Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 2 қарашадағы N 640 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 20 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5862 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 150 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 27.02.2015 № 150 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 62-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса ұсынылып отырған Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу ережелері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (К.С. Оспанов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаментінің директоры (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны белгіленген тәртіппен ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. Мыналардың:
      1) "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптауды өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2003 жылғы 14 қарашадағы N 841 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2600 болып тіркелген, "Ресми газет" газетінде 2003 жылғы 27 желтоқсанда N 52 (157) жарияланған);
      2) "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптауды өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 14 қарашадағы N 841 бұйрығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2007 жылғы 19 қарашадағы N 681 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 5005 болып тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2007 жылғы 25 желтоқсанда N 194 (1397) жарияланған);
      3) "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптауды өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 14 қарашадағы N 841 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 19 желтоқсандағы N 657 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 5410 болып тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2009 жылғы 25 ақпанда N 29 (1626) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                           Ж. Досқалиев

Қазақстан Республикасының 
Денсаулық сақтау министрінің
2009 жылғы 2 қарашадағы 
N 640 бұйрығымен бекітілген

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленген.
      2. Осы Ереже өнімдердің қауіпсіздігін анықтау, адам өмір сүретін ортаның факторларын, Қазақстан Республикасы халқының денсаулық жағдайына және адам өмір сүретін ортаға кәсіпкерлік және/немесе өзге де қызметтердің, сондай-ақ объектілердің жағымсыз әсерін зерделеу, бағалау және оларды болдырмау бойынша шаралар қабылдау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық сараптама ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін олар қаржыландыруды қамтамасыз етеді және осы Ереженің 12-тармағына сәйкес құжаттаманы ұсынады.
      4. Осы Ереже талаптары өзінің қызметін Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
      5. Осы Ережеде пайдаланылатын анықтамалар:
      1) тапсырыс беруші – санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізуге тапсырыс беретін жеке және заңды адамдар;
      2) орындаушылар – жобаларды сараптау бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізетін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізетін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары;
      6. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың негізгі міндеттері:
      1) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектілерінің қатерін бағалау;
      2) инфекциялық және паразиттік аурулардың, уланулардың пайда болуы себептері мен жағдайларын зерттеу.
      7. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 62-бабының 8-тармағында көрсетілген объектілер жатады.
      8. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу кезінде тапсырыс берушілер:
      1) сарапталатын объектілерге қатысты немесе сараптама объектілерінің жекелеген пысықтаулары мен негіздемелері бойынша жазбаша түсініктеме, ескерту және ұсыныс беруі;
      2) санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың алдын ала және соңғы қорытындыларымен танысуы;
      3) егжей-тегжейлі зерттеулерді және есептеулерді қажет етпейтін түзетулерді, өзгертулерді енгізуі мүмкін.
      9. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының және тапсырыс берушілердің арасында туындайтын, хаттамамен ресімделетін түсініспеушіліктерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (бұдан әрі – Комитет) қарайды.
      10. Түсініспеушіліктерді қарау мерзімі түсініспеушіліктер хаттамасы және өзге де қажетті материалдар Комитетке келіп түскен күннен бастап бір айдан аспауы тиіс.
      11. Түсініспеушіліктер бойынша шешім сотта шағымдануы мүмкін.

2. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізу тәртібі

      12. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізу үшін тапсырыс беруші орындаушыға мынадай құжаттарды жібереді:
      1) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізуге арналған ерікті түрдегі өтінішті;
      2) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектілеріне қатысты жобалау алдындағы және жобалау барысындағы құжаттаманы;
      3) пайдаланылатын шикізаттардың, тағам өнімдерінің, негізгі және қосымша материалдардың сипаты қамтылған түсіндірме жазбаны;
      4) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар мен айғақтар тізбесін, ұсынылатын құжатты дайындау барысында пайдаланылған нормативтік-техникалық құжаттамаға сілтемені;
      5) еңбектің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды және өнімді, ингредиенттерді өндіру және қызметтер көрсету, технологиялық процестерді орындау кезінде жұмыс істеушілер үшін зиянды еңбек жағдайларының тізбесін;
      6) өнімдердің, материалдардың және бұйымдардың үлгілерін;
      7) сынақтардың, зерттеулердің хаттамаларын, дегустация жасайтын комиссияның хаттамасын, сызбаларды, басты жоспарлардың көшірмелерін, фотосуретті, өндірістік ортаның химиялық және физикалық факторлары деңгейінің есептеулерін;
      8) өнімді, оның ішінде тамақ өнімін сәйкестендіруге, оны қолдану қауіпсіздігі мүмкіндігіне септігін тигізетін мәліметтерден тұратын материалдарды;
      9) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектісінің қатерін бағалау жүргізуге мүмкіндік беретін материалдарды.
      13. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектісінің қатерін бағалау жобалаудың барлық сатысында және мыналарды:
      1) жоспарланып отырған кәсіпкерлік және/немесе өзге де қызметті жүзеге асыру орны бойынша адам өмір сүретін орта жағдайын;
      2) осы қызметтен бас тартуды қоса алғанда, жоспарланып отырған кәсіпкерлік және/немесе өзге де қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің барабар нұсқаларын;
      3) өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайының даму перспективаларын;
      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының өзге де талаптарын ескере отырып жүргізіледі.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 30.11.2011 № 860 (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      14. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектісінің қатерін бағалау мыналарды қамтуы тиіс:
      1) жоспарланып отырған кәсіпкерлік және/немесе өзге де қызметтің адам өмір сүретін ортаға әсерінің түрлері мен деңгейлерін анықтауды;
      2) белгіленген кәсіпкерлік және/немесе өзге қызметті жүзеге асырған жағдайда адам өмір сүретін орта жағдайының өзгерістері мен олардың санитариялық-эпидемиологиялық салдарларын болжауды;
      3) жоспарланып отырған кәсіпкерлік және/немесе өзге де қызметті жүзеге асыру процесінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүргізуді.
      15. Орындаушылар:
      1) санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу үшін қажетті барлық ақпаратты алады;
      2) мына жағдайларда:
      тапсырыс беруші осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбағанда;
      егер ұсынылған өнім, материал және (немесе) бұйым санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау объектісі болып табылмаса;
      3) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу әдістерін анықтайды;
      4) қолданыстағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтай отырып, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізеді.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 30.11.2011 № 860 (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      16. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама рәсімі мыналарды қамтиды:
      1) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу туралы өтінішті тіркеуді;
      2) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектісінің қатерін бағалауды жүргізуге мүмкіндік беретін материалдарды қоса алғанда, сараптауға берілген материалдардың болуы мен толықтығын тексеруден тұратын алдын ала санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы;
      3) материалдарды талдамалық пысықтауды, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама объектісінің қатерін салыстырмалы талдау және жеке бағалау жүргізуді, зертханалық және аспаптық зерттеулерді жүргізуді көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың негізгі бөлігін;
      4) санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бере отырып, сараптаманың қорытынды бөлігін.
      17. Жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды береді.
      18. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды мынадай қорытындыларды қамтиды:
      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы;
      2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес еместігі туралы.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 30.11.2011 № 860 (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      19. Жобаларға санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мерзімі оның нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру отыз күнтізбелік күннен аспауы, қаралатын құжаттың көлеміне және күрделілігіне байланысты ұзартылу мүмкіндігімен, бірақ отыз күнтізбелік күннен аспауы тиіс, ол туралы тапсырыс берушіге қарау мерзімін ұзарту сәтінен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде хабардар етіледі.
      20. Әзірлеу (жасау) шегінде ұсынылған үлгілерді қоспағанда санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулер бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мерзімі зерттеу жүргізу әдістемесімен белгіленген мерзімнен аспауы тиіс.
      21. Тамақ өнімін әзірлеу (жасау) шегінде ұсынылған үлгілерді қоспағанда, тамақ өніміне санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мерзімі және оның нәтижелері бойынша тамақ өнімдеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру 15 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
      22. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мерзімінің басталуы орындаушының өтінішті тіркеген және тапсырыс берушінің сараптамалық жұмыстың ақысы туралы құжаттардың көшірмесін ұсынған сәтінен бастап белгіленеді.
      23. Үлгілердің саны, олардың сынамаларын алу тәртібі, сәйкестендіру және сақтау ережесі, өнімнің сынамасын алу актісін ресімдеу үлгілерге арналған нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады