Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 26 қарашадағы N 794 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 2 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5953 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 6 маусымдағы № 394 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2012.06.06 № 394 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 45-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (бұдан әрі – МСАК) және азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркеу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және денсаулық сақтау саласын дамыту департаменті (А.Т. Айдарханов) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. "Амбулаториялық-емханалық көмек көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 874 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 3315 тіркелген, "Заң газеті" газетінің N 133-134 (758) санында 2005 жылғы 27 қазанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      6. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен соң он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                                 Б. Садықов

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының   
2009 жылғы 26 қарашадағы 
N 794 бұйрығымен    
бекітілген       

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және
азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек
ұйымдарына тіркеу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету және азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркеу ережесі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (бұдан әрі – МСАК), МСАК ұйымдарына азаматтарды тіркеу тәртібін анықтайды.
      2. Осы ереже меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан МСАК көрсететін медициналық ұйымдарға қолданылады.
      3. МСАК – тәулік бойы медициналық бақылаусыз, адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін қолжетімді медициналық қызметтер кешенін (неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді; инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды; халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды; халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек) қоса есептегендегі дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.
      4. МСАК ұйымдарына емхана (аудандық, қалалық) және оның құрылымдық бөлімшелері:
      1) ауылдық емхана;
      2) дәрігерлік амбулатория;
      3) фельдшерлік-акушериялық пункт;
      4) медициналық пункт кіреді.

2. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету тәртібі

      5. МСАК-ті учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер мен мейірбикелер (мейір иелері) (бұдан әрі – МСАК мамандары) көрсетеді.
      6. МСАК денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекіткен стандарттарға (медициналық қызметтер  тізбелеріне операциялар мен манипуляциялар, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар) сәйкес көрсетіледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.11.19 № 903 (ресми жариялаған күнінен соң күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      7. МСАК мамандары:
      1) профилактикалық;
      2) диагностикалық;
      3) емдік;
      4) уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргізу қызметтерін көрсетеді.
      8. Профилактикалық қызметтер:
      1) профилактикалық тексерулерді;
      2) иммунизацияны;
      3) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
      4) тиімді және дұрыс тамақтануды;
      5) отбасын жоспарлауды;
      6) диспансерлеуді және динамикалық бақылауды;
      7) жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған сәбилерді патронаждауды қамтиды;
      8) әлеуметтік-психологиялық консультация.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.11.19 № 903 (ресми жариялаған күнінен соң күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      9. Диагностикалық қызметтер:
      1) МСАК маманының тексеруін;
      2) зертханалық және аспаптық зерттеулерді қамтиды.
      10. Емдік қызметтер:
      1) жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуді;
      2) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляцияларды;
      3) белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік азық-түліктермен қамтамасыз етуді қамтиды.
      11. Уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы жеке тұлғаны еңбекке жарамсыздықты ресми тану және оны аурудың кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізіледі.
      12. МСАК:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (бұдан әрі – ТМККБК) шеңберінде;
      2) ТМККБК-тан тыс – ақылы негізде көрсетіледі.
      13. МСАК азаматтарға:
      1) тіркеу фактісіне қарамастан шұғыл және жедел медициналық көмек көрсеткен кезде;
      2) жоспарлы түрде – тіркелуі бойынша, алдын ала жазылғанда немесе келгенде көрсетіледі.
      14. Азамат алғаш рет келгенде МСАК ұйымының тіркеу бөлімінде алғашқы медициналық есеп құжаты – амбулаториялық науқастың медициналық картасы немесе баланың даму сырқатнамасы ресімделеді.
      МСАК ұйымдарында қолданылатын алғашқы медициналық есеп құжаттамасы уәкілетті орган бекіткен тиісті нысандарда ғана толтырылады және медициналық ұйымның тіркеу бөлімінде сақталады.
      Алғашқы медициналық есеп құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етуді аға тіркеуші, ал фельдшерлік-акушериялық және медициналық пунктерде – МСАК маманы жүзеге асырады.
      15. Ауруының жағдайы мен сипатына байланысты МСАК ұйымына келе алмайтын азаматқа МСАК мамандары, не шақыру тіркелген күні МСАК мамандарының өтінімі бойынша бейінді мамандар медициналық көмекті үйіне барып көрсетеді.
      16. Пациенттерді консультациялық-диагностикалық көмек алуға жіберуді және жоспарлы емдеуге жатқызуды медициналық айғақтары бойынша МСАК маманы жүзеге асырады.
      17. Дәрілік заттар нақты дәріхана ұйымы көрсетілмей бекітілген үлгідегі рецепт бланкілеріне жазылып беріледі.
      18. Аталған қызмет түрімен айналысу үшін аттестациядан өткен медициналық білімі бар мамандарынан (елді мекендердегі дәріхана объектілері жоқ дәрігерлік амбулатория, медициналық және фельдшерлік-акушериялық пункт) басқа, МСАК ұйымының медицина қызметкерелеріне дәрілік заттарды және биологиялық активті қоспаларды таратуға жол берілмейді.

3. МСАК ұйымына азаматтарды тіркеу тәртібі

      19. Тіркеу – МСАК ұйымдарының МСАК көрсету жөніндегі және азаматтардың ТМККБК шеңберінде оны алу құқын іске асыруды тіркеу міндеті.
      20. МСАК ұйымдарына азаматтарды тіркеу тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері, жұмыс орны, оқу орны бойынша, дәрігерді, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
      21. Азаматтар тек МСАК ұйымының біреуіне ғана тіркелуі мүмкін.
      22. Медициналық ұйымға тіркеу талоны азаматтың МСАК ұйымына тіркелгендігін куәландыратын құжат болып табылады.
      23. МСАК ұйымына тіркеу еркінше толтырылған өтініш және жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, төлқұжат, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте берілген өзге де құжат) негізінде МСАК ұйымының жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады.
      24. МСАК ұйымы азаматты өз еркімен келген кезде тіркейді.
      25. Денсаулық жағдайына байланысты МСАК ұйымына өзі келе алмайтын адамдар, МСАК ұйымына жазбаша өтініші бойынша тіркеле алады.
      26. Азаматтарды МСАК ұйымдарына тіркеу тіркелген халық санының нормативтеріне сәйкес жүзеге асырылады. Тіркелген халық санының нормативтері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға хабарланады және МСАК ұйымдарында таныстыру үшін қолжетімді жерлерге орналастырылады.
      27. МСАК ұйымына азаматарды тіркеу мына жағдайларда:
      1) тұрақты немесе уақытша мекен-жайын, жұмысын немесе оқуын ауыстырған кезде, сондай-ақ, МСАК ұйымы қайта құрылған немесе тараған кезде;
      2) азаматтардың дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жылына бір рет ауыстырылады.
      28. Тіркеуді өзгерткен кезде талон МСАК ұйымына қайтарылады, ал азаматтарға тіркеуден шығу талоны беріледі.
      29. Азаматтардың еркін таңдау құқығы негізінде МСАК ұйымдарына тіркелуі, олардың аталған ұйым мамандарының үйге келіп қызмет көрсетуі алын ала айтылады және талонда көрсетіледі.
      30. МСАК ұйымы жылына бір рет денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына тіркелген азаматтар туралы ақпарат береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады