Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін, оларға теңестірілген адамдарды, тылда еңбек етіп, әскери қызмет өткерген азаматтарды, Қазақстан республикасына және облысқа сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарды санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастыру туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы әкімінің қаулысы 2006 жылғы 31 мамырдағы N 187. Маңғыстау облыстық Әділет басқармасында 2006 жылғы 3 шілдеде N 1948 тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік  басқару туралы ", " Ұлы Отан  соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңдарына сәйкес облыс әкімияты  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін, оларға теңестірілген адамдарды, тылда еңбек етіп, әскери қызмет өткерген азаматтарды, Қазақстан Республикасына және облысқа сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарды (бұдан әрі-дербес зейнеткерлер) санаторлық-курорттық емдеуді қамтамасыз ету облыстық бюджет қаражаты есебінен санаторий-профилакторийге жолдамалар беру жолымен жүзеге асырылады.

      2. Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастырудың уәкілетті органы (бұдан әрі-уәкілетті орган) болып табылады. 

      3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастырудың қызметін көрсетуді сатып алуды жүргізеді.

      4. Уәкілетті орган сатып алынған жолдамаларды кесім бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне тапсырады.

      5. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, оларға теңестірілген адамдардың, тылда еңбек етіп, әскери қызмет өткерген азаматтардың,дербес зейнеткерлердің санаторий-курорттық емдеуге құжаттарын ресімдеу және есепке алу аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен жүргізіледі.
      Жолдама алу үшін өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесімен; үй кітабымен; санаторлық-курорттық емдеудің қажеттігі туралы медициналық мекеменің анықтамасымен және өтініш берушінің мәртебесін растайтын құжатымен аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш білдіреді.

      6. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен нөмірленген, тігілген, мөрмен расталған болуы тиіс өтініштерді тіркеу және жолдамаларды беру журналы жүргізіледі.

      7. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін санаторлық-курорттық емдеу, олардың жастарының ұлғаюы және денсаулықтарының жайы ескеріліп, облыс аумағында тұрған санаторий-профилакторийлерде жүзеге асырылады.

      8. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарды, тылда еңбек етіп, әскери қызмет өткерген азаматтарды және дербес зейнеткерлерді санаторлық-курорттық емдеу республика аумағында тұрған санаторий-профилакторийлерде жүзеге асырылады.

      9. Жолдамалар күнтізбелік жылда бір реттен артық берілмейді.

      10. Жолдаманы белгілі бір себептермен (қайтыс болу, сырқаттану басқа себептермен) пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда, ол аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қайтарылуы және кезектілік тәртібімен басқа адамдарға берілуі тиіс.

      11. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жолдамалардың дұрыс табыс етілуіне жауапкершілік артады.

      12. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері уәкілетті органға ай сайын айдың 5-не берілген жолдамалар жөнінде есеп береді.

      13. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен жолдамалардың дұрыс және дер кезінде табыс етілуіне бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      14. Қаржы департаменті (М.Б.Әлібекова) облыстық бюджет қаражаты есебінен санаторлық-курорттық емдеудің шығынын дер кезінде қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

      15. Маңғыстау облысы әкімиятының ''Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін санаториялық-курорттық емдеуді ұйымдастыру Ережесін бекіту туралы'' (Маңғыстау облыстық әділет басқармасында 2003 жылғы 12 ақпанда N 1366 болып тіркелген) 2003 жылғы 29 қаңтардағы N№4 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      16. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М.М. Әбдірахмановқа жүктелсін.

      17. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. 

      Облыс әкімі                                      K. Көшербаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады