламасында тексерiлетiн мәселелердiң тiзбесi мен олардың қысқаша сипаттамасы, тексерiлетiн бағыттар бойынша ақпарат көздерi келтiрiледi.

      27. Бақылау бағдарламасы Төраға бекiткен нысан бойынша жасалады.

      28. Тиiмдiлiк бақылауын жоспарлау кезiнде, сондай-ақ, егер бақылауды жүзеге асыру барысында бағдарламалардың тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзiлетiнi көзделсе, онда көрсетiлген құрамдас бөлiктерден басқа бақылаудың (бағалаудың) өлшемдерi мен кiшi өлшемдерi және басқа да мәселелер көрсетiледi.

      29. Қажет болған жағдайда, бақылау жүргiзу барысында Есеп комитетiнiң мүшесi бақылау iс-шараларын жүзеге асыратын тексерушiлердiң ұсынысы бойынша бақылау бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзе алады.

      30. Есеп комитетiнiң бiрнеше мүшесi қамтылған бақылауды дайындау кезiнде бақылаудың ортақ келiсiлген бағдарламасы әзiрленедi.

5. Бақылауды жүргiзу тәртiбi

      31. Бақылау жоспары мен бағдарламасы негiзiнде Төраға немесе Есеп комитетiнiң мүшесi қол қойған тиiстi тапсырманың (бұдан әрi - Тапсырма) болуы бақылау жүргiзу үшiн мiндеттi шарт болып табылады.

      32. Тапсырма бақылау жүргiзуге құқық беретiн ресми құжат болып табылады.
      Тапсырма мемлекеттiк рәмiздерi бар, нысанын Төраға бекiткен қатаң есептеме бланкiсiне ресiмделедi.
      Тапсырмада мыналар көрсетiледi:
      1) нөмiрi мен берiлген күнi;
      2) бақылау жүргiзуге құқықтық негiздер;
      3) бақылауды жүргiзу тапсырылған адамның (адамдардың) аты-жөнi мен лауазымы;
      4) бақылау объектiсiнiң атауы, орналасқан жерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
      5) бақылау мәнi;
      6) бақылаудың басталатын және аяқталатын күнi;
      7) бақылаудың қамтитын кезеңi;
      8) бақылау жүргiзудi белгiлеген Есеп комитетi мүшесiнiң немесе Төрағаның қолы, Есеп комитетiнiң елтаңбалық мөрi;
      9) тексерудiң бастапқы белгiленген мерзiмi асып кеткен жағдайда Төраға қол қойып, күнi көрсетiлген бақылау мерзiмiнiң ұзартылуы туралы белгi.
      Әрбiр бақылау объектiсiне жеке Тапсырма ресiмделедi. Тапсырмалар оларды есепке алатын жеке журналда тiркеледi.

      33. Бақылау жүргiзу туралы тапсырмалар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетi мен оның аумақтың органдарында мiндеттi түрде тiркелуге, ал кейiннен ол жерден есептен алынуға жатады.

      34. Бақылауды жүргiзердiң алдында Есеп комитетiнiң оны жүргiзуге жауапты мүшесi әдетте, бақылау объектiсiнiң уәкiлеттi лауазымды адамдарына бақылау iс-шараларын жүзеге асыратын тексерушiлердi таныстырып, бақылауды жүргiзуге байланысты ұйымдастырушылық-техникалық мәселелердi шешедi.
      Бұл ретте бақылау объектiсi басшысына мыналар көрсетiледi:
      1) Тапсырма;
      2) қызметтiк куәлiк;
      3) қажет болған жағдайда, құзыреттi органның режимдiк объектiлерде болуға рұқсаты.

      35. Бақылауды Тапсырмада көрсетiлген қызметкерлер жүргiзедi.

      36. Бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғасына тапсырма көрсетiлген (тапсырылған) сәттен бастап бақылау жүргізу басталған болып табылады.

      37. Есеп комитетiнiң қызметкерлерi бақылау жүргiзудi бақылау объектiсiнiң жұмыс режимi мен күн тәртiбiне сәйкес жүргiзедi.

      38. Режимдiк мекемелерде бақылау жүргiзуге байланысты құпия материалдарды зерделеу мен талдау Қазақстан Республикасында құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      39. Тапсырмада көрсетiлген Есеп комитетiнiң қызметкерлерi бақылау жүргiзген кезде:
      1) осы Ереженiң 34-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсете отырып, бақылау объектiсiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
      2) бақылау нәтижелерi жөнiндегi актiге (бұдан әрi - бақылау актiсi) қосу үшiн қағаз және электронды жеткiзушiлер түрiндегi құжаттарды (мәлiметтер) не тиiстi түрде расталған көшiрмелердi алуға, сондай-ақ бақылау мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерге) кiруге құқығы бар.

      40. Есеп комитетiнiң қызметкерлерi бақылау жүргiзген кезде:
      1) оны осы Ереже мен Стандарттардың негiзiнде және ондағы белгiленген тәртiпке қатаң сәйкес жүргiзедi;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарын, бақылау объектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтайды;
      3) бақылау жүргiзу кезiнде бақылау объектiсiнiң белгiленген жұмыс режимiне кедергi жасамайды;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын болдырмау, анықтау және жолын кесу жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген өкiлеттiктерiн уақтылы және толықтай орындайды;
      5) бақылау объектiсiнiң басшысына (лауазымды тұлғаларына) бақылау жүргiзу кезiнде болуға, бақылау мәнiне жататын мәселелер бойынша түсiнiктер беруге кедергi жасамайды;
      6) бақылау нәтижесiнде алынған құжаттар мен мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      7) бақылау объектiсiнiң басшысына (лауазымды тұлғаларына) бақылау актiсiн тексеру аяқталған күнi тапсырады.

      41. Бақылауды жүзеге асыратын Есеп комитетiнiң қызметкерлерi бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғаларына қандай да болмасын талаптар қоюға және бақылау мәнiне жатпайтын өтiнiштермен жүгiнуге құқықтары жоқ.

      42. Бақылау объектiсiнiң басшысы:
      1) бақылаудың мақсатымен, ұзақтығымен және оның нәтижелерiмен таныса алады;
      2) бақылау мәнiне жатпайтын мәлiметтердi бермейдi;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бақылау актiсiне және Есеп комитетi қызметкерлерiнiң iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасай алады;
      4) осы Ереженiң 34-тармағының талаптарын сақтай отырып, объектiнiң аумағы мен үй-жайларына Есеп комитетi қызметкерлерiнiң кедергiсiз кiруiн қамтамасыз етедi;
      5) Есеп комитетiнiң қызметкерлерiн жұмыс орындарымен қамтамасыз етедi;
      6) Есеп комитетiнiң қызметкерлерiн белгiленген тәртiппен бақылау жүргiзуге қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi және ақпараттың шынайылығына, объективтiлiгiне және толымдылығына жеке жауап бередi, сондай-ақ бақылаудың мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерге) кедергiсiз кiргiзедi;
      7) Есеп комитетi қызметкерлерiнiң жұмысына араласпайды, бақылаудың жүргiзiлуiне кедергi жасамайды және бақылау ауқымын шектемейдi;
      8) жүргiзiлген бақылау нәтижелерiмен таныс болу үшiн бақылау актiсi ұсынылған күннен бастап үш күн iшiнде бақылау актiсiне белгiленген тәртiппен қол қояды.

      43. Егер Тапсырма ұсынылғаннан кейiн бақылау объектiсiнiң басшысы немесе лауазымды тұлғасы бақылау объектiсiне кiргiзуден немесе бақылау жүргiзуге қажеттi ақпаратты беруден бас тартса, онда Есеп комитетiнiң қызметкерлерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, оны уәкiлеттi мемлекеттiк органға заңнамада белгiленген тәртiппен жолдайды.
      Хаттамаға бақылауды жүргiзген қызметкер мен бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғасы қол қояды. Бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғасы қол қоюдан бас тарту себебi туралы жазбаша негiздеме ұсына отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тарта алады. Тапсырманы алудан бас тарту бақылау жүргiзудi болдырмауға негiз бола алмайды.

      44. Бақылаудың жүргiзiлуi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау объектiсiнiң қызметiн тоқтатпауы тиiс.

      45. Бақылау барысында бақылау бағдарламасында қамтылмаған, бiрақ бақылау мән-жайын толық зерделеуге қажеттi мәселелер туындаған жағдайда бақылау объектiсi аталған материалдарды Есеп комитетiнiң бақылау объектiсiне тексеру жүргiзуге жауапты мүшесiнiң сұрау салуы негiзiнде оның белгiлеген нысаны бойынша ұсынуы тиiс.

      46. Егер бақылау барысында бақылау объектiсiнiң үшiншi тұлғалармен есеп айырысулары мен қаржы операцияларының шынайылығын тексеру мүмкiн болмағанда, сондай-ақ көрсетiлген қызметтер мен жұмыстарды төлеудiң дұрыстығы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуы, әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігі күдiк туғызса, онда қарсы бақылау жүргiзiледi. Әрбiр объектiге қарсы бақылау жүргiзу үшiн осы Ереженiң 33-тармағында көрсетiлген рәсiмдерге сәйкес Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесi қол қойған жеке Тапсырма ресiмделедi. Қарсы бақылау жүргiзу үшiн берiлген Тапсырмаға негiзгi объектiде бақылау жүргiзуге арналған Тапсырма нөмiрi және бөлшек арқылы оның реттiк нөмiрi берiледi.
      Ескерту. 46-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      47. Бақылау мерзiмiн ұзартудың қажеттiлiгiне объективтi себептер болған жағдайда Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесi жазбаша негiздеме дайындайды және оны Төрағаның қарауына ұсынады. Бақылау жүргiзу мерзiмiн ұзарту туралы мәселе оң шешiлген жағдайда Төраға тапсырманың тиiстi бағанына ұзарту мерзiмiн көрсете отырып, қол қояды.

      48. Бақылау нәтижелерi әрбiр тексерiлген объектi бойынша бақылау актiсiмен ресiмделуi қажет.

      49. Есеп комитетi жүргiзiп отырған бақылаудың шеңберiнде бұрын басқа мемлекеттiк қаржы бақылау органдары тексеру жүргiзген бақылау объектiлерiнде осы Ережеде көзделген қағидаларды сақтай отырып, бақылау объектiсiнiң қызметiне қайта тексеру жүргiзе алады.
      Бақылау объектiсi басшысының жазбаша өтiнiшi негiзiнде Төраға осы тексеруге негiз болған себептердi көрсетiп әрi Ереженi сақтай отырып, қайталама тексерудi және қайта тексерудi белгiлейдi.

      50. Бақылау актiсiнiң құрылымы мен нысанын Төраға бекiтедi және осы құжаттар бақылау объектiсi қызметiнiң барлық мәселелерiне бақылаудың толық болуын, бақылау актiлерiнде баяндалған мәлiметтердiң шынайылығы мен объективтiлiгiн қамтамасыз етуге тиiс.

      51. Актiнiң бiрiншi парағы Есеп комитетiнiң рәмiздерi бар қатаң есептiлiк бланкiсiне, ал қалған парақтар сәуле белгiсi түрiнде орындалған "ЕСЕП КОМИТЕТI" немесе "СЧЕТНЫЙ КОМИТЕТ" деген сөздермен парақтың диагоналi бойынша ресiмделедi.

      52. Бақылау актiсiнде мыналар көрсетiлуi тиiс:
      1) актiнiң толтырылған күнi мен орны;
      2) бақылаудың түрi;
      3) Тапсырманың күнi мен нөмiрi;
      4) бақылауды жүргiзуге тартылған Есеп комитетi аппараты қызметкерлерiнiң, мемлекеттiк органдар мен аудиторлық ұйымдар мамандарының және сарапшылардың тегi, аты-жөнi, лауазымы;
      5) бақылау объектiсiнiң толық атауы, мемлекеттiк тiркеу туралы деректер, банк және салық деректемелерi;
      6) бақылаудың мақсаты, мән-жайы, бақылаумен қамтылған кезең;
      7) бақылаудың жүргiзiлу кезеңi;
      8) осыларды хабардар ете отырып бақылау жүзеге асырылған бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғаларының аты-жөнi, сондай-ақ олардың жұмыс iстеген кезеңi;
      9) өткен бақылаудың нәтижелерi (тек тексерiлiп отырған мәселелер бойынша), бұрындары анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша бақылау объектiсiнiң қабылдаған шаралары туралы мәлiметтер;
      10) осы бақылаудың нәтижелерi туралы мәлiметтер, оның iшiнде заң бұзу фактiлерiн және олардың сипаты туралы баяндау;
      11) бақылау барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнiндегi ақпарат, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру фактiлерi;
      12) бақылау объектiсi лауазымды тұлғаларының актiмен танысқаны немесе танысудан бас тартуы туралы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы мәлiметтер;
      13) бақылауды жүргiзген Есеп комитетi қызметкерлерiнiң және бақылау объектiсi лауазымды тұлғаларының қолы.

      53. Анықталған заң бұзушылықтар актiдегi жазбалардың шынайылығын растайтын құжаттар түпнұсқаларының деректемелерiне, сондай-ақ ережелерi бұзылған нормативтiк құқықтық актiлердiң нақты баптарына, тармақтарына және тармақшаларына қажеттi сiлтемелер жасала отырып, объективтi және дәл сипатталуы қажет.

      54. Бақылау актiсiне заң бұзу фактiлерiн көрсететiн әрi актiнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын құжаттардың тиiстi түрде расталған көшiрмелерi, анықтамалар, диаграммалар, фотосуреттер, сондай-ақ осыған қатысы бар лауазымды тұлғалардың функционалдық және лауазымдық мiндеттерiнен туындайтын жазбаша түсiнiктемелерi қоса берiледi. Сондай-ақ актiге, егер бар болса, жүргiзiлген зерттеулер (зерттеу) мен сараптамалардың актiлерi (хаттамалары, қорытындылары) және тексеру нәтижелерiне байланысты басқа құжаттар немесе олардың көшiрмелерi қоса берiледi. Бақылау актiсiне қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерiне уәкiлеттi лауазымды тұлғалар қол қойып, бақылау объектiсiнiң мөрiмен расталады. Бақылау актiсiндегi қосымшаларға мiндеттi түрде сiлтеме жасалу тиiс.
      Құжаттарды жалғандау, бұрмалау, ұрлау және терiс пайдалану фактiлерi анықталған жағдайда тиiстi құжаттардың, файлдардың түпнұсқалары, компьютерлер алып қойылады, кассалар мен кассалық үй-жайлар, қоймалар, мұрағаттар және басқа да тиiстi үй-жайларға мөр басылады. Бұл ретте алынып қойылған құжаттардың көшiрмелерiн бақылау объектiлерiнде қалдыра отырып, үш данадан актi толтырылады. Алынып қойылған құжаттар бiрiншi данаға қоса берiледi.

      55. Бақылау объектiсiнде заң бұзушылықтар болмаған жағдайда бақылау актiсiнде бақылау нәтижелерi жоспарға, бақылау бағдарламасына, Мемлекеттiк қаржы бақылауы стандарттарына қатаң сәйкес көрсетiлуi қажет.

      56. Бақылау актiсi екi данада жасалып, бақылауды жүзеге асыратын Есеп комитетiнiң қызметкерлерi, мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандары және сарапшылар қол қойғаннан кейiн бақылау объектiсiнiң басшысына танысып, қол қоюы үшiн мiндеттi түрде бақылау объектiсiнiң кiрiс хат-хабарларын есепке алу жүйесiнде тiркеле отырып, ұсынылады.

      57. Бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғалары үш күнтiзбелiк күн iшiнде бақылау актiсiмен танысып, оған қол қояды. Есеп комитетiнiң қызметкерi мен бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғасы бақылау актiсiнiң барлық беттерiне қол қояды.

      58. Қол қойылған бақылау актiсiнiң бiрiншi данасы қосымшаларының көшiрмелерiмен бiрге Есеп комитетiнiң кеңсесiне, ал екiншi данасы анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар және басқа да iс-әрекеттер қабылдау үшiн бақылау объектiсiнiң басшысына тапсырылады.

      59. Лауазымды тұлғалар бақылау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, оларға актiге өздерiнiң қарсылықтары мен түсiнiктемелерiн жазбаша көрсете отырып, қол қою ұсынылады. Бақылау актiсiне жазбаша түрде берiлген қарсылықтар мен түсiнiктемелер актi таныстыруға ұсынылғаннан кейiн он күннiң iшiнде Есеп комитетiне жiберiледi. Бақылау объектiсiнiң жазбаша қарсылықтары бақылау актiсiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.

      60. Бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғасы бақылау актiсiне қол қоюдан бас тарту себептерiне түсiнiк берместен әрi негiздемесiз қол қоюдан бас тартқан жағдайда, Есеп комитетiнiң қызметкерi мынадай белгi қояды: "Лауазымды тұлға (оның лауазымы, аты-жөнi көрсетiледi) қол қоюдан бас тарту себептерiне түсiнiк берместен және/немесе негiздемесiз қол қоюдан бас тартты".

      61. Бақылау актiсiне қол қойылған күн бақылау мерзiмiнiң аяқталуы болып есептеледi.

      62. Белгiленген тәртiппен ресiмделген бақылау актiлерi Қорытындыны дайындауға негiз болады.

      63. Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесi қажет болған жағдайда Төрағаға бақылауға қатысқан аппарат қызметкерлерiнiң, мемлекеттiк органдар мен аудиторлық ұйымдар мамандарының және сарапшылардың бақылауды жүргiзу барысында өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқармағаны және еңбек тәртiбiн бұзу фактiлерi туралы жазбаша түрде хабарлайды.

6. Бақылау нәтижелерi бойынша есептi жасау
және шешiмдердi қабылдау тәртiбi

      64. Жүргiзiлген бақылаудың нәтижелерi бойынша Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесi бақылауды жүзеге асыратын аппарат қызметкерлерiнiң қатысуымен екi апта мерзiм iшiнде Қорытындыны дайындап, оны Төрағаға ұсынады.
      Ескерту. 64-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      65. Қорытынды - бақылау актiлерiнiң негiзiнде толтырылатын Есеп комитетiнiң құжаты. Қорытындыда барлық анықталған заң бұзу фактiлерi, оларды жою, нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру және республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi ұсыныстар жинақталады. Қорытынды кiрiспе, негізгі және жиынтық сияқты бөлiмдерден тұрады.
      Ескерту. 65-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      66. Қорытындының кiрiспе бөлiмi бақылауға болған негiздi, бақылаудың мақсатын, мән-жайын және объектiлерiн, тексерiлетiн кезеңдi, бақылау жүргiзу мерзiмiн, бақылау тобы туралы жалпы мәлiметтердi сипаттайды.
      "Бақылауға болған негiз" деген бөлiмде Есеп комитетi жұмыс жоспарының тармағына және бақылау осыған сәйкес жүзеге асырылған бақылау бағдарламасына, сондай-ақ Тапсырманың деректемелерiне сiлтеме жасалады.
      "Бақылаудың мақсаты", "Бақылаудың мән-жайы", "Бақылау объектiсi", "Тексерiлетiн кезең", "Бақылау жүргiзу мерзiмi", "Бақылау тобы туралы жалпы мәлiметтер" деген бөлiмдердiң мазмұны Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесi бекiткен бақылау бағдарламаларының тақылеттес тармақтарына сәйкес ресiмделедi.
      "Бақылау нәтижелерi бойынша жасалған актiлер" деген бөлiмде объектiлер бойынша және бақылау бағыттары бойынша жасалған актiлердiң тiзбесi, сондай-ақ талдау жазбасы немесе бақылау процесінде жиналған талдау материалдарының көздері келтiрiледi.
      "Мемлекеттiк органдар және iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асырған бұрынғы тексеру нәтижелерi" деген бөлiмде бұрынғы бақылау iс-шаралары барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы ақпарат қамтылады.
      Ескерту. 66-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      67. Қорытындының талдау бөлімі саланың жай-күйінің, іске асырылуына бақылау объектісі (мемлекеттік орган) жауап беретін мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың талдау нәтижелерін қамтиды.
      Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыру үшін мемлекеттік органға және басқа да ұйымдарға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуын талдау нәтижелері 3 жылдан бастап 5 жылға дейінгі кезеңде көрсетіледі. Бұл ретте талдауды ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша, даму бағдарламалары бойынша және тұтастай алғанда бақылау объектісі бойынша жүргізген жөн, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды іске асыру процесінде және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметі процесінде қандай нәтижелер алынғанын көрсеткен орынды.
      Салық, салықтан тыс түсімдер немесе бюджетке төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміндегі әрі республикалық және мемлекеттік бюджеттердің жалпы кіріс көлеміндегі үлесі көрсетіле отырып, 3 жылдан бастап 5 жылға дейінгі кезеңде талданады.
      Мемлекет активтерінің пайдаланылуын талдау кезінде акционерлік қоғамның жалпы сипаттамасы, оның негізгі функциялары, жарғылық қорын құруға немесе толықтыруға бөлінген бюджет шығыстары, бөлінген бюджет кредиттерінің мөлшері, олардың бюджетке қайтарылуы көрсетіледі.
      Бақылаудың нәтижелері жүйеге келтіріліп, мынадай бөлімдерді қамтиды:
      1) мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың қызметін, бюджетке қаражаттың толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға немесе жекелеген әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы министрліктерінің, агенттіктерінің, басқа да мемлекеттік органдардың қызметі;
      3) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша бақылаудың нәтижелері;
      4) бюджеттік даму бағдарламалары бойынша бақылаудың нәтижелері;
      5) мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылаудың нәтижелері.
      Сондай-ақ Қорытындының талдау бөлімінде қаржы активтерін сатып алу бойынша және оларды сатудан бюджетке түскен қаражат бойынша бақылаудың нәтижелері бөлек көрсетіледі.
      Ескерту. 67-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      68. Жекелеген заң бұзушылықтарды әлдеқайда толығырақ ашу үшiн талдамалық бөлiм қосымшалармен толықтырылуы мүмкiн. Қосымшалар Қорытындының негiзгi мәтiнiмен бiрге бiртұтас бүтiндi құрайды.

      69. Қорытындының жиынтық бөлімі "Бақылау барысында қабылданған шаралар", "Бақылаудың нәтижелерi бойынша қорытындылар", "Бақылаудың нәтижелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар" сияқты бөлімдерден тұрады.
      "Бақылау барысында қабылданған шаралар" деген бөлім қосымша есептелген салықтар, айыппұлдар, өсімақылар туралы, бюджет қаражатының қалпына келтірілгені туралы, заң бұзушылықтарға орын берген бақылау объектісінің лауазымды адамына қолданылған тәртіптік жазалау шаралары туралы ақпаратты қамтуы қажет.
      "Бақылаудың нәтижелерi бойынша қорытындылар" деген бөлім мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың, бюджетке кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету бойынша, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар (бюджеттік бағдарламалар әкімшілері) қызметінің тиімділігіне берілген жалпы бағалауды қамтуы қажет. Қажет болған жағдайда, бюджет қаражатының мақсатына сай емес, тиімсіз және негізсіз пайдаланылғанын көрсете отырып, бақылау жүргізу барысында анықталған заң бұзушылықтар туралы жалпы мәліметті көрсеткен жөн.
      "Бақылаудың нәтижелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар" деген бөлiмде Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесiнiң Есеп комитетiнiң отырысында бақылаудың нәтижелерiн қарау не Есеп комитетiнiң бақылау нәтижелерi жөнiндегi ұсынымын жiберу мүмкiншiлiгiн көздейтiн пiкiрi көрсетiледi.
      Сондай-ақ аталған бөлiмде нормативтiк құқықтық базаны, бюджет қаражатының жоспарлау, пайдалану рәсімдерін жетiлдiру жөнiнде ҚР Үкіметіне, мемлекеттік уәкiлеттi органдарға, сондай-ақ бақылау жүргiзу барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде бақылау объектiлерiне арналған ұсыныстар келтiрiледi.
      Ескерту. 69-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      70. Қорытындының мазмұны жағынан жақын бөлiмдерi қажет болған жағдайда бiрiктiрiлуi немесе кiшi бөлiмдерге бөлiнуi мүмкiн.

      71. Қорытынды Есеп комитетiнiң қаулысы (бұдан әрi - Қаулы) жобасын дайындау үшiн негiз болып табылады.
      Қаулы Есеп комитетiнiң отырысындағы талқылаудың нәтижелерi бойынша алқалы негiзде қабылданатын және бақылаудың нәтижелерi бойынша оның барлық басқа актiлерiнiң қолданысын растайтын құжат болып табылады. Қаулы Есеп комитетi туралы ережеге және оның Регламентiне сәйкес қабылданады.
      Қаулы белгiлеушi және қаулы шығарушы бөлiктерден тұрады.

      72. Қорытынды және Есеп комитетi Қаулысының жобалары Есеп комитетiнiң Заң қызметiмен олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келу мәнiне келiсiледi.

      73. Қаулының белгiлеушi бөлiгi оны қабылдауға болған негiздi, бақылау объектiсiнiң республикалық бюджеттi орындау, мемлекет активтерiн, гранттарды, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тиiмдi пайдалану бөлiгiнде Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн сақтауы туралы жалпы мәлiметтердi және анықталған заң бұзушылықтардың қысқаша сипаттамасын қамтиды.

      74. Қаулының қаулы шығарушы бөлiгi мыналарды қамтиды:
      1) Есеп комитетi мүшесiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметiне және бақылау объектiлерiне нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi және республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне анықталған заң бұзушылықтарды жою, заң бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнiндегi ұсынымдарды;
      2) бақылау объектiсiнiң және тиiстi лауазымды тұлғалардың анықталған заң бұзушылықтар мен кемшiлiктердi жоюы жөнiндегi атқаруға міндетті тапсырмаларды;
      3) лауазымды тұлғалардың, бақылау объектiлерiнiң республикалық бюджет қаражатын пайдаланудағы iс-әрекетiнде құқық бұзу белгiлерi және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де заң бұзу фактiлерi анықталған жағдайда қаулы шығарушы бөлiкке құқық қорғау органдарына және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайтын уәкiлеттi органдарға бақылау материалдарын тапсыру туралы тармақтар енгiзiлуi мүмкiн;
      4) Қаулының орындалуын бақылау жүктелген Есеп комитеті мүшесінің аты-жөнін қамтиды.
      Ескерту. 74-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      75. Жүргiзiлген бақылау нәтижелерi бойынша Қаулыны Есеп комитетiнiң отырысында қарау және қабылдау талап етiлмейтiн жағдайларда Төрағаның шешiмi бойынша Есеп комитетiнiң ұсынымы (бұдан әрi - Ұсыным) дайындалады. Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесi аппараттың бақылауды жүзеге асырушы қызметкерлерiнiң қатысуымен Ұсыным дайындайды, анықталған заң бұзушылықтардың тiзiлiмiн ресiмдейдi және оларды Төраға қарап, қол қоюы үшiн ұсынады.
      Ұсыным - Төрағаның нұсқауы бойынша бес күн iшiнде Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң мемлекеттiк органдарға, ұйымдар мен лауазымды адамдарға жұмыстағы кемшiлiктердi жою үшiн, сондай-ақ құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту мәселелерi бойынша жiберетiн құжаты.
      Ұсынымда бақылау нәтижесiнде анықталған заң бұзушылықтар мен кемшiлiктер, оларды жою және осыған жол берген лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнiндегi талаптар баяндалады.
      Ұсыным осы Ереженің 73 және 74-тармақтарына сай қаулыны толтыруға қойылатын нысандар бойынша толтырылады.
      Ескерту. 75-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      75-1. Анықталған заң бұзушылықтар тізілімі Қаулыға немесе ұсынымға қол қойылғаннан кейін толтырылады.
      Ескерту. 75-1-тармақпен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      76. Бақылау нәтижелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, Есеп комитетiнiң Web-сайтында орналастыру Есеп комитетiнiң Регламентiне сәйкес жүргiзiледi.

6-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы
заңнамасының сақталуына бақылау жасау

      Ескерту. 6-1-бөліммен толықтырылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      76-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды Есеп комитеті мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламаларға, мемлекет активтерінің пайдаланылуына бақылау жүргізген кезде жүзеге асырады.
      76-2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау объектілеріне мыналар жатады:
      1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, конкурстық комиссия, сараптамалық комиссия, сарапшы;
      2) әлеуетті өнім беруші, конкурсқа қатысушы, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау үшін қосалқы мердігерлер не қызметтерді көрсету үшін бірлескен атқарушылар ретінде тарататын тұлғалар;
      3) ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуға қатысушы тұлғалар;
      4) мемлекеттік сатып алуға ашық тауар биржалары арқылы қатысатын тұлғалар.
      76-3. Бақылау объектілеріне қатысты жоспарлы тексерулер күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық жүзеге асырылмайды.
      76-4. Есеп комитеті бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде тиісті бақылау объектілерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған жағдайда мынадай шаралар қолданады:
      1) бақылау объектісіне Қаулы немесе ұсыным жібереді;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгіну жөнінде шаралар қабылдау үшін мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға Қаулы немесе ұсыным жібереді.
      76-5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің қылмыс құрамы белгілері бар іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасасу фактісі анықталған жағдайда, Есеп комитеті осындай факті анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған іс-әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына береді.

7. Мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың
мамандарын және сарапшыларды бақылау жүргiзуге
тартудың тәртiбi

      77. Есеп комитетi өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң, ал қажет болған жағдайда аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды өзiнiң құзыретi шегiнде тарта алады.

      78. Мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң, аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды тартудың мақсаты тиiстi сирек мамандандырылған мәселелер бойынша арнайы бiлiмдердi пайдалану жолымен сапалы бақылаудың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және тәуелсiз сараптаманы жүргiзу болып табылады.

      79. Мемлекеттiк органдардың, аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды тартудың қажеттiлiгi жылдық жоспарды жасау кезiнде белгiленедi және бақылау басталардан екi ай бұрын Есеп комитетiнiң тоқсандық жоспарын дайындау кезiнде нақтыланады.

      80. Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесiнiң жоспарланған бақылаудың мән-жайын, саны мен мамандардың бiлiктiлiгiн, бақылаудың өткiзiлу мерзiмi мен кезеңiн көрсете отырып, мемлекеттiк органдардың басшыларына жiберген хаты негiзiнде мемлекеттiк органдардың мамандары бақылауға тартылады.

      81. Аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды тартудың қажеттiлiгiн Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесiнiң жазбаша өтiнiмi негiзiнде Төраға белгiлейдi. Жоспарланып отырған бақылауға жүргiзiлген талдаудың негiзiнде өтiнiмде аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды тартудың негiздемесi, олардың саны, оларға қойылатын бiлiктiлiк талаптары, олардың жұмыс iстеу мерзiмi мен кезеңi берiледi.

      82. Айрықша жағдайларда, бақылау жоспары бекiтiлгеннен кейiн аудиторлық ұйымдар мамандарының және сарапшылардың қызметiне қажеттiлiк туындаған жағдайда Есеп комитетiнiң бақылауға жауапты мүшесiнiң ұсынысы бойынша оларды жұмысқа тарту туралы шешiмдi Төраға қабылдауы мүмкiн.

      83. Есеп комитетi мүшелерiнiң жазбаша өтiнiмдерi негiзiнде, бөлiнген сомалардың лимиттерiне сүйене отырып, аудиторлық ұйымдардың мамандарын және сарапшыларды тартудың жиынтық өтiнiмi жасалып, Есеп комитетiнiң жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын талқылау және бекiту кезiндегi Есеп комитетiнiң отырысына енгiзiледi.

      84. Есеп комитетiнiң жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарлары бекiтiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тиiстi шарттар жасала отырып, аудиторлық ұйымдардың тиiстi мамандарының және сарапшылардың қызметiн сатып алу жөнiнде конкурс өткiзiледi.

      85. Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесi аудиторлық ұйымдармен және сарапшылармен тиiстi шарт жасасқаннан кейiн осы Ережеге сәйкес аудиторлық ұйымдардың мамандарына және сарапшыларға тиiстi басшылықты қамтамасыз етедi.

      86. Бақылаудың немесе сараптаманың нәтижелерi бойынша аудиторлық ұйымдардың мамандары және сарапшылар есеп (актi, қорытынды) жасап, оны Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесiне ұсынады және бұл орындалған жұмыстардың (көрсетiлген қызметтердiң) актiсiн толтыруға негiз болады. Аудиторлық ұйымдар мамандарының және сарапшылардың қызметiне ақы төлеу шарты тиiстi шарттарда осы мақсаттарға республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың шегiнде көрсетiледi.

8. Бақылау объектiсiнiң лауазымды тұлғаларын
әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартудың тәртiбi

      87. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексiнiң (бұдан әрi - ҚР ӘҚБКо) 177 - 177-4-бабында көзделген iстер бойынша әкiмшiлiк хаттамалар бақылау аяқталысымен, әкiмшiлiк iс қозғау туралы шешiм қабылданып, Есеп комитетiнiң қаулысы қабылданғаннан кейiн толтырылады.

      88. ҚР ӘҚБКо 356-бабында көзделген iстер бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды Есеп комитетiнiң уәкiлеттi қызметкерi әкiмшiлiк құқық бұзу фактiсiн тiкелей анықтаған жағдайда толтырады.

      89. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы толтырылған хаттамалар жөнiндегi ақпарат Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесiне және Төрағаға ұсынылады.

      90. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың мән-жайын, iс қозғалып жатқан жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның және лауазымды тұлғаның жеке басын қосымша анықтау қажет болған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушылық анықталған сәттен бастап үш тәулiктiң iшiнде толтырылады.

      91. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша құжаттар Төрағаның бұйрығымен бекiтiлген нысандарға сәйкес толтырылады.

9. Құқық қорғау органдарына және әкiмшiлiк құқық
бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi
органдарға материалдарды тапсыру тәртiбi

      92. Мемлекеттiк қаржы ресурстарын пайдалануда құқық бұзу белгiлерi анықталған жағдайда бақылау нәтижелерi жөнiндегi тиiстi материалдар Қаулыға қол қойылғаннан кейiн жетi күнтiзбелiк күннiң iшiнде құқық қорғау органдарына және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға олар бойынша iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн жолданады.

      93. Құқық қорғау органдарына, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға және мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға жолданатын хатта анықталған заң бұзушылықтардың қалайша жасалғаны нақты сипаттала отырып көрсетiледi және мыналар қоса берiледi:
      1) белгiленген тәртiппен ресiмделген бақылау актiлерi;
      2) анықталған фактiлерге жататын құжаттардың (банкiлердiң есеп-шоттары, ведомостары, ордерлерi, төлем тапсырмалары, чектер, тапсырма құжаттар, актiлер, бұйрықтар және өзге де құжаттар) бақылау материалдарына қосылған түпнұсқалары немесе расталған көшiрмелерi, лауазымды тұлғалардың жазбаша түсiнiктемелерi және қарсылықтары, сараптаманың қорытындысы.
      Ескерту. 93-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94. Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесi Қаулы мен Ұсынымның орындалуы туралы есептi дайындау кезiнде тапсырылған материалдар бойынша құқық қорғау органдарының, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың және мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органның қабылдаған шешiмдерi туралы Төрағаға хабарлайды.
      Ескерту. 94-тармаққа өзгерту енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008.01.10. N 1 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      95. Есеп комитетi құқық қорғау органдарымен және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдармен тиiстi құқық қорғау органына тапсырылған бақылау материалдарының қозғалысы туралы осы рәсiмдердi реттейтiн бiрлесiп қабылдаған бұйрықтардың негiзiнде салыстырып тексередi.

10. Бақылау нәтижелерiн iске асырудың тәртiбi

      96. Қаулылар мен Ұсынымдардың орындалуын бақылауды Есеп комитетiнiң мүшесi және осы iс-шараға жетекшiлiк жасайтын аппарат қызметкерi жүзеге асырады.

      97. Қаулыға немесе Ұсынымға қол қойылғаннан кейiн Аппарат басшысы екi жұмыс күнi iшiнде Қаулы мен Ұсынымда белгiленген шараларды қабылдау үшiн тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға оның жiберiлуiн қамтамасыз етедi.

      98. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға жiберiлген анықталған заң бұзушылықтарды жою, мемлекетке келтiрiлген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға кiнәлi лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнiндегi Қаулылар мен Ұсынымдар ондағы көрсетiлген мерзiмде қаралуы тиiс.

      99. Есеп комитетiнiң жауапты мүшесi Есеп комитетiнiң қаулысында белгiленген атқарылу мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi бес күннiң iшiнде қаулының әрбiр тармағының iске асырылуы туралы өтелген зиянның сомасын көрсетiп, құқық қорғау органдарының оларға тапсырылған бақылау материалдары және кiнәлi адамдарды жауаптылыққа тарту бойынша қабылдаған шешiмдерi туралы хабарлай отырып, Төрағаның атына қызметтiк жазба дайындайды. Қаулының қандайда да бiр тармақтары орындалмаған жағдайда қызметтiк жазбада оның себептерi мен болжанып отырған мерзiмi көрсетiледi.

      100. Қаулыны немесе Ұсынымды бақылаудан алу немесе оларды бақылауға қою туралы Төрағаның бұрыштамасы бар қызметтiк жазба Есеп комитетiнiң жауапты мүшесiне жолданады. Қабылданған шешiм Есеп комитетiнiң қаржылық бақылау объектiлерi жөнiндегi ақпараттық деректер базасына (бұдан әрi - ақпараттық база) енгiзiлуi үшiн берiледi.

      101. Қажет болған жағдайда, Қаулының немесе Ұсынымның орындалуы барысы туралы мәселенi талқылау Есеп комитетiнiң отырысына шығарылуы мүмкiн.

11. Бақылау материалдарын есепке алу,
олардың есеп-қисабы және оларды сақтау

      102. Бақылау қорытындылары бойынша есепке алу, олардың есеп-қисабы және оларды сақтау ақпараттық базада қағаз және электрондық (магниттiк) жеткiзушiлерде жүргiзiледi.

      103. Есеп-қисап нысанын, оның кезеңдiлiгiн, сондай-ақ бақылау iс-шараларының нәтижелерi бойынша анықталған заң бұзушылықтар тiзiлiмiнiң нысанын, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiнде анықталған қаржы бұзушылықтардың жiктелiмiн Төраға белгiлейдi.

      104. Қаулыны немесе Ұсынымды қабылдау ақпараттық базаға материалдарды енгiзуге негiз болады. Ақпараттық базаға материалдарды енгiзудiң мерзiмi Есеп комитетiнiң регламентiмен белгiленедi.

      105. Ақпараттық базаны қалыптастыру үшiн мынадай құжаттардың электрондық нұсқалары енгiзiледi:
      1) Тапсырма;
      2) бақылау жоспары;
      3) бақылау бағдарламасы;
      4) бақылау актiлерi;
      5) қорытынды;
      6) Қаулы немесе Ұсыным;
      7) бақылау нәтижелерi жөнiндегi заң бұзушылықтар тiзiлiмi.

      106. Мемлекеттiк құпияны құрайтын бақылау материалдары ақпараттық базаға енгiзiлмейдi.

      107. Қағаздық тасығыштардағы бақылау материалдары Есеп комитетiнiң кеңсесiне Қаулыға немесе Ұсынымға қол қойылғаннан кейiн бес күннiң iшiнде тапсырылып, iс қағаздарын жүргiзу жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес сақталады және кейiннен белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсырылады.

      108. Мемлекеттiк құпияны құрайтын бақылау материалдары Қазақстан Республикасында құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi нұсқаулыққа сәйкес сақталады.

      109. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн жiберiлген әкiмшiлiк материалдардың көшiрмелерi Есеп комитетiнiң кеңсесiне сақтауға тапсырылады және жеке журналда тiркеледi.

      110. Есеп комитетiнiң кеңсесiне сақтауға тапсырылған әкiмшiлiк материалдардың көшiрмелерi Есеп комитетiнiң жалпы хат-хабарларынан бөлек сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады